Көне жосықтар - ұлттық тәрбие құралы

 Халқымыздың ежелден желісі үзілмей жеткен көне салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары - рухани, мәдени және адамгершілік дүниеміздегі қымбат қазыналарымыздың бірі. Белгілі бір халықтың тек өзіне ғана тән қайталанбас әдет-ғұрыптары, дәстүрлері болды. Сол дәстүрлермен ұрпақ тәрбиелейді. Халықтың кейбір жөн-жосықтары жарғыға, белгілі-бір заң жоба жүйесінде бүкіл бір елді жөнге салар  қалыпқа, тезге айналады. Содан бұл жарғылар қоғам дамыған сайын іріктеліп, сұрыпталып жетіле береді, өзінің қоғам алдындағы қызметін өтей береді.

Қазақ халқында ұрпақ тәрбиелеудің өз кезінде қоғамдық нормасына айналған тамаша эстетикалық, этикалық жоралғылары сақталған. Олардың  кейбіреулері өте тереңге, көне дәуірге кетеді (V-VIIғ). Енді біреулері араб заманына  (VII VIIIғ) сайса, қайсыбірі қазақ қауымында күні кешеге дейін сақталған өмір қағидаларын көрсетеді.

Айды қолмен саусақпен сілтеп көрсетпе, себебі Ай, Күн, жұлдыздар (жалпы планета атаулы) жай халыққа құпиялы, сырлы дүние болып көрінген. Сондықтан ол киелі. Ал киелі нәрсені саусақпен шұқып көрсетуге болмайды. Бұл ата-бабалрымыздың планеталарға табынған ең ескі дәуірінен хабар береді.

Жұлдызды санама, себебі түсінікті. Бұл да сол планетаға байланысты. Немесе мынадай шектеулер кездеседі.

Отқа су құйма, түкірме, күл баспа, себебі кезінде ата-бабаларымыз отқа да табынған. От - өмір, түршіліктің көзі саналған. Жас түскен келінді отқа шақыру, отқа май құю, от-ана, отта қасиет бар деген ұғымдар содан алынған.

 

Шамды (бұрынғы май шамды айтады) үрлеп сөндірме, себебі шам - от, ал от - киелі. От әсіресе жанып тұрған шам бақыт деп саналған. Оны үрлеп сөндіру өз бақытыңды өзің өшіргенмен бірдей. Сондықтан жатарда шамды саусақпен басып не білтесін бұқтырып сөндіру қажет.

Ең көне тәрбиелік ырымдар қатарына мыналар жатады:

Көкті жұлма. Аққуды, құндызды аулама. Малды теппе. Малды бастан ұрма. Мал сүйегін отқа жақпа. Ақ төкпе. Ақ төгілген жерді баспа

Бұлардың бәрі кезінде қастерлі заттар болған. Көк жұлу басына қара күн  туған адамның табиғаттан "кек алу" әрекеті саналған. Аққу - құс төресі, сұлулық сипаты. Сондықтан қазақ сұлу қыздарды "аққудың көгілдірі секілдім-ай" деген. Мал болса да көшпелі елдің тағдыры болған. Малы көп, бай болу ең бақыттылық, құттылық саналған. Мал сүйегін отқа жақса, тірі малдың сүйегі сүйегі сырқырайды дейді. Малдың ағы төгілген жерді басса, сол малдың желіні іседі деп аяушылық жасаған.

Малға теріс қарап мінбе. Киімді теріс киме, себебі бұлай істеу - жаман ырым. Ертеде кімде-кім үлкенге тіл тигізсе, өте қатаң жазаланған. Ел ішінен ондай бірер тентек шыға қалғандай болса, оны ауыл ақсақалының қазылығына салып, мынандай "үкім" шығаратын болған. Өзінен үлкен адамға (мейлі ер, мейлі әйел) тіл тигізген кісіні қара сиырға теріс міңгізіп, бетін қара күйе жағып, киімін теріс кигізіп ауыл-ауылды аралатып ұялтқан. Масқаралап, бетіне түкіріп рухани қатаң жаза берген. Бұл қорлыққа шыдамай, ұяттан өліп кеткендерде болған. Өлмей қалса, өмірден тиісті қорытынды шығарған көрінеді.

Жас түскен келін өзі келін болып түскен елдің үлкен-кішісін, бала-шағасына дейін атымен атамау. Немесе олардың бәріне лайықты ат қою

Бұл да - көне этнографияға жататын ұғым. Қазақтың бұл әдетін "ат тергеу" деп атайды. Жас келін барған жердегі әкесін (күйеуінің әкесін) ата деп күйеуінің анасын ене деп, күйеуінің ағаларын қайын аға деп, (үлкен қайын аға, ортаншы қайын аға, кіші қайын аға, т.б.) деп, күйеуінің қарындастары- қайын сіңлілеріне әдемі аттар қоятын болған: "ақылдас", "ақбілек", "еркежан" т.б. Күйеуінің інілеріне де жарасты аттар қоюға тырысқан: "мырза жігіт", "төрем", "кенжем", т.б. Күйеуіне ілісе туған бауырын "тетем" деп те айту жеңіл болған. Бір қарағанда, ескілік болып көрінетін осы салтты да әдептілікке, үлгілілікке, өзара сыйласымға тәрбиелейтін көп элементтер баршылық.

