«АЛМАТЫ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕМЕЙ, ҚАЗАҚСТАН ҚАЗАҚША СӨЙЛЕМЕЙДІ»

Белгілі ақын, Қазақстан Жастар Одағы және Алаш әдеби сыйлықтарының лауреаты, Түркістан қаласының құрметті азаматы Қасымхан Бегмановтың есімі бүгінгі жұртшылыққа жақсы таныс.  «Бастау», «Қарашық», «Бесіктен бейітке дейін», және «Сағыныш»  атты бірнеше кітаптардың авторы. Қай кезде де қолынан қаламы түспеген талантты ақынмен бүгінгі әдебиет, мәдениет, нарық, жалпы өмір туралы сұхбаттасқан едік.

«Мұңсыз өлең жаза алмаймын...»

– Сізді әдебиетке алып келген нендей күш? Мүмкін біреуге еліктеген шығарсыз...

– Бала кезімнен әдебиетті сүйіп өстім. Ауыл кітапханасында мен оқымаған кітап қалмаған шығар. Оның үстіне, менің туып-өскен жерім   Түркістан мен Кентаудың ортасында. Яғни, Түркістанның арғы жағында Қаратауға асатын асудың етегіндегі Жаңақорғанға ұласатын жазықта Бабайқорған, Майдамталдың  даласы дейді.  Сол жерде балалық шағым өтті. Біздің ауыл қазақы әңгімеге ұйыған, қып-қызыл замандарда да дінді берік ұстаған қалың қазақтың шоғырланған ортасы болды.  Ауылымыздың биік қырларына шықсаңыз  қасиетті Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың күмбезі алыстан сағымға араласып менмұндалап көрініп тұратын.  Бала кезімде таң ата ауыл мешіті азан шақыратын.    Кейін сол азан ұмытылып кетті. Кеңес үкіметі біздің мойнымызға алқызыл галстук байлап пионер, кейіннен кеудемізге значок тағып, комсомолдың қатарына өткізді. Соған қарамастан ауылдың шалдарына ілесіп, мешітке баратынбыз. Мешітке жұма намазға жиналған шалдар көсіліп, әңгіме-дүкен құратын. Аңыз-әңгімелерден сыр шертетін, қасиетті бабаларымыз жайлы әңгіме қозғайтын. Қазақтың соңғы ханы Кенесарының ары-бері жүріп өткен жолдарын, Сыздық төре жайлы небір әңгімелерді  аңыз ғып шертетін. Солардың жанында отырып алып, әңгімелерінің бірін қалт жібермей, ұйып тыңдайтыным әлі есімде.    Соның бәрі бала болсам да, жадымда жақсы сақталып қалыпты.  Қызылды ақ қуып,  ақты қызыл қуғандығы туралы әңгімелер осы күні ойласам өз алдына бір драма тәрізді екен. Соның бәрін естіп өскеннен кейін бе, мектеп бітіріп, Алматыға алғаш келгенімде, Алматы маған мүлде жат, суық көрінді. Вокзалда тұрып-ақ, мүлдем жат ордаға келгендей күй кештім. Ешқандай қазақы қасиеті жоқ, ешқандай қазақтың иісі жоқ, қып-қызыл орыстың ордасы болатын Алматы ол кезде. Сондай сұлу, тәкаппар, әдемі... бірақ мейірімсіз. Бала кезімде   естіген әңгімелерім, ертегілерімнен мүлде бөлек, басқа картина көз алдыма шықты. Ауылымда естіген шалдардың әңгімесінің сарқыты да байқалмайды мұнда.   Қырық рет үзілгіш сырылдаған кинолентаның өзінен біз Амангелдіні басқаша көріп, басқаша сүйсініп өстік қой. Сенсеңіз Алматыға өзімді мүлдем жат сезіндім. Сөйтіп жүріп, жетпіс бестің жазында политехникалық институтың машина жасау факультетіне оқуға түстім. Онда толған орыс тілділер. Мен бүгінгі   өмірдің шындығын осында сезіндім. Оған дейін бала қиялмен, ертегімен, аңызбен өмір сүріп келген екенмін.  Содан іштей қатты құлазу басталды. Мен шын  құлазыдым, у-шуы көп қалада өзімді жалғыз сезіндім. Сондай күндерде елден де хабар жиі келе бастады. «Пәленше атаң қайтыс болды, төленше деген әжең дүниеден өтті» дейтін хабарлар бірінен соң, бірі келіп, мені елге шақыра бастады.  Сенсеңіз, әлі күнге осы қалада өзімді жалғыз сезінем. Өйткені, курстас деген менде жоқ десе де болады. Орыс бөлімінде оқыдым, жанымда көбінде орыстар немесе орысша сөйлейтіндер жүрді.  Содан бері өмірімнің көбі сол орыс тілділердің арасында өтіп келеді. Қызметке таңертең кіріп кетем, кешке бір-ақ шығам. Менің айналамдағылардың біреуі қазақша сөйлемейді. Ол мен үшін – үлкен трагедия. Менің халімді басынан кешпеген адамдар түсінбейтін де шығар. Олар:«Ей, осының қайғысы бар дейсің бе?» деп, ойлауы да мүмкін.

