Қызайлардың қыз ұзату, келін түсіруге байланысты салттары

Қыз алу, құдаласу жағдайына қарай екі түрлі болады: біріншісі – екі жақтың келісімімен қалың мал төлеп құдаласу, екіншісі – орай құдаласу екінші сөзбен айтқанда қарсы құдалық.

  1. Іштен атастыру;
  2. Жастай құдаласу;
  3. Есейгенде құдаласу;
  4. Қолбала алу деп бөлінеді.

Мұндағы іштен құдаласу дегені, көңілі өте жақын, сыйлас, құрдас және замандастардың жұбайлары қатарынан екіқабат болса немесе тіпті үйленбей тұрып та «егер біріміздің әйеліміз ұл, бірі қыз туса құда боламыз деп уәделескен болса. Баяғы Қарабаймен Сарыбайларша  уәдесінде тұрмай қалмаса, қалайда құда болысады.

 

   Жастай құдаласу да іштен құдаласудың басқаша атауы ғана. Ол да көңілдері өте жақын достас немесе Сарысүйек құдалық жодары бар адамдардың уағдаластық құдалығы болатын.

  Ал есейгенде құдаласу дегеннің аты айтып тұрғандай қыз бен жігіттің ер жеткенде бір-бірін ұнатуы немесе ата-аналардың ұл-қыздарымен келісімімен болатын ерікті құдалық.

Қолбала алу деген ұл баланың ата-анасының аса мұқтаждығынан немесе ауқатты адамның ержеткен баласы, Шаруаға қарасар қолқанаты болмаған жағдайда болатын құдалық. Анықтап айтар болсақ, әлі қолқабысқа жарамаған жас баласына одан жасы үлкендеу,кәмелетке толған (қыз бала 9 жаста кәмилетке толады делінеді ғой) қызды айттырып үйінен әкетеді де өзінің қызы ретінде сыйлап, мәпелеп өсіреді. Өзінен 5-6 жас кішірек болашақ күйеуді кәмелетке толғанша інісіндей бағып-қағып қарасатын қызды «қолбала» деп атаған. Ұлы 13 жасқа толғанда тойын жасап, некесін қиып үйлендіретін болған.

«Қолбала» келіннен туған бала өзінің  әкесімен тетелес інісіндей болып қатар өседі. Әкесін аға деп, өзі шалдың баласымын деп ержеткен ұлды құрбы-құрдастары қалжыңдап «кемпірдің кенжесі, келіннің тұңғышы» деп атаушы еді.

    Ал енді «Орай құдаласу» дегеннің жөні аталған құдалықтардан өзгеше.

  «Орайластыруды қарсы құдалық» деп атаудың мәнісі мынандай: Көбінше кедей адамдар, қалың мал төлеуге шамасы келмеген, жарлы ата-аналар бойжеткен қыздарын өзі сияқты кедейдің ержеткен ұлдарына қалыңмалсыз, баспа-бас алмастырып үйлендіру деген сөз. Мұндай жағдайда қыз бен жігіттің ризалығы деген болмайды, мұқтаждықтың мәжбүрлігі рөл ойнайды.

   «Қарсы құдалықтың» тағы бір түрі  - әйелі өлген кедейдің төсек жаңғыртуға шамасы болмаған жағдайда бойжеткен қызы болса, қарсы жақтың қалың мал төлеп келін алуға шамасы жоқ баласына некелеп, өзі сол күйеудің апайы немесе қарындасын әйелдікке алып айырбас жасасады. Қалың мал төленбейді. Кедейшілік, жоқшылық қазаққа не істетпеді дейсің? «Орайластыру мен қарсы құдалықтың мәні осында».

 

     Енді құдалық рәсімі біздің Қызай елінде қалай орындалатыны туралы айтайын. Өйткені мұнда ұлы жүз бен кіші жүз қазақтарының салтына ұқсамайтын ат-атаулармен жол-жоралғылар көп екенін байқап жүрмін. Қызай елінде құдалықтың қай түрінде болса да жігіт жағы алдымен қарғыбау байлау (үкі тағу) дан басталады. Ол үшін жігіттің әкесі қыздың ата-анасына арнайы кісі жіберіп ризалығын алады.   Мұндайда жігіт қызды көріп ұнатқан болады немесе үлкендер алдын ала келіскен болады.

