Ағаш өңдеу

«Шеберлердің қолында
Кәсіп болған бұл ағаш», – деп Қашаған жырау жырлағандай қазақ халқы өзіне қажетті бұйымын ағаштан ойып, қашап, жонып жасап алып отырған. Сонымен қатар, музыка аспаптары, ыдыс-аяқ, үй жиһаздарының көпшілігі ағаштан жасалатын болғандықтан, алдымен ағашқа тоқталып өткенді жөн көрдік.
Ағаш – өнеркәсіп құрылыстарының барлық түрінде, қоғамдық үйлер мен құрылыстар салуда қолданылады. Адам баласы жер бетінде пайда болған кезде ең алғаш тұтынған материалдардың бірі болып саналады. Қазіргі ғылым мен техниканың қарыштап өскен заманында біздің күнделікті өмірімізде ағаштың алатын орны зор, маңызды материал.
Қалтамыздағы сіріңкенің бір тал шырпысынан бастап, кең - байтақ еліміздің шартарабында жүріп жатқан алып құрылыстарда ағашсыз көп ісіміз ақсап жатқан болар еді.
Дүние жүзінің көптеген халықтары ағашты киелі санап, ағашқа табынған. Африка елдерінде ағашты құлатпастан бұрын ағаштың түбіне пальманың майын құяды екен.
Соңғы кездерге дейін тунгустар ағашты кескенде, ағаш ауырсынып жылайды - мыс деп сеніп келген.


Беларустарда ертеректе шетен ағашын қиған адам өледі, сықырлап тұрған ағашты қиюға болмайды, себебі онда адамның қиналып тұрған жаны бар деп есептеп келген; безі бар ағашты қиған адамға жара шығады, өсіп тұрған ағаштың қабағын аршыса мал қырылады-мыс деген наным-сенім қалыптасып келген.
Поляктар жай соққан ағашты, өзегі бар қарағайды құрылысқа пайдаланбайды. Әсіресе, қураған бұтағының орны қуыс болып қалған ағаш өлім шақырады деп қатты қорқады.
Ежелгі Римнің тарихшысы әрі жазушысы Танит: «Байырғы германдықтардың емен мен қарағай киелі ағаш, оларды бүкіл тіршілік иелерінің жаны мекендейді», – деп сенгендігін жазады. ( Лес и человек. 1979.Ежегодник; изд. Лесная промышленность ).



Сол сияқты қазақ халқында да ағашты бейберекет кесуге тыйым салынатын көптеген ырымдар бар.
Егер науқастың беті бері қарамай, қатты қиналып жатса, қиналмай тез үзіліп кетсін деп, үйдің уығын немесе тамның арысын жонатын ырым бар. Айта беретін болсақ, ағашты киелі санайтын осы тектес параллельдер барлық дүние жүзінің халықтарында кездеседі екен.
Сонымен қатар, қазақ дәстүрінде жаңа шыққан көкті жұлмайды, ағаш бүрлерін үзбейді. Көк шыбықты, көк өркенді сындырмайды. Өйткені жас өркеннің бәрі бақыттың бастамасы, барлық тірліктің қайнар көзі деп біледі. Көк жұлсақ көктей соласың деп ырымдалады. Сондай-ақ қазақ дәстүрінде қосарланып өскен, қатар біткен ағашты кеспейді. Себебі қосағыңнан айырыласың, қанатыңнан қырқыласың деп тыйым еткен. Яғни, дүние түгел егізден жаралған, ал егіздің сыңарын құлатқан оңбайды, көңілі қапаланып, зарығып өтеді деп қатты ырымдайды.
Осыдан барып ерте кездерден-ақ адамзаттың санасында экологиялық тепе- теңдікті сақтауға ұмтылушылық, табиғатты аялау, қорғау сияқты ізгі ниет болғандығын байқаймыз. Сол бағзы замандардан - ақ адам баласы ағаштың қасиетін жоғары бағалағанын аңғарамыз.