Осы қайғы, осы мұң мені әлі күнге серік етіп келеді. Жер басып жүрудің өзінің уақытша ғана екендігін сезінудің өзі мұң емес пе? Шыр етіп жарық дүниеге келген сәттен бастап адамның өмір сүру үшін күресі басталады екен. Өмір сүру қашанда оңай болмаған.Оның үстіне ақын боп өмір сүру, мынандай қоғамда қазақ ақыны боп өмір сүру тіпті ауыр. Қатал өмірмен қорғансыз ақынның бетпе-бет қалуы екінің бірі түсіне алмайтын азап. Бар салмақ жүрек пен жүйкеге түседі. Өзге  қарапайым адамдардай сенің де бала-шаға асырауың керек. Барлық керектерге жету үшін алысуың керек. Ақындарды керек етпейтін қоғамда ақын боп қалу екінің бірінің қолынан келмейді.

 Тек, бір жұбататыны, біз алдыңғы толқын ағаларымыздың өнегесін көрдік.   Кешегі Ғабит, Ғабиден, Әбділда, Хамит, Қалижан, Сырбай, Ғафулардың  көзін көрдік.  Одан кейінгі толқын Жұматай, Кеңшіліктерге іні болып ілестік.  Талай   сайрандарға бірге бардық, мұң-қайғысын бөлістік. Кешегі Тоқаштардың артынан ердік. Тәкен Әлімқұловтың, Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиевтердің әңгімелерін естідік. Осының бәрі өмір. Сол тұстағы ұлттың барлық жанашырларының бәрінің шын ниетімен құлазығандарын, шын мәнінде  көп нәрсеге көңілдерінің толмағанын іштей сезіндік. Осыдан кейін Алматыдағы ең бір қазақы орта Жазушылар Одағы өзіне қарай тартты да тұрды.

–Аға, өзіңіз айтқан сол мейірімсіз, бірақ тым тәкаппар қаладан ешқандай ақын кете алмады ғой. Сіз де кете алмадыңыз, оның сыры неде?

–Мен Алматыдан екі рет кетіп, екі рет қайта оралған адаммын. Елде әдеби  орта жоқ. Ғазиз басыңды қайда сыйғызарыңды білмей дал боласың. Тобығыңнан келмейтін парықсызға тәуелді болғың келмейді. Орта іздейсің. Ақындар сол ортаны аңсайды.

