Ер - тұрман

   

 Ата-кәсібімізге байланысты құрал-саймандарға халқымыз жай ғана еңбек-құралы деп емес, өнер туындысы ретінде де қараған. Шеберге тапсырыс берушілер ер-тұрман әбзелдерінің ешкімнің мүкіне ұқсамайтындай, мейлінше әдемі жасалуын қадағалаған. Қандай шебер болмасын тұтынушыларды көп тартуы үшін де, өзге шеберлердің алдына түсу үщін де бұйымдарын бар өнерін салып жасайды емес пе? Ер-тұрман әбзелдеріне байланысты осындай сұраныстардың молдығын ескере келе ер-тұрман бір кезде ата-бабаларымыздың мақтан тұтар бұйымына айналып бүгін де өзінің маңызын жоймағандығы, керісінше, қазіргі қол өнерімізде алатын орны ерекше демекпіз. Ата-кәсібімізді танып білудің мәні зор. Осы бір ғана ер-тұрман әбзелдерінің айналасында қаншама кәсіби сөздер бар. Олардың бәрі сөздік қорымызды байыта түсері анық.

 

    

Ер-тұрман дегеніміз – салт атқа мінуге арналған әбзел-жабдықтар жиынтығы. Ерші – ер-тұрман жасайтын шебер, ұста.

     Енді әңгіме қазақ ершілері жасайтын ер-тұрман жабдықтары жайлы өрбиді. Ерлердің түрлері көп.  Ершілер ерте заманнан бері ерді негізгі үш топқа бөлген.  Олар:

а) Ашамай – бес жасқа дейінгі балалар мінетін ердің өте жеңіл, ықшам әрі қарапайым түрі;

ә) Еркектерге арналған ер. Ондай ер жеңіл, ықшам, берік болады, өте көп әшекейленбейді;

б) Әйелдерге арналған ерлер сүйегі, қаңқасы ауыр, әрі алтын, күміс, асыл тастармен, сүйекпен, мүйізбен өте шеберлікпен әшекейленеді. Былғары, барқып, жарғақ, мауыты, шұғамен қапталады.

 Әзірлеу әдісіне орай ерлер екі түрге бөлінеді, олар:

а) Сүйегі бүтін ағаштан тұтас шабылған ерді «сом ер» дейді. Кейде бүтін тұтас шабылған ер деп те атай береді.

ә) Бірнеше бөліктен қосып қырап жасалған ерді «құранды ер» деп атайды. Оны ағаш аз өсетін аймақтарда жасаған.

Қандай шикізат қолданылғанына, қай үлгіде жасалғанына және сыртқы түріне қарай:  сом ер,  құранды ер,  қазақы ер,  қалмақы ер,  қырғыз ері  т.с. сияқты түрлерге бөлінеді.

Осы ердің қаңқасына: желдік, тоқым, тебінгі, айыл, құйысқан, өмілдірік, терлік, үзеңгі, үзіңгі бау, таралғы, тартпа, құйысқан, жүген, нохта, шылбыр, тізгін, қамшы, шідер, өре, тұсау, тысамыс, кісен, қанжығаны қосып  толық түрде  ат әбзелдері  деп атайды. Ұлттық мұрамыздың жанашыры, марқұм Дәркембай Шоқпарұлының  мына жырына назар аударсақ:

Сүйегін сомдап  шаптым талды қиып,

Аласа артқы қасы ,алды биік,

Атқа да, адамға да жайлы бұл ер,

Алсаңыз өкінбейсіз малды жиып.

 

Ер - тұрман, ат - әбзелін күмістеп ем,

Күрделі іс, көп - ақ мұнда жұмыс деген,

Қақталған аппақ күміс жалт - жұлт етіп,

Япырмай, дегізгендей кім істеген.

 

Шаужайы, ауыздығы, сулығымен,

Кекілдік, сағалдырық, баулығымен,

Шылбыры, шығыршықты тізгінімен,

Сымбатты, салтанатты құнды жүген.

 

Тартпасы, құйысқан мен өмілдірік,

Үзбелеп, әшекейлеп, төгілдіріп.

Дәркембай деген ұста  даярлаған

Көпке арнап көздің майын төгіп жүріп.

 

Оқпанға бет тақасаң мұрын тимес,

Атыңа жалпақ өрген жырым тимес,

Жақсы ерді жасай алмас ешбір адам

Қыры мен көкейіне сырын түймес.

 

Тоқымын қайып тіктім желдігімен,

Көз тартар кісілігі кеңдігімен,

Таралғы, үзеңгісі, қанжығасы,

Таралып түгенделді енді міне.

