Жас ұрпаққа ұлттық өнердің эстетикалық-тәрбиелік мәні

Әрбір халық, ең алдымен өз халқының ұлттық мұрасын, өнерін тани білу керек. Оның қандай қасиеті, қандай болмыс бітімі, нендей дәстүрі, үрдісі озық екенін біліп, зерттеп алмаған ұрпақ замана ағымында адаспай қоймайды. Өзге ұлттар мен өркениетті елдердің озық өнер үлгілеріне қарап ой түзеп, олардың озық мәдениетін қанына сіңіру – тарихи дамудың тартымды бір талғамы.

 Қазірге кезде оқушыларға білім мен тәрбие беру ісіндегі оқулықтар сын тұрғысынан талданып, бұл мәселенің педагогикалық, психологиялық үрдісін халқымыздың ұлттық табиғатына, оқу-тәрбиелік іс-тәжірбиелеріне, өнері мен мәдени мұрасына негіздеу жұмыстары қолға алынды. Мәселен, мектептерде, оқу орындарында эстетикалық тәрбие берудің қолөнер сабақтарында ұлттық туындыларымыз арқылы халық мәдениетінің бай мұрасын игертуді көздеген құжаттар, көрнектіліктер дүниеге келді.

Халық қолөнер дәстүрін өздерінің ұл мен қыздарына үлгі-өнеге етіп отырған. Қазақ халқы қыздар мен ер балаларды қолөнерге үйрете отырып, әсемдік сезімін, сұлулықты түсініп, жасау шеберлігін, өнерді әдемі, өнегелі етуді, қоршаған табиғаттың түрлері мен бояуын қабылдай білуді үйретті. Балаға жас күнінен бастап әсемдікті айыра білуге тәрбиеледі. Мұндай жетістікке адам тек сәндік-қолданбалы қолөнер кәсібінің құпиясын, қыр-сырын меңгергенде ғана жететіндігін де санаға сіңіріп отырған. Қолөнер кәсібіне жас ұрпақты әке-шешелерді ауылдың тәжірбиелі салихалы қарттары, өнер шеберлері баулып отырды.

Сонымен бірге, өз тәжірбиелерінде түсіндіру, ақыл-кеңес беру, қолдау, мақтап-мадақтау және т.б. тәсілдерді пайдаланады. Әдетте халықтың педагогикалық қолданбалы қолөнер жұмыстарына баулуда ер баланың тәрбиесіне әкелері, қыз балалардың тәрбиесіне аналары көбірек көңіл бөлгені мәлім. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», «Ананың ізін қыз басар, атаның ізін ұл басар» деген мақал-мәтелдер соның айғағы болса керек. Жас ұрпаққа қолөнер кәсібінің небір саласын меңгерту өздеріне байланысты деп түсінге ата-ана өздеріндегі бүкіл жақсы қасиеттерді солардың бойына сіңіруге тырысты. Ер адамдар шеберлігі, өнері ат әбзелдерінен көрініс тапса, әйел затының қолөнерлерінің сипаты қызға төсек-орын беру дәстүріндегі үйге қажетті бұйымдардың көркемдігімен, шебер қолдар өрнегімен көрініс тауып, бағалаған. Атап айтқанда, өрнекті кілем, алаша, текемет, құрақ көрпе, аяқ қап т.б. бұйымдардың безендірілуі тек сол қыздың анасының ғана емес, ауыл әйелдерінің шеберлігін көрсетер болған. Бұл тұрғыда, аналар қыз балалардың қолөнердің кең тараған түрлері – киіз басуға, сырмақ сырып, киіз үйдің ішкі – сыртқы керек жабдықтарын әзірлеуге, шаруашылыққа қажетті бұйымдар жасап, киім, кілем, алаша, ши, кесте, шілтер тоқуға үйретсе, ер балаларды зергерлік бұйымдарды әзірлеуге, ер-тоқым, құрал-жабдық, сауыт-сайман жасауға үйретіп отырған. Осы айтылғандардың барлығы дерлік ою-өрнектермен безендіріліп, әшекейлі жасалатын болғандықтан, жасаушыдан ерекше талғампаздықты, нәзік икемділікті, жоғары эстетикалық талғамды талап етеді.

Қазақтың отбасындағы бала әсемдіктің қоршауында өседі. Қазақ халқы қыздары мен балаларының тәрбиесіне, эстетикалық көзқарасының дамуына үлкен мән бергені байқалады. Қазақ халқы қыздары мен ер балаларды сәндік-қолданбалы қолөнерге үйрете отырып, әсемдікті, сұлулықты түсініп, өмірді өнегелі етуге, қоршаған ортаның түрі мен бояуын қабылдай білуге қалыптастырады. Осы ежелден қалыптасқан қолөнер кәсібі, оның сан-алуан  түрлері, әдіс-тәсілдері мен амал-жолдары ұрпақтан-ұрпаққа үзіліссіз беріліп келеді. Көркемдік өнер мен халық шеберлерінің туындысын бүгінгі жастарымызға үлгі және халықтың ғасырлар бойы жинаған көркемдік тәжірбиесінің сарқылмас көзі болып отыр.

Қазіргі кезде ұлттық қолөнеріміз арқылы студеттердің эстетикалық мәдениетін қалыптастыру қоғамды дамытудың бірден-бір құралына айналып отыр. Сондықтан оны іске асыру  қоғам үшін маңызды алғы шарттардың бірі болып есептеледі. Қолөнер қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінің қайнар көзі болған, ғасырлар бойы жалғасын тауып келе жатқан асыл дүниелер болып саналады. Жалпы алғанда, өнерге деген құштарлық жастардың талабына, дарынына, қабілетіне, сонымен бірге талап-тілегіне сай бағыттау олардың мәдени дамуына өзіндік әсерін тигізеді.

Халқымыздың ұлттық өнерінің тәрбиелік мақсаты – болашағынан үлкен үміт күттіретін жемісті рухани бағытымыз, қасиетті асыл мұрамыз, жас ұрпақты ұлттық өнерге баулудағы тәрбиенің түп негізі.

Ботагөз Исманова   

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30