Сыннан сыр түйген шебер

Қазақ ұлттық өнер университетінде әр ай сайын өтетін «Ес-аймақ» мәдени-танымдық бірлестігі бұл жолы саналы ғұмырын қазақ театр әлеміне арнап өткен, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әшірбек Төребайұлы Сығайдың рухына арнады. «Сыннан сыр түйген шебер» атпен белгілі театр сыншыны еске алу кеші аталмыш оқу орнындағы Ж.Жабаев залында өтті.

Әшірбек Төребайұлы Сығай, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

 

Кеш шымылдығын Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры Әкім Тарази ашып, рухани інісі жайында жүрек тебірентерлік естеліктер айтты. Әсерлі естелік сөзден кейін «Өнертану» ғылымдарының докторы, профессор Бақыт Кәкиқызы Нұрпейістің Әшірбек Сығайдың қоғам қайраткерлігін, басшылық қабілетке тән тиянақтылығын, әділеттен аттамайтын турашылдығын, ұзақ жылдан бері еңбек етіп келген ұстаздық қызметін тағы басқа жан-жақты қырларына зерттеу жүргізіп жазылған «Ғибратты ғұмыр иесі» атты баяндамасына кезек берілді. Қиын мамандыққа табан тіреп қажымай еңбек еткен сыншы тұлғаның өмір өткелдерінен сыр шертетін суреттереді экраннан көрсетілді.

Тұлғаға арнайы тағзым етуге келген көпшілік қауым – ұстазға арнап шығарған Әшірбек Сығайдың шеберханасында оқыған әр шәкірттің өзекжарды шығармаларын мұқият тыңдады. Олардың жылы лебіздері мен жан-айқайларын естіп көз жастарына ерік берді. Әшірбек Төребайұлының кітаптарынан алынған қанатты сөздерінен «Драма театры актері» мамандығының 2-курс студенттерінің орындауындағы «Жүрегің тоқтамасын, Театр» атты сахналық композиция көрсетіліп, көпшіліктің көңілін тағы да бір толқытып өтті.

Кешке рухани демеу болуға арнайы келген Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры мен Жастар театрының талантты актерлері ардақты ағамыздың рухына қалам тартқан ақындардың өлеңдерін оқыды. Кеш соңында Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсахожаева бастап Әшірбек Сығайдың аяулы жары Күләш апай, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменов, Қазақстанның халық композитары Кеңес Дүйсекеевке  сөз берілді. Айман Қожабекқызы Әшірбектей тұлғамен бірге бір шаңырақтың астында қырық бес жыл отандасқан Күләш апайды мықты болуға сабырға шақырып, иығына шапан жапты.

Әшірбек Төребайұлының төл шәкірттерінің ұйымдастыруымен өткен «Ес-аймақ» мәдени-танымдық бірлестігінен кейін сарабдал сыншыға арнап түсірген режиссер Халила Омаровтың «Сын сардары» атты деректі фильм көрсетілді.

 Айзат Қадыралиева

 

 ***

Өнерін өлтіріп алған қазақ ел болып оңбайды, елінен айнып қалған жүрек – жүрек боп соғып жарытпайды. Екеуі бөлінбес бір бүтін, тұтас дүние деп есептеймін. Ендеше жүрегіміз тоқтамасын! -

***

Сахна өнері – киелі өнер.  Сахна – тазару, жаңару мен жаңғыру мекені. Өнер мен емнің арасында тылсым байланыс бар. Жалпы емніңнегізі – сөз бен жанның шуағы. Кез келген таза өнерде емдік қасиет болады. Жан қуаты мол адамнан шыққан өнердің адам психолгиясына тигізер әсері өзгеше. ...Шын мәніндегі өнерпазда емшілік қасиет болмайтынына кім кепіл? Бәрі де мүмкін. Табиғат құпиясы – тереңде. Соның ішінде, адам табиғатының құбылысы бөлек. Ал енді актер болмысының қыр-сырын ұғу, мүлдем жұмбақ.

Әшірбек Сығай

 ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР ИЕСІ

 Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, майталман театр сыншысы, аса дарынды, қаламы қарымды, сөз өнерінің хас шебері, профессор Әшірбек Сығайдың есімі туған еліне ғана емес,  алыс-жақын шетелдерге  де кеңінен танылған есім.  Тәуелсіз еліміздің руханиятына, театры мен мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Әшірбек Төребайұлының дүниеден озуы – қазақ халқы үшін орны толмас ауыр қаза болды.

