Сәкен Сейфуллин

 Антологияны жүргізуші ақын Темірхан МЕДЕТБЕК

Сәкен (Сәдуақас) Сейфуллин
(1894-1938) -
қазақ совет әдебиетінің негізін салушылардың бірі, ақын, қоғам, мемлекет қайраткері.

 

КЕЛІНШЕКТІҢ БЕСІК ЖЫРЫ

Әлди-әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем!
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін,
Көк ала иттің құйрығын
Жіпке тағып берейін!
Әлди-әлди, жанашым!
Алдыма алып шабайын,
Тойға кеткен әкеңді
Кайдан іздеп табайын?
Әлди-әлди, аппағым!
Жылама, менің жүрегім,
Әкең малда тұр шығар
Таяныш қып күрегін.
Әлди, менің бөбегім,
Әкең жүр ғой малменен!
Жүрген шығар алысып
Шұна қаяз қарменен.
Қартайғанда күтетін
Әкесі мен шешесін,
Кандай жігіт өскенде
Болар екен бөпешім?
Өңкей біздей зарлыға,
Кемдіктегі жарлыға,
Жаным менің ержетіп
Көсем болар ма екенсің?
Тақылдаған таңдайы,
Кере қарыс маңдайы.
Алмас тілді немесе,
Шешен болар ма екенсің?
Бұлбұлдай боп тілінен
Тәтті айтқанда бал тамған,
Ащы айтқанда қан тамған
Ақын болар ма екенсің?
Не болмаса жүректі,
Күш, қайратты, білекті,
Кемшілікке көнбейтін
Батыр болар ма екенсің?
Омырауы есіктей,
Ақ балтыры бесіктей,
Егінші боп, өзгеге
Нұсқа болар ма екенсің?
Отқа темір қайнатқан,
Бұт балғаны ойнатқан,
Нанша илейтін темірді
Ұста болар ма екенсің?
Не болмаса жұмыскер,
Не өнерлі мініскер,
Саусақтары сүйріктей
Зергер болар ма екенсің?
Не қасқа атты Қамбардай,
Аш қылмайтын аң барда,
Құралайды көзге атар


Мерген болар ма екенсің?
Жақсы болып ержетсе
Балапаны бөпесі,
Бағы ашылып, анасы
Көкке тиер төбесі.
Бақытсыз боп ержетсе,
Бар үміті – қарағы,
Михнат шеккен сорлы ана
Ашпағаны қабағын.
Әлди-әлди, балашым!
Ұйықтатайын тербетіп...
Тілегім сен, құлыным,
Үміт ақта ержетіп!..

Далада
(Арнау)
Жүген-құрық тимеген,
Жасынан ноқта кимеген
Алты жасар асауды
Ұстап міндім далада.
Ақырды асау –
Жаңғырды дала.
Тулады, орғыды асау –
Дүбірлеп күңіренді дала,
Қиырсыз дала...
Орғыды асау айнала –
Дүбірледі айдала.
Алысып асау осқырды –
Жал-құйрығы желмен ысқырды,
Жүйткіп, зымырап құлашын керді асау.
Танаулары шелектей,
Ырсылдап демі көріктей,
Көздері оттай, өріктей.
Өрге қарай орғыса,
Өр не қылмақ асауға?
Жел не қылмақ асауға?
Желге қарай орғыса,
Орғытып, ұшыртып жүріп
Көкіректі кернеп,
Кең даланы күңірентіп
Қатты айқайлап ән салдым.
Жаңғыртып кең даланы.
Салдым күшті дауыспен ән!
Әніме қосылды: кең дала,
Аққулы-қазды шалқар көл,
Қамысты-құрақты көк өзен
Қосылды бәрі шуласып,
Косылды бәрі шаттанып.
Сендерге, қарындастар,
Сендерге, інілер,
Сендерге арналды бұл әндер!
Дүниенің құлдық шынжырын қиратып,
Әділдік, теңдік іздеген,
Тұрмыстың таршылық зынданын бұзып,
Еркіндік, кеңдік іздеген,
Көкіректері жанып бақыт іздеген,
жастар,
Сендерге арналды бұл әндер!


Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30