    Қарғыбау апаруға үштен-жетіге дейін адам барады. Шама-шарқына қарай түйе не ат жетелеп апарады. Қарғыбау малдың маңдайына үкілеген сөлкебай байлап қояды. Құдалар арасында жігіттің шешесі болса үкілі сөлкебайды болашақ келіннің омырауына тағады. Әдемі орамалын беліне байлайды да иісті сабынын қалтасына салады. Осыдан бастап келін ретінде мақұлданған болады.

   Құдалар үйге кіріп жайғасқан соң ақсарбас қой көлденең тартылып ақбата сұралады. Ауыл адамдары жиылып баталы малдың етін жеп қауқылдасады. Құдалар құдағиларға  құйрық-бауыр асату, қойдың қақталған төсін тартуға кірісіп жатқанда тағы біреулері құдалардың «етегін тігу рәсімін» бастайды. Басты құдалардың етегін ширатқан тарамыс жіппен сабақтаған тебенмен төселген кілем немесе текеметке мықтап тігіп тастайды. Содан кейін «Құда сүйреу» деген рәсім басталады. Ол өзі өте қызық кейде  дау–жаңжалға ұласып кететін тұрпайылау ойын деуге болады.

    Арты тігілген сыйлы құда орнынан тұра алмай, тұрса да тарамыспен тігілген кілем мен текеметті сүйрете тарту-таралғы күтіп, табақ ұстап тұрған құдағиға жақындап дайындап әкелген ақшасын салғаннан кейін ғана, онда да құдағилар кәдеге риза болғанда тігілген шапанды  кілемнен ажыратады, сүйреуден босатылады.

   Ал кәдеге көңілі толмаса немесе әдейі қызықшылық үшін жастау құдаларды сүйреуге кіріседі. Құдалар келерден алдын-ала қазып қойған орға су толтырып, оған сойылған малдың қан-жынын төгіп, топырақ шашып, әбден былықтыра араластырып қояды. Сол қойыртпақ көлшікке құдалардың ішіндегі мінезі, қылығы ұнамағандары мен ойдағыдай кәде бермегендерін қарулы жігіттер көтеріп әкеліп тастап жібереді. Салтын сыйлағандары ашуланып, оғаш мінез көрсетпей жуынып келіп қатарға тұра береді. Ал шадыр мінез көрсетіп қарсыласқандары болса, қашан кешірім сұрап «жолын беріп» құтылғанша әбден әурелейді». Сонымен мәз-мейрам болған ауыл азаматтарымен қыз-келіншектер құдаларын күтіп, сый табақ тартып әзіл-қалжыңмен жол-жоралғысын жасап демалысқа жай-жайына кетіседі.

       Құдалармен қылжақтасудың жалғасы таңертең қайта басталады. Оны құдалар жағы жақсы біледі ғой. Құдаларға арнап  сойылған  қойдың терісіне айран жағып бір-біріне беттестіре табалдырықтың не ішіне, не сыртына жүнін сыртына қарата жайып қояды. Есіктің маңдайшасына су құйған шелекті іліп, ылдым-жылдым жігіттер үйдің сыртынан жіппен тартып тұрады.  Құда табалдырықтан аттар-аттамастан тайып жығылғанда шелектегі су үстінен құйылып рәсуа болса «жолдан ұтылып» жолын беріп құтылады. Ал соның бәрін білетін пысықтары теріні баспай секіріп кетіп құрған қақпанды баспай кетсе ешқандай «жолдық» бермей сан соқтырады. Ойын тамаша сонымен аяқталып, енді «Қалың малға келісу» рәсімі басталады.

    Бекзат апайдың күйеуі Қиятбек осы арада сөзге араласып – 1940 жылдарға дейін қызай елінде қалың мал кесімі тұрақты болмағанын, екі жақ жағдайларына қарай ризаласып, жол-жоралғы жасасатынын айтқан еді.