Қазақ театр өнерін насихаттауда құлашын кеңге сілтеп, парасат, білімімен ел-жұртының ыстық ықыласына бөленген Ә.Сығайдың  шығармашылық жолына үңілетін болсақ, оның жүріп өткен жолы-бір сыдырғы өмір жолы емес, ұстаздық, сыншылық-жазушылық, буырқана қайнаған шығармашылық еңбек жолы, қосарлана атқарған қызметтер мансап тұғыры ғана емес, азаматтық кісілік болмыс биігін танытады.

Сонау 1965 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның актерлік бөліміне түсіп, 1969 жылы сол ұжымда ұстаздық қызметке қалдырылған Әшірбек Төребайұлының алғашқы сыни мақалалары алпысыншы жылдардың соңында жарық көре бастады. Жүрегінің қалауымен таңдаған актерлік мамандықты дау-дамайы көп, бейнеті белшеден, рахмет-алғысы аз театр сынына арнаған Ә.Сығайдың содан бері жазған жоталы еңбектерінің театртану ғылымы үшін берері мол. Зерттеуші қаламынан «Іңкәр шақ» (1978) «Сыр сандық» (1981) «Сахнаға сапар» (1991), «Жарнама алдындағы ой» (1993), «Сахна саңлақтары» (1998), «Театр тағлымы» (2003), «Толғам» (2004), «Талдықорған театры» (2006), «Ой төрінде театр» (2008), «Актер әлемі» (2008), «Таңғажайып театр» (2014)  атты сүбелі кітаптарымен қоса мыңға тарта мақалалар туыпты. Бұл бір ғұмыр үшін көл-көсір дүние. Егер аталмыш кітаптарды саралап табиғатына қарай  топтап, ой түйер болсақ ұзақ әңгімеге кетеріміз даусыз. Ең бастысы сыншының қай кітабын оқысаңыз да, әр жылдарда қазақ театрларының сахнасында қойылған спектакльдерді қаз-қалпында көргендей әсерге бөленесіз. Қас - қағым сәтте өте шығатын, құдіретті өнердің күрделі пернесін дөп басып, келер ұрпаққа мөлдіретіп жеткізу, толғаныс пен сарыла зерттеуді талап ететіні жақсы мәлім. Аталмыш еңбектерде қазақ театры мен драматургиясының өзекті мәселелері, театрдың алдында тұрған келелі міндеттері уақыт талабына сай асқан талғампаздықпен, жанашыр жүрекпен жан-жақты сараланған. Сонымен қоса ұлттық театрларымыздың даму бағыты, олардың репертуарлық саясаты, режиссерлік шешімдер мен актерлердің бейне жасаудағы ерекшеліктеріне терең үңіліп пікірлер түйіндеген. Театр өнерінде болып жатқан процестерді қалт жібермей зерек зердемен бақылап барып, ой қорытатын сарабдал сыншының  гастрольдік сапармен келген облыстық театрлардың спектакльдеріне қатысты айтқан тұшымды ойлары да тым салмақты. Ол театрлардың қол жеткізген табыстарымен бірге, ойсырап ақсап жатқан тұстарын ащы да болса, ашып айтқан. Өнер додасының биік мәресі саналатын республикалық  және халықаралық Театр фестивальдерінде  оза шауып көзге түскен театрлардың бүгінгі сахна өнеріне әкелген жаңалықтары  мен ізденістері зерттеуші назарынан қағыс қалмай кәсіби деңгейде сараланған.

Әшірбек Төребайұлы өнер адамдарының шығармашылық кескіндемелерін жазуға орасан зор тер төккен сыншы.  Оның «Сахна саңлақтары» кітабында қазақ театр өнерінің майталман шеберлерінің өмірлері мен өнерлері асқан ептілікпен өрілген.

