ҚҰЛШЫЛЫҚТЫҢ ТӨРЕСІ

Қажылық пен құрбандық шалу

Қажылықта миллиондаған адам иық тіресіп, Алла Тағалаға құлшылық етеді және бір тамшы қан төгілмейді. Бұл құлшылық адамзат баласын бірлікке, татулыққа, қамқорлыққа, мейірімділікке шақырады. Қажылықта мұсылман баласының тақуалығы артып, қиямет қайымды көз алдына елестеткендей ерекше сезімге бөлейді.  

 

Құран кәрімде айтылғандай, барлық мұсылмандар үшін қасиетті болған Қағба – бұл жер бетіндегі ең алғашқы үй саналады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің хадис шәріпінде: «Алла Тағала аспан мен жерді жаратпастан бұрын Қағбаның орнын белгілеп қойды», – деген.

 Қағба мен қажылық тарихы

Бір күні Исмаил (ғ.с.) зәм-зәм суының қасында өсіп тұрған ағаштың көлеңкесінде оқ жонып отырған еді. Өзіне қарай келе жатқан әкесін көріп, қуанышпен орнынан тұрып, әкесіне сәлем берді. Әке мен бала бір-бірін құшақтап, сағыныш сезімін басқан соң, Ибраһим (ғ.с.) баласына қарап: «Балам, Алла Тағала үлкен істі жүктеп отыр», –деді. Исмаил: «Ей, әке! Алла бір істі міндеттеген болса, оны тезірек орында», – деді. Ибраһим (ғ.с.): «Балам оған сенің көмегің керек», - деді. Исмағил: «Әке! Мен саған көмегімді тигізуге әзірмін», - деп жауап берді. Ибраһим (ғ.с.): «Алла Тағала маған осы жерден бір үй салуды бұйырды», – деді. Осылайша әке мен бала Қағбаны салуға кірісті. Алла Тағала Қағбаның орнын көрсету үшін бір бұлтты жіберді. Бұлт Қағбаның орнын көлеңкелеп тұрды. Ол кезде Қағбаның орны бір төмпешік болып тұрған еді. Ибраһим (ғ.с.) мен Исмаил Қағбаның орнын қазған кезде, кезіндегі періштелер салған, Адам (ғ.с.) ата жасаған Қағбаның негізгі іргетасын тауып, оны топырақтан аршып, үстіне Қағбаны қайта салды. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ибраһимді (ғ.с.) Қағбаның орнына орналастырдық» («Хаж» сүресі, 26-аят), – деді.

 Қажылықтың сауабы

«Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с.):

– Иә, Алланың Елшісі, ең жақсы амалдар қайсы? – деп сұрадым. Сонда пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) айтты:

– Алла және оның елшісіне иман келтіру.

– Одан кейін не?

– Алла жолында күресу.

– Сосын не?

– Шариғат ісіне сай Алла ризалығы үшін жасалған қажылық».

Сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисі бар:

«Қажылық жасаған адам анасынан жаңа туғандай болады, барлық күнәсі кешіріледі».

 Қажылықтың шарты

Қажылық парызын өтеуді ниет еткен адам төмендегі 5 шартты толық орындауға міндетті.

1. Ислам дінінде болуы керек, яғни Алла Тағала тыйған істерінен сақтанушы және бұйырған нәрселерін орындаушы – намазхан, салауатты мұсылман болмағы ләзім.

2. Балиғат жасына жетуі;

3. Ақыл-есі дұрыс;

4. Еркіндікте, бас бостандығы болуы;

5.Қажылыққа баруға күші келетін, қажылыққа барып келгенше жетерлік қаржысы және ол ақшасы адал кәсібімен табылған болуы керек.

 Тарихтан – тағылым

Ибраһим пайғамбар Алланың бұйрығы бойынша сүйікті ұлы Исмаилды құрбандыққа шалу керек болды. Алланың әміріне әкесі де, баласы да бойұсынды. «Балам, түсімде Алланың әмірімен сені құрбандыққа шалуға ниеттеніп, бауыздайын деп жатыр екенмін. Бұған не дейсің?» – дейді. Баласы: «Әй, әкетайым! Өзіңе не бұйырылған болса, соны орында. Алла қаласа мені сабыр етушілерден табарсың», – деді. Әке мен бала аянның Ұлы Жаратушыдан екеніне шүбәсіз сенді. Пышақ қанша қайралса да өтпеді. Соңынды сынақтан да сүрінбей өтті. Ибраһим пайғамбар мен Исмаил нағыз тәуекел ете білудің үлгісін паш етті. Алланың өзі: «Әй, Ибраһим! Сен көрген түсіңе адалдық таныттың. Міндетіңді орындадың. Исмаилдың орнына құрбандық ретінде шаларсың деп қошқар түсірдім. Біз жақсы құлдарды осылайша марапаттаймыз!» - деп  аян берді. Осы кезден бастап құрбан шалу бүкіл мұсылман жұртшылығына ортақ құлшылыққа айналды.

 Құрбандық шалудың артықшылығы

Алла Тағаланың әмірлерін орындау пендені екі дүниеде де Жаратушының ризашылығына бөлейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл туралы: «Адам баласы құрбан айт күні қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар», - деп өсиет еткен. Сонымен бірге құрбан шалу - Ибраһим пайғамбарымыздан (с.ғ.с) жалғасып келе жатқан сүннет. Бұл амал сансыз нығметтерге шүкір айту болып саналады. Алланың разылығы үшін құрбан шалу сараңдық, өзімдік секілді жаман қасиеттердің емі. Жан дүниені кемелдендіреді.

 Құрбандық шалу берекетке себеп

Құранда: «Әрі барша адамдарды қажылыққа шақыр, олар жаяу немесе ұзақ жерден арып-ашып, түйемен саған келсін. Келгесін олар мұның өздеріне тигізген пайдасын көрсін. Алладан өздеріне ризық ретінде берілген құрбандық малдарды белгілі күндерде Алланың атын айтып, құрбандық шалсын. Оның етінен өздерің де жеңдер, жоқ жітікке де жегізіңдер!» (Хаж сүресі, 27,28-аяттар), – делінген.

Құрбан айт мерекесі адамдарды мейірімділікке, жанашырлыққа, өзара кешірімшіл болуға тәрбиелейді. Құрбан айт араздасқан ағайын арасын жақындата түсетін мерейлі мереке. Осы күні адамзат баласы барынша сауабы мол амалдарды жасауға дағдылануы тиіс.

Алла Тағала баршамыздың шалған құрбандықтарымыз бен әрбір қайырлы һәм қайырымды амалдарымызды қабыл еткей!   

 

Асан ТІЛЕУБЕРДИЕВ,

Алматы қаласы «Орбита» мешітінің бас имамы

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30