Бесік

Бесік – өмірге жаңа келген сәбидің ақ отауы.  Ежелден-ақ  қазақ баласы бесікте өскен. Сонымен қатар, ырымға, салт-дәстүрге толы болып келеді. Атап өтетін болсақ: жаңа туған нәрестені күтімге алу, оны қырқынан шығару, ат қою, одан кейін бесік тойын жасап, баланы бесікке салу, сол күннен бастап оған «Бесік жырын» айтып тербеп ұйықтату, осылар арқылы барлық жақсылықты, көркем  мінезді бойына сіңіру, т.б. Осы  салт-дәстүрлердің    мән-мазмұны: баланың жақсы азамат болып шығуына ықпал етеді. Мұның барлығы тікелей ата-ананың жауапкершілігіне байланысты болып келеді.

 

    Біздің ардақты аналарымыз «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» ғой. Осымен қатар, қазақ халқында «Бесіксіз үйде береке жоқ» деген сөз де бар. Және де бабаларымыздың «Ел боламын  десең, бесігіңді түзе», «Тәрбие– тал бесіктен басталады» деп келешек ұрпаққа аманат етіп, айтып кеткен сөздері де бар. Қазақ халқының бесікті қадірлейтіні соншалықты, атасы жатқан бесік немере, шөбере, шөпшегіне дейін қастерлі мүлкі ретінде сақталып, сол бесікке бөленіп,сол бесіктен ержетеді. Яғни,бір бесік жылдар бойы атадан балаға беріліп  отырған. Тіпті,қазақ халқы өзінің кіндік қаны  тамған жерін «Туған жерім– алтын бесігім» деп атайды. Бесік тұрмыстық бұйым ғана емес,сонымен қатар, дені сау,саналы ұрпақ өсірудің маңызды мұрасы. Халқымыз қастерлеген бесіктің, ең алдымен, баланың тазалығына, аяқ қолы мен денесінің түзу болып қалыптасуына тигізер пайдасы зор. Өзінде арнайы орнатылған түбек пен шүмек баланың үлкен, кіші дәретін төсегіне, денесіне жайылдырып жібермей, таза және ұзақ ұйықтауына жағдай жасайды. Бұл үй шаруашылығымен айналысып жүретін анаға қолайлы екені түсінікті. Бесіктегі баланың денесіне дымқыл, сыз дарымай құрғақ болады. Бұл, ең біріншіден,денсаулыққа жақсы. Бесік күн ыстықта салқын болса, күн суықта жылы болады. Бесікте баланың аяғы, кеудесі қатты байланады. Бұл нәрестенің көп қозғалмай тыныш жатуы,дәретіне былғанбауы, дене мүшелерінің бір қалыпты өсіп, жетілуі үшін өте қажет.                                    

      Қазір көптеген ата аналар бесіктің орнына  заманауи жөргекті  пайдаланады. Бұл әрине, бесікпен салыстыруға келмейді. Ол балаға өте зиянды. Сонымен қатар,баланың тазалығына  нұсқан келтіреді, тыныш жатқан баланың ұйқысын бұзады, жиі оянады. Ал, ұйқысы тыныш болмаған бала, әлбетте мазасыз болады. Мұны, медициналық жағынан қарағанда, баланың дұрыс  демалмауы жүйке жүйесіне әсер етіп, толық жетілмей қалуына ықпал етуі мүмкін. Бұл жөргекті біраз уақытқа қолданады, оны негізі, сәбиге екі сағаттан артық қолдануға болмайды. Бұл мүлдем, бесікпен салыстыруға келмейтін дүние деп есептеймін. Бесік белгілі бір  ырғақпен ғана тербетіледі. Бұл баланың жүйке жүйесінің  бір жүйеге, тәртіпке түсуіне ықпал етеді. Ал, бесік жырын тыңдаған баланың қанына ұлттық қасиет дариды деп ойлаймын. Бесіктің осыншама пайдасын көре тұра, кейбір ата аналарымыздың одан жерінуінің сырын түсіне алмаймын. Бұл аналарымыздың сәбилерін  бесікке бөлеуден бас тартуымен ең алдыменен салт дәстүрімізге кері әсер етеді. Бесіктің жас бала үшін  өте пайдалы,қолайлы  екенін көптеген ғалымдар, дәрігерлер де мойындаған.

