«ТІРШІЛІГІМДЕ ТЕК ПОЭЗИЯҒА ҚЫЗМЕТ ЕТЕМІН»

Өйткені, оның ар жағында халықтың рухы, трагедиясы, мұң-зары жатыр, дейді Қазақстан Жастар одағы сыйлығының және халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, белгілі ақын Қасымхан БЕГМАНОВ.

 

Бұл сұхбатты кешегі және бүгінгі қазақ жеріндегі талайларды поэзияның құдіретіне табындырған атақты ақын, терең ойлы философ, қоғам қайраткері Қадыр Мырза Әлі ағамыздың 2001 жылы «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген «Жазмыш» атты қасірет кітабынан үзінді келтіре отырып бастағанды жөн көрдік. Кітабының «тиегін» (алғысөзі деп ұғарсыздар), «Дүниенің ең басты жұмбағы – адам. Адамдар дүниенің бәрін түсіндіргенмен, өздерін өздері әлі де болса түсіндіре алған жоқ. Әу баста қандай жұмбақ болсақ, қазір де сол жұмбақ қалпындамыз. Ал өнер адамдары, дарын иелері, әсіресе, ақындар – болмысынан бөлек, табиғатынан тылсым, қайталанбас құбылыс, уникум. Олар кейде белгілі бір шығармаларының белгілі бір сәттерінде ақырын-ақырын ашылғандай болады. Бірақ, ондай сәулелі сәттер көп адамның санасына сыя қоймайды. Ақынның аты-жөні өзгермейді демесек, өзі үнемі өзгеру үстінде, құбылу үстінде, керек десеңіз, өзін-өзі жоққа шығару үстінде, жаңғыру үстінде ғұмыр кешеді. Оның өзі өмір сүруге ұқсамайды. Оның өмірі –бейнеттену, азап шегу, тіпті у ішу. Ақын-жазушыға байланысты портрет деген сөзді жиі пайдаланамыз. Сол сөздің өзі, ұғымның өзі ақын аталатын айрықша құбылыстың сексен сегіз қыры түгіл, бір қырының бір белгісін берсе беретін шығар. Бере алмауы да мүмкін. Менің бұл пікіріме біреу келісер, біреу келіспес. Қайткенде де, оны айтпасқа болмайды. «Қырық кісі –бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» демекші, «алпыс адам–бір жақ, ақын өзі бір жақ»,– деген жолдармен ағытқан екен қаламгер. Ақын атты құбылысқа бұдан асқан анықтама, бұдан асқан түсініктеме бола ма? Сан қырлы поэзия әлемінің ішкі палитрасын, өміріміздің бояуларын тек ақындар ғана осылайша анық түсініп, айқын суреттеп бере алады. Өйткені, шабыт пен сезім кеңістігінің субъектілері саналатын ақындардың жан-дүниесі – жалын, табиғаты – тынышсыз. Олар уақыт ағымын, қоғамның дамуы мен халықтың өіміріндегі өзгерістерді, тылсым тарих пен бүгінгі дүние, болашақ арасындағы байланысты өзгелерден терең түсінеді, нәзік сезінеді. Сондықтан да әрдайым тебіренеді, толқыныста жүреді. Солардың бірі  бүгінде жасы қырықтың қырқасына шыққан ақынымыз Қасымхан Бегманов екендігі ақиқат.

Үстіміздегі сәуір айының 4-інші жұлдызында Қазақстан Жазушылар одағында дүркіретіп тұрып шығармашылық кешін өткізді. Ол кешті бүкіл халқымыз білетін, әрі сүйетін белгілі де беделді ақынымыз Исрайл Сапарбай жүргізді. Сөйтіп, күнделікті күйбең тірлікті бір сілкіп тастаған Бегман атаның ақын ұлы ел-жұртымен жүздесті, ал ақынына сенетін, сыйлайтын халқы оның өлеңдерін өз аузынан естіп бір қуанды. Көпшілік риза, рух көтерілді.

Қайсыбіреулер құсап ұйқас қумай, ұйқысыз түндерде шабыты мен жігерін серік етіп буырқанған асау ойларын, асыл сезімін ақ қағазға өлең шумақтарына айналдырып төгетін Қасағаның поэзиядағы өзіндік өресі биік, өрнегі нақышты екендігіне қарапайым жұрт та, қаламгер қауым да тәнті болды.

Осы шығармашылық кешінен кейін ақынға арнайы жолығып, құттықтап, сыр-сұхбатқа шақырғанбыз.

–Қасаға, Қасымхан ақынның бүгінгі деңгейінің қандай екендігін күллі жұртқа көрсеткен шығармашылық кешіңіздің сәтті өткендігімен әрі халықаралық «Алаш» сыйлығын алуыңызбен құттықтаймын!