      Ақын, әрі шебер ұста атамыз айтқандай, ат әбзелдерін дайындау шеберлікті талап ететін жұмыс.

      Ердің сүйегі негізінен ағаштан шабылады. Кейде ағаш пен темірді бірге қолданады. Ер шабуға қолайлы ағаштар киіз терек, қайыңның безі, тораңғы және тал. Олар кебе келе әрі жеңіл, әрі өте берік болады.

      Ердің сүйегін қаптау үшін  көн, қайыз, былғары, жарғақ, қайыңның тозы (қабығы), барқыт, шұға масаты сияқты маталар, тарамыс, таспа, желім, бояу, шеге т.б. қолданылады.

     Ерді әшекейлеу үшін әр түрлі қымбат бағалы металдар, асыл тастар, шыны, лажы, бағдар, сүйек, мүйіз, тұяқ т. б. қажет.

     Бұлардан бөтен ер-тұрман әзірлеуге киіз, жүн, қыл, жіп, құр тәрізді шикізаттарды пайдалануға болады.

       Ер - тұрманды  ең алғаш  ойлап тапқан  мал шаруашылығымен  айналысқан  көшпелі тайпалар екенінде ешқандай  дау жоқ. Әйтсе де , ең алғашқы ер  қай  жерде, қашан жасалған, оны кім ойлап тапқан  деген сұраққа  нақты  жауап  беретін  дерек  жоқ. 

      Ер - тұрманның алғашқы нұсқауы  әу баста  ыңыршақтан басталып , бірте - бірте  дамып, қазіргі біздер тұтынып жүрген ,жетілдірілген  түріне жеткен болу  керек деп топшылаймыз.  Ыңыршақ дегеніміз - көлікке ат, түйе, өгіз т.б жануарларға жүк  артып жүруге , салт мінуге жарамды  қарапайым әбзел. Кей жерлерде  ыңыршақты  ашамай деп те атай береді.

   Ердің алдыңғы және артқы  қасы болады. Ердің құйрық басар  көпшігін  басып, аттың жуан қарнын орай тартылған жуан  белдікті пыстан деп атаймыз. Ердің қос қапталының астында орналасқан, аттың арқасын жауып тұратын жалпақ киізді тоқым дейді. Тоқым ат арқасына ер батпас үшін немесе қажап, жараламас үшін салатын, киізден сырып жасалып, сырты былғарымен қапталатын тұрман. Ертеректе ауқатты адамдар киіз тоқымның айнала жиегін шұға және барқыт секілді қымбат маталармен көмкеріп, сыртын түгелдей қалың былғарымен қаптап, сан түрлі тәсілдермен жүргізілетін ою-өрнектермен қоса күміс әшекейлер де жиі қолданатын.

Тоқымның көлемі де, піішілу кескіні де әртүрлі болады. әйел еріне арналған тоқымдар үлкен (140-150х-50-65см) болатын да мол әшекейленетін. Ал еркектердің еріне арналған тоқымдар ықшамдау (90-100х50-55 см) болғанымен әшекейлену жағынан бұлар да кенде қалмайтын.

Тоқым біткен ат-көліктің арқасына салынғандықтан, арқасын аман сақтау үшін, тоқым киіздің таза болғаны жөн. Онда құм, тас, шөп-шалаң, бүршіктер  болмауы тиіс. Сондықтан тоқым киізі қойдың қоспасыз таза жүнінен жасалады. Жалаң тоқым жұқа болғандықтан оның астына терлік, үстіне желдік салынады. Терлік киізден немесе жабағыдан жасалады. Желдікті көбінесе құранды, қозықұйрық және шошақбас ерлер секілді қапталдарының көлемі шағын ерлерге арнап жасайды.

        Желдіктер екі қабатталған киізден сырылып, сырты былғарымен қапталады.Қаптал астындағы желдік ілгері-кейін жылжымауы үшін оның екі басының үстіңгі жағы қапталдың көлеміне сай кемештеліп тігіледі. Оны «желдіктің қасы» деп атайды. Желдік төмен сусып, түсіп кетпес үшін оны екі жерден қайыспен байластырып қояды.

      Тебінгі -  ердің қос қапталындағы  үзеңгі бауды басып тұратын жұқа жабылғы.  Оны жұмсақ теріден немесе  былғарыдан жасайды. Былғарыдан жасалған тебінгінің астары жұқа, талдырып басқан киізден жасалады. Ол тоқым мен үзеңгі бауды  терден сақтайды.  Сонымен қатар, аттың тері  балаққа жұқпауына да  септігін тигізеді. Тебінгі бедерленіп, өрнектеліп металл әшекейлерімен безендіріледі. Тебінгі жасағанда алдымен киізді арнаулы үлгімен пішіп алады. Содан соң былғарыны одан сәл артықтау етіп пішіп жиегін астына қарай көмкере қайырып тігеді. Қыздардың, әйел адамдардың тебінгілері өте бай өрнектеліп, әшекейленеді. 