Шеберлік сыры
Шыдамы жеткен шебер болар.
Ағаштан бұйым жасағанда қазақ шеберлері әр ағашқа тән ерекшеліктері, атап айтсақ ағаштың қаттылығы, салмағы, тығыздығы, иілгіштігі, серпімділігі, түсі, тұтқырлығы, жарылғыштығы, шайырлығы, дыбыс өткізгіштігі т.б. қасиеттерін басты назарда ұстайды.
Су ағашты бабымен кептіру үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ол үшін ағаштың қабығын аршып, егер ағаш діңінің диаметрі 10-15 см жуан болса, онда құрғақ лапастың астына ағаштың жуан жағын (түп жағын) жоғары қарата тігінен тұрғызып қойып кептіреді. Көлденең кесіндісіне сыр жағып, кесілген жерінен бір – екі елідей шегіне сым темірмен буып, бұрап қойған дұрыс.
Егер күн көзі ағашқа тура түссе ағаш жарылып, іске жарамсыз болып қалады. Ертеректе халық шеберлері ылғал ағаштың қабығын аршып өн-бойын тұтас сиырдың жапасымен сылап, көлеңке жерде кептірген. Сол сияқты ағаш дайындамаларды құрғақ құм, топырақ, ағаш үгіндісі мен құрғақ жапыраққа көміп қойып та кептіруге болады.
Байырғы шеберлер ағаш неғұрлым ұзақ кепсе, соғұрлым сапасы жоғары болады деп есептеген.
Ағашты жармай, шірітпей, ағашжегі сияқты құрттар мен әр түрлі бактерияға шалдырмай кептіру үлкен өнер. Қазір ағашты арнаулы ыстық ауамен немесе пештің қызуымен кептіретін арнаулы өндірістік қондырғыларды да пайдалануға болады.

  
Сүрегі біркелкі ақ түсті, қатты ағаш қайыңнан үй ағашын, жиһаз, ер, ал оның безінен ыдыс, түрлі ұсақ бұйымдар жасайды. Ол күнге қаңсымайды, ыстық-суыққа төзімді болады. Қайыңның тозын ыдыс, құты жасауға, саз аспаптарын әсемдеуге пайдаланады. Өте қатты, тығыз, берік ағаш емен сүрегінің түсі сарғыш қоңыр болып келеді. Тез жарылғыш келетіндіктен баппен кептірмесе, өзегін қуалай шытынап, жарылып кетеді. Еменнен жасалған саз аспабы уақыт өте табиғи өрнектері ашылып, жалтырай түседі. Сүрегі ақ түсті, жұмсақ ағаш терек бабымен кепсе жарылмайды, кепкен сайын киізденіп қатая түседі. Одан бұйым жасағанда өткір сайманмен өңдеп қана қояды. Иілгіш, сүрегі ақ түсті, жұмсақ ағаш саналатын тал кебе келе қатайып, жеңілдейді. Өзекті, сәмбі талдан киіз үйдің ағашына таптырмайтын ең қолайлы шикізат деп саналады. Тұт ағашын негізінде жібек құртын өсіруге пайдаланатындықтан «тұт еккенің - құт еккенің» деп бағалаған. Ол саз аспаптарын әзірлеуге ең тиімді ағашқа айналады. Ұзақ уақыт, тіптен бірнеше ғасыр өседі делінетін тұт ағашын шаппайды, тек бұтақтарының тармағын орақпен кесіп алады. Қатты әрі тығыз ағаш үйеңкінің сүрегі біртекті ақ сарғыш түсті болып келеді.
Домбыраны үйеңкіден тұтас шауып немесе құрап әзірлеу өте қолайлы. Алма, алмұрт, алхоры, жиде, шие, долана, өрік т.б. жеміс ағаштары қатты, тығыз, жылтыр болып келетіндіктен, кәделік ағашқа саналып бұйым жасауға жарамды деп саналады. Ағаштың жапырақтары мен қабығы, шайыры жүн, тері бояуға, тері илеуге, қабықтыруға пайдаланылған. Қайыңның жапырағы, емен мен анар ағашының қабығы, таулы өңірден талдың қабығынан алынған бояулар ертеде кең пайдаланылған. Дәстүрлі қазақы ортада аймақтың экологиялық жағдайына байланысты күнделікті тіршілік ретінде қарекетіне ағаш отын ретінде пайдаланылған.

