Сәбилік салт жырлары

 

 Суреттің авторы: Романов Сахи "Отанның аспаны астында"

Халықтың тұрмыстық тәжірбиесінде сәбидің әрбір өмірлік қадамын назардан тыс қалмай, дәстүрлі түрде әрқилы ырымдармен аталып өтіп отырады және олардың барлығы өнер тілімен өрнектеліп келеді. Олар мынадай: бесік жыры, сәбилік ғұрып жырлары, мәпелеу жырлары, уату-алдарқату жырлары.

 

Шілдехана

Нәрестенің дүниеге келуін әр отбасы ұлан-асыр той жасап, атап өтеді, оны қазақ «шілдехана» деп атайды. Жиналған жұрт үй иесін мақтап, жас сәбиге арнап жыр төксе, баланың ата-анасы да:

Қуанып, қан жүрегім қақ жарылып,

Қасірет басымдағы қалды аралып.

Ұл көріп, ұлы дүбір той жасаймын,

Атқан соң маңдайымнан таң жарылып, - деп, өз қуанышын әнмен білдіреді. Шілдехана дастарқаны жиылып, ауыл үлкендері қайтар сәтте ақсақалдан бата тіленеді. Бұл – сәби атына үлкендер тарапынан білдірілетін алғашқы тілек. Олардың мазмұны мынадай болып келеді:

Сары тісті болсын,

Ақ шашты болсын.

Өмірі ұзын болсын,

Уайымы аз болсын.

Балаларға берілетін батаның ересектерге берілетін батадан айырмашылығы – мазмұнында. Онда балаға ұзақ ғұмыр, бақытты тілек тіленеді. Сондай-ақ балаларға арналған батада:

...Жұртта қалған тулағы

Тулап келіп, тай болсын.

Тай болсын да туласын,

Бір құрдасы сұрасын.

Сұраса да бермесін, - дегендей балалар өміріне етене жақын тіркестер, әзіл-оспақтар да араласа жүреді. Тай үйретіп міну, оны күтіп, бағып-қағу – қазақ баласының ең қымбат ермегі, өлеңде балалық өмірдің осы қыры қамтылған. Кейбір өлеңдерде әзіл-қалжың бұдан да тереңдеп кетеді.

Тұсаукесер

Тұсаукесер жыры – қазақ халқы арасында кең тараған этнографиялық астары мол салт өлеңдерінің бірі. Өлеңнің аты да халықтың тұсаукесу ырымына байланысты қойылған. Ырымның негізі аяғынан қаз тұрып, жүре бастаған сәбидің қадамын байлап тұрған тылсым күш бар, соны қиып жіберсе, бала жүгіріп кетеді деген көне магиялық ұғымнан туған сияқты. Бұған ұқсас түсінікті әлем халықтары тарихының барлығында болғандығы белгілі, ал, Орта Азия халықтарының көпшілігінде бертінге дейін сақталған.

Бұл ырымның жүзеге асуы қазақ пен қырғыз халқында бірдей. Ол үшін аяғынан қаз тұрып жүрген баланың аяғын ала жіппен майлы тоқ ішек араластырып (кейде шөп араластырады) тұсайды да, тұсауды аяғы жеңіл, ширақ жүрісті адамға кестіреді. Содан соң отырғандар баланы жағалата жетектеп:

Тәй, тәй, балам, тәй, балам,

Жүре қойшы жәй, балам,

Қарыс, сүйем қас бастың,

Қадамыңнан айналдым... – деп әндетеді. Бұл жерде баланың аяғына ала жіппен тұсауда да астарлы мән бар.

Х.Кустанаевтың дерегіне сүйенсек, Қызылорда, Қазалы жақтағы қазақтар арасында ертеректе ала жіп баланың аяғына тұсалмай, шұбатыла байланады екен. Демек бұл жоғары әлемнен келген сәбидің жолын бейнелейді, ал, ол жіптің қиылуымен бірге оның ортаңғы әлемге келу сапары да аяқталады, аяғынан қаз тұрған бала жер бетінің тұрақты тұрғыны деген түсінікті береді.

Халықтың тым көне түсінігін бейнелейтін бұл этнографиялық деталь тұсаукесу жырының мәтініне де терең сіңісіп кеткен: Күрмеуіңді шешейік, Тұсауыңды кесейік... Ала жіпті алайық, Әжеңе алып барайық, Ержетті деп айтайық, Шашуын жеп қайтайық, - деп әндетеді ырымды атқарушылар.

Мәпелеу жырлары

Мәпелеу жырларының негізіндегі дене жаттығулары өмірлік қажеттіктен туған. Ана бала құлағына жағымды сөзбен жаттығу әрекеттерін сүйемелдей өлеңдетеді. Бұл өлеңдердің ырғағы жаттығу әрекетіне лайық болса, мазмұны:

Өс, өс балам, өсе бер,

Батыр бол балуан білекті.

Батыл бол таймас жүректі!

Аяғыңды созайық,

Саусағыңды жазайық,

Етті болсын балтырың,

Епті боп өс, жарқыным!

Өс, өс, өс, - деген сияқты балаға жақсы тілектер тілеу сипатында болып келеді. Бұл сияқты өлеңдер баланы шомылдырған кезде де айтылады. Баланы шомылдырып болған соң, денесін байлап, сылап жатқызады. Бұл бала денесіне массаж жасаумен бірдей. Бұл уақытта:

Бисмиллаһир рахманир рахим,

Сыламақ менен,

Қатып қалмақ сенен.