    Үзеңгі бау ( таралғы ) -  ердің қапталындағы  ойыққа өткізіліп, үзеңгіге бекітілген қайыс бауды айтады. Үзеңгі бауды кейде таралғы деп те атайды.  Таралғы арасына қайыс салып ызылған екі қабат былғарыдан жасалады.  Таралғының ұзындығы 120-145 см, ені 3-4 см шамасында болады. Таралғының бір ұшына тілшігі бар металл айылбас бекітіліп, оған қарама қарсы ұшы сүйірлене бітеді. Сүйір ұшына ара қашықтығы екі елідей бірнеше тесік тесіледі. Сол тесіктерге айылбастың тілшіктерін алмастыра қадау арқылы таралғыны ұзартып немесе қысқартуға болады. Таралғы тағылған үзеңгіні ер қапталындағы үзеңгі бауы өтетін арнайы ойылған көзден өткізу арқылы ерге бекітеді. Ол ойықты үзеңгілік деп атайды. Үзеңгіліктің ені 10-12 мм, ұзындығы 30-35 мм шамасында болады. Ертеде малшылар үзеңгіні таралғымен бірге ерден ағытып алып  қасқыр соққан.  Жайшылықта үзеңгі бау бір қабат болса,  жаугершілік кезде  сарбаздар  үзеңгі бауды  бірнеше қабаттайтын болған.  Ат үстінде тұрып  садақ  тарту немесе найзаласу кезінде  негізгі күш  үзеңгі бауға түседі. Сондықтан да үзеңгі баудың  сайыс кезінде  маңызы өте  зор болған.

     Үзеңгі – атқа мінуге, сол сияқты ердің үстінде  екі аяқты тіреп, нық отыруға, тебінуге  мүмкіндік беретін  құрал. Ол, негізінен темірден жасалады, әрі оның түрі көп.  Қыздар мен әйелдердің үзеңгісі жеңіл әрі  оюлы  әшекейімен көз тартса, ер адамдар үзеңгісі берік қалың темірден  жасалатын болған.

     Жүген -  қайыс пен былғарыдан жасалып,  жылқының басына кигізілетін айыл-тұрман түрі. Жүген негізінен үш түрлі әдіспен жасалады: түйме жүген , өрме жүген, қайыс пен былғарыны қабаттап ызып тігілген түрі.

       Түйме жүгенді иленген қайыстан түйіп жасайды. Күнделікті жұмысқа, шаруаға арналғандықтан, оны көп әшекейлемеген.

       Өрме жүген түйме жүгенге қарағанда әдемірек әрі мықты болады. Әдетте   өрме жүгенді сегіз,  он екі  таспа өріммен  өреді. Бұл өрім түрін халық шеберлері ноқыра деп атайды.

Қайыс пен былғарыны қабаттап ызып тіккен ызбалы жүген. Ызбалы жүгенге қазақ шеберлері күмістен, жезден жасап жапсырмалар орналастырған. Бұндай жапсырмалар жасалған материалына қарай: күміс жүген,  жез жүген,  былғары жүген деп аталған. Жүгеннің құрылысы мынадай болып келеді:  екі жақтауы , ол екеуінің ұзындығы екі түрлі болады.  Ұзын жағы жүгеннің желкелігі болады да,  қысқа  жағының ұшына айылбас бекітіледі. Кеңсірік осы екі жақтың төменгі жағына орналасады да, одан төменгі үзбе  (тұйықбас)  арқылы тығыршықпен ауыздық шегеленеді. Ертеректе  шығыршық орнына қоладан, жезден, ағаштан, мүйізден, темірден жасалған сулық пайдаланған. Кеңсіріктің орта тұсына кейде сәндік үшін шашақ орнатып қояды.

Кекілдік (кекілдірік, кекілбасар, милық деп те атай береді) бір жақ ұшына айылбас бекітіліп, үлкейіп, кішірейіп тұруы үшін төрт-бес  тесік тесіледі.  Бұл жері жылқының тамағының астынан өтіп, айылбасқа кигізіледі. Осы екі аралықты сағылдырық немесе сағақ дейді.

Кейбір халық шеберлері керісінше кекілдіктің орта тұсына көз салып, зерлеп, шашақ орналастырады. Мұндай жүген жылқыға кигізгенде, өзінше көрік  беріп тұрады. тіпті  кейбір шеберлер сағалдырыққа да шашақ немесе қоңырау орнатып жібереді.