Ағаш бояулары
Музыка аспаптарын сырмен немесе майлы бояулармен бояуға болмайды. Бояудың құрамындағы май ағашқа сіңіп аспап дыбысының таза шығуына елеулі нұқсан келтіреді. Сондықтан халық шеберлері музыка аспаптарын әрлеу үшін жоса, т.б табиғи бояуларды пайдаланған. Жоса дегеніміз – сары-сарғыш, қоңыр, қызыл түсті топырақ. Жосадан бояу әзірлеу үшін оны қазып алып, күн көзіне жайып кептіреді.
Әбден кепкен жосаны уатып, жаншып елекпен елеп, суы бар ыдысқа салып араластырып бір жетідей уақыт бұқтырып қояды. Суы буланып кетпес үшін ыдыстың қақпағын қымтап жауып тастау керек. Құйылған судың деңгейі топырақтан екі-үш елідей жоғары болуы шарт.
Суда бір жеті жатқан жоса ылғалды бойына тартып жібиді. Құрамындағы шөп, ағаш тамыры, жапырақ т.б. бөгде заттар қалқып бетіне шығады да тас, құм сияқты ауыр заттар түбіне шөгеді.
Соңғы бір-екі күнде ыдыстың бетін ашып, судың буланып кетуіне мүмкіндік туғызу керек. Суы буланып, жоса сәл тобарсыған соң, ағаш қалақпен топырақтың бетіндегі бір елідей қабатын қалқып алып тастап, тағы сәл тобарсыған соң ыдыстың түбіне бір елідей жеткізбей жібіген жосаны еппен басқа ыдысқа қотарып алу керек. Содан соң аздап су қосып, жаншып илеп, көлеңке жерге қойып, балшық қоюланғанша кептіріп, қолмен жентектеп күн көзіне тигізбей жайып кептіреді. Кепкен топырақ жентектерді қайта ұсатып, темір келіге салып ұнтақтап, қайтадан су қосып илеп, ұзақ араластырып,екі қабатталған дәкеден жасалған сүзгіден өткізіп алса бояу әзір болады.
Сол сияқты емен, тал, терек ағашының қабығы, ермен мен жусанның бүрі, жеміс ағаштарының күзде түскен жапырақтары, пияздың қабығы да бояу әзірлеуге жарамды. Осы аталған бояу жасалатын өсімдіктердің тамырын, қабығын, жапырағын кептіріп, ұсақтап алып қайнатады. Басытқы ретінде аздап ас тұзын, ашудас қосып, ұзақ қайнаған соң ірімтігін сүзіп алып, бояудың қанжылым кезінде ағашқа бұлғауышпен жағады. Бояу біркелкі сіңу үшін, боялатын ағаш бұйымды алдын-ала ылғалдап алған жөн.

