Ер қаруы - бес қару

Киелі Елі мен Жерінің біртұтастығын қорғап, бостандығын сақтап қалуда батыр қазақ халқы астындағы атының беліне, өзінің сом білегінің күшіне, алып жүрегінің түгіне, бойындағы бес қаруының айбатына сеніп, арқа сүйеген. Қыпшақтардың - қазақтардың қару-жарағының айрықша қуаты болып, жауының құтын қашырғаны, батырларының мәртебе-мерейін асырғаны тарихтан ән-жыр, дастан, аңыз болып, жазба ескерткіштері, құжаттар арқылы бізге жеткені ақиқат. Алайда қазіргі жас ұрпақ ата-бабаларының осынау әскери қару-жарақтарының көптеген түрінің атауын да ұмытып бара жатқандай. Сол себепті біз бүгін қазақтардың әскери қару-жарағының бір шоғыры жөнінде ғана ой толғамақшымыз.

 

Көшпелі халықтарда ер қаруы қолданылатын түрлі әскери салт-дәстүрлер қалыптасқан. Ер құралын аса қадірлеп, кие тұтқан батырлар өз қаруларына жеке ат қойып, шайқас алдында олармен серттескен. Батырларымыз елді жаудан қорғағанда мына қаруларды қолданған. Садақ, найза, қылыш, айбалта, шоқпар. Ер азаматтың - бес қаруы сақадай сай болған.

Алдаспан - семсердің бір түрі. Жекпе-жек шайқаста қолданылатын қару болғандықтан әрі салмағының ауырлығына байланысты оның қыны болмайды, батырлар шайқаста қолға ұстап шығады. Сол себепті алдаспанды күшті, қарулы батырлар ғана пайдаланған. Алдаспанды белге байлайды  немесе иыққа асып алады. Ол семсер, қылыштың ішіндегі ең асылы. Батырлар жырында бір сілтегенде қара тасты да қақ бөліп, қиып түсетін алдаспандар көп суреттелген.

Қанжар - екі жүзді, ұшы өткір, қысқа сапты қару. Оны болаттан соғып жасайтындықтан өткір, мықты болады. VI - XII ғасырларда қанжар жасау Түрік қағандығының Қашқар, Баласұғын, Шаш, Отырар тағы да басқа қалаларында кеңінен өрістегені жөнінде деректер бар. Қазақ хандығында жасақтар қанжарды ықшам қару ретінде пайдаланған. Қанжарға күміс, алтын жалатып, сабын әсемдеп те белге таққан.

Гүрзі - темір шоқпар. Ертеде ол әрі аң аулау, әрі соғыс құралы болған. Бұл атау парсы сөзінен шыққан. Палеолит дәуіріндегі алғашқы адамдардың негізгі құралы болған сойылдың күрделі түрі. Ол салмағы ауыр, мықты ағаштан жасалып, жуан басы қоламен, кейін темірмен қапталып қолданылады. Гүрзі бертінде билік етудің құралына айналды.

Найза - бүкіл әлем халықтары аң аулағанда, соғыста қолданады. Қадалғыш, лақтырмалы қару. Ол палеолит дәуірінде пайда болып, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне дейін қолданылды. Найзаның әскери қару ретінде кең тараған кезі - темір ғасыры. Қазақ батырлары мен жауынгерлерінің де қаруы шашақты, темірден үшкір ұшы бар, ұзын найза болды.

Атпа найза - ол әрі аңшылық құралы, әрі соғыс қаруы болып саналады. Оның ұзындығы мен салмағы кәдімгі найзадан қысқа әрі жеңіл. Қазақтар мұндай найзаны жаққа салып атқан (лақтырған). Атпа найза жоғары палеолит дәуірінде-ақ қолданылған. Оның сол кездегі  ұшының тастан, сүйектен жасалғаны белгілі. Атпа найзаны ертедегі мексикандықтардың да, бразиялықтардыың да, папуастардың да пайдаланғандығы жөнінде деректер бар. Ол садақтың шығуына негіз қалаған тәрізді.

Садақ - жебемен ататын қару. Садақты мезолит дәуірінен XII ғасырға дейін пайдаланып келді. Қарапайым садақты тобылғы, үйеңкі, тағы да басқа қатты ағаш шыбықтарын иіп, екі ұшын қайыспен керіп жасайды. Күрделі садақты сыртқы бетіне сіңір тартылып, ішкі жағы мүйізбен қапталып, кейде ортасы мен екі шетіне сүйек бастырма қағып әзірлейді. Күрделі садақты кең қолданылған аймағы - ежелгі шығыс елдері. қазір садақ тартып, мергендік сынасу - спорттың бір түрі.

Айбалта - ежелгі Египет заманынан бері белгілі, өткір де айбатты. Айбалта орта Азия мен Қазақстанға 14-15 ғасырда кеңінен тараған. Оның алғашқы үлгілері Батыс пен Шығыстың көптеген елдерінің қару-жарағында ұшырасады. Қазақ ұсталары айбалта сабының ұңғыдан өтер екі жағын темір құрсаумен шегелеп, оны ұлттық қошқар мүйіз тәрізді ою-өрнекпен безейді. Қолға ұстау үшін саптың төменгі жағына қайыстан бүлдірге байлайды. Айбалта сабының ұзындығы 70-90 сантиметрге дейін жетеді. Айбалтаны белге байлайды немесе тебінгінің астына қыстырады.

Осындай ұлан байтақ жерімізді қазақ халқының ер жүрек батырлары "Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен" көзін тіккен жауларымыздан сақтап қалған жоқ па? Осы батырларымыздың  бес қаруы  Түркістан қаласындағы Тарихи-мәдени этнографиялық орталықтың экспозициялық қорынан орын алған. Бұл қаруларды келген келушілерге қызметкерлеріміз толыққанды тарихымен тынстырып, келешек ұрпаққа насихаттап дәріптеу мақсатында өз қызметтерін атқаруда.

Айгүл Үркінбаева, Түркістан қаласы  

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30