Соңғы кездері жыл сайын жазушы Мереке Құлкенов ұйымдастыратын «Ана тілі» аруы байқауы өтіп жүр ғой. Сол байқауға мені де шақырады. Әділқазылардың мүшесі ретінде әрі «ТұранӘлемБанкінің» өкілі ретінде   былтырғы жылы сый-сияпатымды тапсырғанымда:«Жер шарының жартысын аралап шықтым. Бір жағы мұзды мұхитқа дейін, бір жағы Латын Америкасына дейін бардым. Ата-бабаларым бармаған жерге табаным тиді. Кеңес Үкіметінің тұсында мұхиттың арғы жағында айлап жатқан кезіміз болды. Сонда байқағаным, жердің бетінде қазақтың тіліндей тіл жоқ екен. Жердің бетінде Алматыдай сұлу қала жоқ екен. Жердің бетінде қазақтың қызындай сұлу қыз жоқ екен» деп айтып едім, зал қатты қошеметтеп қол соқты.  Міне, сондықтан да Алматыдан кете алған жоқ ақындар, кете алмайды да.  Алматыны түсінде көреді олар.  Алматыға арнап, өлеңді де көп жаздық. Бұл Алматыда кімнің ізі қалмады?! Бұл Алматы кімнің көз жасына, таңғажайып махаббатына куә болмады?! Біз Алматыны қазақиландыруымыз керек.  Иманғали Тасмағамбетов Алматыға әкім болып келіп, көп өзгерістер жасап жатыр ғой. Алматы қазақша сөйлемейінше, Қазақстан қазақша сөйлемейді.

– Алматы мемлекеттік тілге көшейін деп жатқан жоқ па?

– Оның бәрі талпыныс қой. Бұл ұлы күрестің басы ғана. Ол айтуға оңай болғанымен, өте қиын нәрсе. Бұрыш-бұрышта, сыраханаларда отырып  кіжінеміз де қоямыз. Марқұм шешем: «Кедейдің күні кіжінумен өтеді» деуші еді. Айдалада отырып, аспанда ұшып бара жатқан орыстың  самолетіне жұдырығын түйетін кешегі шалдар сияқты тірлік етеміз.  Жеке-жеке тірлік етеміз, ал шындығына келгенде, қазақтың қаржысы қазақтың тіліне қарсы жұмыс істеп жатыр. Бізде комитеттер құрылып жатыр, қозғалыстар көбейді. Оның бәрі құрылу керек. Осындай жолдан өтуіміз керек. Классик  Қадыр ақынмен, данышпан ағаммен күніне бір рет сөйлесіп тұрам.  Қадекең бірде: «Қасымжан айналайын, адам баласы, өзіне қол жұмсауына болмайды, Алладан ақырын күту керек» деп айтып еді. Ақырында бәрі қалпына келер деп үміттенемін.

 Бізде  аристократтар жоқ деп жатамыз.  Арғы жағын қуып келетін болсақ, Кеңес үкіметіндегі жетпіс жыл бір-екі буынды алып кетті. Қарап кеткен жоқ, үшке бөлінген қайғылы халықты төртке бөліп кетті.  Сонда қазақтың баласының бәрі құл болды ма? Әңгіме осында.   Кеңес үкіметі барлығын «теңестіріп» кетті. Сен ханның баласысың ба, әлде қараның баласысың ба, барлығы тең болу керек деген идея үшін жұмыс істеді. 

– Қазақтың баласы құл болған жоқ. Бірақ, Кеңес үкіметі қалыптастырған құлдық психологиядан  әлі арыла алмай отырған сияқтымыз.

– Бұл жерде сізбен келіспеймін. Барлығын Кеңес үкіметіне жаба салуға болмайды. Мәселен, бір адам өліп кетсе, «еркек тоқты құрбандық» деп итере саламыз. Ал, менің жеке принципім, кім жеңілсе, соның жағындамын. Димаш  Қонаев қайтыс болғанда, шығарып салуға бардым.  Адам көп. Жан-жағында қаумалаған адам. Дулат аға кездесіп, «сонда бара жатырмын» деген соң, ілесіп келгем. Шашы аппақ қудай бір  шал табытта жатыр. Iштей жылап тұрдым. Сол шалдың кезінде керемет жақсылығын көрген,  астына ат берген, басына бақ берген, адамдардың теріс айналып кеткендерді де көзіміз көрді.   