Жылқыны салт мінгенде оңға, солға бұру, тоқтату үшін тізгін тағылады. Ұзындығы бір құлаштай екі таспа ені бір, қайыс ауыздықтың екі шығыршығына түйіледі.  Ал қарама-қарсы ұшы бір-біріне байланып түйіледі.

      Құйысқан – жылқының үстіндегі ертоқымы  қия жерде  мойнына қарай сыртып кетпес үшін, аттың түп құйрығынан өткізіп, ердің артқы  қанжығалығына  бекітетін   қайыстан жасалатын құрал. Құйысқан ер қапталының артқы жағындағы шығыршықтарға жырым арқылы бекітіледі. Ол Х әрпіне ұқсас келеді. Сол себепті құйысқан сөзінің шығу төркіні қиысқан,қиылысқан деген сөздерден туындауы әбден мүмкін. Ызбалы құйысқан арасына қайыс салынған екі қабат былғарыдан тігіледі. Сол сияқты құйысқанды қайыстан өріп, түйіп жасауға да болады. Оларды өрме құйысқан немесе түйме құйысқан деп атайды. Егер жіптен өріліп жасалса оны құр құйысқан деп атайды.  Металмен әшекейленген құйысқан күміс құйысқан немесе жез құйысқан деп , жасалған металдың ыңғайына орай аталады. Құйысқанның ат құйымшағына таяу жеріндегі шығыршығына үзбеленген әшекейлі салпыншақтар тағылады. Құйысқан басқа тұрмандармен үйлестіріле әшекейленеді. Әйел әбзелдері асыл тастармен әшекейленіп салпыншақты, үзбелі, шашақты болып келеді. Ал құйысқанның қиылысатын тұсындағы топсасын кейде күмбездеп, сылдырмақтап та жасаған. Ер адамдар тұтынатын құйысқандар әйелдердікіне қарағанда  қарапайымдау бірақ берік болуы шарт.

      Өмілдірік - ер-тоқымның артқа қарай сырғымауы үшін омырауына тағылатын әбзелдерінің бірі. Өмілдірікті көбінесе таулы аймақтарда тұтынады.  Өмілдірік сөзінің шығу төркіні омырау ілдірік, өңір ілдірік сөздерінен қалыптасқан. Өмілдірік жасалу ерекшелігіне байланысты негізінен үш түрге бөлінеді. Былғарыдан ызылған, қайыстан өрілген немесе жіптен құрдан түйілген түрлері болады. Арасына қайыс салынып былғарыдан ызылған өмілдірік өте берік болады. Оның құрылысы өте қарапайым. Ол екі омыраулықтан, бір төс баудан, айылбастан, жырымнан тұрады. Омыраулық пен төс бау оңай жылжып тұруы үшін шығыршыққа орнатылып бекиді.

Төс бауды омырау бау, төстік бау немесе алқа бау деп те атай береді. Сәндік үшін әйелдерге арналған ер-тұрманның  былғары, қайыс бөліктері жалпақтау болады.

     Қалыптау әдісімен жасалған жапсырмалар және омыраулық пен төс баудың түйіскен жеріне салпыншақ – шашақ тағылады. Безендіру ерекшелігіне қарай: ерлер өмілдірігі, әйелдер өмілдірігі болып бөлінеді. Ерлер тұтынатын өмілдіріктің жырымды, айылбасты немесе жырым өткізіп шалынатын бүлдіргесі болады. Ондай өмілдірік ердің алдыңғы қасына іліне салады. Ал әйелдерге арналған түрі айылбас арқылы ердің екі қапталындағы жырымға бекітіледі. Қазақ халқы ежелден  әйел адамдарға арналған бұйымды көздің жауын алатындай етіп әшекейлеп , алтынмен аптап, күміспен күптеп, асыл тастардан көз орнатып өте сәнді жасаған. Сондықтан әйелдерге арналған тұрмандар өте жоғары бағаланған.  Ерлерге арналған тұрмандардың әшекейленуі қарадүрсіндеу болғанымен, беріктігіне көбірек көңіл бөлінген.