     Қалың  мал алыс-берісі әбден белгілі болған кейінгі уақыттарда екі жақ байлығы мен салмағына, әлеуметтік орнына  қарай керісіп те келісіп те жатушы еді. «48 байтал» қызай байлары арасында да қалың малдың жоғарғы шегі ретінде қабылданатын болған. Бірақ, алмақтың да салмағы болады ғой. Қыз әкесі жаққа  жасау жасаудың шығыны да аз болмайды. Жұмыртқадай ақ отау тұрғызып, оның ішін жасау жабдыққа, қымбат ыдыс-аяққа көрпе-төсек пен кілемдерге толтыруға міндетті. Ол әрі мақтан, әрі қызының абырой-беделін көтерер әрекет болатын. Мына бертінгі жылдарға (1950 - жыл) дейін атақты байлар отаудың шаңырағына құл не күң міңгізіп қызының күтушісі ретінде бірге аттандырушы еді. Айтпақшы, келген құдаларды қалай риза-қош қылып аттандыруды айтпаппыз ғой. Құдалар аттанарда жолына, жасына қарай «Кит кигізіп, ат міңгізу» рәсімі жасалады. Кит пен мінітті бас құданың өзі арнайы қалауы да (айтулы ат, қыран құс болуы да) мүмкін. Әдетте құдалардың үлкендеріне қымбат ішік шапан  кигізіп, ат міңгізеді. Жастауларына тай-құнан жетелетеді. Ешкім де кәде-жорасыз қайтпайды. Ең соңында күйеудің әкесі не үлкен атасы құдаға «қалың малды» қашан алатын уақытын сұрап қалады.

    Кіиіт киіп, мінітін қосарлаған құдалар өз ауылына жақындағанда алдынан шыққан бәйбішелер шашу шашып, «құтты болсын, із-жолы жақсы болсын, ниетің қабыл болсын» деп ізгі тілек білдіреді. Кешінде сойылған малдың басына ауыл ақсақалдары бата жасап, құдалықтың қалай болғанын естіп мәз-мейрам болысады. Сонымен бірге алда келетін құдаларды қалай қарсы алу жағдайы тәптіштеледі.

          Қыз жағы келетін уақытын алдын-ала айтып хабар береді. Содан бастап уағдалы қалың малды жыйнап, кіиіттерін қаттап дайындалып отырады. Құдалар жағына көрсетілер құрмет өзгеше, салауатты болады.  Келісілген «қалың мал» алдыларына салынып, бір қойды «өлі-тірі» деп өңгертіп жіберді. Қыз ауылына келген соң «өлі-тіріні» алған адам оны сойып құран оқытып жұртты күтеді. Содан кейін ғана қалыңдық қайын-жұрты жағынан келген дәмнен татуына болады.  Олай болмаса қыз келешекте талма ауруына шалдығады деп ырымдайды.

      Содан былай қарай күйеу «ұрын келуге», жыртыс әкелуге жол ашылады. Бұл жақта «жыртыс» деп қайтыс болған адамға атап берілер киім-кешек пен ендей матаға қарата айтылады екен. Ал, біздің қызайда келінге арнап тігілер ендей маталар салынған теңді «жыртыс» дейді. Теңді, қоржынды ашқанда бетінде шашуы, шаршы маталары болуы, ендей киімдік маталардың шетіне білезіктен бастап түрлі моншақтар тоғыздан тағылады. Оны тоғыз-тоғыз дейді. Қоржынды ашқан әйелдер оны бөлісіп алады. Матаны шаршылап жыртып алысады. Сондықтан оны «жыртыс» деп атаған.

     Отау үйде қалыңдық пен күйеудің қошеметіндегі жеңгелері мен балдыздар «қол ұстатар, шаш сыйпатар» рәсімін жасатып, жол-жоралғыларын алысады.

   «Жыртыс» артып   келген малды (әрине жылқыны) «өлең айтар» немесе «Қыз қашар»деп те атайды. Оны жолына қарай бір құрметті адамға береді. Оны алған адам арнайы үй тігіп, мал сойып «өлең» береді. Басқаша айтқанда өлең айтыс ұйымдастырылады. Осы күнгі жастардың «вечер», «дискотека» дегені сияқты. «Өлеңді» ұйымдастырушы сол ауылға сыйлы, пысық күйеу немесе құда-жұраттардың бірінен таңдалады. Ол кім-кіммен жұптаса айтысатынын анықтап отырады. Олай болмаса рулар арасында кикілжің, ұрыс-керіс шығып кетуі де ғажап емес. Өлең айтыс қыза келе таң атқанша жалғасуы, әріптестер қыз-келіншектерді үйлеріне дейін өлеңмен шығарып салып, өлеңмен қоштасып жатушы еді.  «Айтыс» барысында әр түрлі жағдайлармен жұпсыз қалған талапкерлер немесе көңілі қалаған қыздардың тұсына барып «сауға» сұрайды. Мәселен:

         Кекілін кер бестінің керсек пе екен,

         Бестен алып кекілін өрсек пе екен.