– Кешегі үкіметтің тұсында айтуға болмайды, жазуға болмайды деген цензура болды ғой...

– Ондай болды. Кемшіліктері де бар. Оны мойындауымыз керек. Әсіресе, ұсақ ұлттарға өзінің идеологиясын жасады. Кіші халықтарға қарсы керемет идеологиялық машина жұмыс істеді. Мәселен, ақын-жазушыларды, өнерпаздарды, тұлғаларды өздеріне ұтымды пайдалана білді. Бір кітабың шығу керек пе,  «Советстан», «сөзстан» деген өлеңің басында тұру керек, сонда кезек күттірмей, жарық көреді.  Бірақ, соған қарамастан айтатын жерінде ақын-жазушылар айтты, тұспалдап жеткізді. Бүгінгі күнгі қазақы болмыстың сақталуына ақын-жазушылардың үлесі өте жоғары болды. Турасын айтқанда ақын-жазушылардың қазақылықты сақтап қалудағы ерліктеріне баға берілмей келеді.  Егер орыстанған ақын-жазушыларымыз көптеу әрі қазақ тілділерден күштірек болғанда қазақ осы күнге де зар болатын еді.  Бірде-бір партия туралы өлең жазбаған ақындарды да білем. Өз басым да сондайлардың бірімін. Кеңестік идеологияны жырлап, керемет дастандар, пьесалар, романдар жазған адамдарды да білем. Сондай жігіттерге іштей жаным ашиды. 

Неге екенін білмеймін, кеңестік заманның өзінде теледидардан бұрынғы қоғамды теріс насихаттайтын фильмдерді көрсем, соларға жаным ашып отыратын. Ақ гвардияшылардың қайғыларын көріп, қызылдардан гөрі, соларға жаным ашитын. Өйткені, ол да адамның баласы ғой. Адамды неге көзқарасы үшін соттауға, елден қууға тиісті. Кейде ойлап отырсам, сол тұста егер менің ішкі жан-дүниемді біреу білер болса,  мен де сотталып кететіндердің қатарында екенмін-ау.   

– Сол ішкі жан-дүниеңізді неге сыртқа шығармайсыз?

–  Ол үшін әуелі менің өлеңдерімді оқу керек. Егер менің өлеңдерімде менің жан-дүнием көрінбесе, онда айтуыңызға болады. Адам өзі мән беріп оқу керек.   Кеңес үкіметі тарқамай тұрып, бірде менің Стамбулға жолым түсті. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, аэропорттан түсіп, көшеде кетіп бара жатқанымда, ең алғаш естігенім, мешітте азан шақырып жатыр екен.    Бала кезімде талай естіген азаным.   Стамбулдың көшесінде келе жатып, ағыл-тегіл жыладым. Көзімнен парлаған жасты тоқтата алсамшы...

Жанына еріп, арманы асқақ жандардың,

Гаваннада теңіз мұңын аңғардым,

Үрімшіде үр қызына ғашық боп,

Стамбұлдың көшесінде сандалдым.

Жырларымды түсін гүлім, кеш гүлім,

Жалақордан жаман сөздер естідім,

Қара жолда жалғыз келе жатып мен,

Сені есіме ап, елді есіме ап өксідім.

Жылдар мынау, үнсіз, тілсіз жылысқан,

Мектепте де құтылмадым бұрыштан

Ең болмаса, дән септіріп, жүн жинар,

«Бригадир болмадың,»- деп ұрысқан.

Қайран әкем, зілсіз ғана зекіген,

Кеше сені өкпелетіп кетім ем.

Қара өлеңдей қадірлі дос таппадым,

Бәрі жалған, бәрі өткінші, өкінем.

