Жер төсінде ізі қалған, ел есінде жыры қалған

Қазақта қайсар ақын аз емес. "Жүйріктен жүйрік озар жарыстырса"  демекші, қайсарлықтың шыңына шыққан ақындардың бірі де бірегейі - Қасым Аманжолов. Оның әр өлеңінен ерліктің, өрліктің рухын  сезесің, қайсарлықтың, батылдықтың белгісін көресің.

20 жасында қан майданға аттанып, жалынды кезеңін, жігерлі шағын Отанды қорғауға арнады. Қаруы мен қаламын қатар ұстап жүріп соғысты. От кешіп, оқ жұтып жүріп те, өлеңнен қолын үзген жоқ. "Орал", "Сарыарқа", "Елге хат", "Үстімде сұр шинелім", "Сен фашиссің, мен қазақпын", "Дариға, сол қыз" сияқты отты жырларды өмірге әкелді. Әйгілі "Ақын өлімі туралы аңыз" поэмасын жазды.

 

Қасым Аманжолов әдебиетке ерте араласты. Жасынан жетімдік көріп өскен ақын жырды жанына серік етті. Оның ақылшысы да, досы да, жолдасы да - өлең болды. Өмірге, елге деген тілегі мен көзқарасын асыл жырымен жеткізді. Отанға, жарға деген сағынышын жырмен өрнектеді.

"Ақын өлімі туралы аңыз" поэмасы - қазақ әдебиетінің "Алтын қорынан" орын алған үздік шығармалардың бірі. Шығарма  оқиғасының шыншылдығы кейіпкер кейпінің шынайлығы және дастанның бүкіл бойындағы өршілдігі әдебиетімізге үлкен үлес болып қосылғандығы - өз алдына, жаңа серпін әкелді.

Қасиет күші ұлы Отанның,

Қанатын бер қыран құстың.

Ашуын бер арыстанның,

Жүрегін бер жолдбарыстың.

Күллі әлемнің ашу-кегі,

Орна менің кеудеме кеп!

Жау жолына атам сені,

Бомба бол да, жарыл жүрек!

- Бұл - поэманың бас кейіпкері Абдолланың жаумен бетпе-бет келгендегі толғанысы. Мұндай сұрапыл сөзді, дауыл ойды Қасым ғана айта алған. Мұндай отты сөз "мың өліп, мың тірілген", адым жер үшін алысып, қадым жер үшін қарысып, бүкіл ғұмыры елі мен жерін қорғап өткен қазақ азаматының ғана аузынан шығатыны даусыз. Бұл поэма қалың қауымның назарын бірден өзіне бұрды. Қаламгерлер мен әдебиетшілер арасында жақсы пікір туғызды, елді елең еткізді. Қазақтың классик жазушысы әрі әдебиет сыншысы Ғабит Мүсірепов  "Ақын өлімі туралы аңыз" жайында: "Қасым ақын жанының бар толғауын, кек күшін, сезім тереңін түгел бере алған. Жалынды сөзбен жауға аттандырар, жан сезімімен жас тамшылатар ақын сөзі өзегін, жүрегін тербей шыққан. Қасым поэмасы майданнан шыққан жаңа леп сияқты", - деп алғаш пікір айтты.

Ұлттық поэзиямыздың жаңа сүрлеуінің басында ұлы Абай тұр десек, сол кемеңгер ақынның асылойын, игі дәстүрін кейінгі ұрпаққа жеткізген Қасым Аманжолов екенінде ешкімнің дауы болмаса керек. Біз - қазір алпысты алқымдаған қаламгерлер  Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтің шығармаларын алпысыншы жылдардың аяғында ғана оқып білдік. Ал Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов сияқты кемеңгер ақын жазушылардың өлең-жырларынан және әңгіме-повестерінен тіпті бейхабар болдық. Абай XX ғасырдың басында дүнеден озды. Сонда "сол ғасырдың 70 жылына дейінгі олқылықты Қасым Аманжоловтың жырлары толықтырды" деп әбден атуға болады. Бір Қасым бір ғасырдың жүгін көтерді, бір ғылыми-зерттеу институтының жұмысын атқарды. Қасымның қара  томын жастанып өскен ұрпақтың алды қазір жеспістен асты. Солардың бірі, жуырда ғана туғанына 80 жыл толған ақиық ақын Мұқағали Мақатаев:

Дейсіңдер-ау! Қасымның несі басым?!

