ДӘСТҮРДІҢ МӘНІ МЕН МАҢЫЗЫ


Дәстүр түсiнiгiн өмiр мен танымдық мәнiне байланысты қарастырып көрейiкшi. Қоғам дамуы барысында адамдар арасындағы қалыптасып, өркендеп, өзгерiп отыратын және ондағы тұрақтылықты ретке келтiрiп отыратын қоғамдық құралды "дәстүр" деймiз. Қоғамның қай саласында болмасын тұрақтылық болмаса даму да болмайтыны сияқты, дәстүрсiз жаңа нәрсенiң қалыптасуы мүмкiн емес.

 Егер қоғамдық қатынас сатылы дамиды десек, дәстүр әрбiр жаңа сатыда сақталуымен қатар, өзгерiп, жаңарып отырады. Дәстүрлер арқылы қайта жаңғыру пайда болады. Ол арқылы заманы өтiп бара жатқан ескi қатынас түрлерiнен өз заман талап-тiлектерiн қанағаттандыратын жаңа формалар жүйесi қалыптасып, болашақтағы қатынас түрлерiне жаңаша қуат берiледi.

Дәстүрдiң мағынасы мен адам дамуындағы маңызы ол руханилықтың иесi болып табылатын жанды тұлғаның өздiгiнен iзденуiне,  жаңарып отыруына, өз өмiрiн шығармашылыққа айналдыруға мүмкiндiк бередi. 

Дәстүр арқылы адамдар өткен дәуiрлердегi құндылықтар туралы тек бiлiп қана қоймай, оның маңызды және қажеттi деген элементтерiн өз бойына сiңiрiп, өзiнiң рухани мұратына, мақсатына айналдырып отырады. Осындай жағдайда ғана нағыз рухани сабақтастық болуы мүмкiн. Рухани дәстүр адамды қайта түлетуi қажет.

Дәстүр жеке адамдардың жан дүниесiне, көңiл-күйiне де жағымды әсер етiп, қуанышқа бөлейдi, оларды қоғамдық талаптарға ұжымдастырып, рухани бiрлестiктерге ынталандырады. Дәстүр адамдардың қоғамдағы өзара қарым-қатынастарына әсер етiп, ондағы әлеуметтiк, психологиялық ахуалдың жақсаруына жәрдемдеседi. Тарихи, рухани сабақтастық – жалпы дамудың, соның iшiнде ғылыми, көркемдiк дамудың да объективтi заңдылығы болып табылады. Дәстүр мен жаңаның арасындағы сабақтастық жоқ жерде iлгерi өрлеу, даму болмайды. Өйткенi адамзат баласы тарихи дамудың әр сатысында әдебиет пен көркем өнердi, ғылыми жетiстiктердi қайталамайды, керiсiнше жаңаша қалыптастырып, өзгертiп, жетiлдiрiп отырады.

Сонымен бiрге дәстүр шектеушi қызметiн атқарады. "Дәстүр – адамдардың қоғамнан даяр күйiнде алатын, өздерiнiң тәртiптерiн жөнге түсiрiп және әрекетке келтiрiп отыратын тетiк болып саналады. Дәстүрдi бұзғаны үшiн берiлген жаза тайпалардың бiрлiгiн сақтауға көмектесетiн қорғаушы құрал болып табылады" [1,55б].

Адам тек зерделi тiршiлiк иесi ғана емес, сонымен бiрге оның бойында қасиеттi рух бар. "Руханилық – бұл сыртқы болмыс универсумын тұлғаның iшкi ғаламына этикалық негiзде айналдыру қабiлетi, сол iшкi әлемдi құрау қабiлетi арқылы үнемi өзгерiп отыратын жағдайдың алдында адамның өзiне сәйкестiгi мен оның еркiндiгiн жүзеге асыра бiлуi. Руханилық ақыр аяғында өзiндiк мағыналық космогонияға, әлем образының тұлғаның адамгершiлiк заңымен бiрiгуiне әкеледi" [2,213б].

 

Жалпы дәстүрлi өнердi меңгеруге, игеруге және оның негiзiнде жаңа образдар сомдауға көмектесетiн және адамның  жан жақты болып  қалыптасуына көмектесетiн руханилық құбылысының бiрнеше iргелi салалардың бiр-бiрiмен тығыз байланысынан өрбидi, түзiледi.