–Рахмет, айналайын, рахмет!.. Бұл сыйлықты халқымның маған берген жоғары бағасы деп білемін!

–Кешті «Тарлан» сыйлығының лауреаты Исрайл ағамыздың өзінің жүргізгендігі, ақын досыңыз «Жазушы» баспасының директоры Есенғали Раушанов пен Қазақ Ұлттық политехникалық университетінің бірінші проректоры Ұлықпан Сыдықов сияқты ғалым, сазгер ағамыздың жүрекжарды лебіздерін білдіріп, шапан жапқандары, Байғали Есенәлиев, Гауһар Әлімбекова, Қапаш Құлышева, Айжігіт Асанов сынды көптеген әнші, сазгерлер мен өнер жұлдыздарының  тамылжыған музыка, әсем әнмен көмкергендігі бәрі-бәрі өз сәнімен жарасымды болды. Тек бір білгіміз келетіні кешіңізді неліктен «Ол көктем оралмайды» деп атадыңыз?

–Әп, дегенде-ақ қиюласпай қалатын әлдебір  тірліктер үшін  бастапқыда әбіржігенім, алаңдағаным, қалай болар екен деп іштей толқығаным рас. Бірақ, абырой болғанда, бәрі ойдағыдай өтті, сәтті ұйымдастырылды. Соны көріп, ұғынып, ниет білдіріп жатқаныңа рахмет! «Жақсы сөз –жарым ырыс» деген емес пе... Қаламдастарыма, әріптестеріме, ағайын-туыстарға, азаматтарға қолдауы, көңілдері үшін ризамын! Ал, кешті неге олай атадың дегенге келсек, себебі, ол менің келесі кітабымның аты. Қазір дайын болып қалды. Баспаға әзірлеп жатырмын.

–Болашақ кітабыңыздың аты өткен өмірге деген сағыныштан, жас кездегі  таза махаббатты аңсаудан туған сияқты?

–Иә. Өткен өмірде бәрі қалды ғой... Алғашқы махаббат та, балалық бал дәурен де, ата-ананың мейірімі де – бәрі-бәрі елес болып, сағынышқа айналды...

 «Өсектерін өрбітті халық түрлі

Біркелкі өмір лезде жалықтырды

Ертеңінде Түркістан вокзалында

Бір қыз мені шығарып салып тұрды», – деген шумақтар сол сағыныштан туған.

Одан соң мектепті бітіргеннен кейін 1975 жылы сол Түркістан вокзалынан мені атам Бегманның, апам Айжамалдың, әжем Айнаштың үлкен сапарға – Алматыға шығарып салғаны әлі есімнен кетпейді... Түркістан, Кентау тәрізді қалаларды ешкімге ілеспей-ақ жалғыз аралап көрсем деп, бала кезімнен армандайтын едім. Атам бастаған туған-туыстар шығарып салып, вокзалда қалып бара жатқанда солай армандағаныма өкіндім ғой. Міне, сол өкініш, сол сағыныш есіме түссе, әлі күнге дейін жүрегімді сыздатады.

–Онда алғашқы өлеңіңіз де сол сағыныштан туған шығар?

–Иә, солай болды. Туған жерге арналған алғашқы «Ақ қайың» деген өлеңім Түркістан аудандық «Коммунистік еңбек» газетінде басылған. Бірақ, жарыққа шыға салысымен-ақ оңбай сыналды. Содан соң мен біраз уақыт өлең жазбай кеттім.

–Әрине, әр ақынның өзіндік әлемі, өзіндік арнасы болатындығы белгілі. Сіздің поэзияңызда, жалпы алғанда, әлдебір аңсау, сағыныш, пессимизм сарыны басымдау. Мұның сыры неде?

–Мұның бәрі балалық шағымның, туып-өскен ортаның әсері. Мен атамның баласы болғанмын. Кішкентайымнан сол кісінің жанында жүрдім. Ал, шалдардың айтатыны не – мына өмірдің қысқалығы, жалғандығы, ықлым замандардан келе жатқан аңыз-әңгімелер, ертедегі салт-дәстүрлер, тағысын-тағылар. Міне, сол көнекөз қариялардың өмірі менің балғын санама, жан-дүниеме, үлкен ықпалын тигізді. Менің өлеңдерімде пессимистік сарынның басым болатындығы содан.

