Сандықтың түрлері



Қазақ халқының ерте заманнан бері  құндылығын жоғалтпай күнделікті тұрмыста қолданылып жүрген үй жиһаздарының бірі– сандық. Көшпелі халықтар үшін ең ыңғайлы бұйым болып саналатын сандықты  қазақтың әр шаңырағынан кездестіруге болады. Қызы тұрмысқа шыққанда жасауын осы сандыққа салып апаратын дәстүр әлі де бар. Оны  қазақ шеберлері сыртқы безендірілуінің өзіне ерекше мән беріп, түрлі асыл тастармен көмкеріп, ұзақ уақытқа пайдаланатындай етіп қайың, терек, көктерек, кейде қарағай тақтайларынан қиюластырып, мықты ағаштардан құрап жасаған.


Сандықтың ішіне киім-кешек, мата, тағы да басқа заттар салып қояды. Сандық міндетті түрде кілттенетін болуы керек. Сандықтың аузына көбінесе ішкі құлып, кейде аспа құлып салынады. Сандықтың екі бүйіріне көтеруге ыңғайлы  тұтқа орнатылады.  Сандықты жерге қойғанда түбі дым тартпау үшін, оның астыңғы төрт бұрышымен үйлестіре тақтайдан аяқ орнатады. Кейбір шеберлер сандықты жүкаяқтың үстінде тұратын болғандықтан аяқсыз жасаған. Жүкаяқ – үйдегі жиналған жүктің, сандықтың астына қойылатын жиһаз. Төрт аяқты етіп, ағаштан жасайды. Ол төрт бөлшектен тұрады. Үстіңгі ұзын ағашы да, аяқтары да жалпақ болады және де аяқтары үстіңгі ағаштың екі шетіне қиюластырылады, екі аяқтың арасы төменгі жағынан жіңішке тақтаймен қосылады, бет жағы түгелдей түсті бояулармен әсем өрнектеледі. Жүкаяққа қойылатын басты талаптардың бірі – әрбір бөлшек бетіне жүргізілген ою-өрнектердің үйлесімділігі. Жүкаяқтың ерекшелігі: екі аяқ беттерінде қошқар мүйіз оюлар тоғыса орналасады, үстіңгі жалпақ, астыңғы жіңішке ағаштардың беттеріне өсімдік тектес әдемі ою-өрнектер жүргізіледі.

Сандықтың ішіне киім-кешек сақтап, үстіне көрпелерді, жүктерді жинаған. Бойжетіп келе жатқан қызы бар үй міндетті түрде ұсталарға сандық жасатқан. Қыздың артынан баратын көрпе-төсегін де осы сандықтың үстіне жинаған. Әр адам өз шамасына қарай сандықты неғұрлым әдемі безендіруге көңіл бөліп, ағаш шеберлеріне тапсырыс берген. Сол себептен ұсталар арнайы тапсырыспен сандық жасау дәстүрін жалғыстырып келеді және соңғы уақытта қыз жасауымен барған сандыққа үйлесімді етіп, бесік жасату жиі кездеседі.

 Қазақ шеберлері көбіне сандықты сүйектен, түрлі-түсті металл қалыптармен, қымбат тастардан көздер орнатып жасаған. Сандық бетіне түрлі ою-өрнектерді ойып және кей кездерде оны  жәй ғана шайлы бояулар мен геометриялық денелер бейнесінде, өсімдік тәрізді ою-өрнектермен безендіріп, түрлі-түсті бояулармен нақыштаған. Осындай сандық түрлері  қазір Ақши ауылындағы «Ұста Дәркембай атындағы қолөнер мұражайында» сақтаулы.   Сандықты көлеміне, жасалатын затына қарай: ағаш сандық, сүйектелген сандық, күмістелген сандық, қаңылтырмен қапталған темір сандық, жез сандық, мыс сандық, қобди, жағылан, әбдіре, қобдиша тағы сол сияқты түрлерге бөлуге болады. Сандықтың үлкені– әбдіре (абдыра). Шеберлер өздерінің құрал-сайман салатын кішігірім сандығын қобди, қобдиша, қолсандық деп атаған. Әбдіре (абдыра) – зат сақтайтын үлкен сандық. Сыртын қаңылтырмен әшекейлеп қаптап қояды.

 Қол сандық – ежелден бері көп жасалған үй жиһазы. Қол сандықтарды бойжеткен қыздарға арнап ұсталарға жасатқан, ол қыз ұзатылғанда жасаудың құрамына енген. Оның көлемі шағын болғандықтан, ішіне ине-жіп, әтір, сабын, т.с. сияқты бұйымдарды сақтаған. Көпшілік қауымның тұтынатын қол сандықтары тек ағаштан ғана өңделіп, бір түсті бояумен жасалады. Бай ауқатты кісілер қол сандық бетіне бедерлі оюлар ойғызып, түрлі-түсті бояулармен әр түрлі ою-өрнектер салғызады да сонымен қатар асыл тастар, сүйек, күміс әшекейлерін кеңінен пайдаланатын болған. Ал, қазіргі күні қарапайым қол сандықтар сирек кездеседі.

 Жағылансандықтың көне түрі. Киім- кешек басқа да бұйымдарды ішіне салып қояды. Үлгісі әбдіре тәрізді, бірақ жағылан әбдіре сияқты көлемі үлкен болмайды.  Оның негізі жұқа тақтайлардан құрастырылады, сырты түгелдей былғарымен қапталады, бет жағы ғана әр түрлі әдіспен көркемделіп, ұзындығы 60-70, ені мен биіктігі 30-35 сантиметр болады. Сыртындағы былғарыға қошқар мүйіз, қос мүйіз, сыңар мүйіз сияқты ою-өрнектер жүргізіледі. Кейбір жағыландар қызғылт былғарымен де қапталады. Ерте кезде жағылан жасау үшін сапалы былғары мен күмісті табу оңай болмағандықтан, оларды тек бай, ауқатты адамдар қыздарына арнап жасатқан. Жағыланның жиектері мен бұрыштары әр түрлі күміс әшекейлермен безендірілген. Қазақ халқында сандыққа байланысты ырымдар бар. Сандық ашар – қазақ халқындағы жоралғылардың бірі. Келін түскенде оның сандығына арнаулы мата салынады. Ол «сандық ашар» жоралғысында алынып, сол тойға қатысқан әйелдердің бәріне үлестіріп таратылады. Ерте кездерде сонымен қатар, босанғалы жатқан әйелдің толғағы жеңіл болуы үшін де, үйдегі бар сандықтың ауыздарын ашып қоятын ырымдар болған. 

  «Ұста Дәркембай атындағы қолөнер мұражайының» жәдігерлері.

 

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30