         Құрбыңыз сауға сұрай келіп қалды,  

         Түрегеліп орныңды берсең бе екен? -деген сияқты қолқалаулардан кейін айтысушы жігіттермен қыздар ақылдаса келе, келісімге келе, былай деп өлең айтады:   

         Кекілін кербестінің керсен кергін,

         Кекілін бестен алып өрсең, өргін.

         Құрбыңыз сауға сұрап келген болса,

         Құрбыңа орыныңды берсең бергін.

 Жөн білетін, әрі әріптестерін құрметтейтін қыздар жігіттерге «тоғыз» деп аталатын «жолдығын» беріп шығарып салады. «Тоғыз» дегені бір шаршы пұлға тана-моншақ салып тоғызға жеткізгенін айтады. Ол «тоғызды» жөн білетін жеңгелері немесе қыздардың аналары күні бұрын дайындап қалталарына салып жібереді. Оны тек «сауға» орнына ғана емес, айтыста жеңіліп қалған жағдайда жеңімпаз жігіттерге «жолдық» ретінде ұсынуға болады. «Тоғыз» алған жігіттер жеңгелеріне мақтанып үлестіріп беруші еді.

    Біздің шешелеріміздің айтуына қарағанда ертеректе қалыңдық пен күйеуді де айтыстыратын болған екен, ал біздің заманымызда ондайды көрмеппіз.

      

      Күйеу жолдас күйеу жігіттің ең жақсы көретін құрбысы болуы, әрі іскер, білгір, шешен болуы қажет. Күйеудің абыройын сақтап, қиыннан жол таба білуі керек. Онсыз күйеу күлкіге қалады. «Ұрын келген» күйеуге арнап «Шатыр тігер» жасайды. Отау үйдің есігінің алдына бірнеше ағаштың басын қосып, үстіне киіз, не кілем жауып, ішіне киіз, көрпе төсеп қояды. Күйеумен күйеу жолдас  екі шаршы ақ матаны оң қолдарының саусақтарына іліп жүреді. Қарсы алдындағы топқа жақындағанда екі қолымен иіліп тәжім етеді. Шатырға кіргенше үш рет тәжім жасайды. Қыз-қырқындар оларды келекелеп «Басыңды и, басыңды жерге жеткіз», - деп шуласады. Кейбір өркөкіректеу, немесе жөн-жосықты онша біле бермейтін  күйеулер болса:

-         Ей, мына немелердің әкесі ұл, шешесі қыз болмағанба? Мына сүйек тістеген неге сонша кекірейеді. Мынаның буыны илікпейтін ағаш  па, немене? – деп айғайласады.

-          Менің есіме бір қызық оқиға түсіп отыр! Соны айтайыншы.

-          Құлжа Шығыс Түркістан Мемлекетінің астанасы болып тұрған 1947 – 1948 жылдардың бірінде Жақан Сот (Торғай руынан Ішікбайдың баласы) деген жігіт біздің апайымызды алуға келген. Біздің ауыл «тура асуда» отырғанда   «ұрын» келді. Жездеміз ұзын бойлы, қушық шеке, алкеуделеу адам екен. Наганын белінен тастамай, калапай  шалбармен, жалпақ белдігін тарта байлап, сары шапкісін одырайта киіп, жұрттың төбесінен қарап кісімсігенімен қоймай, жігіт-желеңдер жездесініп қалжыңдап ойнаса  «атып тастаймын жақындамаңдар» деп қоқиланады. Оған өкпелеген жеңгелері «қол ұстатып, шаш сыйпатарға» қалыңдықты әкелмей қойды. Өз кінәсін мойындағысы келмеген Жақан Сот бие баудың арғы жағына көрпе салып жатып алды да «Шатыр тігерге» келмей қойды. Ауыл адамдары қатты ызаланып, бір қанша адуын келіншектер жұлқына шығып, астамсыған Сот күйеуді шапалақтап, жұдырықтағаны жұдырықтап, сүйреген күйі шатыр жаққа әкеледі. Ақ шаршыны саусағына ілмеген соң білегіне байлап, желкесінен басып тұрып үш рет  тәжім жасатты. Ақсақалдар жағы да қатты қапаланып – Атасы жақсы, текті адам еді, мына тексіз  қайдан шыққан? Сен Сот болмақ түгілі әулие болсаңда бұл ауылға сүйек тістеген итсің.  Кеше ғана ілмиген жаман Жақан едің, енді құдайыңды танымай кетіпсің. Аруақ атады сені, - деп лағнеттеды. Ақырында оны шатырға кіргізді.

