Баланы бесікке бөлеу дұрыс па?

Елбасы  «Қазақстан-2050 стратегиясы» аясындағы жолдауында «Біздің ата-бабаларымыз әлемге мәдениет пен руханилықтың қуаттандырушы үлгі­лерін көр­сетті – біздер олардың істерін жалғастыруымыз керек! Қазіргі заманғы қазақтар, ата-баба дәстүрін ұстана отырып, бірліктің, толеранттылық  пен патриотизмнің, мемлекет пен қоғамға қалт­қысыз қызмет етудің үлгісін көрсетуі тиіс» деген еді. Иә, салт-дәстүріміздің бұлағынан сусындап өскен  жас ұрпақ болашақта өз ұлтының мақтанышына айналары сөзсіз. Қазақ халқы баланы бесікте жатқан күннен бастап ананың әлдиімен ұлттың қасиетін бойына сіңірсе, өсе келе тұсауын кесіп, сүндеттеу, тілашар, сияқты салтын жасап, баласының әр қадамына мән беріп, ұлтын сүйер ұл-қыз етіп тәрбиелеген. «Тәрбие басы –тал бесіктен»  деген аталы сөз бар қазақта. Бесік–қазақтың киелі заты. Бесіктің қасиетін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қай жағынан алып қараса та ыңғайлы, тиімді. Ендеше баласын бесікке бөлейтін аналар қазіргі қоғамда неге азайып бара жатыр? Елге белгілі қазақтың талай даналары да осы тал бесікте тербеліп өсті емес пе?! Бүгінгі күні бесікке баланы бөлеу зиян деген ұғым қайдан шықты? Біз осы сауалдар төңірегінде оқырмандарымыздан пікір сұрадық.

      Оңал әже (ауыл тұрғыны): Бесік–қазақтың ата-бабаларымыздан қалған  қасиетті мұрасы ғой. Алты баламды да бесікке бөледім. Құдайға шүкір,аман-есен еліне қызмет жасар бір-бір азамат болып ер жетті. Немерелерімді де,шөберелерімді де бесікке бөледім. Бесікке жатқан баланың аяқ-қолы түзу болып өседі, әрі тазалыққа үйренеді, анасын басқа шаруа істеп жүргенде құлап қалмады ма деп уайымдатпайды. Бесікте жатқан балаға суық тимейді. Емізгенге де ыңғайлы. Бесіктің жабуы зиянды жәндіктерден қорғайды. Ал ең бастысы, бесік жырын тыңдап өскен бала ұлтының қасиетін бойына сіңіріп өседі. Естеріңде болсын, Ананың сүтімен,әженің әлдиімен өскен бала жаман болмайды.Айналайындар, бесіктің қадірін өздерің де білесіңдер, сол дәстүрді жалғастырып, бүгінгі, ертеңгі ұрпақты да қасиетті бесікпен тәрбиелеңдер.

 

       Айжан (жас ана): Менің сәбиіме қазір екі ай. Бесікке бөлемедім. Баланың еркін өскені жақсы сияқты. Бірақ өзімді бесікке бөлегенін анам үнемі айтып отырады. Қазіргі бесіктер бұрынғыдай емес, сапасы сын көтермейді. Бұрыннан ұсталған бесіктер болмағансын, базардағы бесікті алуға жүрексіндік. Қазір бесіктің өзі арнайы тапсырыспен жасатпаса, бесіктен қытайлық бояудың иісі аңқып тұрады. Ол бала денсаулығына зиян.

       Самал (дәрігер): Қазіргі күні  «бесікке бөлеу зиян» деп дабыл қағып жүргендері бекер емес. Өздеріңіз білесіздер, бұрын жеріміздің табиғаты таза, ауасы кең, тағамдарының барлығы дерлік құнарлы әрі табиғи болған.Ал қазір ше? Қазір не көп, завод, фабрика сынды ірі кәсіпорындар көп. Экологияның жағдайы белгілі. Пайдаланатын заттарымыздың өзі химиялық қоспа, тағамдарымыз да. Қазіргі балалардың өзі әлсіз. Олар қысып-қымтап ұстағанға шыдайды деп айта алмаймын.

      Әлия (оқырман): Бесік–қазақ халқының қастерлі құндылықтарының бірі екені баршаға мәлім. Ол нәресте үшін алғашқы жылы ұя болып есептеледі. Қай кезде де жақсы мен жаман көзқарас бір-бірін көлегейлеп жүретіні секілді "бесік-зиян, сәбидің еркін өскені жөн" деген пікірлер де бар. Бесікке бөлеу–нәрестені еркін өсірмеу деп кім айтты?! Мен  де бесікке бөленіп өскен екенмін. Қазақта: "Бесіктен белі шықпай" немесе "Ел болам десең–бесігіңді түзе" деген аталы сөз бар. Бекер айтылмаған. Бесіктің еш зияны жоқ. Болмайды да. Ал тәрбиенің өзі осы қасиетті бесіктен басталатынын ұмытпайық, ағайын!