«Актер әлемі»  деп аталатын екі томдық кітап  сол еңбектің заңды жалғасы іспеттес. Мұнда әр дәуірде өмір сүрген, пенделік тағдырлары әртүрлі сабақталған, дүниетанымы бір - бірімен қабыса бермейтін үлкен тұлғалардың қай-қайсын да барынша зерттеп, объективті пайымдаулар жасаған. Театр тарландарының келбетін ашуда бұрын - соңды жинақтаған деректерін сан мәрте електен өткізіп, толықтырып нақты байламдар жасауға күш салған. Алпысқа жуық сахна шеберлерінің - дәлірек айтқанда қазақ театр өнерінің көшбасшысы, режиссер Жұмат Шаниннен бастап, Қ.Қуанышбаев, С.Қожамқұлов, Қ.Жандарбеков, Қ.Бадыров тағы басқа ұлттық өнеріміздің алып бәйтеректерінің шығармашылық тағдырынан сыр шертіп, әрқайсының өзіне тән даралығы мен сахна төрінде жасаған сан - алуан бейнелерін байыппен таразылаған танымдық еңбек. Мұнда режиссер мен актер өнерінің қоғамдық маңызы, әлеуметтік-эстетикалық құндылығы, қазақ театрының даму үрдісі туралы толғақты ойлар белгілі сахна саңлақтарының өмірі мен шығармашылық жолдарымен сабақтастырыла баяндалған.

Өнер саласында оқитын жоғары оқу орындарына «Қазақ театрының тарихы» пәні бойынша арнайы оқулықтар жазылған жоқ.  Соған байланысты ұлттық театр өнерінің бүгінгі жүрек соғысынан хабардар беретін кез-келген еңбекті жұртшылықтың асыға күтетіні рас. Ал сахна өнерінің тыныс-тіршілігін жіті қадағалап, ерінбей жалықпай кітапқа айналдырып отырған Әшірбек Төребайұлы соңғы жылдары 5-6 кітап жазып үлгіріпті.  Бұл айтуға жеңіл болғанымен де, көз майыңды таусатын бейнетті жұмыс екенін жақсы білеміз. Осы тұста Республикамыздағы өнер ордаларының көпшілігі  сыншының кітаптарын энциклопедиядай пайдаланып келе жатқандығын  да айта кеткен орынды.

Сыншы қаламыннан туған кез - келген  еңбек белгілі бір  теориялық дайындығы бар ғылыми ортаға ғана емес, театр өнерінен мағлұмат алуға құштар көпшілік оқырмандарға арналған. Ойы алғыр, қаламы жүрдек сыншы ғылыми стильден гөрі, оқығанда көз ала алмайтындай көрікті тілмен көмкеріп, аса динамикалы, поэтикалық рухта жазады. Содан болар оның кітаптары оқырманын бірден баурап, театр өнерінің сиқырлы әлеміне қызықтырып әкетеді.

Ә.Сығай пьесаларды тәржімалауға да ат салысқан қаламгер. Оның жатық та, көркем тілмен аударған Ж.Б.Мольердің «Еріксіз үйлену», К.Гольдонидің «Күлкілі оқиға», О.Иоселианидің «Арбаның ізімен», Ш.Роквидің «Мазасыз әжей»,

В.Ежовтың «Бұлбұлдар түні», А.Шайкевичтің «Әлем алақанымызда», Б.Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпай» пьесалары республика театрларының репертуарынан берік орын алған.

Әшірбек Төребайұлының өзіне тән бір ерекшелігі спектакльдердің алғашқы премьерасынан кейін-ақ бірден баспасөз, радио мен теледидар арқылы сұхбаттар беріп пікірін ашық білдіретіндігі. Бұл екінің бірінің қолынан келе қалатын оңай шаруа емес. Бұған сыншыға тән сұңғылалық пен өткірлік, аналитикалық ақыл – ой ғана емес, жақсы мен жаманды саралап әділ бағасын бере білетін турашылдық керек. Бұл барлық сыншыға қажетті бірден – бір қасиет. Жылт еткен талант ұшқынын дәл танып, театрдың тамыр соғысын тура басып ашық та, боямасыз жазу принципшілдікті талап етеді. Театр сынына алғаш араласқан кезінен бастап осы принципті ұстанған Ә.Сығайды кезінде біреу ұнатқан шығар, біреу ұнатпаған шығар, бірақ сыншының алған бетінен тайған сәтін көрген емеспіз. Көркемдік сапасы төмен, көрермендердің эстетикалық талғамына жауап бере алмайтын талай спектакльдердің сахнаға қойылуына  үзілді – кесілді қарсы шығып, тоқтатып тастаған кездері де болған. Мұның бәрі айналып келгенде  Ә.Сығайдың өнерге,  театр сынына деген адалдығын танытады.