    Қызай елінде, күйеу шатырға кірген соң, күйеуге арналған төс табақ, күйеу жолдасқа арнап жамбас салынған табақ келеді. Күйеу жолдас өз бәкісімен етті жақсылап турап, ауыз тиместен ақсақалдар табағына ұсынады. Табақты жеңгелері апарады. Ақсақалдар одан ауыз тиіп, өз табақтарындағы туралған еттен уыс-уыс етті келген табаққа салып (балаларға асатқанымыз деп) қайтарады. Ал, күйеу бала төсті тақырлап тазалай турап болған соң сүйегін паршалап балдыз, жеңгелеріне түгел үлестіріп береді. Жұрт жапатармағай етке кіріседі. Сосын жеңгелері күйеудің қолындағы ақ шүперекті шешіп алады. Шатырдың сыртындағы «жолдық матаны» жыртып үлестіріп алады.

     Бұл рәсімді мына Албан-суандар «Бақан салар, ит ырылдатар» деп те атайды екен.

       «Күйеу аттандыру» деген де өзінше бір жосын. Басқа елде қалай екенін белмейді екем, бізде күйеу аттанар алдында қалыңдық өзі тіккен кестелі шыт (қолжаулық), пен тақияны (кейбіреулер өрнектелген темекі дорба тігіп) күйеудің қалтасына салады. Бұл бір жағынан білдірген ризалығы болса, тағы бір жағынан баратын еліне өз қолынан бір нәрсе келетіндігін білдірудің де ишарасы болса керек.

      Енді қыз ұзатылар тұстағы жол-жоралғы жөнінде айтайын:

Күйеу «ұрын» келгеннен кейін қыздың әке-шешесі уақытты өткізбей тездетіп оны шығарып салуға асығады. Қазақ «Өлімнен басқаның бәрінің ертерек болғаны жақсы» дейтін халықпыз ғой. Сөйтіп келісілген уақытта «той малын» жетелеп күйеу келеді жолдасымен. Егер жер шалғай болса жігіттің әке-шешесі де бірге келіп жатады. «Той малы» келісімен «қызды атқа міңгізу» деген рәсім басталады. Оны «таныстыру» деп те атайды. Ұзатылар қыз қасына өзінің ең жақын деген жеңгелерімен сіңлілерін (тіпті інілерін де) ертіп ауылының басты-басты үйлеріне, жиендері мен бөлелеріне, нағашылары мен әкесінің достарын аралап, бір жағынан алдағы тойларына шақырып, тағы бір жағынан солардың үй-іші, үлкен-кішілерімен жақыннан танысып, баталарын, риза-қоштарын алып қайтуды «қызды атқа міңгізіп елімен таныстыру» дәстүрі деп түсінуге болады.

       «Таныстыру» қыз әкесінің туыстық қарым-қатынасы мен шама-шарқына қарай бір неше күнге, тіпті бірнеше аптаға созылуы да мүмкін.

  Қонған үйден аттанарда үй иесінің әйелі қыздан «қалауын, бұйымтайын» сұрауға міндетті. Қыздың жеңгесі, тіпті өзі де «қалауын» ашық жеткізеді. Қыздың «қалауын» бермей, оны ренжіту деген біздің қызайда өте ауыр күнә саналады.  Жалпы қызды оң жақта отырғанда да ұзатылғаннан кейін де ренжітіп, көңілін қалдырудан, қыздың наласына қалудан қатты сақтанады.  Қыз әкесінің алыс-берісімен, қыздың өзінің туыстар арасындағы бет-беделіне қарай «таныстыру» сапарынан көшкен керуендей үлкен олжамен оралатын жағдайлар жиі болып тұрады.  Ал кедей, жарлылар туралы сөз басқа.

