Киіз үй – ата мұрасы

Киіз үйге қатысты ұғымдар

Ұлттық ұғымда киіз үй және оның әрбір құрамдас бөлшектері қасиетті саналады. Соған орай ата-аналарымыз әрбір затқа лайық ұлықтау, теңеу, бейнелеу сияқты ойлы ұғымдармен бірге үлгі-тәрбиелік қағидалы, қанатты сөздер шығарған.

Ол сөздер шаңырақтан басталады. Шаңырақ - киелі мүлік. Атадан балаға қалып келе жатқан  үйді қара шаңырақ деп құрметтейді, дәріптейді. Қара шаңыраққа сәлем беру, одан дәм тату – ежелгі халық жоралғысы. Шаңырақ деген сөз үй, отбасы деген тұтас ұғымды бейнелейді. Жаңа үйленгендерді «шаңырақ көтерді» дейді. «Шаңырақ биік болсын» деген – батаның ең үлкені. Шаңырақты аттамайды, көшкенде жеке түйеге артып ол көш басында жүреді. Қыз ұзатылғандағы мініп келген көлікті «шаңырақ түйе» дейді. Бұл көлікке ұзатылатын қыздың шешесі, жеңгесі, сіңлілері ғана отырады. Басқа адам мінуге болмайды. 

«Тыныш отыр, шамаңды біл» дегенде «шаңыраққа қара» деп ескерту жасайды. Мысалы, үлкен іске үлес қосты, қала, зауыт салысты дегісі келсе, шаңырағын көтеріп, уығын қадасты дейді.

Керегеге байланысты сөздер де көп. «Керегең кең болсын» деген бата «үйің кең, қонағын көп, берекелі үй бол» деген сөз. Махамбет батырдың «туырлығын тілгілеп, тоқым етсем деп едім» дегені – кегімді алсам, дұшпанымды жеңсем дегені.

 

Бақан арқылы қазақ мықтылықты меңзейді. «Бақандай бес жігіт» дегені қарулы, мықтылықты ұқтырса, «барымды киіп, бақанымды таянып» дегені әзірленіп, күтініп отырмын дегенді білдіреді.

Қазақ түндік арқылы көп жайды аңғартады. «Түндігің түтінді болсын» деген ақ батада ырыс, береке мағынасы бар. Жас әйел түндігін ерте ашса, оның шаруақор, пысық екендігі, басқа үлкен үйлердің түндігін ашса әдептілігі көрінеді. Салақ, жалқау әйелдердің «түндігі кеше ашылмай қалды» деген сөзі ол үй адамдарының өліп біткендігін айтады.

Киіз үйдің есігіне байланысты айтылатын қанатты сөздер тіпті көп. Әркім өз үйін "алтын босағам» деп дәріптейді. «Есік көрген» деген «қайтып келген әйел» дегенді білдіреді. Күйеуді алғаш келуін «есік көре келді» дейді. Оның «босаға аттар» деген ырымы және бар. «Табалдырық аттады» деген өте жақсы сөз, яғни «келін болып түсті» дегенді сыпайылап, құрметтеп айтқаны. «Босағаны керме», «табалдырықты баспа» деген тиымдар әдептілікке шақырады. Бөтен үй деудің орнына «жат босаға» деген сөзді қолданады. Ұзатылған қыздар оң жақтан аттанарда «алтын да менің босағам, аттап та шығам деп пе едім»  деп қоштасады.

Кіріп келе жатқан бала табалдырыққа сүрініп жығылса, оны жақсы ырым деп жориды. Үйге кіріп келе жатқан бала есік алдында құлап қалса, үйге береке, ырыс, байлық  келеді деп қуанады. Оны төрге апарып үш рет аунатады. Сәби тоңқайып, екі аяғының астынан қараса қонақ келеді дейді.

Табалдырықтың екі жағында тұрып қол алыспайды.

Бұрынғылар «үйің, үйің үй екен, үйдің көркі ши екн» деп әндеткен. Ши де астарлы сөздің бір айғағы ретінде қолданылады. «Ши жүгіртті» деген «түртпектеді» «құтыра түсті», «одан әрі ұшындырды дегенді білдірсе, «шыққан қыз шиден тысқары» деп тұрмысқа кеткен қыздың өз үйіне көп келе бермегенін жөн көреді.

Киіз үйдің сәні – әдемі жиналған жүк. Ағаш жүкаяқтың үстіне жиналған кілемдер, текеметтер, сырмақтар, құрақ көрпелер, жастықтарды сәнімен жинау өнер саналған. Осыдан қыздың жиған жүгіндей» деген нақыл сөз қалған.

С. Нүрпейісова  

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30