Дін мен дәстүр - имани иммунитет

Ақпараттық технологияның қарыштап дамыған жаһандану заманындағы жер жүзі бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп жатқандай әсер қалдырады. Бүгінгі адамзат ұрпағы айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған хабар-ошар құралдары мен мағлұмат әлеміне өрмекшінің өрмегін салған ғаламтор арқылы бір-бірін тікелей эфирде көруге мұрсат алды.

 Ендеше, жаһанданудың жақсы да, жаман да жағын ескеру ләзім. Жер жүзі жұртының мәдениеті мен өркениетінің бір-біріне соншалықты аралас-құраласып кетуі әлем халықтарының қазіргі жағдайы ойдым суда қалып қойып, үстіне-үстіне мінгесе шоршыған алуан түрлі балықтарды еске түсіреді. Осындай ахуалдан соң әрбір ел, әрбір халық өзінің ерекшелігін басқа халықтармен салыстыра отырып танып-білуге тырысуда. Жаһанданудың жойқын иіріміне түсіп жойылып кетпеудің қамын жасап, өзіндік айырым белгілерін паш етіп, мәдениеті мен тілі, ділі мен дінін сақтап қалу үшін жанталасуда. Әрбір ұлтта өзін-өзі тану, идентификациялану үдерісі белең алды. Келешегін күйттеген елдер өз тарихына терең бойлап, идеологиялық қайта нақтылауға кірісті. Ғаламдық геосаяси додадан тыс қалмауға талаптанып генетикалық, тектік, тарихи, мәдени, тілдік зерттеулер жасап, тектестері мен туыстарын танымдастарын іздей бастайды. Бұл үдерістің көлеңке бетінде бөтен жұртқа шекеден қарау, өзгені сыртқа тебу, ксенофобия, шовонизм сырқаттары белең алды. Оның жарқын мысаладарын алысқа бармай-ақ өзімізге көрші елдерден көруге болады.

Ерекшеленудің ең үлкені діни тұрғыда даралану, Еуропа елдерінің бірігуіне әкелген де дәл осы рухани бірлік еді. Әйтпесе, одақ қатарына қырық жылдан бері Туркияны қоспай, тәуелсіздікке кеше ғана қол жеткізген Балтық жағалауы елдерін алуы екіұдай пікірде қалдырды. 

Хош, әркімнің өз бас ауруы бар, ал Алаш елінің болашағы не болмақшы деген сұрақ туындайды. Түркі халқына жататын, мәдени мұралары өзара үндесетін, Исламның сүннит бағытын ұстанатын қазақ жұрты өз ана тілін ту етуді дәстүрмен біте қайнасқан дінге бекем болуды қаншалықты мәртебе санайды? Халқының қамын ойлап мұңлы болған хакім Абай имани дәрменсіздіктің, рухани жұтаңдықтарды салдарынан сақтандырып:

Ел бұзылса құрады шайтан өрмек,

Періште төменшіктеп қайғы жемек, - деп алаңдаушылығын білдірген екен.

Құдайға шүкір, тәуелсіздікке қол жеткізіп, дербес ел болғалы дәстүріміз бен дінімізді қайта жаңғыртып, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға жол ашылды. Һәм Қазақ елін мекендеген сан алуан ұлттардың ешбірін шеттетпей, құқықтарды шектемей, ынтымақ пен бірлікті сақтаудың да тиімді жолы таңдап алынды.

Бұл Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған салиқалы салмақты саясаттың жемісі. Діліміз бен дініміздің бірден-бір жанашыры Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды», - деп ұлттық құндылықтардың айрықша орнын атап өтті.

Расында, жаһандану аласапыранында біртұтас халық болып қалуымыз үшін алдымен тіліміз бен ділімізге һәм дінімізге берік болуымыз аса қажет. Халықаралық деңгейде қалыптасқан жайт осыны айғақтайды.

Ұлттық құндылықтарымызды лайықты қадірлеп, құнттай алмасақ, таным-түсінігіміз бен бітім-болмысымызға  жат өзгелердің әспеттеп жүрген адамды арсыздыққа жетелейтін мәдениет күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге әсер етуі мүмкін.

Расында, қазақта басқа халықтан ерекшеленіп тұратын өзіне тән қасиеті  бар. Ол - шалқар даласындай кең көңілі, дастарханы жиылмайтын дархандығы, сыпайлылығы мен сырттандығы. Кешегі көшпелі өмірден көрініс беретін ат жалына жабыса жасайтын ұлттық жарыстары мен ойындары. Айта берсек, далалықтарға тән даралық пен дегдарлықты негіздеген игі дәстүр мен даналықтан кенде емеспіз.

Ата-бабадан аманат  болып жеткен сол дәстүрлердің бір парасы сан ғасырлардан бері ұласып келе жатқан ұғым-ұстанымдар болса, ал асым бөлігі асыл діннің әсерінен пайда болған дағдылар.

Расында да белгілі бір қауымның қалыптасуы үшін ортақ танымы болуы тиіс. Олай демеске шара жоқ. Себебі, кез келген ұлттың ұлт болып танылуы үшін алдымен ортақ тілі мен діні, тарихы мен салт-дәстүрі, Отаны болуы тиіс. Тарихшы ғалымдардың тәжірбиесі мен зерттеулері көрсеткендей, адамзат ғұмырында ғибадатханасыз бірде-бір қала болмаған екен. Сондай-ақ, әрбір ұлттың тағдыры оның рухани танымның өміршеңдігіне де байланысты. Мысалы, Сібір аймағындағы талай ұлт-ұлыстар төтеннен келген бөтен танымға қарсы тегеурінді қауқар көрсете алмай, идеологиялық басқыншылықтың құрбанына айналды. Қазірде жаһанданудың жойқын екпініне қарсы күресе алатын бірден-бір таным иелері ол мұсылман үмбеті екендігі айқындалуда. Оларда арақ ішіп, харам жолға салыну, зинақорлық, нашақорлық, нәпсіқорлық сияқты талай «қорлықтардың», тексіздік пен мінезсіздіктен туындайтын аты жаман дерттердің мүлде жоқ немесе тым аз екендігі дәлелденуде.