 «Той малы» сойылған күні қызды өз ауылына таныстырады. Ауылдың жастары барын киініп, бақанын қолға алып дегендей жасанып (50-100ге дейін) қызға ілес шығады. Ең алдымен ауылдың «Қара шаңырағына» ат басын тірейді. Қыз ол күні басына желек салып жүреді. Желегімен келіп ақсақалдарымен ақ самайлы аналарымен көрісіп жылайды. Олар «қалауын» беріп, тамақ жегізіп аттандырады. Әдетте «қалауға» көрнектірек зат алса оны қыз жеңгесіне тапсырады, немесе кеште болатын «Өлеңге» ала барып, қыз шешесіне тапсырады. Сонымен бәрін аралап болған соң өз үйіне қайтқан қызды үйдегілер алдынан шығып аттан түсіріп алады да тамақтандырып, қайта киіндіріп «Өлең» басталатын жерге алып барады. Қыз «Өлең» болатын үйге уақтылы бармай күттіріп қойса басқа рудың жігіттері «ұзатылар қыз қайда, өлең айтатын қыз қайда, ол болмаса біз неменеге тұрамыз мұнда? – деп дау шығарады.

Қыз келген соң айтыс басталады. Үй толы екі-екіден жұптасқан әріптестер жаппай айтысқанда біреуді біреу білмес шу ызы-қыиқыдан бас айналғандай болғанымен «қара жарыс» көпке созылмай өлеңнен жеңілгендер жолдарын берісіп қатардан шеттей келе анық айтыскерлер іріктеліп шыға бастайды. Жиналған жұрт солардың айтыстарын тыңдап, бағаларын беріп «Ой, бәрекелділерін» айтып рахаттана дуылдасып таңды аттырады. Ара-арасында шәй, қымызбен сусындатып, табақ-табақ ет те тартылады. «Өлең» тарқарға таяғанда «Арыз өлең» айтуға дайындалған басқа рудың өлеңші жігіттері суырылып алға шығады да:  

                         Асынғаным жаныма кісенбе еді,

                         Асынбасам жанымнан түсерме еді?

                         Әкең барып шешеңді әкелмесе,

                          Мұндай дәурен басыңнан өтерме еді?

  деген сияқты өлеңді шұбыртады. Қыз да көп тостырмай өлеңмен жауап береді. Бұл кезге келгенде екі жақ өлеңмен де, қара сөзбен де қоштаса бастайды. Қыймастықтан жыласып-сықтасып, ақ жол, сәт сапар тілесіп тарасады.

Ал келесі күні той болып, ат шабыс, көкпар тартыс, палуан күрес, қыз қуар қатарлы ойын-тамашалар басталады. Осы аралықта басқа рудан келген өлеңші жігіттер атпен келіп, қыз отырған үйдің жабығын түріп тастап «Аужар» бастайды. Мәселен:

                            Аужар басы жар-жар!

                            Аушадияр жар-жар!

                            Жан жолдасы Мұхамед!

                            Бәтимасы жар-жар !

                            Өлең айтып той қылған,

                            Содан қалған жар-жар!

                            Ақ үйіңнің жабығын ащы былай жар-жар!

                            Меруерт-моншақ алдымнан шащы былай, жар-жар!

                            Құдашаның аужарын өзім айтам жар-жар!

                             Анталамай бозбала қащы былай жар-жар!

деп өлеңдетеді.

       Әдетте атақты ауылдардың қыздарының «Аужарына» таласушылар көп болатындықтан айтыс-тартыстар да болып тұрады.

     Сол күнгі кеш біршама тыныш өтеді. Екі жақ қызды қанша күн отырғызып барып ұзату мерзімін белгілеседі.

Біздің елде, қалыпты жағдайда қыз өз үйінде үш күн отырғызылып жолға  дайындалады. Кейде қыздың жасауы дайын болмай қалудан немесе қыз шешесінің адуындығынан, қызын қимағандығынан деуге де болар, бір неше апта үйінде ұстап барып ұзататындар да болады. Ал қалыпты жағдайда, қыздың да әке-шешесі келесі күні  бір малын сойып қыз бен күйеуге баталарын береді де ұзату рәсіміне кірісе береді.