Кейбір шумақтары қалып кетті. Әңгіме онда да емес. Дегенмен, сол сәттегі менің көңіл-күйімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын.   Өзбекстанда Кеңес үкіметінің кезінің өзінде де азан шақырылып жататын.  Диплом жұмысымды жазу үшін Өзбекстанға барғаным бар. Ұмытпасам, Гүлстан облысы болу керек. Шағындау Бекебат қаласы. Автобусқа мінсеңіз де, түссеңіз де, бәрі өзбекше. Радиоңыз өзбекше сайрап тұр. Металлургия зауыты болатын. Зауыттың бас инженері «тұра тұрыңыз» деп, мені қабылдау бөлмесіне отырғызып кетті. Ұзақ тосып қалған соң, хатшы қыздан, «Мына кісі ұзаққа кетті ме» деп сұрасам,  «Ол кісі намазын оқып алсын» деді.  Сол сөз маған қатты әсер етті.    Дүкендердің есігіне дейін өзбекше ашылып-жабылатындай  әсер қалдырған маған. Ол сонау сексенінші жылы болатын. Астана мен Алматының қазағы осындай сезімді қашан бастарынан кешер екен. Ол енді арман ғой бізге.

«Халықпен ақындардың арасында әкімдер тұр..»

– Сіздер  әдебиетке келген жылдары бір  толқыннан кейін бір толқын келіп жатты, қазір неге олай емес? Процесс тоқтап қалған сияқты...

– Тоқтап қалды деп ойлайсыз ба? Жалпы, шыныңызды айтыңызшы, біздің буынның өзін оқырман біледі деп ойлайсыз ба?

–  Жүз пайыз біле ме, білмей ме, елдің атынан жауап бере алмаймын ғой. Әйтеуір, өзімнің білетінім айқын...

– Елдің білетініне мен де сенем. Бірақ,  өзімді соншалықты танымал ақынмын деп есептемеймін. Біздің бақытымыз әдебиетке дер уақытында келгендігімізде шығар. Тоқаш көкеміздің соңынан еріп алып, күніне бір рет Жазушылар одағына келетінбіз.  Ол кезде жұрт поэзиямен өмір сүретін.  Кешкісін жап-жас бала болып ұйықтасаң, таңертең «Жас Алашқа» немесе басқа бір газетке өлеңің шықса, белгілі ақындай сезінетінбіз өзімізді.   Бұл бір жағынан біздің бақытымыз, бір жағынан қайғымыз да деп ойлаймын. 

– Неге?

– Бақытты болатын себебі, біздің толқынның алған пайдасы  ана шалдардың барлығын көріп қалдық. Солардың маңында жүрдік. Олардың құлазығанын, кейбіреуінің тіпті жылағанын да көрдік. Көрдік те, көп нәрсені көкейімізге түйдік. Жан-жүрегіміз солармен бірге болды. Олармен қосыла жылап, бірге жұбатқан кездеріміз болды. Ұлттың алапат қайғыларын  айтып жылағандай күй кешкен кездерінің куәсі болдық, айта алмаған сәттерін де сездік.  

– Дәл бүгінгідей ашық айта алмады ғой, бірақ...

– Дәл бүгінгідей ашық айта алған жоқ.  Бірақ, оны әлдеқалай түйсігіңмен  сезінесің. Аяғына дейін айтпауы мүмкін, бірақ, көкірегің ояу болса, өзің-ақ сезінесің ғой. Мағжанды да кеше оқыдық қой.  Жүсіпбектер де кеше шықты. Оған дейін олардың атын сыбырлап айтатұғын... «Мына жүрген бес-алты шалды он орап алатын ақын-жазушылар болған»  деп, өздері күбір-сыбырмен айтып отыратын.  Біз олардың  тығырыққа тірелген сәттерін сезіндік. Оларды осындай тығырыққа қоғам әкеп тіреді. Қазір көбіне оларды «ішті, жеді» деп жазып жүрміз ғой. Бірақ, солар неге ішті, неге күйінді?  Соның себебін ашып көрсете алмай жүрміз. Кейбіреуінің сырт көзге ерсілеу көрінгені ол судың беті ғана, біз теңіздің тереңіне бойлай алмай жүрген тәріздіміз.  Қазір жақсы буын келе жатыр. Iштерінде сұмдық таланттылары да бар. Кейде сол балалар өткен заманды көргенде ғой деп ойлаймын. Мен көрген сұмдықтарды көргенде, сезінгенде бұдан да жақсы жазар ма еді деп ойлаймын. Олармен бір-екі сағат сөйлесудің өзі үлкен ғанибет еді ғой. 

