Ілияс Жансүгіров

Бөбек бөлеу

(Ана жыры)

Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөбек,

Бөлейін бері кел, бөбек.

Бедерлі бесік, төрт есік,

Төгілте салдым төр төсек.

Бөпешім-бесік отауың,

Отауыңа кір, бөбек.

 

Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөбек.

Бүлдіршін шүмек бәйтерек,

Балалы үйрек, басбармақ,

Кішкене бөбек, бес бөлек.

Саусақайы салбырап,

Бөлене қойсын қос білек.

 

 

Бөл-бөл, бөпем, бөл бөпем;

Бөлесем, жөнге көн, көкем.

Көк ала жылқы көлде екен,

Көк ала тайың сонда екен.

Торсығыңды тосайын,

Тұмсық төсей сор, көкем.

 

Бөл-бөл, бөпем, бөл бөпем,

Бөлейін бері кел, көкем.

Жұлдызыңды жұм, көкем,

Жуынып ерте тұр, бөпем.

Алшая атқа мін, бөпем.

Ақтан қара біл, көкем.

 

Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөбек,

Бөлекең қонған көк өзек.

Көк өзекте көбелек,

Көлге көк құс шүй, бөбек.

Көк өзекте көбелек,

Көбелектей күл, бөбек.

 

Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөбек,

Боларсың бөпем, қолкөмек.

Әлпештеген ата-анаң,

Бола қалса мүгедек.

Таңайын, ұйықта, таң атсын.

Түнде оянба, түн түнек.

 

Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөбек,

Бөріден бөстек ки, бөбек,

Ерінбей еңбек ететін,

Еліңе бол елгезек.

Елгезек болсаң иісін,

Ендеше саған екі емшек.

Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөбек,

Бөгелмей білім біл, бөбек.

Білмесең білім бекерсің,

Бет алдыңа кетерсің,

Елге есті ер керек,

Ер жет! Есей ертерек.

 

Ұршық

(Жеңгем жыры)

Сыртылдама он саусақ,

Майдалап, мапа түтілші.

Шыртылдама шынашақ,

Шыр айналшы, шүйке ілші.

 

Оймышты ұшқат, ырғай сап

Ұршығым, сені қолға алам.

Ұршығым ұшқыр, нар тайлақ,

Жез бұйдалы– желмаям.

 

Желмаям желші нар тайтайлақ,

Тартына берме тайтаңдап.

Тартына берсең тайтаңдап,

Тақымдап қоям қайта айдап.

 

Қыла ма жалқау жарлылық,

Қылмаса ділгер жүн азы.

Екілен, зырла енді ұршық,

Иірейін биязы.

 

Домбыра

Тарт күйіңді, домбыра!

Төгіл, төгіл тәтті күй,

Тау суындай сылдыра,

Желпін, желпін, жел соқтыр!

Тауда тұман тұрмасын,

Көкте бұлт ыдыра!

Тыңдамаған қалмасын,

Ойды-қырды қыдыра,

Құлшына тарт, домбыра!

Екі желі, үш қазық,

Тоғыз ноқта домбыра,

Ойнатайын он саусақ,

Құлындайын құлдыра.

Бозда-бозда бота күй,

Қашағанды қудыра,

 Құлшына тарт, домбыра!

Еңбек елдің күйшісі-ау,

Құлағымды қиқулат,

Көңілімді қандыра,

Тәтті-тәтті күйге тарт

Көргеніңді күй қыла,

 Құлшына тарт, домбыра!

Еңбек елдің жаршысы-ау,

Жанымды бір жадырат,

Көкейіме қондыра,

Тәтті-тәтті әңгіме айт

Жаңа өмірді жыр қыла,

Шежіре, шешен, сұңғыла,–

Құлшына тарт, домбыра!

Антологияны  жүргізуші,

ақын Темірхан  Медетбек 

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30