Ағашты қарып әшекейлеу


Ағаш бұйымдарды қарып әшекейлеудің бірнеше тәсілі бар. Өкінішке орай, ағаш жануға, сынуға, шіруге бейім болғандықтан, ертеректегі шеберлердің ағашты қарып, күйдіріп әшекейлеген бұйымдары бұл күндері сирек кездеседі.
Ағашты күйдіріп әшекейлеу (өрнектеу) дегеніміз –ағаштан жасалған бұйымның арнаулы өңдеуден өткен бетіне қыздырылған металл қалыптармен, біздің ұшымен қарып өрнек салу, жазу т.б. Осы әдісті домбыраның шанағын, қақпағын, мойнын әшекейлеп, өрнектеуге де қолдануға болады. Ол үшін домбыраның әшекейленетін бетіне қарындашпен өрнектің нобайын сызып алып әр түрлі мәнерде иілген арнаулы металл (темір) қалыптарды отқа қыздырып өрнектің бойын қуалай, қарып шығаруға болады.
Ертеректе шеберлер ру таңбаларын, адам аттарын да қарып ағаш бұйымдарға түсірген.
Қарағай, самырсын, шырша, тәрізді шайырлы ағаштардан жасалған бұйымдардағы ағаштың табиғи өрнегін (текстурасын) айқындай түсу үшін, өңделген бұйымды оттың жалынына шарпытып алса, ағаш талшықтарының шайырлы жерлері сақталып шайыры жоқ тұстары күйіп, қара-қоңыр түске еніп, әсем жолақты өрнек пайда болады.
Қазір ағаш шеберлері электр тогының қуатымен қызатан трансформаторлы электроқарығышты пайдаланады. Бұл аспаппен жұмыс істеу өте қолайлы. Тоқтың кернеуін 12-ден 2 вольтқа дейін кемітіп, реттеп отыратын тетігі болады. Аспаптың қаритын инесі бекітілген сабын қолға ұстап, кәдімгі қаламмен жазғандай жұмыс істей береді. Жұмыс істегенде қызған иненің ұшымен жайлап сызып немесе ұсақ нүктелерді қатарлап қари отырып, сарғыш қоңырдан шымқай қара түстің арасындағы реңдерді қажетіне қарай қарып шығуға болады.

Ағаштан жасалған саз аспаптары

Домбырам, жүрегіммен үндес едің,
Сенімен сырласымдай тілдесемін.
Бабамнан қалған мұрам сен болмасаң,
Өнердің не екенін білмес едім.
Мұқағали Мақатаев.

Домбыра – қазақ халқының шертіп ойнайтын ішекті музыкалық аспабы. Ол – қазақтар өмірінде маңызды орын алатын, өзіндік музыкалық сипаты бар аспап. Домбыраның сүйемелдеуімен ән салуға да, өзімен жеке ән – күйлерді орындауға да болады. Домбыра : шанақ, қақпақ, мойын, бас, құлақ, тиек, кіндік, ішек, шайтан тиек, перде, кергіш деген бөліктерден құралады. Домбыра жасаушы шеберлер жасалу жолына қарай домбыраны екі түрге бөледі.
Біріншісі, тұтас ағаштан бүтіндей ойып, шауып жасалады. Оны бітеу домбыра деп атайды.
Екіншісі, шанағын, басын, мойынын бірнеше бөлшек ағашты желімдеп, құрастырып жасайды. Оны құрама домбыра дейді.
Домбыраның негізін домбыра жасаушы шеберлер ағаштың әр түрінен тұтас шауып немесе құрастырып жасайды. Домбыраны құрастырғанда желім пайдаланылады. Ал, көркемдеп әшекейлеу үшін малдың сүйегі, мүйізі, терісі, жүні, т.б. кеңінен қолданылады. Домбыра жасайтын ағаштың өңін аша түсу үшін халық шеберлері кеңінен әр түрлі табиғи бояуларды қолданған.
Домбыраның бізге белгілі бірнеше түрі бар. Олар : шіңкілдек, қос ішекті домбыра, үш ішекті домбыра, іші шекті домбыра, кең шанақты домбыра, әмбебап домбыра, бүктемелі домбыра, т.с.с. болып түрлене береді. Домбыраның әшекейіне, сыртқы пішініне қарап : үкілі домбыра, қоңыраулы домбыра, шашақты домбыра, қоңыр домбыра, қызыл, қара домбыра деп те атай береді.
Әр шебер домбыра жасағанда өзіндік бір үлгіні ұстанып, домбыра үнін жетілдіруге, әдемі етіп әшекейлеуге белгілі үлесін қосып отырған.
Қобыз – көнеден келе жатқан қазақ халқының музыкалық аспабы. Қобыз қайың, арша сияқты ағаштардың тұтас бөлігінен шауып жасалады. Бас, кеуде, аяқ деген үш бөліктен тұрады. Төменгі бөлік терімен қапталып, оған тиек қойылады. Екі ішегі жылқы қылынан тартылады. Аспап мүмкіндігі зор, әрқилы дауысты, оның ішінде табиғи дыбыстарды айнытпай шығарады.
Негізінен, қобыз сөзі «қобыдан шыққан дыбыс» деген мағына береді. Қазақ халқы үшін қобыз киелі аспап болып саналады. Себебі, қобыз тартқан бақсы сынды жандардың адам тағдырына әсер ететін күші, бойында үлкен қабілеті бар болған. Қобыздан шыққан үн адам бойындағы әлсіздік я жағымсыз күштерді сыртқа шығарып, оған күш-қуат береді.