– Кешегі әдебиеттің қасіретін Кеңестік үкіметке жабамыз ғой, ал бүгінгі әдебиеттің қасіреті неде?

– Бүгінгі әдебиеттің қасіреті сол, үкіметтің тарапынан әдебиетке қамқорлықтың болмауында. Өнер адамдарын екінші-үшінші планға ысырып тастауында...   Халықпенен  ақындардың ортасында әкімдер бар, яғни билік тұр. Неге екенін білмеймін биліктің ақындарды халыққа жақындатқысы келмейтін сияқты көрінеді тұрады. Олай ойламайын десең, екінің бірі кіре алмайтын атшаптырым кабинеттерде отырған жоқпыз, халықтың ортасында жүрміз.

– Әкімдерсіз ақындар елдің арасына шыға алмай ма?

– Шыға алмайды. Қалай шығасыз?  Елге не деп барам? Кім кездесу жасап береді? Өлеңімді оқығым келеді. Маған сый-сияпат жасамай-ақ қойсын. Әкімдерге барам десең, қабылдамайды да.   Өзің басыңды иіп, алдына барғың келмейді.  Ол үшін ауылдық әкімдерден бастап, облыстық идеологтарға дейін, өнерді, әдебиетті таразылай алатын, ойлы, парасатты азаматтарды қою керек. Айтыс ақыны мен жазба ақынды шатастыратын, қайсының кім екенін білмейтін, журналист пен жазушыны ажырата алмайтын әкімдерге сіз барғаныңызбен, абырой таппайсыз. Барасыз, жаныңыз одан сайын ауырады, құлазисыз... Сондықтан, бір  Аллаға, сосын өзіме ғана сенем. Өзім барам, үлкен залдарда болмаса да, күнделікті өмірде өлең сүйетіндерге жақын жүруге тырысам...

– Елдің арасына бармаса, елмен араласпаса, ақындар нені жырлайды, айтыңызшы...

– Сұрағыңыз дұрыс. Ақынның өзінің жеке-жеке сапарлары болады. Анамның басына барам. Құран оқимын. Жылына бір  рет барып, бабаларымның, ағайын-тумаларымның басына құран оқытып қайтам. Бұл дегеніңіз, елге оралу деген сөз. Сексеннен асқан әкеме сәлем беріп қайтам. Сонда елге барғанымда, елдің де жағдайын таразылаймын. Өз көзіммен көрем, мұңын тыңдаймын, шеріне құлақ түрем. Кейде солардың тірлігін көріп,  құлазитыным бар. «Бір күн өтсе, жылайды екен бұрынғының адамы» дегендей, күн өткен сайын, құлазып, жабырқайды екенсің. Сондықтан, «елмен араласпай қалды, өзі жеке кабинетінде отырып, өлең жазып жатыр»  деген шындыққа жанаспайды. Бізді іздеп жатқан әкімдер жоқ. Міндетті түрде әкімнің іздеуі де шарт емес. Әр ақын өз тіршілігін жасап жатыр. Бұл солай болған, бола да беретін жазылмайтын дерт тәрізді.

«Анадан асыл туған ардақты Ержан..»

– Сізді «Тұран Әлем Банкіне» жұмыс істеткізген қаржыға деген мұқтаждық па?