«От ауызды, орақ тілді» сыншы тек театр төңірегімен шектеліп қалмай ел өміріндегі мәдени іс - шараларға  да белсене араласып үлкен жұмыстар тындырды. Ол жетпіске жуық «Сахна», «Сахна саңылақтары» атты телехабарлардың, сол сияқты соңғы жылдары «Хабар» телеарнасындағы «Жансарай» атты хабардың авторы әрі жүргізушісі болды. Республикалық ақындар айтыстарында, театр фестивальдерінде сарапшылар алқасының төрағасы, мүшесі ретінде бірқатар  міндеттер атқарды. Сонымен қатар әдебиет пен өнер жолында жүрген азаматтардың мерейтойында жасаған мазмұнды баяндамалары, олардың шығармашылық есеп беру кештерін жүргізіп, халыққа кеңінен дәріптеуі сол өнер иелерінің шабытын ұштап, одан да биік шыңдарға шарықтауларына ықпалын тигізді. Өнер мен мәдениет, әдебиет мәселелеріне арналған халықаралық, республикалық ғылыми-теориялық конференцияларда, Театр қайраткерлері одағының съездері мен пленумдарында Ә.Сығайдың дауысы жиі естіліп, кесек ойларымен тәнті ететін.

Әшірбек Төребайұлы қызметінің үлкен бір тармақты саласы – оның ұстаздық, педагогтік еңбегі. Ол Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында шәкірттер тәрбиелеу ісіне көп жылдарын арнады. Ал 2011 жылдан бері Қазақ Ұлттық өнер университеті өнертану кафедрасының профессоры болып, жаңа оқу орнының өркендеуіне қызу кіріскен болатын.

Оның   дәрісін тамсана тыңдаған бір кездегі студент актерлер, режиссерлер, суретшілер қазір республикамыздың түпкір-түпкірінде еңбек етуде.  Сондай-ақ, театртану мамандығы бойынша да бірнеше дүркін шәкірттер тобын даярлады. Ә.Сығай қашан да, студенттерінің жан-жақты білімді болуын қадағалап, олардың еркін ойлауына, өз пікірлерін  дұрыс болса да, бұрыс болса да, тура айтуға тәрбиелуден танған емес. Әсіресе, «Театртану»  инемен құдық қазғандай еңбекті талап ететін күрделі  мамандық. Бұл бөлімге түскен жастардың дені институт бітіргенше селеудей селдіреп, адасқанын түсініп, шығып кететіндер көп. Өйткені театр синтездік өнер болғандықтан оның табиғатын дұрыс ұғып, спектакльдің көркемдік-идеялық  ерекшелігін түсініп, сөз айту білімділікті, яғни, өнердің барлық түрінен хабардар болуды талап етеді. Көргеніңді, оқыған-түйгеніңді ақ қағазға суреттей салып жазу тек еңбекпен жүзеге асады. Сондықтан да, Ә.Сығай үкілі үмітпен имене басып, аталған  мамандықты таңдағысы келген талапкерлерге алтын уақытын сарп етіп, ұзақ әңгімелесетін. Уақыты көптігінен емес, осы мамандықтың көшін түзейтін жастарды іздеуші еді. Солардың арасынан ойлауға-жазуға икемі бар  қыз-жігіттерді  қателеспей таңдап, құсбегідей баптады. Тіпті бітіріп кеткеннен кейін де, оларды жұмысқа орналастырып, аяқтарын  нық басып кеткенше қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай қамқорлығына алып жүрді. Спектакльдердің талқылауларына қатыстырып, сөйлеп үйренулеріне дем беретін.

Ұлағатты ұстаз Әшірбек Төребайұлының шеберханасынан магистрлік жоғары білім алған театртанушылар Меруерт Жақсылықова, Нартай Ескендіров, Айзат Қадыралиева, Сымбат Гениярова, Тимур Ахметов  және т.б. жас ғалымдар ғылым саласында ізденістер үстінде.