"Дәстүрлi өнер" ата-бабамыздан келе жатқан көптеген ғасырлар бойы шыңдалып, санамызда, рухымызда, болмысымызда өзiндiк қолтаңба ретiнде сiңiп қалыптасқан өнер түрi болып табылады.

Бiз бұл жерде екi түрлi нәрсенi ескеруге тиiспiз. Бiрiншiсi – дәстүрлi өнердi алғашқы қауымдық кезең өнерiмен шатастырмауымыз керек. Себебi дәстүрлi өнерде алғашқы қауымдық кезеңдегi, тiптi одан бергi сақ, қыпшақ-қимақ, түркi мәдениетi өн бойында тұтас сақталып жатқанымен, ол – кейiн де өзгерiстерге ұшырап, бүгiнгi күнге жеткен халықтық өнер.

Екiншiсiне, кейбiр зерттеушiлер дәстүрлi өнер деп 1920 жылдарға дейiнгi өнердi жатқызады. Кеңес үкiметi кезеңiнде реалистiк өнердiң қалыптасуына байланысты дәстүрлi өнер жойылған секiлдi. Бұл да сыңаржақты түсiнiк деп есептеуiмiз керек. Себебi қалай мойындамаймыз десек те кеңес үкiметi тұсында қаншалықты қудалауына қарамастан дәстүрлi мәдениет өз болмысын сақтап қана қалған жоқ, сонымен бiрге бейнелеу өнерiмен жарысып, кей жағдайда онымен ұштаса отырып дамып келдi.

Сондықтан дәстүрлi мәдениет жөнiнде айтқанда, бiрiншiден, тарих тезiнен өтiп, өзiндiк сипатын сақтап келген халықтың рухани қазынасын айтамыз. Бұл қазiргi мұражайларда тұрған тарихи көне ескерткiштер болса, екiншiден, қазiргi халық шеберлерiнiң қолынан шыққан көркем бұйымдар. Yшiншiден, осы халықтық бұйымдардың қазiргi кезеңде жаңаша көрiнiс табуы. Төртiншiден, осы құбылыстардың балалардың көркем шығармашылығында өз қырынан сомдалуы. Егер осы жағдайды ендi мектепке тiкелей жанамалап айтатын болсақ, әрине, бұл оқушылардың халықтық мұраны, дәстүрлi өнердi өзiнше қабылдауы, пайымдауы, бағалауы. Баланың талғамы мен дүниетанымы осы сапаның қалыптасуымен тiкелей байланысты.

Бiз сөз етiп отырған дәстүрлi өнер өнердiң басқа түрлерiнен өзгеше болып келедi. Оның өзiнiң болмысы, табиғи сипаты бар. Яғни дәстүрлi өнер қазақ халқының дәстүрлi өмiр салтымен, материалдық және рухани дүниесiмен, халықтық психологиясымен ерекшеленетiн әлем мәдениетiндегi өз орнымен сипатталады. Сондықтан да дәстүрлi өнер этномәдениетпен,  ұлттық педагогикамен байланысты.

Белгiлi ғалым С.Ақатай өз мақаласында қазақтың ұлттық менталитетiн қазақша өмiр сүру дәстүрiмен байланыстыра отырып қазiргi мәдениетiмiздегi қос ағымды – қазақ немесе казах (ресми) және қазақы (этникалық) мәдениеттердi бөлiп көрсетедi [3,81 б.]. Осыған ұқсас ой қазақ философиясының негiзiн қалыптастырушылардың бiрi А.Х.Қасымжановтың еңбегiнде де ұшырасады. Ол "нағыз қазақ" пен "шала қазақ" арасындағы өлшемдер көбiнесе ұмытылған, шiрiген дәстүршiлдiк пен "Тамаша"  деп аталатын театрландырылған шоудың тақырыбын қамтамасыз ететiн трагикомедиялық модерннiң шекараларын сипаттайды" – деп бүгiнгi күннiң шындығын дәл нысаналап белгiлеген болатын [4,22 б.]. Ал педагог және мәдениеттанушы ғалым М.Х.Балтабаев қазiргi мәдениеттiң даму ерекшелiгiне арналған монографиясында қазақ менталитетiнiң өзегi ретiнде Батыс пен Шығыстың танымдық формаларының синтезi түрiнде көрiнетiн еуроазияшылдықты насихаттап, келешектегi қазақстандық қоғамды бiрiктiрушi бiрден-бiр "ұлттық идея" деп үмiттенедi.[5,84б.] Ал Д.Кiшiбеков өз еңбегiнде қазақ менталитетiнiң өзiндiк сипатын оның өткенiмен, бүгiнгiсi мен және ертеңiмен барлық қырынан байланыстыра қарастырады [6].