Аттанар алдында күйеу бір жақсы киімін «босағаға ілгенім» деп тастап кетеді. Соның қарымтасы ретінде енесі жағалы киімнен кіиіт кигізіп құрмет көрсетеді. Ал, күйеу босағаға еш нәрсе ілмей кетуге ыңғайланса пысықай бозбалалардың бірі күйеудің ер-тұрманының бір сайманын ұрлап алып тығып қояды. Ол жалынса да, ашуланып шатақ шығарса да бір киімін босағаға ілмейінше міз бақпайды. Сонымен, бәрі ыңғайланғаннан кейін қыздың жасауын арту басталады. Төсек орнының ортасына шашуға арналған тәттілер, шаршы орамалдар, шыттар салады. «Жүк артарға» қыз әкесінің дәулетіне қарай тоғызға дейін мал атайды. Бұл рәсімдер орындалып болысымен ауылдың үлкен-кіші ер-әйелдері  мен өспірім ұл-қыздары жылап көрісіп қоштасады. Атқа мінгізерде қыздың басына шәлі салып, қолтықтап атқа отырғызады. Оның атының басын туыстарының бірі жетелеп топтан ұзай береді. Жоғары да айтқанымдай күйеу жігіт артта қалып жеңгелерінің қоштасу шайын ішіп, босағаға ілерін іліп аттанады. Қызбен бірге әке-шешесі, бауырлары мен сіңлілері аттанады. Қыз шешесінің қалтасында жолшыбай кездескен ауылдардың тұсынан өткенде сусын, тамақ алып шығатын әйелдерге беретін «түйе мұрындық» деп аталатын ақша, сөлкебай, тана-моншақ болады. Оны кейде «Шаңбасар» кәде деп те атайды. Отырықты елдер мен көршілес ұйғыр, өзбек, түріктердің арқан керіп жолдық сұрайтынына ұқсағанымен, сусын, тамақпен сыйлайтын біздің жомарт  қазақ қана екенін көріп жүрміз ғой.

Келіннің жасау-жабдығын артқан атты жетелеген күйеу ауылына олардан бұрын жетеді. Ауылдың қыз-қырқын, бозбалалары тайлы-таяғы қалмай келіннің алдынан шығуға аттанады.

      «Қамшы бау» деген болады. Ол келіннің қамшысының бүлдіргесіне байланған екі-үш шаршы шүперекті айтқаны. Оны жолшыбай жолдық сұраған бозбалаларға беріп кетеді.

 Келіннің алдынан шығушылардың ішіндегі күйеу немесе жиен, құда балалардың бірі келіннің атына мініп, өз атын оған береді. Келіннің ат көрпесінің астында «тақымға қысар» деп аталатын 2-3 метрлік мата болады. Оны атқа мінген адам алады да ауылға шүйіншіліеп шабады. Келін ауылға жақындағанда аттан түсіп қыз-қырқынның қошеметімен оңаша тігілген отау үйге кіреді.

   Бір мал сойып  жұртқа «өлі-тірісін» таратады. Бірақ келін одан ауыз тимейді. Сосын тағы да бір мал сойып «Келінді үйге кіргізу» рәсімін жасайды. Келіннің екі қолтығынан екі абысыны қолтықтап, оң аяқтарымен босағадан аттайды. Абысындар сол үшін «Қолтық сүйер» деп аталатын екі шаршы мата алады. Содан кейін бізше «Айт келін» немесе «Бет ашар» басталады. Ол біткен соң келінді шымылдыққа кіргізеді. Сосын шай ішіліп, табақ тартылады, келінге арнайы табақпен төс келеді. Төсті турап, ешкім ауыз тиместен үлкендерге ұсынылады. Олар ауыз тиіп, рахметін айтып, табақты өздеріне қайтарады. Келін иіліп сәлем салып ізет білдіреді.

 Сол күні кеште ауылдың қыздары келіншекпен бірге жатып шығады да «қойынға жатар» алады, яғни келіннің тана-моншақтарын алып мәз болысады. Ол қыздар жас келінмен бірге ерте тұрып жеті үйдің түндігін ашып, түндік бауға жеті ақтық байлап кетеді. Оны түндікке «ақтық байлау» дейді. Содан бастап келін атасының үйінің ішкі жұмысына белсене араласады. Қыз шешесі жағдайға, сый-сыяпатының шарқына қарай бір қанша күн қызымен бірге жатып не істеу, нені істемеу жөніндегі ақыл кеңесін айтып сырласып-мұңдасады.