      Көбінесе, қазақтар бесікті қарағай, қайыңнан, тіпті, талдан да иіп жасаған. Осылай жасалған бесіктер әрі жеңіл, әрі берік,көшіп қонуға өте қолайлы болған. Ата- бабамыз  бесікті қасиетті, құтты мүлік деп есептеген. Бесікті  кез келген жерге тастамаған. Егерде бала бөленбеген жағдайда, оны  биіктеу жерге алып қойған. Сонымен қатар, халқымыз бесікті бос тербетпеген. Бос бесіктің бетін ашық  қалдырмаған. Ата- бабаларымыз нәрестені  тіл көзден, кесір пәлекеттен сақтасын деп, ырымдап бесіктің басына, арқалығына үкі, тұмар, бүркіт тұяғын, боялған асық сияқты заттар тағып қойған.

       Қазіргі кезде  мұны  көптеген ата- аналар біле бермейді. Негізінде, қалыптасқан дәстүр бойынша қызы  ұзатылып, келін болып түсіп, жүкті болысымен оның ата анасы нәрестеге « Бесік  алып бару» салтын орындауға кіріседі. Ол бесікті арнайы жасатса да, базардан немесе дүкеннен алуға да болады.Осымен қоса, жасауын да өзі жасайды. Және осы бесікті де, оның жасауын да қыздың анасы жасап, күйеу баласының  шаңырағына алып барады.  «Бесік алып бару» салты бойынша, қыздың анасы бесік, оның жасауымен бірге китін, «Бесік  тойы» дастарханына қойылатын тәттілерді, т.б алып баруға тиісті. Ол китке тоғыз түрлі заттар салынады. Бұл тоғызға  бағалы киімнен бастап, ұсақ заттарға дейін кіреді. Бесік туралы айтқанда, қазақ халқының бесікке салу  ырымы жайлы айтпай кетуге болмайды. Себебі, ата-бабаларымызға кез келген салт-дәстүр мағыналы болған. Бесік тойда көрші-көлем, туған-туыстар жиналып бесікке салу дәстүрін орындайды. Құдағилар алып келген бесігін ортаға қояды, жиналғандарға оны  өздерінің әкелгендіктерін айтады. Беті жабық тұрған бесікті ашар алдында  сол үйдегі келіндер көрімдік сұрап, бесікті ашатын әйел  көрімдігін береді. Осы тойға жиналғандар оған  байғазыларын ұстатады, кит үйлестіреді. Үй иелері бесік әкелген құдағиларына  сый-сияпат жасайды. Алып келген тәттілер, ұсақ ақшалай сыйлықтар  « тыштырма» ырымын жасау үшін араластырылып, арнайы ыдысқа  салынады. Міне, осылай  « Бесік тойы» басталады.

     Қазақ халқында  баланы бесікке бөлеу  үлкен той, қуаныш болып есептеліп, ырымдарға толы болады. Негізі, « Бесікке салу» ырымы бала дүниеге  келгеніне жеті сегіз  күн өткен соң барып жасалады. Бесік  саларға шақырылған  көрші-көлемнің, туған-туыстың әйелдері өздерінің шашуға деген кәделерін әкелуге тиісті.  Баланы бесікке салу кез келген әйелге жүктелмейді.  О л сол ауылдағы ұлын ұяға, қызын қияға  қондырған, өнегелі әжелерге немесе әйелдерге тапсырылады. Олар, ең алдымен бесіктің жабдықтарын түгелдеп алады. Олар: бесік көрпе, жөргек, қолбау, құсжастық, құстөсек, тізе бау, тізе жастықша, түбек мейет .Бесік жабдықтарын түгелдеп алысымен, оны орын-орнына қойып шығады. Одан кейін, бесікті отпен аластайды. Бесіктің жабдығын түгендеп алған кейін, оны орын-орнымен қойып шығады.  Яғни, бұл дәстүр бесіктен бәле-жале, жын-шайтан, дерт қашып, жанына жоламайтын болды деген мағынада. Бесікке бөлейтін  үлкен кісілер «тышты ма?» ырымын жасайды. Алдын- ала баланы күміс теңгеге салынған шілде суға түсіріп бала-шағалы сый-сияпатты әйел адамға бесікке бөлетеді. Шүмек салуға арналған түбектің айналасын ақ шүберекпен жауып, бесікке бөлеуші әйел «тышты ма?» деп сұрайды. Бала –шаға «тышты» деп шуласып, бесік түбіне алдын-ала салынған тәтті тағамдарды үлестіріп алып, риза болады. Содан кейін ғана сәбиді бесікке бөлейді.  Сәбиді бесікке бөлеген кезде басжағына жүзі жарқын болсын деп айна, тарақ жастайды. Бесікті: көрпе, қамшы, жүген, шапан, тон, кебенек, шекпен ағы сол сияқты жеті түрлі затпен жабады. Баланы бесікке бөлегеннен кейін де орындалатын қызықты ырымдар бар. Мысалы, баланы бесікке салған әже  бесіктің үстіне қолына қамшы алып аттың үстінде отырғандай шабады, ал, қасында отырған кісілер «сіз қайда шаптыңыз?» деп сұрақ қояды. Әжей ол сұрақтарға «Меккеге барам», «байдың ауылына барам» деген сияқты қызықты жауаптар қайтарады.  Ал, кейбір жерлерде, әжей бесіктің үстінде шапқанда «Сатамын, кім алады?» деп, бесіктің үстіне жабылған  жеті түрлі затын үлестіреді. Сатып алушылар алған затының ырымын сол әжейге береді. Осылайша, бесікке салу рәсімі ойын-күлкі, қызықты тамашамен аяқталады.

