БІЗДІҢ ӨНЕР - БІЗ КЕСТЕ

Ұлы қазақ халқы ежелден өзге халықтардан мәдениетімен, сырға толы өнерімен дараланады. Өн бойынан даланың жұпар иісі аңқыған, сырлы өрнегі сыңғырға толы, көркем де көрікті халықтық өнердің жарқын әлемі біздің көз алдымызға қазақ халқының материалдық және рухани өмірінің ерекшеліктерін еріксіз алып келеді. Қазақ ежелден көркемділікті жанына жақын тұтқан халық. Соның бір ғана  бөлігі көркем кесте өнері. Халқымыз киімдерін, тұрмыстық сәнді бұйымдарын ою-өрнекпен, зерлі кестелермен безендірген. Кесте қазіргі таңға дейін тек тұрмыстық деңгейде ғана қолданылғаны анық.

З.Мұхамеджанұлы. "Күту"

 Кесте - сәндік қол өнерінің бір түрі. Мата, тері, киіз, тағы басқа материалдар бетіне әр түрлі боялған жіптермен, жібек зерлермен сурет, өрнек салып тігу арқылы жасалады.

Ежелден халық арасына кең тараған кестенің алғашқы үлгілерін Пазырық және Ноин-ұлан (б.з.б. 5 ғ.) қорғандарынан табылған құрал- жабдықтардан (тұскиіз, тұскілем, киім-кешектер, жауынгерлердің сыртқы су қағарлары, шекпен, қамзол, желең) көруге болады. Кесте инемен, бізбен және кесте машинасымен тігіледі. Кейде кестеге моншақ, інжу, маржан, тағы да басқа асыл тастар тағылады. Кестені материалдың бетіне түгел бастыра немесе гүл шоғырына ұқсатып та әшекейлейді. Бұйымды тұтастай бастыра әшекейлеу үшін шалыс, жатық, терме, жөрмеу тәсілін қолданады. Кестенің біз кесте, баспа жылтыр, тамбурлы кесте, албыр кесте (екі ізді), кенебе ине секілді түрлері белгілі. Біз кестенің шым кесте және әредік кесте деп аталатын екі түрі бар.

Біз кесте дөңгелек немесе төрт бұрышты етіліп кергіш ағашқа керілген матаның бетіне түсірілген ою-өрнек бойынша қармақты бізбен өткермелеп шалу арқылы кестеленеді. Біз - Тува тілінде "бизээр" тұлғалы сөз "ұшын шығару" "өткірлеу" мағынасынан пайда болған етістік. Кестелеуге арналған біз ұшты үшкір, ілмегі бар материалға сұғып жіп ілуге арналған сапты құрал.

Шым кесте - тігілетін матаның ашық жерін қалдырмай немесе ашық орынды өте аз қалдырып,  тұтас кестелеген шымқай кесте. Әрәдік кестеде матаның әр жері әшекейленіп, бөлек-бөлек өрнек салынады. Шым кесте тұс киіз, сандыққап, мақпал шапан, орамалдың алақаны, жастық жапқыш, кежім, сәуекеле, т.б. көптеген заттарға төгіледі немесе бөлек матаға төгіп қондырылады. Әрәдік кесте тақия, балақ, өңір, жаға, етекке және кең қоныш етіктердің бұрыш-бұрышы сияқты заттарға төгіліді немесе бөлек төгіп қондырылады. Геометриалық кескінді бейнелейтін кесте жіп санап тігілсе, ирек өрнектер, әр түрлі суреттер алдын ала жүргізілген ізді қуалай тігіледі.