         Айыл - ат арқасына ерді мықтап бекіту үшін қажет әбзел. Айылды кейде тартпа деп те  атайды. Оны арасына қайыс салып ызылған екі қабат былғарыдан жасайды. Кейде қайыстан жалпақтап өріп жасайды. Айылдың ұзындығы 155-165см, ені 6-8см  болады. Оның екі ұшына металл тоғалар бекітіледі. Тоға дегеніміз- айыл бастың тілсіз түрі. Тоғаға үзбеленіп қайыстан немесе былғарыдан ызылған көрпе бастырық бекітіледі. Ол ат көрпенің үстін басып тұратындықтан осылай аталады. Айыл аттың төсін орап тартылса төс айыл немесе төс тартпа; ал егер шабына тартылса шап тартпа; немесе шап айыл деп аталады. әдетте төс айыл ат көрпенің үстін бастыра тартылады. Шап айыл төс айылға қарағанда ұзын болады. Әдетте, төс айылды қатты тартып, шап айылды  аттың қарнын қиып кетпеу үшін босаң тартады.  Халық аузындағы : « Төс айылдың батқанын  иесі білмес ат білер, Ағайынның қадірін жақыны емес жат білер» деген мәтел біздің сөзімізді толықтырып ашып тұрғандай.

     Айылдың құрылысы мынандай болады. Бір ұшына көрпе бастырғы бекітілсе, оған қарсы ұшындағы тоғаға қайыс бау тағылады. Атқа айыл тартақанда осы бау арқылы айылдың қарсы басындағы тоғасынан іліп алып, қажетті  мөлшерде қысып ерді ат арқасына бекітуге болады. Асылы, бауды тартып -босату арқылы айылдың беріктігін жөнге келтіретіндіктен тартпа деп атаған болар. Айылдың ердің үстіне түсетін тұсын жалпақтау жасап, әшекейлеп қояды. Ал оның ат төсіне немесе шабына тура келетін тұсын жалпақтап өріп қоюға да болады. Оны өрме айыл деп атайды. Егер ол жіптен өрілсе оны құр айыл немесе құр тартпа деп атайды.

        Ноқта – мал басына салынатын малды байлауға, қосақтауға, жетектеуге арналған шылбырлы тұрман. Ноқта үлгісі жүген тектес болады. Бірақ, ноқтада ауыздық, тізгін, кекілдік, шаужай, сулық болмайды. Ноқта екі жақтау  желкелік, сағалдырық, мұрындық (кейде кеңсірік деп те атай береді) ноқтаны қабатталған  қайыстан, былғарыдан ызып немесе таспадан өріп, қайыстан түйіп те жасайды. Жасалуына байланысты ызып жасалған ноқтаны ызба ноқта,  өрілген ноқтаны өрме ноқта, ал түйіліп жасалған ноқтаны түйме ноқта деп атай береді. Ноқтаның негізгі бөлігі жақтау болғандықтан, қалған бөлшектері түгелдей осыған бекітіледі. Қамшылар жағындағы ат желкесін ораған ұзын бөлігі желкелік деп аталады. Ол шамамен 50-55 см болады да мінер жақ жақтауға тоға арқылы бекітіледі. Оған тоғаның тілі сұғылатын 4-5 тесік тесіледі. Бұл ноқтаны  ыңғайына қарай кеңейтіп, тарылтуға арналған. Ат басынан ноқта сыпырылап түспей үшін жасалған бөлшегін сағалдырық деп атайды. Сағалдырық екі бөлшектен жасалынып, екі басы жақтауларға бекітіледі. Сағалдырықтың қамшылар жақ бауы ұзындау, 40-45 см болады да,  ат сағасын орап келіп, мінер жақ бауына (12-15 см) тоға арқылы жалғасады.

      

     Сөзімізді  түйіндер болсақ,  ертеректе  ата – бабаларымыз ат үстінде жүріп, осындай ұлан – байтақ жерімізді қорғаған. Сондықтан да, ел аузында : « Тұлпар ерді сақтайды, Ер жерді сақтайды» деген сөз бекер айтылмаса керекті.  Ата – бабаларымыз жеті қазынаның бірі деп есептеген жылқы малын аса қадірлеген. Оны  мінсең көлік, жесең азық, ішсең сусын деп бекер айтпаған. « Ат – ер қанаты» демекші, ұлттық ойынымызда да  атпен көрсетілетін ойын түрлері көп.  Жоғары да айтылған ер – тоқым, ат әбзелдері қазіргі кезде Еңбекшіқазақ ауданы, Ақши ауылындағы « Ұста  Дәркембай атындағы қолөнер музейінде» сақталған. Олай болса күнде атқа мініп жүрмесе де, бүгінгі сөзімізге дәйек болып отырған, ер – тоқымның  қадір – қасиетін  жас ұрпақ білуі тиіс деп есептеймін ...

Ағила ӘЗИЕВА,

«Ұста Дәркембай атындағы қолөнер мұражайының» қолөнер ісі бойынша ғылыми қызметкері

 

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30