Менталитет ұғымына ұқсас "ұлттық мiнез-құлық" түсiнiгi. Ұлттық мiнез-құлықтың қалыптасуына да қоршаған орта мен биологиялық фактормен қатар, берiк дәстүрлi шаруашылыққа негiзделген және нақты тарихи-мәдени жағдайларда қалыптасқан этнопсихологиялық-гомогендiк ерекшелiк – "қазақылық" немесе "қазақшылықтың" әсерi мен маңызы күштi болды.

Ұлттық мәдениет – халық игiлiгi. Ол өткен уақыт пен қазiргi заманның үйлесiмдi қасиеттерiн жинақтауы керек. Олай болса, осы кезеңдегi мәдениет ауқымы ұлтымыздың тарихи шежiресi, ғасырлар iзiн тастаған дәстүрлердiң жалғасы.

Дәстүрлi мәдениеттiң құндылығын ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Халел Досмұханбетов басқа да қазақтың бiртуар азаматтары табиғи күйiнде, тәрбиенiң ажырамас бөлiгi ретiнде түсiндi. Олар ұлтымызды оянуға, бiлiм алуға, сауатты болуға шақырды. Кейiн бұл арыстардың көбi қазақ алфавитiн құрастыруда, оқулықтар жазуда, қазақ фольклорын жинақтауда, газет шығаруда, уағыздау жұмыстарын жүргiзуде көптеген жұмыстар атқарды. Мiржақып Дулатов өзiнiң мақалалары мен өлеңдерiнде "бiлiмдi мыңды жығады, бiлiктi бiрдi жығады", "жақсымен өткен мәжiлiстiң бiр сағаты бiр жылға тең", "шығады асыл – тастан, өнер – жастан, тәрбие тәуiр болса әуел бастан" деген қанатты сөздер мен өлеңдерiнде, мақалаларында алға тартып, халқын оқу-бiлiм алуға шақырады.

Одан кейiн тәрбиенiң рөлi жөнiнде: "Жылқы бiткен дүлдiл болмайды, құс бiткен бұлбұл болмайды",– дей келiп, – "Адам баласы да солай. Жұрттың бәрi шешен, әнші, ақын, данышпан болып туа бермейдi. "Күйсiз көлiк жүрмейдi" деген бар. Дүлдүлге де күй керек, бұлбұлға да жайлы орын, көңiлдi бақша керек. Адам баласы бәрiнен де артық күй таңдайды. Туысында қанша зеректiк болса да, ғылымсыз, тәрбиесiз кемелiне жетпейдi. Кiмде-кiм өзiнiң табиғатында не нәрсеге шеберлiк барын сезiп, өз жолына түссе ғана көзге көрiнедi, – дейдi.

Этностық пен өзiндiк менталитеттiң өзiндiк ерекшелiгi мен даму сипатына байланысты қалыптасатын халықтық педагогика проблемалары этнопедагогикалық мәселелердi түсiнуге мүмкiндiк жасайды. Сонымен бiрге дәстүрлi өнердiң табиғи сипатын, оның шығу көздерiн ұғуда бұл түсiнiктерге ғылыми сараптама беру құрғақ дау-дамайды азайтады деп ойлаймыз. Оның үстiне әр терминдi, ұғымды өз ретiнде пайдалануға жағдай жасамақшы.

Дәстүр (латынша, traditio - жалғастыру) – тарихи қалыптасқан қоғам үшiн пайдалы, ұрпақтан-ұрпаққа берiлiп және белгiлi уақыт аралығында сақталып отыратын адамзат тәжiрибесiнiң жалғастығы мен жиынтығы, мәдени мұрасы: әдет-ғұрыптар, ырымдар, жүрiс-тұрыс қалыптары мен тәртiптерi, үрдiстер, жөн-жоралғылар, мейрамдар, салтанаттар және т.б.