Театр сынымен үздіксіз айналысқан Ә.Сығай мемлекеттік жұмыстардың тізгінін де қатар ұстаған дара тұлға. Ол 1974-1994 жылдар аралығында Мәдениет министрлігі театр бөлімінің, өнер басқармасының бастығы, министрдің орынбасары, Т.Жүргенов атындағы Театр және көркемсурет институтының ректоры, министрдің бірінші орынбасары, 1979-1993 жылдар аралығында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мәдениет бөлімінің жауапты қызметкері болып жемісті істер тындырды. 1992-1994 жылдар аралығыда Мемлекеттік наградалар және сыйлықтар жөніндегі комитеттің, 1993 жылы Республика Президентінің Мемлекеттік ұлт саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі болып бекітілді. 2003 жылы Мәдениет, туризм және спорт министрлігінің Алматы қаласындағы өкілі болып қызмет етті.  Сол жылдары ол қоғамдық, мемлекеттік, мәдени өмірде қыруар істер тындырып, республиканың сан – салалы мәдениетінің өсіп, өркендеуіне қомақты үлес қосты.

Т.Жүргенов атындағы Театр және көркемсурет институтының ректоры болған тұста (1989-1991) ұлттық өнер мамандарын даярлауға мол күш жігерін сарп етті. Шығармашылық оқу орнының басты кредосы үнемі шығармашылық жұмыстар жасау екенін талап етті. Әрбір оқытушы мен  студенттің бағасын  ісіне қарап салмақтады. Қазақстанның өнер ордалары аса зәру болып отырған мамандықтардың ашылуына тікелей мұрындық болды. Атап айтқанда, 1990 жылы «Театртану» мамандандыруын белгілі театртанушы Б.Құндақбайұлы екеуі бірлесіп ашты.  Расын айту керек бұрын   Ресей мен Өзбекстанның өнер институттарында осы мамандық бойынша бір-екі адам ғана дайындалатын. Ал, қазіргі таңда «театртану»,  «кинотану», «кинотеледраматург», «өнертану» мамандандыруларыбойынша дайындалған мамандар өнеріміздің зерттелуіне сүбелі үлестерін қосып келеді.

Әшірбек Төребайұлы алыс–жақын шетелдермен тығыз шығармашылық байланыстар орнатып, оқытушылар мен студенттердің таным көкжиегін арттыруға мән берді.  Германия, Қытай тәрізді үлкен мемлекеттердің оқу орындарымен келісім шарттар жасасып, өзі басқарып  отырған институттан сол елдерден келген талантты студенттерді   оқытатын арнайы курстар ашты. Бұл Қазақстандағы өнер мамандарын даярлайтын қасиетті қара  шаңырақтың өзге елдердегі мәртебесін көтеріп, атын  асқақтата түсті.

Ұстаздар мен студенттердің тұрмыстық хал – жағдайларын да жіті қадағалады. Ол ректорлық еткен жылдары көрінгеннің босағасын сағалап, пәтер жалдап тозып жүрген жиырма төрт оқытушы баспанаға  қол жеткізді. Мұндай игі істің жүзеге асуына Ә.Сығайдың өзі  тікелей ұйытқы болды. Білікті мамандар даярлау үшін, бар өмірлері студенттермен бірге институтта өтетін ұстаздардың мүшкіл халін дер кезінде қозғап, әкімдердің есігін қағып, бастаған жұмысын соңына жеткізуге жеке басының беделі тікелей көмектесті.  Осындай қомақты  істі, нағыз жұртқа жаны ашитын адамгершілігі мол, үлкен жүректі адам ғана жасай алатыны бесенеден белгілі. Соны әріптестері білді, жақсы адамның жақсылығын айтып, бүгінгі жастарға үлгі тұтып айтып та жүр.

Сыншылық, ұстаздық, қоғамдық қызметтерде халқының көкейіндегі көп ойларды қозғап, оларды шешу жолында бар қабілеті мен еңбегін жұмсаған ардақты азаматына елінің ықыласы да айырықша болды. Ә.Сығайдың  қазақ өнеріне, мәдениетіне сіңірген еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, 1989 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді. 2000 жылы Мемлекеттік сыйлықты иеленді. Кентау, Түркістан қалаларының «Құрметті азаматы», 2004 жылы «Құрмет орденімен», 2005 жылы  тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығымен марапатталды.

Ә.Сығай өнерде, қоғамдық өмірде айтулы істер тындырса да асып, таспаған, іргесін өркөкіректіктен аулақ ұстаған қарапайым жан болды. Үнемі жүзінен жылылық есіп, әзіл – қалжыңы мен көптің көңілін жадыратып, үлкен – кішінің тілін тауып қолынан келер көмегін аямады. Шығармашылық өнегесімен ғана емес, осындай мінез-құлығымен  көпшілікті  маңайына үйіріп өзіне тарта білді.