Ағаштан жасалған ыдыс – аяқтар
Ертеректе ата-бабаларымыз астау, табақ, тостаған және қасық т.б ыдыс -аяқтарды ағаштан ойып жасаған. Ағаштан ойылып жасалған, ас салатын ыдысты астау деп атаған. Астаулардың алғашқы түрлерінің көлемі үлкен болған. Қазір осы астау пішіні кішірейіп оны көркемдеп жасау дәстүрі қалыптасқан. Астаудың көлемі кіші, жиегіне өрнек ойылып немесе сүйекпен көркемделеді.
Ал, табақ деп піскен ет тағы басқа тағам салатын дөңгелек жалпақ ыдысты атайды. Мұны, емен сияқты кепкен ағашты қайнатып алып шауып жасайды. Оның іші шұңқылдау, жалпақ ернеулі, жиекті, дөңгелек, ағашы қалыңдау болып келеді.
Тостаған – сусын құйып ішетін, ағаштан жасалған кішілеу дөңгелек ыдыс. Қазіргі кезде тостағанның сыртына өрнек ойылып көркемделіп жасалады.
Дәнді дақылдарды қауызынан ажыратуға және ұнтақтауға арналған ағаш құрал, ертеден келе жатқан үй мүлкі – келі-келсап деп аталады.
Осы сияқты құнды дүниелер қазіргі кезде Еңбекшіқазақ ауданы, Ақши ауылындағы «Ұста Дәркембай атындағы қолөнер мұражайында» сақталған. Онда қолөнері мен мүсін өнерін қатар алып жүрген шебердің ағаштан жасалған қолтума шығармалары «Қаблан», «Композиция», «Асық» , «Мешін» бетперде, «Қарасай батыр» мүсіні, сонымен қатар, жозы,әр түрлі орындықтар, асадал, талқы, ер-тоқым, т.б көптеген ағаштан жасалған қолөнер туындылары кездеседі.
Сөзімізді түйіндер болсақ, ата-баба-ларымыз ағаштың әр түрлі қасиеттерін жоғары бағалап, одан тұрмыста тұтынатын әр түрлі бұйымдар жасағаны белгілі. Сондықтан да болар халқымыз, «Әкеден мал қалғанша тал қалсын», «Бабын тап та бақ өсір» деген нақыл сөздерді бекер айтпаса керек-ті. Олай болса, ертеректен әкеден балаға қалыптасып келе жатқан ағаш өңдеу дәстүрін ары қарай жалғастыру жас ұрпақтын қолында. Ендеше, табиғатты аялайық...

Ағила ӘЗИЕВА,
«Ұста Дәркембай атындағы қолөнер мұражайының» қолөнер ісі бойынша ғылыми қызметкері

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30