Адам қажеттiлiгiн өтейтiн барлық құндылықтар – материалдық, әлеуметтiк және рухани құндылықтар – дәстүрдi құрайды. "Салт-дәстүр – тiл мен мәдениет бастауларының анасы",– [7,252 б.] деген 18 ғасырдағы немiс ағартушысы И.Г.Гердер оның жазба мәдениет пен азаматтық қоғам қалыптасқанға дейiнгi уақыттағы мәдениеттi тасымалдаушы маңызын бағалап отыр.

Дәстүр ұғымы "сабақтастық", "мәдени мұра", "төлтумалық", "ерекшелiк" түсiнiктерiмен тығыз байланысты. Ғылыми талдау олардың айырмашылығын талап етедi. "Сабақтастық" – тарихи-мәдени тәжiрибе процесiндегi жаңа мен ескi арасындағы объективтi қажеттi байланыс. Бұл байланыс тұтастықты қамтамасыз етедi және мәдениеттiң үдемелi дамуының алғышарты болып саналады. "Мұра" – бұл уақыт ағымында өзгермейтiн өткенге қатысты рухани-мәдени материал және ұрпақтардың рухани дамуының iргетасы болып табылады.

"Төлтумалық" өзiндiк дамуға бағытталған қоғамның динамикалық принципi, оның "өмiрлiк ядросы" деген ұғымды бiлдiредi. Нағыз мәдениет, төлтумалылығымен, бiрегейлiгiмен (идентичность – identity) дараланады. А.Сейдiмбековтың сөзiмен айтқанда: "Елiктеудiң шын аты – қайталау. Рухани сұғанақ (плагиат) болған ел, бiрiншiден өзiнiң болашағынан айрылса, екiншiден өзгенiң асылын малшылайды" [8, 9 б.].

Дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар жанұяда қалыпты қатынастардың бекiтiлуiне, үлкен мен кiшi арасындағы қатынастарды, қалыптар мен ережелердi игеруге, шаруашылық жүргiзудiң қалыптасқан тәжiрибесiн жалғастыруға, еңбекке баулуға, ұлттық мәдениет пен тарихты қадiрлеуге, ұлтжандылық тәрбиесi мен туған жерге деген сүйiспеншiлiктi арттыруға, эстетикалық және көркем мәдениеттi сақтауға жағдай жасайды.

Белгiлi уақыттарда күшейе түсетiн дәстүрге қайта бет бұру, оны зерттеуге ұмтылу тарихтағы өтпелi кезеңдерде ерекше мәнге ие болатын қоғамдағы үлкен қызығушылықтан туады. Мұндай жағдайда қоғамның рухани өмiрiнде "қайта өрлеу", "жаңғырту", "реставрация", "ревайвал" сияқты мәдени элементтер орын алады. Дәстүрлi құндылықтар жүйесi дағдарысқа ұшыраған тұста дәстүрлердi заман талабымен үйлестiру мәселесi туындайды. Бұл жағдайда қоғамда "дәстүршiлдiк", "жаңашылдық", "архаистiк", "батысшылдық", т.б. тенденциялар пайда болады.

Қазақ халқының дәстүрлi мәдениетi кеңес дәуiрi тұсында тоталитарлық режимнiң қысымымен "мазмұны пролетарлық, түрi ұлттық социалистiк мәдениет" деген ұранмен мәдени қуғындаушылықты бастан кешiрдi. Оның салдары ұлттық сананың мәңгүрттенуiне әкелдi. Қазақстан Республикасы өз тәуелсiздiгiн алғаннан кейiн 90-жылдардың алғашқы жартысында халқымыздың ұлттық дәстүрлерiн қайта жаңғырту барысында бұқаралық сипатта көптеген iс-шаралар атқарылды. Ал соңғы жылдарда нарықтық экономиканың өмiрге терең енуi мен батыстық өркениеттiң "жемiсi" – бұқаралық мәдениеттiң дамуына барынша керi әсерiн тигiзуде.

Ұмыт қалған дәстүрлер мен ұлттық дүниетаным ғылыми тұрғыда зерттеле бастады. Ә.Марғұлан, Х.Арғынбаев, Ө.Жәнiбеков, Ә.Тәжiмұратов, С.Ақатай, М.С.Мұқанов, А.Сейдiмбеков, С.Қасиманов, Б.Байжiгiтов, Н.Шаханова т.б. еңбектерiнде дәстүр философиялық-этнографиялық-мәдениеттанымдық тұрғыда жан-жақты қарастырылады.