    Енді бесіктің түрлеріне тоқталатын болсақ,  жалпы, қазақ бесігі, негізгі, екі түрге бөлінеді. Олар: жер бесік және жел бесік.

Жер бесік– ол жасалуы бойынша: иіліп және тік жасалған бесіктер.

Жел бесік– жасалған материалына қарай: тал бесік, қайың бесік, қарағай бесік.

 Бесіктің тағы быр түрі – аспалы бесік.

«Ұста Дәрембай атындағы қолөнер музейінің» жәдігерлерінде жоғарыда айтылған бесіктің бірнеше түлері сақталған.

Жас нәрестені бесікке бөлеу үшін төмендегідей жасау-жабдықтар қажет.

Ши. Бесік шабақтарының үстіне төселетін шиден тоқылған төсеніш. Түбек бекітілетін тұсында ойығы болады.

Жөргек. Жұқа, талдырып басылған киіз төсеніш. Осыны кейде қаузау деп те атайды /қаузау киіз/.

Құс төсек. Жөргектің үстіне төселетін арасына құс жүні салынып қабылған жұмсақ төсеніш. Оның да түбек түсетін тұсында ойығы болады.

Жастық. Бесіктің енімен сәйкес келетін, арасына құс жүні толтырылған кішкене жастық.

Көрпе. Жай матадан әзірленген көрпені жаздыгүні, ал арасына мақта салып қабылған  көрпені қыстыгүні қолданады.

Кепіл. Нәрестенің жамбас тұсына, тізесіне кепіл ретінде арнайы тігілген бірнеше кішкене жастықшалар қойылады. Ол жастықшалар түбек орналасқан ойықтың төңірегіне төселеді.

Тартпа бау. Тартпа бауларды кейде таңғыш деп те атай береді, олар құр тәрізді биязы жіптен тоқылады. Немесе екі-үш қабат матаны сырып, бауларды ызып әзірлейді. Тартпаның біреуі бөленген, құндақталған нәрестенің көкірек тұсынан, екіншісі тізенің үстінен түседі. Тартпа баудың ұштары бесіктің екі жағындағы сабау ағаштарға таңылады.

Түбек. Түбек  қыштан, көннен, күйдірілген саз балшықтан немесе мыс, жез қаңылтырдан әзірленеді. Қыстыгүні сыртына киіз, қайыс немесе былғарыдан тігілген қап кигізіп қояды. Түбектің түбіне сәл күл сеуіп қолданады

Шүмек. Шүмекті ағаштан да сүйектен де әзірлеуге болады. Ұл баланың шүмегін асықты жіліктің асық тұрған басынан ойық ойып әзірлейді. Екінші қарама-қарсы басын шорт кесіп тастап, қырларын егеп жұмырлап қояды. Қыз баланың шүмегін ескі, көп ұсталып майсіңді болған уықтың қарынан /иінінен/ жасайды, ойығын ұлдыкіне қарағанда сәл сопақтау етіп ойған жөн. Шүмек баланың денесіне батпау үшін қырларын тегістеп жылтыратып, зәрді сорып алмауы үшін майға қайнатып алған соң пайдалана беруге болады.

Жабу. Бесіктің көлеміне сай, жұқа матадан тігілген, кестеленген арнаулы жабуы болады. Ол бесікке бөленген жас нәрестені маса-шыбыннан, желден, шаң-тозаңнан, күн көзінен, суықтан қорғайды.

       Әдетте, нәресте дүниеге келмей тұрып, аяғы ауыр әйел аман-есен босансын деген тілекпен көршілерді, жақын абысын-ажындарды шақырып, шашу той жасайды. Осыны қазақ «құрсақ шашу» деп атайды. Ал ңәресте дүниеге келген кезеде жасалатын тойды «шілдехана» дейді.