Ауылға қарай атпен шауып келме. Молаға қарай жүгірме, себебі, бұлар жаман ырымға бастайды. Ежелден келе жатқан салт бойынша, тек кісі өлген үйге ғана шауып баруға болады. Ат қойып, бауырымдап жылау, үйге қарай шабу - қаралы күні жасалтын әдеттер. Бағзы заманда қайтқан адамныың жылын бергенде, оның зиратына ат қойып, шауып баратын болған. Жақын тумалары, қимас достары марқұмның атын айтып, оның бейітін құшып жылайтын. Сондықтан жайшылықта бұлай істеу барып тұрған өрескелік саналған.

Үй айналма (от айналма)

Үй айналудың жаман болатынын да ескі өмірден қалған әдет-ғұрыпқа байланысты. Біреудің малын, мүлкін ұрлады деп күдік тудырған адамды жауапқа тартқанда істелетін көне жосық болған. Мал жоғалтушы ұрыны көрсетеді. Ол ұры қылмысын мойындамайды. Сол кезде қазылық етіп отырған ақсақалдардың шешімін, күдікті адам малды (не затты) алмағаны үшін "жан беретін" болған. Жан беретін адам қолына Құран ұстап, жанып тұрған отты үш айналып, ант ішеді. Сонда барып, оның ұрлық істемегеніне жұрт сенеді. Күнәсін кешіреді. Кейде жоқшылық пен тапшылықтан құтылу үшін ұрлық істеп күн көріп, артынан ант-су ішіп жүре беретін сұйық мінезді адамдар да кездескен. Олар "Арам іске ант ішсе, айрандай жұғар" дейтін мақал да жасап алған. Қазақ өмірінде бірлі-жарым мұндай оқиға соңғы рет өткен ғасырда болыпты. "Дала уалаяты" газетінде бірнеше мақалалар бар.

Бүйіріңді таянба. Таяққа сүйенбе. Аһылап-үһілеме. Күрсінбе

Себебі бұларда - жаман әдеттердің қалдығы. Көне заманда ата-анасы өлген адам таяққа сүйеніп жылайтын болған, не екі қолымен бүйірін таянып, дауыстап жылаған. Мұндай себепсіз бүйір таяну, таяққа сүйену сүйенішімнен айырылдым, жалғыз қалдым деген ұғым берген.

Күн шыққан соң ұйықтама. Күн батарда ұйықтама

Бұлар да - пайдалы өміршең жосықтар. Тіпті ауры адамның өзі үн батарда төсектен басын көтеріп отыруы керек. Күн - ұлы, киелі планета, оған батарда жол беру керек, онымен бірге жарыспау ләзім.

Аяғыңды басыңнан биік көтерме

Өйткені  бас - дос, аяқ дұшпан деген ұғым бар. Содан болу керек, "дос басыңа қарайды, дұшпан аяғыңа қарайды" деп жатады.

Өлімге бата қылып қайтқанда, не бейіт басынан оралғанда жолай басқа үйге кірме, қыдырма, себебі анық. Ондай қаралы күнді басқа ешкімге тілемеу.

Есік керме. Маңдайшаға төбеңді тіреме 

Бұл да ескі этнографиялық ұғымнан шығады. Ерте кезде, барымтадан өлген адам үшін не жаугершілік соғыстарда өлген батырлар үшін өлтірген жақтан құн сұрау - заңды талап деп танылған. Сол құн сұрауға келген жақтың бір адамы құндікердің үйіне келіп, екі қолымен босағаны керіп, маңдайшаны төбесімен тіреп тұрып, бір аяғын ішке аттап, бір аяғымен сыртта тұрып, құн сұраған. Оның мәні - өлген адамның құнын төлемесең, босағаңды қиратып, шаңырағыңды ортаңа түсіремін дегені. Көп жағдайда құнды соғыста жеңген жақ сұрайтын болған.

Мұндай көне жосықтардан қоғамдық өмірдің барлық қабатын қамтығанын, қоғамдық дамудың әртүрлі сатысын көрсететінін байқауға болады. Қазіргі кезеңде өзіміздің ана тілін құрметтеу, халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрыпын, мәдениетін дамытуда мұндай көне жөн-жосықтарды білудің маңызы зор.

Светлана Нұрпейісова, Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының Археология және этнография ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30