"Дәстүрлi", " мәдениет " түсiнiктерiне теориялық анықтамалар жасап, оларды жiктеп өткеннен кейiн дәстүрлi өнердiң көркемдiк сипатына тоқталып, олардың атқаратын функциялық және көркемдiк мiндетiне байланысты жiктеп өтуiмiзге болады. Алдымен, дәстүрлi өнер түсiнiгi өнердiң қандай түрлерiн қамтиды екен, соған тоқталып өтейiк.

Егер дәстүрлi өнердi бейнелеу өнерiне қатысты талдайтын болсақ, оған алдымен қол өнерiнiң түрлерi және дәстүрлi сәулет, мүсін өнерлерi кiредi.

 Қол өнерi – ғасырлар бойы шыңдалып практикалық iс-тәжiрибе негiзiнде қалыптасқан iс-әрекеттiң жемiсi. Сондықтан ондағы шеберлiк "қалыптау", "өру", "тiгу", "бастыру", "қашау", "құрастыру", "түрлендiру", "бейнелеу" секiлдi "қолдан қолға", "атадан балаға" берiлетiн дәстүрлi тәжiрибемен байланысты.

Халық қол өнерi, яғни дәстүрлi өнер киiз үйдiң ағашын, жабынын дайындаудан, оның iшiне қойылатын мүлiк-жиһаздарын әзiрлеуден, көшу, қону, жол-жорық, қару-жарақ жабдықтарын жасаудан, киiм тiгуден, әшекей сәндiк әсем бұйымдарды дайындаудан, т.б. көрiндi. Бiр сөзбен айтқанда көшпелi өмiрдiң табиғи болмысын құрайтын да, оның сәнiн келтiретiн де осы нәрселер мен бұйымдар едi.

Дәстүрлi өнерде әйелдер айналысатын өнер түрлерi өрмек тоқумен, киiз бастырумен, сырмақ сырумен, кесте тiгумен, шiлтер шалумен, терi киiм тiгумен, ши ораумен, түрлендiрумен байланысты болса, ер адамдар ағаш ию, сүйек ою, мүйiз балқыту, тас қашау, металл өңдеу, оны өрнектеу секiлдi iс-әрекеттермен шұғылданды. Кей жағдайда атқаратын iсiне қарай қол өнерi үш топқа бөлiнедi:

1. Шеберлер (ағаштан түрлi бұйымдар жасап, киiз үй жабдықтары мен тоқылатын бұйымдарды дайындайтындар)

2. Зергерлер (алтын, күмiс мәдендерi мен асыл тастарды пайдаланып, әшекейлi сәндiк бұйымдарды дайындайтындар)

3. Ұсталар (ат әбзелдерi секiлдi темiрден заттар соғатындар).

Дәстүрлi өнер шығармаларының өзi жүктеп отыратын, оның өзiнiң бойынан шығатын бiрнеше мiндет бар:

–дәстүрлi өнер – эстетикалық тәрбие көзi. Педагогикада ол халықтық педагогикамен байланысты. К.Д.Ушинский халықтың өзiне ғана тән табиғилықсыз тәрбие болуы мүмкiн емес деп ойлайды. Тәрбие өздiгiнен қалыптаспайды, ол халықтық рухпен бiрге қалыптасады [9]. Дегенмен оны халықтық педагогикамен ғана шектеу оның даму өрiсiн тарылтқан болар едi. Ол қазiргi ең жетiк деген педагогикалық iлiм айналысатын зерттеу объектiсiне айналуға тиiс;

–дәстүрлi өнер жастардың мiнез-құлқындағы тәртiптiң ұйытқысы. Педагогикалық канон дәстүрлi өнердiң өн бойында жинақталған. Оның әсерi дiни ережеден кем емес;

–дәстүрлi өнер өзiнiң табиғи сипаты жағынан әдет-ғұрыпты сыйлауға, меңгеруге, игеруге тәрбиелейдi. Әдет-ғұрып шектеушiлiк емес, керiсiнше адам бойындағы адамгершiлiк қасиеттердi аша түседi;