        Досжан (студент): Ұлттың салауаты – ата-бабаларымыздың аманаттаған салт-дәстүрінен көрініс тапқан. Ұрпақ салауаты–ұлт салауаты. Бесіктен бастап тәрбие мен тәлім сіңірген бойымызға. Медицина саласын бері қойыңыз, ата-бабаларымыздың әр нәрсені терең зерттеп, зерделеп, пайымдап тіршілік еткенін көреміз. Олар табиғат заңдылығын сезіне білген. Табиғатпен үндесу бабаларымызға тән қасиет болған. Табиғаттың тілін білген. Бесіктің өзі табиғи заттан жасалып отыр емес пе? Адам табиғатты түсінуден, үндесуден қалып барады бұл күні. 
     Қазақтың баласымыз ғой. Бесікте жатып өстік. Мен ұстаздар отбасынан шыққанмын. Апам Шолпан Балабекова мен анам Жеңіскүл Беркімбаева үнемі айтып отырады. Сен бесікте көп ұйықтайтынсың деп. Рас, көп ұйықтаған шығармыз, бірақ қазір соңын арқасы шығар, ұйқымыз сергек,.Бесіктің арқасында балаларға тән аурулардан аман өстік, ер жеттік... 
        Айгүл (көп балалы ана): Үлкендер баланы ұзақ жылдық тарихы бар көне бесікке арнайы ырымдап, ғұмыры ұзақ болсын деп жатқызған. Бізде бесікке қатысты көптеген жақсы дәстүрлер бар. Баланы алғаш бесікке бөлеген кезде ырымдап  үстіне жеті кісінің киімін жапқан. Жасы үлкен әжелерімізге бесік жырын айтқызып ақ баталарын, ақ тілектерін алған. Бесікке бөлеуден қазіргі жас аналарымыз неге бас тартып жүргенін түсінбедім. Тәжірибенің аздығынан болар, бәлкім.

        Ботагөз (балалар дәрігері): Баланы бесікке бөлегеннің бірнеше кері әсері бар. Біріншіден, бала еркін тыныс ала алмайды. Екіншіден, күні бойы бір қалыпта жата бергеннен  баланың денесіне қан жүгірмей қалады.Үшіншіден, баланың басының артқы сүйегі жалпайып кетеді. Тізе берсең осылай кете береді.Мен өзім бесікке жатып өскен жоқпын. Балаларымды да бесікке жатқызбаймын. Баланың еркін қимылдап өскені жақсы осы күнде. Медицина да соны қолдайды. Кез келген дәрігер баланың бесікте жатқанын  қолдамайды.

        Қорлан (студент): Егізіміз екеумізді анамыз алғаш бесікке жатқызған екен. Бірақ сыңарым тынымсыз болып, бесікке жатпай қойыпты. Мені бесікте,оны қолда өсірді. Сол кездері сыңарымның құлағына суық тиіп, анам қатты әбігерге түскен. Бесіктегі балаға суық тимейді. Сонымен қатар, тіл-көзден, сырттан келетін жағымсыз әсерден қорғайды. Сондықтан, бесікке жатқан әлдеқайда  сәбиге тиімді. Бесіктің ешқандай зияны жоқ.Осы бесіктен бәріміз дені сау ұрпақ болып өстік қой.

P.S. Бауыржан Момышұлы бір сөзінде былай деген екен:

«Оттан да оқтан да қорықпаған Бауыржан едім. Кейінгі кезде қорқынышым көбейіп барады. Балаларға бесік жырын айтатын келіндерімнің азайып бара жатқанынан қорқам, екінші, немерелеріне  ертегі айтып беретін әжелердің азайып бара жатқанынан қорқам. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспегеннің көкірегі көр бола ма деп қорқам. Ал көрдің қолына балта берсең шаба салады,бақыр берсең ала салады, найза берсең ,сұға салады, намыстанбай бұға салады. Мен табиғатынан , тағдырынан болған соқырлықты айтып отырғам жоқ, тауып алған соқырлықты айтам. Егер ондай соқырлықтан жазылмасақ , халық болудан қаламыз ба деп қорқамын!»

      Ал сіз қандай пікір білдіресіз,қадірлі оқырман?

 

 Сауалнаманы жүргізген –Ақжол ЕРКІНБЕКҰЛЫ

 

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30