...Айнала түгел әулие- әмбелердің молалары, қорымдар...Мысалға, Қожа Ахметтің басына құран оқу үшін 40 шақырым жерден арбамен, атпен келетін шалдар. Сонда мен атамнан қалмай, ілесіп жүретінмін. Күн ыстық, жол ұзақ, ішің пысады. Содан соң шалдар не істейді, бірінен кейін бірі небір әңгімелерді, аңыздарды айтатын. Мен соның бәрін тыңдайтынмын. Міне, сол кездегі өзінше бөлек, тылсым дүние маған қатты әсер етті. Ал, кейіннен Алматыға келдім – мүлде бөлек орта – адамдары да, әңгімелері де, дүниетанымдары да басқаша. Әрине, жаңа өмірге біртіндеп бейімделуге тура келеді. Бірақ, бастапқыда қандай күйді бастан өткергенімді білсеңіз ғой... Түркістанның әулиелері қоршаған орта мұнда жоқ. Ол тек менің поэзиямда қалды...

–Сыбырлап шалдар шертетін бір сыр балаға,

Айналды дала қаңғыбасы көп қалаға.

Парлатып жасты, күңірентіп құран оқыдық,

Белгісіз мұңлық томпайған неше молаға»– деген өлең жолдары осы айтқандарыңыздың дәлме-дәл көшірмесі сияқты.

–Иә, өзі де солай ғой. Жаңа айтқанымдай, қаншама алыс болса да бір құран оқып қайту үшін ерінбей-жалықпай кесенеге келгенде шалдар жолда кездескен небір молалардың тарихын әңгімелейтін. Әне, анау пәленше батырдың зираты, ал анау пәленше деген елге танымал кісінің зираты деп, бір-біріне сол адам жайлы айтып естеріне алатын. Қарап отырсаң, соның бәрі енді ел естіп жатқан тарихымыз екен. Мәселен, мен Кенесары хан туралы кішкентай кезімнен естіп өстім. Бертінде ғана белгілі болған Созақ көтерілісінің де бүкіл мән-жайын жастайымнан білетінмін. 1997 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Бесіктен бейітке дейін» деген кітабымда осы Созақ көтерілісі туралы дастанның фрагменттері  «Тұяқ серпу» деген атпен жарияланған. Жалпы, хан Кененің тағдыры мені қатты толғандырады.

–Хан Кене –қазақ тарихындағы ірі тұлғалардың бірі. Ал, бергі, бүгінгі тарихымызда тағдырларына тебіреніспен қарайтын тұлғалар деп кімдерді айтар едіңіз? Шығармашылық кешіңізде Саттар Ерубаевқа қатысты атқарған азаматтық істеріңіз жайлы естідік...

–Мақтанғаным  емес, туған өлкемнің – Түркістан жерінің, тарихқа да, тұлғалар да бай екендігі рас. Олай дейтінім, егер кеше ол қазағыма Саттар Ерубаев сынды азаматын сыйласа, бүгін Бекзат Саттархановтай айбынды ұланын сыйлаған. Бірақ, амал не, екеуі де тым ерте, жиырмадан аса бере өмірден өтті. Сөйтіп, екеуі де менің мәңгілік інілеріме айналды. Әрдайым жүрегімді сыздатып, жанымды ауыртатыны да сол.

  Халқымыздың жалынды ақыны Саттар Ерубаев менің жерлесім ғана емес, туысқан ағам. Кезінде ол кісінің бейіті қазіргі Райымбек даңғылының бойындағы ескі автовокзалдың астында қалып қойған. Мен сол жерден арнайы жер бөлігін сатып алып, басына ескерткіш қойдырдым. Содан соң Саттар Ерубаевтың бүкіл шығармаларын қайта сұрыптатып, 20 мың данамен «Жазушы» баспасынан шығарттырдым. Ақынның, азаматтың алдындағы парызымды өтедім.

–Қасаға, өзіңізге өркениет  пен мәдениеттің жоғары деңгейіне жетуге ұмтылған ұлтымыздың алға басқан қадамын кері тартып отырған кейбір жағымсыз жақтарымызға байланысты бір-екі сұрақ қоймақпын.

Алдымен, «зиялы қауым – зиянды қауым» деген теңеуге орай не айтасыз? 

–Зиялы қауым  деген сөздің өзіне күмәнмен қараймын. Өйткені, нағыз асыл сүйекті аристократтардың жеті атасына дейін жоғары парасатты интеллигенттер болуға тиіс. Сондықтан да зиялы қауым деген теңеуді байқап айтуымыз керек. Халықтың интеллигенция өкілдеріне деген өкпесі бар. Алдымен соны ескеруге, соны түсінуге міндеттіміз. Біз елге не бере алдық, нені істей алдық, сол үшін есеп беруіміз қажет.