–дәстүрлi өнер өрелi рухтың ұйытқысы салт-сәндiлiктi ұғынуға мүмкiндiк жасайды. Көшпелi өмiр барысындағы әр түрлi мейрамдарда, той, ас беру секiлдi шерулерде халқымыз ерекше сәнденiп, осы тойда бүкiл өнерiн көрсетуге тырысқан. Ол қыз қуу, бәйге, көкпар, алтыбақан, айтыс, тартыс, т.б. секiлдi көптеген ойындар. Осы ойындардың әсемдiгi жағынан маңызы өте зор;

–дәстүрлi өнердiң жоғарыда айтылған қасиеттерi баланы сұлулықты түсiнуге ғана баулып қоймай, оның адамгершiлiк, мейiрiмдiлiк, әдiлеттiлiк секiлдi қасиеттерiн жетiлдiредi;

–дәстүрлi өнердiң (қол өнерi, сәулет өнерi) пiшiнi, кескiнi, өрнектерi, жалпы сұлбаны образды форма құрайтындығы түсiнiктi. Сондықтан да бейнелеу өнерi сабағында форма мен мазмұн бiрлiгiн анықтауға мүмкiндiк жасайды;

–ең ақырында бiз дәстүрлi өнер бұйымдарының әдет-ғұрып, наным-сенiм, киелiлiк мағыналарының негiзiнде оқушының дүниетанымдық көзқарасын қалыптастырамыз.

Дәстүрлi өнердi осы өнер түрлерiнда пайдалана бiлу белгiлi әдебиет сыншысы М.Қаратаевтың 1960 жылдары айтқан ойымен сәйкес келедi: "Тұскиiз, оюлы текемет, кiлем, сүйектi өрнек, кесте өрiм – мiне, осы өнердiң бәрiн халық жасаған, халықтың әсемдiктi сүю сезiмi, талғамы осы өнерде бейнеленген... өнердiң халықтың арғы негiзiнен қол үзбеңдер, себебi өнердiң шын мәнiсiндегi халықтығы ғана жақсы. Ол талғамның, өмiршеңдiктiң, өшпес әсемдiктiң кепiлi болып табылады".[10, 26-27 б.]

Маңғыстау жеріндегі қорымдарда сақталған монументтi мүсiн түрлерiнен мысал келтірген кезде, біз, біріншіден, сыртқы сұлбасы кiсiтастарға ұқсас болып келетін вертикальдi ескерткiштер – құлпытастарды айтамыз. А.Медоев діңгек тәріздес тас ескерткіштердің бойында менгир түсінігі жатыр дейді. Құлпытастар мәнiн ұқтыру барысында балалардың дүниетанымдық түсiнiгiне игі әсер етуге болады.

Монументті мүсіндердің екінші түрі – қойтастар мен арқартастар. Қорымдарда қойтастардың бір-бірін қайталамайтын мыңдаған түрлерінің кездесуі кездейсоқ жағдай ма? Бұрын біз ою-өрнектегі қошқармүйіздің орталық орын алатынын айтушы едік. Енді, міне, қойтас және қошқартастың да дүниетанымдық түсінікте, қазақтың тұрмыс-салты мен дәстүрінде жалғасын тауып отырғанын байқаймыз.

Ерте және орта ғасырлардағы оба түрлерi, қала құрылыстары, Айша-Бибi, Бабаджа-Хатун, Қозы Көрпеш-Баян Сұлу, Домбаул, Жошы хан, Алаша хан, Қожа Ахмед Йассауи жәдiгерлерi, Маңғыстау қорымдарындағы сағана там, төртқұлақ, күмбез там, мiнтас түрлерiнiң көркемдiк пластикасы, эстетикалық сымбаты, түзiлiмдiк сипаты, оқушының тарихи-рухани-мәдени дүниесiн тәрбиелеуге, олардың бiлiктiлiгiн арттырып, жан жақты қалыптастыруға мүмкiндiктер жасайды.

