Келіннің күйеуінің тегіне жазылғаны дұрыс па?

Некелескен сәттен бастап келіннің ерінің тегіне жазылуы Еуропадан бастау алған еді. Кеңестік саясаттың кезінде белең алған бұл үрдістің  санамызға сіңісіп кеткені жасырын емес. Тіпті заңды неке қию рәсімі кезінде «Күйеуіңіздің тегін қабылдайсыз ба?» деген сұрақ та қойылып келеді.

Қазақ халқында келін ата-енесі мен қайын аға, қайын апаларының, қайын сіңлілерінің, қайныларының атын атамай, «би атам», «жалқы бала», «мырза қайын аға» ,«тентегім», әйел болса «шебер шешей», «ақ әжем», «сырғалым», «шашбаулым», «ерке қыз» деп ат тергеген. Қазақтың  келіні өзі түскен шаңырақтың үлкен-кішісіне ибалық пен ізеттіліктің осындай үлгісін көрсететін еді.

Келіннің өзінен үлкен адамдардың атын атамауы көрегенділік пен кішіпейілділік сияқты асыл қасиеттердің биік көрінісі болса керек.

Келіннің күйеуінің тегіне жазылғаны  дұрыс па? Бұл жоғарыда айтып өткеніміздей дәстүрімізге қайшы емес пе?  Осы сауал төңірегінде оқырмандардан көзқарасын сұраған едік.

Светлана Аяғанова, зейнеткер:

Негізі жолдасының тегіне өту дұрыс емес. Кезінде біз тұрмысқа шыққан кездері жолдасының тегін алу сән еді. Мен өзім жолдасымның тегіне өттім де, артынан өкінген де кездерім болды. Неге десеңіз, үлкен атаның атын қалай атаймын деп қиналдым. Басында бірнеше жыл бойы тегімді сұраған кезде, ұялып айта алмаған да кездерім болды. Қазір үйдегі атаңмен тегімді тартып алғаны үшін ұрсысып та аламын. Тұрмысқа шықпаған кездегі тегім өзіме ұнайтын еді.

 

Нұрмұхамед Бейсеубаев, мұғалім:

Қазіргі заманда текті ауыстырған мүлдем тиімсіз. Қаншама құжатты ауыстыру керек. Ол үшін кем дегенде бірнеше ай жүгіруге тура келеді. Текті ауыстыру уақыт пен ақшаның жұты десек те болады.  Дәл осы себептермен менің жұбайым тегімді алмаған болатын.

 

Ғалия Мойтапова, Алакөл ауданының тұрғыны:

Мен жолдасымды сүйгендіктен оның тегін алған едім. Менің ойымша әр қыз бала тұрмысқа шыққаннан кейін жолдасының тегін алуға міндетті. Қазақта «Қыз жат жұрттық», «Қыз қонақ», «Қыздың көрі де, төрі де бөлек» деп бекер айтпаған. Осы сөздердің өзінде біраз ұғым жатқаны анық. Сондықтан да келіннің қайын атасының тегін алғаны өте орынды.

 

Құл-Керім қажы Елемес, ақын:

Негізінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) әркім өзінің туған әкесінің атын айтуы керектігін айтқан. Бұл біріншіден – үкім. Ал екіншіден – ол қазақтың салты емес, орыстың салты. Үшіншіден қазақта атасының атын атауға жол жоқ (ұят саналмақ). Міне сондықтан келін өз әкесінің атында қалуы керек.

Әкім Ысқақ, ақын:

Келін болса да өз ата тегінде қалғаны дұрыс деп есептеймін. Қазан төңкерісіне дейін немесе алғашқы уақыттарда пәленшенің келіні деп жазылғанын білеміз. Онда әйелдер отбасы, ошақ қасында жүрген еді. Қазір әйелдердің көпшілігі білімді,тіпті ғылыми дәрежесі де бар. Күйеуінің тегіне жазылса да әкесінің аты деген жерде өз тегінің атында болғаны жөн. «Пәленше келіні» деп атасының атын атап тұруы жараса қояды деп айта алмаймын. Тұрмысқа шыққан қыз қай текті қаласа сол текте қалғаны жөн!

Ғалия Қайдауылқызы, этнограф:

Барған жеріңе тастай батып, судай сің деген бар. Келін келген жерінің тілеуін тілейді, ұрпағын өсіреді. Бізде бұрын болған, қазір қолға алынбай жүрген нәрсе бар. Мысалы «бәленшенің келіні» деген дұрыс. Атын атайтын жер бар да, атамайтын жер бар. Мысалы мен Аюпкелінімін. Келін атасының бетіне қарап атын атамайды. Егер  сол сен әулетіңнің абыройын асқақтатып, беделін арттырып жүрген болсаң қолдануға болады. Бұл жерде атау бар да, атай білу бар. Қай жерде және не үшін? Атты атамау деген қатып қалған қағида жоқ, бұл жерде инабаттылық иірімі бар. Ал егер келіндер ерінің тегіне өтіп жатқан болса бұл дұрыс емес.  Бұл біздің дәстүрімізде жоқ. Бізде  «бәленшенің келіні» дейді. Бұл қайтсек қазақ боламыз деп тыраштанғандағы тірлік қой, жарығым.

Айша Нұрақын, кітапханашы:

Келіннің қайын жұртының тегіне көшуін аса құптамаймын. Десе де, ол әркімнің өз еркі. Бәлкім, біреуге ол «жанұяға» беріліп, махаббатының беріктігін көрсету тәсілі шығар. Менің өз пікірім - өз тегіңде қалу. Біріншіден, көп жүгірмейсің. Себебі, құжат ауыстыру оңай шаруа емес. Екіншіден, өзің үйреніп қалған тектен бас тарта салу да оңай емес. Кәсіби жағынан қарайтын болсақ, ел алдында өз тегіңмен танылып қалып, басқа текке көшсең, халықтың құлағының үйренуіне де көп уақыт керек. Бірақ, әр адамның жеке таңдауына қалдырған дұрыс болар.

 

Ал сіз қандай ой қосасыз, қадірлі оқырман?

 

 

Сауалнаманы жүргізген: Гүлім Еркінбек

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30