Жасыратын несі бар, қазіргі кезде біз жүрген ортада небір өсек-аяңдар, қаңқу әңгімелер көбейіп кетті. Ер азаматтар өсек айтуды жиілетіп, бұған керісінше, әйелдер аз айта бастаған секілді. Ұят-ақ. Және бұл осы соңғы кездері ғана пайда болған жаман әдет емес, бұрыннан келе жатқан ауруымыз. Міне, ең әуелі осыдан арылуымыз керек. Сонда ғана зиялы қауымның қоғамға әкелетін зияны жойылатыны анық.

–Енді екінші   сұрағыма көшейін  –әсіресе, әдебиетшілер арасында ерекше байқалатын жүзге, руға бөлінушілік жөніндегі ойыңыз қандай?

–Ұлтымыздың өміріндегі әріден келе жатқан өте күрделі мәселелердің бірі осы – жүзизм. Менің түсінбейтінім, осындай жиіркенішті әдетті дертті тоқтатуға, жоюға болатындығын біліп тұрсақ та, соған өреміз жетіп тұрса да солай істемейміз. Неге? Себебі қазақтың бүкіл қадір-қасиетін, байлығы мен барын Алаштың деңгейіне көтеру жағы жетпей жатады. Парасат пен пайым жетіспейді. Әдебиетшілер қауымының кейбір өкілдері осы аурудан айыға алар емес. Ал, оларды айықтыратын күш қайда? Өкінішке орай, ащы да болса, қазіргі айтылар шындық осы. Бұдан қашып ешқайда құтыла алмаймыз.

–Қазақ поэзиясының деңгейіне  қандай баға берер едіңіз? Бүгінгі поэзияның басты мақсаты не?

–Тоқ  етерін айтқанда, поэзиямыздың қазіргі деңгейі жоғары дер едім. Кейінгі жастардың өлеңдерінен небір інжу-маржандарды көруге болады. Іргелі ізденістердің ізі, талпыныстардың табы аңғарылады. Өсу, өркендеу жолында екендігіміздің айқын айғағы осы емес пе?

Поэзия дегеніміздің өзі бұл алысқа бағыт алған ұлы дүрмек. Аламан бәйге секілді. Оның ішінде ұзаққа шабатын нағыз тұлпарлар санаулы ғана болады. Көпшілігі ерте шаршайды. Шаршағандары, әрине, дүрмекке ілесе алмай, орта жолда қалады. Ондай ақындар аз ба?..

Ақын ретінде айтарым, мен тіршілігімде тек поэзияға ғана қызмет етемін. Өйткені, оның ар жағында халықтың рухы, трагедиясы, мұң-зары жатыр. Поэзияның шексіз кеңістігінде өзіме тән бір жол бар. Мен сол жолмен келе жатырмын. Халыққа соны жеткізуім керек.

Неге қазақтың күрсінісі көп? Себебі, өткенімізге қарасаңыз, еліміздің тарихында қайғылы кезеңдер көп болған. Сол халықты біз сергітуге тиіспіз. Бірақ, өкінішке орай, біз қазір осы  парызымызды атқара алмай жатырмыз. Әрине,  бұл уақытша іркіліс, уақытша осалдық. Әлі-ақ тың серпіліс аламыз. Біздің алдымыздағы ұлы міндет сол.

Тәуелсіз жас мемлекетіміз қазір анталаған оттың ортасында тұр. Сондықтан да сыртқы елдермен арадағы саяси ынтымақ, ішкі ұлтаралық түсіністік мәселелерінде біз Елбасына қолдау көрсетуге тиіспіз.

–Соңғы сұрақ,  халық әндерінен кімді ұнатасыз?

–Әсіресе, Қайыптың «Жадау көк» әнін жаным сүйеді.

Әңгімеңізге рахмет!

P.S.  Қасиетті қазақ даласы ақындық өнердің ата қонысы іспеттес. Дархандық та, батырлық та, сарқылмайтын дарын да сақтар ұрпақтарының қанына сайын даладан дарыған. Міне, сол себепті біз арқалы да арынды, асау мінезді әрі адал, ақ жарқын ақындарға бай елміз. Саны азғантай ұлтымыздың жасампаздығының түп кепілі, кілті осында. Бір бақытымыз да сонда, баға жетпес байлығымыз да сол. Өзгелермен қатарласып, шексіздікке шеру тартқан қазақтың қуаты таусылмайтындығы, қанаты талмайтындығы да содан. Тек соны бағалай білсек болғаны.

 

Сұхбаттасқан Мұрат МҰҚАШТЕГІ, журналист

«Алматы ақшамы», №50, 6 сәуір, 2003 жыл

 

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30