Қазақ дәстүрлi өнерiнiң көркемдiк сипатын, оның мазмұндық мәнiн қарастырған уақытта батыстық өнер үлгiлерiмен немесе орыс өнерiндегi реалистiк қағидалармен, кеңес дәуiрiндегi социалистiк реализм өнерiнiң көркемдiк мүмкiндiктерiмен шектелуге болмайды. Бiз шектелу жөнiнде ғана айтып отырмыз. Одан өнердiң бұл көрiнiстерiн ескермеуiмiз керек, бiлмеуiмiз керек деп ешкiм айтпайды. Керiсiнше заманымыздыздың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов: "Бұл өз тiлiн, әдебиетiн бiлмеген, қадiрлемеген адам толық мәндi интеллегент емес деуге болады, – дей келiп, – екi тiлдiң мәдениетiн бойға сiңiру ол адамды кең тынысты етедi... Екi бiрдей тiлiң болу – екi енеге төл өскендей, екi жақты нәр қасиет, қуат бередi",– деген болатын [11,452 б.]. Бiз осы тұжырымды дамытып, екi тiлмен де шектелуге болмайды. Орыс, қазақ мәдениетiмен бiрге әлемдiк озық үлгiлi өнерiн және әлемдiк мәдениетте өз орнын қалыптастырған жетiк өнер туындыларын бiлуiмiз керек демекпiз.

Бiздiң айтатынымыз кез келген өнер құбылысы, соның iшiнде орыс, батыс, шығыс, кеңес дәуiрiндегi өнер туындыларын бiр калькамен, бiр шаблонмен, бiр жақты қарастыруға келмейдi. Қазақ өнерiнiң өзiндiк ерекшелiгi, өлшенетiн, бағаланатын критерийлерi бар деп айтпақшымыз. Дәстүрлi немесе халықтық өнер әруақытта дүниетанымдық көкейтесті мәселелермен байланысты.

Ұлттық және  жалпыадамзаттық құндылықтар таза түрiнде және қарым-қатынастардан, қоғамдастықтан тыс қалыптаспайды дейдi ғалымдар. Ұлттық сезiм – ерекше әлеуметтiк-психологиялық құбылыс, ол және сыртқы әсерлерге тез бой алдырады, тез қызуланып, сағы тез сынады. Сондықтан ол үнемi тәрбиелеудi және ақыл-парасат тарапынан бақылауды қажет етедi. Жеке тұлғаның ұлттық сезiмiн тәрбиелеу айналасындағы ортаның қалыптасқан, олар үшiн өмiрлiк қағида болып табылатын белгiлi-бiр құндылықтармен толықтыру арқылы жүзеге асырылуы тиiс. Ақыл-ойдың бақылауындағы және белгiлi-бiр ортаның ықпалындағы ұлттық сезiм iзгi, адамгершiлiктi болады. Табиғи, биологиялық, тектiк нышандармен органикалық түрде астарласады. Бiрақ ақыл-парасаттың өзi адамдардың қандай да бiр бөлiгiнде, ал кейбiр жерлерде едәуiр бөлiгiнде әртүрлi қоғамға қарсы идеялармен, психологиялық тойымсыздықпен, өзiмшiлдiкпен, басқа ұлттық құндылықтарды қабылдамау арқылы да ластануы мүмкiн" [12, 63 б.].

Дәстүрлi дүниетаным үшiн мифология жалғыз бола алмайды. Бұл жерде дiннiң де рөлiн айта кеткен жөн. Дүниеге дiни көзқарас және соған сәйкес келетiн дүниетаным типi алғашында мифологиялық сана  шеңберiнде қалыптасады екен. Алайда миф пен дiннiң арасында айырмашылық бар. Өйткенi миф нақты бейнелер арқылы қабылданады.

Мифтiк аңыздар мен әпсаналар дәстүрлi өнердiң пластикалық сипатын ауызша суреттеуге, оны бейнелеп түсiндiруге көмектеседi. Мифтi табиғат пен қоғамдық өмiрдiң синкреттiк образды бейнесi ретiнде қарастыруға болады.

Сондықтан да қол өнерi бұйымдарында, соның iшiнде зергерлiк өнерде мифтiк бейненiң пластикалы көрiнiсiн байқауға болады. Зергерлiк өнерде алдымен пәле-жала, қауiп-қатерден қорғаушы ретiнде көрiнсе, екiншiден, ол – әлемдiк модельдiң бейнесi. Одан кейiн ол эстетикалық қасиетке ие. Зергерлiк өнер қол өнерi бұйымдарының iшiнде ерекше көркем, сәндiлiкпен байланысты өнердiң түрi.