«Жарқ етті де жоқ болды, көрген түстей сағымдай» дегендей, Әш ағаң  бізбен ұзақ жүре алмай, көз алдымыздан ғайып болды да кетті. Ардақты ағамыздың өзі өмірден өтсе де, рухани құнды қазынасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, мәңгі жасай беретіні сөзсіз. Кейінгі толқын жастарға сыншының азаматтық тұлғасы, кісілік келбеті ұлтжанды болмысы, үлгі-өнеге болары ақиқат. Әшірбек Төребайұлының отбасына тек қана жақсылықтар тілейміз.

 Бақыт кәкиқызы,

 

өнертану докторы, Қазақ

Ұлттық өнер университетінің

профессоры

Әшірбек Сығайдың кітаптарынан алынған театр мен талант мәні және актер өнері, режиссер шеберлігі хақындағы қанатты сөздер

***

Театр – тек таланттылардың тұғыры, шабыт таластыру жөнінде күші асқандардың, жарыс кезінде озғандардың орны. Қазір қосақ арасында бос жүргендер жетерлік. Әсіресе, дәл бүгінгідей астан-кестеңі шыққан берекесіз заманда, мұқият болмасақ, кез келген жолбике өзін «жұлдызға» балап жіберуі кісі таңғаларлық нәрсе болмай тұр.

***

Талантты адам өнерде тегеурінді болғанымен, өмірде тым шарасыз болып келетіні бар. Олар қырқысуға, күресуге шорқақ келеді. Тұтас тұлабойымен, жан-жүрегімен өнерге берілген кісінің өзінің сол құлай сүйген кәсібінен өзге сенері де, сүйенері де болмайтыны белгілі. Дарыны әлсіз, шала шабытты жылпосқа мейлі. Ол қолынан келсе, өнер атты киелі әлемнің өзін саудаға, есеп-қисапқа, тамыр-таныстыққа салып жіберері даусыз. Қазіргі аласапыран заманда қулық пен сұмдық меңдеп бара жатқандай!

***

Талант – жаратылыстан сүйексіңді қасиет. Жас талапкер бойындағы бар талантын еңбекқорлықпен жалғастыра алса ғана мақсатына жетеді. Талант жолы – кедір-бұдырлы. Сол тайғанақ қия-шатқалдардан батыл өтер тұста таймас табан, мұқалмас төзім, мазасыз бейнетқорлық, парасатты білім ауадай қажет. Нағыз талант өнерді өгейсітпейді, қайта оның жолын аршысуға қолын созады. Халық өзі қалаулы ұл-қыздарын, өнерлі, елеулі ұрпағын тауып алады, танып алады. Ал, енді, «әне кетем, міне кетем» деген ортаңқол таланттарға «жолың болсын» деуден де тайынбайтын сол халықтың өзі.

***

Драматургия – таусылмас әңгіме. Жанрлық тұрғыда әдебиетінің бір «перзенті» болғанмен, театр сахнасымен, яғни актерлер, режиссерлер, тіпті суретші, сазгерлер әулетімен тығыз байланысты. Драматургия – қым-қиғаш интрига. Мұны У.Шекспир де мойындаған. Арбасқан көздер, мың құбылған қас-қабақ пен жан берісіп, жан алысқан әрекетті сөз, қара тасты қақ айырар отты да өткір тіл. Осынау ауыр мехнатқа саналы түрде бас қойған кісіні ықылым заманнан драматург деп атап келеміз.

***

Актер өнері – екінің біріне қонбайтын ерекше бақыт. Ол өзгенің өмірін жаңғырту жолында жүріп, өз өміріне тауқымет тауып алатын күрделі кәсіп. Әрбір сахналық бейне – актердің перзенті. Сол перзентті бағып-қағып, қашан сахнаға шығарғанша актер «ата-анганың» ролінде. Өнер адамының көңілі қай кезде болмасын көктем күніне өте-мөте ұқсас келеді. Көктем – бірде шуақты, бірде жауынды, бірде дауылды. Артист – кейде сыршыл, кейде жыршыл, кейде жарқын, кейде тұйық, кейде мұңды.

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30