Менің қолым емес,

Бибі Фатима, Бибі Зухраның қолы,

Умай ана қолы, Қамбар ана қолы!

Тастай қыл,

Темірдей қыл,

Сүттей ақ қыл!... – деген сияқты ырым өлеңдер айтылады. Бұл өлеңнің мазмұнынан түп-тамыры тым әріге, арбау өлеңдеріне қарай кететін мәпелеу жырының көне сипатын байқау қиын емес. Мәпелеу жырларында халықтың әр кезеңіндегі ұғым-түсініктері, діни сенімдерінің ізі анық байқалады. Мәселен, Ұмай ана түркі тектес халықтардың көне ұғымында әйелдердің, балалардың, отбасы, ошақ қасының қамқоры ретінде танылатын белгілі. Бұл бейне қазақ фольклорының басқа жанрларында да кездеседі. Ал, Бибі Фатима, Бибі Зухра – ислам дінінің пірлері. Мұндай арбау сарынындағы көне тіркестер қазір көп айтылмайды. Әлпештеу жырлары соңғы кезеңде діни ұғымнан арылып, таза практикалық мәнге ие болған. Ол көп жағдайда: «Сыламақ менен, мықты болмақ сенен! Жауырының жабыспасын, қабырғаң қабыспасын, Өс, өс, өс!» - деген сияқты тілектерге құрылады. Сәбидің суға құйындырып  жатқан ана оны алдандыру үшін:

Шылдыр, шылдыр, шылдырмақ,

Су ағады сылдырып.

Балам менің тап-таза,

Шыға келді жылтырап, - деп әндетеді, құйындырып болған баланы қолынан ұстап сілкілеп: Суы сарқылып, өзі қалсын. Кірі кетіп, иманы қалсын! – деп, бірнеше рет қайталайды.

Мұндай өлеңдер жөргегінде бос жатқан баланың денесін созу кезінде де сол айтылады. Олардың үлгісі мынадай:

Екі қолын еккі жаққа жая созып:

Қаздың қанатын берсін,

Екі аяғы төмен қарай созып:

Тырнаның аяғын берсін!

Өс, өс...

Аяқ-қолын сілкілеп:;

Серпінің сұңқардай болсын,

Тебінің тұлпардай болсын,

Өс, өс...

Немесе:

Менің бөпем аппақ,

Күліп, ойнап жатпақ.

Көзі улының көзіне – теріскен,

Тілі улының тіліне – теріскен,

Өс, өс, - деген сияқты өлеңдер айтады.

 Әрине мәпелеу жырларының барлығы да төрт аяғынан тең тұрған көркем поэзия емес. Олардың ішінде прозалық мәтіндер де мол. Өлең құрылымы, ұқсас, тармақ жағынан да бұл жырлар бата-тілек, уату жырларынан ерекшеленбейді.

Қазақ әлпештеу жырларының ішінде көркемдік деңгейі жоғарысы да, халық арасына кең тарағаны да – «Ақ білек» өлеңі. Бұл өлең халық баланың білегін ұстай отырып айтады. Өлеңнің алғашқы шығу тегі баланың білегін салалап, сылай отырып істейтін әрекетке байланысты болғанымен, өлеңнің соңғы кезеңдегі мәтінінде ғибраттық сарын, ақылгөйлік тым басым. Өлеңнің эстетикалық қуаты да жоғары, жыраулық поэзияның әсері мол. Өлең баланың жеке дене мүшесіне бағышталғанымен сол арқылы жалпы идея айтылады.

Ал, білек, ал, білек,

Балбыраған, бал білек.

Ауылың толы мал, білек,

Атқа тоқым сал, білек.

Атаңның тілін ал, білек,

Мал ішіне бар, білек, -деп отырып, ата-ана балаға деген тілегін, арман мақсатын өлең жолымен білдіреді.

Бала мойыны бекіп, буыны қатайып, денесі шымырлана бастаған сәтте, оны қолға алып, әлпештеп, әуеге лақтырып, тізесіне, мойнына міңгізіп ойнатады. Мәселен, бала бағушы ересек адамдар бір аяғын екінші аяғының тізесінің үстіне қойып, баланы оған атша міңгізіп:

Батыр балам, батыр балам,

Шауып келе жатыр балам.

Отыз қызды олжалап

Алып келе жатыр балам.

«Олжа, олжа» дегенге,

Әрбіріне бір қыздан

Беріп келе жатыр балам.

Шауып келеді, шауып келеді, - деп әндетеді. Өсе келе бала бос тұрған ер-тоқымға т.б. ыңғайлы заттарға мініп, сол әрекетті қайталайды. Бұл баланың бұлшық еттерінің қалыпты дамуына, батыл болып өсуіне ықпал етеді.

Түйіп айтсақ, мәпелеу жырлары халықтың баланы бағып-қағуға байланысты өмірлік тәжірбиесінен туындаған. Бұл өлеңдерде халықтың дәстүрлі дүниетанымының алғашқы айшығы анық аңғарылады. Өлеңнің ұйқасы мен ырғағы, көркемдік құрылысы дене жаттығуларын сүйемелдеуге ыңғайланған, сол әрекеттермен үндес шығып отырады.

Кенжехан Матыжанов, филология ғылымдарының докторы

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30