Ұлттың сақталуына діннің басым роль атқаратындығына мысал ретінде ирландиялықтардың тұрмыс-тіршілігін келтіруге болады. Қаншалықты ағылшындардың ықпалында болса да, тіпті, ирланд тілінен гөрі ағылшын тілін көбірек қолданатын болса да, ұлт ретінде сақталып келеді. Өйткені, осы екі халықтың арасын ажыратып тұрған діни ұстаным. Ағылшындар протестанттар болса, ирландықтар католиктер.

Әрбір ұлтты ұлт ретінде сақтап қалатын нәрсе тілі мен мәдениеті және осылардың негізі болып табылатын діні. Қазақ халқының мәдени құндылықтары, сан ғасырлардан бері сақталып келе жатқан этнографиялық мұрасының негізі дәстүрі дініміз Исламда болған десек, еш қателеспейміз. Мысалы, халық хандырының заңнамаларында шариғат шарттарына басымдық берілуі ұлт пен дін тазалығын сақтап қалудан туған қадам еді. Тәуке хан тұсында қабылданған «Жеті жарғыда» ұлт тазалығы, дін тазалығы деген атаумен арнайы баптың    еңгізілуі бабаларымыздың дін мен дәстүрге бекем болғанының жарқын көрінісі. Сол сияқты түйінді мәселенің шешімін таба білген аузы дуалы баталар мен шешендеріміздің шариғаттан білімі болғандығы да белгілі.

Халқымыздың салт-санасы, әдет-ғұрпы мұсылмандық танымның негізінде қалыптасты. Оған мысалдар жетіп артылады. Имандылықты жастайынан үйренген дала тұрғыны сауатты болған. Сауатсыздарды «әліпті таяқ деп білмейді» деп әжуалаған. Тіпті, танымдық мағлұматты білімнің басы деп санаған халқымыз «Дінді білмеген дымды білмейді» деген қағида қалыптастырған. Бұдан бөлек ислам құндылықтарын білмеген, Алланың әміріне амал етпеген адамадардың халық арасында беделі болмаған.

Енді қазақ халқындағы мұсылманшылықпен сабақтас дәстүрлердің бірнешеуін мысалға келтірейік:

Азан шақырып ат қою

«Қазақта «азан шақырып қойған аты» деген тіркес бар. Мұның өзі халқымызда осы мұсылманшылық дәстүрдің әу баста бар екендігін айғақтайды. Негізінде, нәресте туылған соң оң құлағына азанда, сол құлағына қаматты айту шариғатта сүннет амалға жатады. Бір хабарда Пайғамбар (с.а.с): «Кімнің баласы туылғанда оның құлағына қамат айтса, ол нәрестеге жын-жыбыр әсер етпейді», - деген.

Бір сахабадан жеткен риуаяатта былай делінеді: «Алланың елшісі (с.а.с.) қызы Фатима Әлиұлы Хасанды туған кезде Хасанның құлағына намазға азан айтқандай азан айтқан».

Мұның өзі мұсылман ұрпағының дүние есігін ашқан кезде еститін ең алғашқы сөзі кәлима шәһәдат болсын дегеннен ниеттен шықса керек. Һәм ғұмыры аяқталып, дүниеден өтерде де айтатын сөзі осы болады.

Сәбидің атынан құрбан шалу

Қазақ халқында жаңа туылған нәресте үшін Жаратқанға шүкіршілік етіп құрбандық мал сойған. Сәбидің өмірге сау келіп, Аллаға шүкіршілік айтып шілдехана тойын жасауымыз дінімізде әу баста қалыптасқан дәстүр. Бір риуаяатта Пайғамбар (с.а.с) былай дейді: «Әрбір бала өзінің ақиқасына тәуелді: оның атынан жетінші күні сойылып, оның (баланың) шашы алынады».

Сондай-ақ, Алланың елшісі (с.а.с) немерелері Хасан мен Хүссейіннің аттарынан бір-бір қошқардан шалғандығы туралы да деректер бар. Тағы бір хадисте Пайғамбар (с.а.с): «Ұл бала үшін екі қой, қыз бала үшін бір қой сойылсын», - деп бұйырған.

Сүндетке отырғызу

Қазақтың игі дәстүрлерінң бірі – ұл баланы сүндетке отырғызу. Сахих хадистер жинақтарында жазылған риуаяатта Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Бес нәрсе фитрадан (әуелгі жаратылыстағы әдеттерден). Олар: сүндетке отырғызу, денедегі түктерді алу, мұртты басу, тырнақтарды алу, қолтық түгін тазалау».

Қазақ халқының бұдан да басқа мұсылмандық дәстүрлері жетерлік. Осындай рухани құндылықтар ұлттық болмысымыздың арқауы болып келеді әрі оларды қаз-қалпында сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу жалпы ұлттық жауапкершілік.

Ержан қажы Малғажыұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқарамасының төрағасы, Бас мүфти.     

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30