– Ақын неге банкте жұмыс істемеу керек? Ақын омырауын  ашып, жүре берсін деген заман келмеске кеткен.  Олай жасау үшін, маған жағдай жасасын. Мен жалпы тізімде жоқпын. Бірде-бір стипендия алған жоқпын. Биліктің тарапынан бірде-бір құрмет грамотасын алған адам емеспін. Тым болмаса,  филологиялық білімім де жоқ екен. Политехникалық институтты бітірдім. Орта жоқ болды. Кеңес үкіметі құлады. зауыт, фабрикаларыңыз істен шығып қалды. Қайда баруым керек? Бизнеске барып көріп едім, онда біреуді алдау керек екенсің, өтірік айту керек екенсің, ондай менің қолымнан келмеді. Маған бала-шағаны асырау үшін, тұрақты айлығы бар жұмыс қажет болды.   «Банкке неге қызметке келдіңіз?»  дегенге келсек, Ержан Тәтішев қызметке шақырды. Онда да кездейсоқ. Өмірімде банкте қызмет етемін деп ойлаған емеспін. Оған дейін айтып отырмын ғой, Үкімет үйінің қызметтерінде жұмыс істедім. Ой өрістері төмен, өз ұлтына жаны ашымайтынтардың жанында ұзақ жүруге төзімім жетпеді. Елге кеттім. Кейін  оның бәрін тастап, өлең үшін елден кетуге тура келді. Кейінірек, Алматыдан Астанаға көшу  басталды. Біреу оңға, біреу солға кетіп жатты.  Маған ешқандай сұраныс болған жоқ. «Қасымхан, сен не істеп жүрсің?» деген тірі жан болған жоқ. «Қызмет берейін»  деген де  ешкімді көрмедім.Дулат Исабеков қызметсіз үйінде бірнеше жыл жатқан, өнер институтына директор болып келді. Сол кісі өзіне орынбасарлыққа шақырды. Екі жылдай сонда қызмет істедім.Жалақысы мардымсыз болды. Сондай күндердің бірінде  Ержан Тәтішев ұсыныс жасады. Алғашында біраз сынап көрді. Ержан Тәтішевтің бірінші баспасөз-хатшысы болдым. Баспасөзбен бірінші рет байланыс жасайтын ұйым құрдым. Маған дейін банкте баспасөз қызметі болған жоқ. Кейін ол басқармаға айналды. Бұл менің кездейсоқ тағдырым.

– Ержан Тәтішев қандай азамат еді?

– Ержан анадан асыл туған, Алла оны аса иманды етіп жаратқан азамат еді. Ол өте инабатты, мейірімді болатын. Ержанмен бір рет кездесіп, сұхбаттасқан адам оның адамшылық қасиетін, кісілік келбетін ұмыта алмайтын.  Біреудің мақтау сөздерін қаламайтын. Ол қашанда жинақы, парасатты, сабырлы қалпынан айнымайтын. Қашанда сергек жүретін, өмірге жан-тәнімен ғашық еді. Туған топырағын, елін-жерін, оның әдеп-ғұрпын ерекше қастерлейтін.  Өз ортасының  көтерілген еңсесі, жарық жұлдызы болатын.

– Арманың қалды-ау  қаршадай кезден басталған,

Көзімнен менің топырағыңа жас тамған.

Қырыққа жетпей қамал алғанмен қайтейін,

Жұлдызым едің ерте ағып түскен аспаннан.

немесе

Сүйген жүрек  көңілін суытпайды,

Көрген қызық жанымды жылытпайды.

Анадан асыл туған ардақты Ержан,

Халқың сені ешқашан ұмытпайды, — деп Ержан бауырымның асыл рухына бағыштап, жырлар жаздым.

–Қазір банктеріңізде Ержанның жолын қуған, халыққа жақын, іскер азаматтарды атап кете аласыз ба?

– Әрине болады. Басқасын айтпағанда Мәскеуде білім алған Сәдуақас Халықсоветұлы Мәмештегінің аты-жөнінің өзі мән берген адамға, қазаққа бір табан жақын, ойлы азамат екендігін  айқайлап айтып тұрған жоқ па. Еркін Тәтішевті сондай-ақ, Әбіләкім Жұмахметов деген парасатты да, іскер азаматты ерекше бөліп айтуға болады.