      Құдағилар аттанарда астына ат міңгізіп, кіиітін кигізіп риза қылады. Ауылдың сыртына шыққанан кейін қызымен көрісіп, қоштасады. Келіншекті ауылдың қыз-келіншектері жаяулатып апарып, тобымен жетелеп үйге алып қайтады да ішке кірісімен бәйбішелер мен абысындары келінге зерленген кестелі кимешек-шылауыш кигізіп, бетін ашады. Оған дейін шәлі бүркеніп жүреді. Кимешек ішінен тақия да киеді, жыл уағына дейін бөртпе салымен де жүре береді. Тіпті балалы болғанға дейін кимешек кимей салымен жүретін ерке келіндер де болады.

 «Келінді отқа шақыру» деген жоралғы басталады. Жақын туыстары келінді тамаққа шақырады да төркінінен келген жасауынан «қалау» сұрайды. «Қалау» кілем, сырмақ, текемет, әдемі ыдыс-аяқ, жағалы киімге түседі. Егер енесі білікті, беделді ана болса келіннің бағалы мүліктерін шашпай-ақ шақырушылар да риза болатындай зат беріп жібереді. Ал енесі жайсыз, ақымақтау болса келін жасауымен келген жақсы заттарын талапайға салып жауша шабады. Келін мен ене, құдағилар мен құдағилар арасындағы араздық  пен өкпе-реніштің тууына оның ықпалы көп.

  «Төркіндеу»  деген аса дабыралы, үлгі-өнегелі бір жақсы салт бар. Жас келін жыл уағына дейін, тіпті балалы болғанға дейін төркіндей алмайды. Оның себебі өте қарапайым екен ғой. Ата-анасының аялы алақанында өскен қызбала жат жұрттық  болып жаңа ортаға барғанда қалай болғанда да талай уақытқа дейін ата-енесімен қайнаға қайындарымен сондай-ақ ең қиыны қайын сіңлілерімен тіл табыса алмай қатты қиналады ғой. Сондай кезде өскен ортасын, әсіресе анасының қамқорлығын аңсап төркінге барғысы келеді де тұрады. Сондай кезде төркіндей қалса екі жақтың арасына суықтық түсіретіндей қаңқу сөздер пайда болып жағдай шиеленісіп кетуі әбден мүмкін. Ақылды ата-ана ондайда «Шиден тысқары-үйден тысқары» дейтін ата-ана жолын ұстанып қыздарының барған жеріне тастай батып, судай сіңіп кеткенін қалап қыздарын желіктірмей басу айтып көңілін суытуға әрекет жасайды. Тағдырға мойынсал болу, барған еліне сүйкімін қашырмауды қазақ ата-аналары қыздарының құлағына құйып отыратындықтан қит етсе төркініне тұра қашатын бүгінгінің шошақай келіндерінде болатын жеңіл мінез оларда мүлде болмайтын, әрі болғызбайтын да.

 Ұзатылған қыздың төркіндеуге шамасы келмеуі де мүмкін ғой. Солай болса да кәртейгенге дейін әйтеуір бір рет тапқан-таянғанымен төркіндеп барып тіріге сәлем, өліге құран оқып қайтуға міндетті. Қашан төркіндесе де әке-шешесі немесе аға-інісі, қолында барын беріп риза етіп қайтарады. Қызды ренжітіп немесе жылатып қайтару аса кешірілмес айып болып табылады.

 Ал жиендердің орны мен құрметі де айрықша. Оның үлесіндегі «Қырық шұбар тайдың» басы ашық. Жиенге «40 шұбар» айдатпасада ат қып мінсін деп шұбар жылқы мінгізгенін көзіміз талай көрді. «Жиенді ұруға болмайды, қолың қалтырап  қалады», - деп ескертеді жастарға.

  Қызай елінде қызды қыз деп атамайды. Бала немесе қызбала деп сөйлейлі. Жеңгелері мен сырт адамдар ғана қыз деп, бойжеткен деп сөйлеуі мүмкін.

Келіндердің «ат тергеуі» деген өз алдына ұзақ әңгіме ғой. Менің  байқауымша «ат тергеу» күллі қазаққа ортақ, үш жүздің келіндерінде өзгешелік жоқ сияқты.                                                                                                                                                                                                                                                                      Әлімғазы Дәулетхан, жазушы-аудармашы, тарих ғылымдарының кандидаты

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30