Сонымен бірге матаның кесте түсер тұстарының жібін суырып тастап немесе қалың мата бетін алдын ала ойып алып та тігеді. Кесте тігу өнері қазақ халқына өте ертеден таныс. Байырғы сақ, ғұн, үйсін өнерінде кестені зерлеп, маржандап, торлап, түктеп тігу тәсілдері кездеседі. Қазақ салтында үй жиһаздарын (тұс киіз, киім жапқыш, төсек жапқыш және үзік-туырлықтар), киім-кешектерді (кимешек, тақия, қамзол, кеудеше, т.б.), аяқ киімдерін (кебіс, мәсі, биік өкше етіктер, т.б.), қол орамалдар мен ер-тұрмандарды, т.б. тұрмысқа қажетті заттарды безендіру үшін кесте көп пайдаланылған. Алтындап, күмістеп тігу сән-салтанат бұйымдарына тән. Бұл үшін көбінесе барқыт, мақпал, атлас, қырмызы сияқты бағалы маталыр пайдаланылады. Мұндай тігістерге өзіне арналып жасалған алтын және күміс жіптер қаолданылды. Кейде алтын, күміс түстес жіңішке жиек сулары (зер) пайдаланылады. Алтындап тігуде, көбінесе, бедерлі, бедерсіз басып тігу кестесіне маржандап тігу де аралас жүргізіледі. Алтын жіппен тігу түрік халықтарының бәріне тән өнер.

Қазақ өнерімен әлемді тамсандырған, таңдандырған ұлы талантты халық екені ақиқат. Батыс елдері өзіне  еліктіре желіктірген заманда өз өнерін бағалап, сақтап жүрген ұлт жанды халықтың ұрпағы әлі талай  ғасырға өз өнегесін үлестірері күмәнсіз. Соның бірі қазақтың кесте өнерін көркемдікпен ұластырған, тек Қазақстан жеріне ғана емес бүкіл Орта Азияға жаңа мәнер алып келген суретші шебер Зейнелхан Мұхамеджанұлы. Қазақтың кесте өнерін халқымен қауыштырған шебер Зейнелхан Моңғолияның Бай Өлке аймағында  вүниеге келді, 1992 жылдан Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі.

Ата бабаларымыздан қалған өшпес мұра кесте тігу өнерінің өазіргі өмірде сығырайған шамдай сөнуге айналған мезетінде, оған қуат беріп, түрлендіре, өнеріміздің жаңаша өрістеуіне үлес қосқан шебер суретші З. Мұхамеджанұлы қарапайым ғана қармақ бізбен халқымыздың кәсібін биікке көтеріп неше дүркін құнды кестелер тікті. Бүгінгі таңда суретшінің туындыларын көпшілік мойындап, кесте өнеріне деген қызығушылық арта түсті. Моңғол қазақтары кесте өнерін, "біз кесте" десе, қырғыз халқы "сайма" деп айтады екен. Моңғол жерінде жүріп қазақ халқының көркем кесте өнерінің көркемдігі мен әсемдігін көрсете білген шеберді бүгінгі қазақ жұрты мойындап, туындыларына тамсануда. А. Байтұрсынұлының қарастырып өткен екі өнерінің бірі "тірнек өнері" болып табылатын сарқылмас сабырды қажет ететін қолөнер түрінің бүгінгі сипаты көрнек өнерімен теңестірілген келген. Мұндағы тірнек өнеріне қолөнер ал,  көрнек өнерге бейнелеу өнері жатқызылса, осы екеуін де ұштастыра білген З. Мұхамеджанұлының көркем дүниелері бүгінде көркемділіктің ұшан теңізі мен мәнерлі сырлы мазмұнның тереңдігі арқылы сипатын ашып тұр.

Кесте сан ғасырлар бойына халқымыздың таланатты ісмерлерінің көркем қиялдарын шеберлік құдіретімен бейнеленген ақыл парасаттарының жауһары. Небір керемет кесте үлгілері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, толықтырылып, жаңғыртылып келеді. Кестешілік дәстүрі толысып, кемелденуімен бірге өзінің көз тұнытар көркемдігімен, жан сергітер әсемдігімен, өміршеңдігімен халқымыздың  тірлік тынысына мән мағына қосып, материалдық және рухани өмірін әрлей, салтанатын ашуға үлес қосуда.

Бұл ерекшеліктер арқылы біз қазақ халқының қолөнері кесте өнерінің бүгінгі таңдағы қолданысында қалыс қалмай жоғары сипатқа ие екендігіне көз жеткіземіз. Сырлы сипатпен мазмұнның тереңдігі арқылы көркем кестедегі ұлттық сипат өзіндік мәнін жоймасын.   

Балнұр Қарабалаева

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30