Қасым солай болмаса, несі Қасым.

"Ақынмын" деп қопаңдап жүргендердің

Әммесінен Қасымның

                                     десі басым...

..."Бір күй бар домбырамда..."

                                (иесі Қасым),

Қасым солай болмаса,

                                 несі Қасым!?

Жыр бәйгеге аттанған

                                 адам болса,

Сөредегі Қасымын есіне алсын!.. - деп бекер жырламаған болар.

Қасымды бағаламаса шенеуніктер бағаламаға, өз замандастары барынша қастерлеген, пір тұтқан. Ақынның ел арасына кеңінен тараған:

Берсең бер,

                   бермесең қой баспанаңды,

Сонда да тастамаймын

                                  астанамды.

Өлеінің отын жағып

                                жылытамын,

Өзімді, әйелімді, жас баламды, - деген өлеңі - бұған дәлел.

Қазақтың тағы бір классик ақыны Қуандық Шыңғытбаев Қасым жайлы өлеңінде:

Өлем деп өкінбеген,

                             сорлы Қасым,

Өтті ғой күмбірлетіп домбырасын..., - деп тебіренеді. Ақынның өзі үшін емес, өлеңі үшін қиналатынын жыр етеді. Аты аңызға айналған әскербасы әрі қаламгер Бауыржан Момышұлы бір сөзінде "ал Қасым Аманжолов, Сырбай Мәуленов - ақын, жаратылысы бөлек ақын..." деп жазыпты. Жаратылысы паң, мінезі тәкаппар, кез келген дүниеге қызықпайтын Бәукеңнің бұлай деп жазуы Қасымның жасын жырларын, қанатты өлеңдерін тани білгендігінен болса керек. Ал Сырбай Мәуленов өзінің 60 жылдығына арналған мерейтойында Қасым Аманжолов туралы ерекше толғанғаны бар:

Қабағын түйіп, құз-тас тұр,

Тоңірегіне парық сап,

Шыңында шулап құстар жүр,

Айнала ұшып шарықтап,

Кеудесі жалын қара бұлт

Келеді төніп аспаннан.

Алып тұз, тас, сұп-сұр бұлт

Жамылып шапан боз тұман..., - деген өлеңін жатқа оқып, Қасым Аманжолов - қазақтың классик ақыны, - деп еді.

Қасым қиындықты көп көрген, жетімдікті басынан өткерген, Отан үшін от кешкен, тұрмыс-тауқыметін мол тартқан ақын. Соған қарамастан:

Нұрлы дүние, туған елім

Жарқырайсың жас айбынмен.

Бір сен үшін туған едім,

Бір сен үшін жасаймын мен, - деп туған елін, оның жарқын болашағын жырлап өтті. Отанды қастерлеудің үздік үлгісін танытты.

Қасым Аманжоловтың "Өзім туралы" толғау- өлеңі - бұған дейінгі қазақ ақындарына кездеспеген ерекше сезім серпілісі. Бұл өлеңді кезінде жатқа білмейтін ақын болмаған. Қазақ ақындарының гиміне айналған.

Өкінбен мен де бір күн өлемін деп,

Өкінем ұқсата алмай келемін деп.

Күніне жүз ойланып мың толғаным,

Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп...

...Дүниеге келер әлі талай Қасым,

Оларда бұл Қасымды бір байқасын.

Өртке тиген дауылдай өлеңімді

Қасымның өзі емес пе деп кім айтасың?! - деп аяқталатын толғау барлық ақынның айтар ойын, жүрек лүпілін, сезім сырын жеткізіп тұрғандай. Қасым жырлары өміршең. Ғасырлардан ғасырларға жалғаса бермек.

 

Сәрсенбек Бекмұратұлы

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30