Қасым Аманжолов

Антологияны жүргізуші:
ақын Темірхан Медетбек


Сұлудың сымбаты

Қара көз, қиылған қас, жазық маңдай,
Алма бет, ақша жүзі нұр тамғандай.
Қыр мұрын, оймақ ерін, меруерт тіс,
Бейне мақпал қызыл тіл шекер балдай;
Төгілер иығына қара шашы,
Жібектей жүз құлпырған дамыл алмай;
Күмбездей жарқыраған мойыны бар,
Тамағы күн шалмаған ақ торғындай.
Тік иық, сүмбіл білек, кербез кеуде,
Қос емшек ақ төсінде қос алмадай...
Мықыны тар, қиылған қыпша белі –
Бұралған бейне нәзік пружинадай ,
Бөксесі дөп-дөңгелек қызықтырар,
Жұп-жұмыр, кіршіксіз ақ саны қандай;
Күлкілдеп балтыр еті, екі аяғы –
Түп-түзу мергендердің мылтығындай,
Еш мін жоқ, көз тойғысыз сырт тұлғасы,
Заказбен мрамордан құйылғандай.
Ақ көңіл, таза пейіл, уыз жүрек,
Сырты қандай болса, дәл іші сондай;
Кішіпейіл, білімді, ойы зерек,
Ибадатты боп келсін, арсызданбай;
Қара көзін төңкере қарағанда
Кірпігінен құлпырып нұр тамғандай,
Жымың қағып, еркелеп сызылғанда
Балдан тәтті қылығы – ес таңғандай;
Жарқ-жұрқ етіп, тұрғанда, жүргенінде
Көзге түсер таудағы ор құландай;
Нәзік даусы сыңқылдап күлгенінде
Аққу құсы айдынның ойнағандай;
Жүз бұралып, сызылып шыққан үні,
Қос сандуғаш бақшада сайрағандай.
Жібек желдей тәніңе тисе лебі,
Бойы балқып, ойыңды арбағандай.
Он жеті мен он сегіз шамасында
Көзді тартар кенеттен туған айдай;
Болар ма еді арманың бұл жалғанда,
Жарың болса өмірлік дәл осындай;
Болмаса егер, амал не, тудың-өлдің
Дәл осындай сұлуды ойлай-ойлай.

Орал, 1935


Домбыра
Бірінші өлең
Домбыра мұнша шешен болдың неге,
Күй толған көкірегің шежіре ме?
Сырт қозғап ғасырлардан жөнелесің,
Саусағың тиіп кетсе ішегіңе.
Аққудың әуеніндей үнің бар-ау,
Сарыарқа самалындай ескен баяу,
Бөбектей бесігінде маужыраған
Тыңдаймын мен отырып ұйқылы-ояу.

Екінші өлең
Салқын кеш ашып тастап терезені,
Қолқа алсаң қоңыр сазды домбыраны,
Қырандай қалықтатып қиял сені,
Асқар ой шыңына бір қондырады.
Жарқ етіп ашылады жұмбақ жаһан,
Әлемі ақындар мен күйшілердің,
Үн-тілсіз отырасың болып аң-таң,
Құпия сырын аңдап көк пен жердің.
Қоңыр саз домбырадан ескен баяу
Тербетіп, көтереді сені ақырын,
Оянып, көкірегіңе келед таяу
Белгісіз әлдеқайда жатқан жырың.
Сол мезет жайып тастап жаныңды алға,
Келер жыр жолын тосып отыра қал,
Тізіліп көз алдыңда жыр туғанда
Құлшынып тағы қайта домбыраны ал.

1946


Бесік жыры
I
Әлди, әлди! Әлпешім,
Ұйқта деймін, ұйқтайсың,
«Мә-мә» берсем қайтесің,
Ұйқта десем, ұқпайсың.
Жоқсың бүгін көз ілген,
Көп ісімнен бөгедің,
Жаудыраған көзіңнен!..
Ұйқтай қойшы, бөбегім.
Әлди-әлди, әлди-ді,
Әлди біздің қалғиды?

II
Ұйқта, десем, күлесің,
Айналайын күлкіңнен!
Ержеткен соң білесің,
«Тұр-тұрлармын» бір күн мен;
«Кешіктің, - деп, сабақтан»,
Тынышыңды алсам «тұр-тұрлап»,
«Жоқ қой әлі таң атқан», -
Деп, жүрмеші, бұртыңдап;
Әлди-әлди, әлди-ді,
Әлдің біздің қалғиды.

III
Ұйқта бөпем, ұйықтай ғой,
Ұйықтайтын бұл шағыңда;
Қызық өмір – думан той,
Тұр ғой күтіп алдыңда.

Ұйықтап өткен не табар
Бұл өмірге бекер кеп?
Ұйықта, бөпем ұйықтап ал;
Ержеткен соң бол сергек!
Әлди, бөпем, бөпемсің,
Кім боп шығар екенсің?

VI
Күлімдейсің – күнімсің,
Батардағы күн шығар,
Үілдейсің, күйімсің,
Күй де бір кез тыншығар;
Сен де тынық бір мезгіл,
Толқып қана жат бөпем,
Аспанымда жүзе біл,
Айым менің – ақ бөпем!
Әлди-әлди, әлдиім,
Назды, нәзік ән-күйім!


Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30