Қазір облыстардан орталыққа кадрларды тарту үшін іріктеу жүріп жатыр. Шығыстан Санат Әбенов деген білімді де іскер азамат банктің Алматы филиалына директор болып келіп, аз уақытта үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жатыр. Ақтөбеден тәжірбиелі Генриг Холодзинский төрағаға орынбасар болып келді. Сондай-ақ, Болат Байміров, Бағдатқали Тасыбеков, Нұрлан Бейсенбинов, Олег Рахматуллин, Молдахмет Әшімұлы, Данияр Қуантқанов, Қайрат Алтынбеков, Досым Енкебаев, Алма Мақсұтова тәрізді мамандарды атап кетуге болады. Бұлар  ең алдымен мемлекетшіл, сосын елге бүйректері бұрып, алдарына барған адамдарға түсіністікпен қарап, қолдарынан келген көмектерін аямайтын азаматтар екендіктерін мен жақсы білемін.

–Кеше әдебиетке сіздерді танымал адамдар алып келді. Бүгін сіздер кімдерді алып келіп жүрсіздер?

–Әдебиетке келуге біреудің  біреуге себебі тиуі мүмкін.  Біреу біреуге тіреу болуы мүмкін. Бірақ бұның бәрі уақытша ғана нәрсе. Жастардың осыдан аулақ болғандарын қалар едім. Сондықтан да мен топқа қосылмаймын. Топ құрған жоқпын. Өзіме жылы қарайтындарға мен де  құрметпен қараймын.

Ал менің төңірегімде осы қалада аға деп хабарласып тұратын ақын іні-қарындастарым бар. Біразы елде. Өлеңдерін жіберіп,   пікір сұрап,  хабарласып жатады.  Жуырда ғана  елден арнайы Айнұр Шәмшеиітова деген жас ақын қыз іздеп келді. Түркістандағы университетте оқиды екен. Өлеңдері тәп-тәуір көрінген соң, алғысөз жазып, бір топ өлеңдерін, «Жұрағат» журналына  жариялаттым.

– Республикалық газеттердің біріне берген сұхбатыңызда: «Иманғали мен Исламнан басқа әкімдер ақындардан теріс айналғалы қай заман...» деген екенсіз. Әлі де сол көзқарастасыз ба?

– Әлі де сол көзқарастамын. Өйткені, әкімдер Иманғали мен Исламдай болу керек қой .  Неге дейсіз ғой? Өйткені, бұл екеуі  тура сіз бен біз сияқты, ауылдың кітапханасын ауылда жүргенде оқып тауысқан адамдар.   Әкімдердің барлығы бірдей емес шығар. Мүмкін біразын танымайтын да шығармын. Тек мен білетін кейбірі,  айтыс ақыны мен жазба ақындарды шатастырып жүреді.   Бұл  олардың деңгейін, мүсәпірлігін көрсетеді. Кейде осыны көріп, «халықты кім басқарып отыр?» деген ой жаныңды құлазытады. Өйткені, ұлттың  азабын, тақсыретін   қазақтың ақын-жазушыларынан артық айтқан, жеткізген адамдар өте сирек қой. Әнмен, күймен айтсын, бәрібір ақын-жазушылардай ұлтқа қызмет еткендер сирек. Менің ойымша, осындай ұлтқа қызмет еткен ақын-жазушыларын білмейтін әкімді  елін бақытқа жеткізеді деп ойламаймын.  Ол өзінің ұлтының тарихын білмейді. Ұлтының тарихын білмеген адамның ұлтқа жаны аши ма? Біз осы үшін күресуіміз керек.

 

Сұхбаттасқан Гүлзина БЕКТАСОВА,

журналист

«Түркістан» газеті,

№17, 27 сәуір, 2006 жыл. 

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30