Шілдехана, шілде күзет – қазақтың ұлттық салт-жорасы, нәрестенің келу құрметіне өткізілетін ойын-сауық кеші. Шілдехана алғаш нәрестенің үш күнге шейін жын-періден қорғап, «күзету» секілді діни рәсімге (шілде күзет) байланысты туған. Кейін дәстүрлі ойын-сауық кешіне айналды.

Күміс тиын салған суға бір шымшым тұз қосып, шым-шым жылы күйінде жаңа туған нәрестенің денесіне суды түгел тигізіп шомылдырады. Міне, нәрестені ең алғаш шомылдырған осы суды қазақ «шілде су»  деп атайды. Жуынды суды ит иіскемейтін, адам баспайтын жерге төгеді. Содан соң  баланы қырық күнге шейін осылай күміс салған суға тұз қосып, шомылдыра берсе, нәресте тез ширап, терісі бөртпейді, кейін әр түрлі тері ауруларына шалдықпайтын болады.

Сәбидің ең алғашқы жидесін «ит жейде», алғашқы көйлегін «ит көйлек», ал алғашқы тақиясын «сылау тақия» деп атайды. Шілде күзет үш күнге созылады дедік. Шілде күзет біткен соң   немесе бесікке саларда балаға ат қою рәсімін жасайды. Белгілі бір есімді таңдап алған соң, молда азан шақырып, баланың құлағына үш мәрте: «Сенің атын (есімін)...» деп айқалайды. Тіліміздегі «азан шақырып, ат қою» деген тұрақты тіркес осыған байланысты қалыптасса керек.

Ары қарай баланың қырқынан шығару рәсімі жасалады. Ұл баланы отыз күннен асырып, қыз баланы туғаннан  соң қырық күн өткенде қырқынан шығарады. Сол күні ағайын-туыс, көршілес абысындар шақырылып, арнаулы шашу беріледі. Ауылдағы жасы үлкен, құрметті әжей баланы суға шомылдырып, шашын алғаш рет алады. Оны «қарын шаш» деп атайды. «Қарын шашы алынбаған  баланың өскенде  қарғысы қатты болады»  деген күміс ақша, тұз қосылады. Күміс ақшаны осы рәсімге қатысқан келін-кепшікке үлестіреді. Қырқынан шыққан сәбиді тұңғыш рет үйден шығарып, қырық қадам қыдыртады. Үлкен аталары мен әжелерінің немесе нағашыларының үйіне апарып, қыдыртып қайтады.

Жалпы, қазақ баланы бесікке тілі шыққанша немесе омыраудан шыққанша бөлейді. Кейде балалар бесігін аңсап, тіпті есейіңкіреп кетсе де, бесігіне жатпаса ұйықтай алмайтын кездері болады. Одан кейін қазақ халқы баланың әр бір жетістігіне той жасап отырған. Олар: «тілашар», «сүндет той», «тұсау кесер», «тоқым қағар» т.б.

Бесік – көшпелі ғұмыр кешкен бабаларымыздан қалған қасиетті мұра. Қазақта «Ел болам десең, бесігіңді түзе», «Есік көргенді алма, бесік көргенді ал», «Бесік көрмеген ессіз болып, есікке енеді» деген көптеген ұлағатты сөздер бар.

Мәдени мұрамыздың бірі – бесік, ұлттық өнеріміздің төл туындысы, салтымыздың жұрнағы, ұлттық тәрбие құралы. Көшіп-қонып жүрген халқымыздың ғасырлар бойғы тәжірибесінен туындаған, уақыт, заман сынынан сүрінбей өткен киелі бесіктің өзіндік ерекшелігі де, тұрмысқа бейімділігі де, бала өміріне пайдалылығы да зор.

Біз бесік  ырымдарына байланысты білгенімізді ортаға салдық. Әрине, біздер біле бермейтін көптеген салт-дәстүр, жол-жоралғылар бұл еңбекте қамтылмай қалуы мүмкін. Адам баласының тіршілігі, ғұмыры     тал бесіктен басталады. Абай айтпақшы:

Туғанда дүние есігін ашады өлең,

  Өлеңмен жер қойнына кірер денең...

        Бесікте жатқанда бойыңа сіңген, жүрегіңе құйылған ананың үні жаныңды өмір бойы әлдилеп өтеді. Бесікте дарыған қасиет – келешегіңнің негізі.

Ендеше, Мұқаң айтпақшы: «Ел боламыз десек, бесігімізді түзейік!»

Ағила АМАНҒАЛИҚЫЗЫ,

«Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің» қолөнер ісі бойынша ғылыми қызметкері 


Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30