Қазақ дәстүрлi мәдениетiнде пiшiн, бояу түсi, өрнек сызықтары ғана емес, материалдың өзi де рәмiздi мағынаға ие. "Зер" сөзi  алтын деген мағына бiлдiргенмен, қазақ зергерлерiнiң сүйiп пайдаланатын материалы күмiс болған. Күмiс – киелi материал. Бұрыннан күмiспен тазалық түсiнiгi байланыстырылады. Мысалы, жаңа түскен келiн тағам жабдығымен еркiн араласып кетуi үшiн оған енесi өзiнiң бiлезiгiн сыйлаған немесе жiгiт келiншегiне әдейiлеп күмiстен қос бiлезiктi жүзiк соққызған. Сәбидi қырқынан шығарғанда да оны күмiс теңге салынған суға шомылдырады.

Халық әшекейлерi тәрбие-тәртiпке, әдет-ғұрыпқа лайық туындалған. Қазақтың көшпелi тұрмыс жағдайында адамгершiлiк, мейiрiмдiлiк, әдiлеттiлiк тәрбие ұғымдарын жастарға осындай дүниелер арқылы жеткiзiп, түсiндiрiп отырған.

Сөйтiп, зергерлiк бұйымдардың пiшiнi, кескiнi, өрнектерi, атқарар қызметi әдет-ғұрып, наным-сенiм, киелiлiк мағыналарына ие. Сондықтан қазақ халқының эстетикалық дүниетанымы әуел бастан зергерлiк бұйымдарда оның формасынан, композициясының структуралық түзiлiмiнен көрiнiс тапты. Кез-келген әшекейдiң бойтұмарлық қасиетi болғандығын байқауымызға болады. Әрине, бұрынғы кезде де, қазiр де өзiнiң әсемдiк, көркемдiк сипатын зергерлiк бұйымдар жоғалтқан жоқ.

Әрине, бiз мәдениетiмiздi бүкiл әлемге таныту үшiн көркем өнердегi ұлттық бейнемiздi анықтап, жалпы адамзаттық игiлiктердi тереңiрек меңгеруге тиiспiз. Оны түсiну үшiн алдымен бiз еуропалық классикалық реалистiк үлгiдегi бейнелеу өнерi мен ғасырлар бойы қалыптасқан және өзiнiң тұрақты сипаттық белгiлерiмен анықталатын халықтық шығармашылықты қамтитын мүсiн, сәулет, қол өнерi  секiлдi атадан балаға мирас болып келе жатқан дәстүрлi өнер түрлерiнiң өзiндiк ерекшелiктерiн нақтылы да тереңірек зерттеуіміз қажет деп ойлаймыз.

 

Шолпан Ақбаева

Абай атындағы ҚазҰПУ-ң  Өнер, мәдениет және спорт институтының  «Бейнелеу өнері және сәндік  қолөнер әдістемесі мен теориясы» кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Педагогика Ғылымдары Академиясының корреспондет мүшесі.

 Пайдаланылған әдебиеттер

1.Машанов А. Өнер мен ғылымның тоғысқан шұғыласы //Жұлдыз, № 9, 1975.

2.Крымский С.Б. Контуры духовности: Новые контексты индивидуальности //Вопросы философии, №12, 1999.

3.Ақатай С. Қазақтың ұлттық менталитетi //Культура - сущность нации: Ғылыми матер. жинағы /Жалпы ред. Д.Исабеков, Е.Б.Иманбек, Алматы, 1998, 212 с.

4.Касымжанов А.Х. Стеллы Кошо Цайдама, Алматы, 1998, 212 с.

5.Балтабаев М.Х. Современная художественная культура Казахстана: гносеология, ментальность, преемственность, перспективы, Алматы, 1997, 156 с. 

6. Кiшiбеков Д. Қазақ менталитетi: кеше, бүгiн, ертең, Алматы, 1999, 200 б.

7.Гердер И.Г. Идеи к философии истории человечества, М., 1977, 703 с.

8.Сейдiмбек А. Қазақ әлемi. Этномәдени пайымдау. Оқу құралы, Алматы, 1997, 464

9.Ушинский К.Д. О народности в общественном воспитании, Собр. соч, т.2, С. 482.

10.Қаратаев М. Әсемдiлiкке үйрететiн ұстаз, Алматы, 1965.

11.Әуезов М.О. Жиырма томдық шығармалар жинағы, Т.19, 412 б.

12.Марданов Қ. Өзгенi өзiңдей сыйласаң...(ұлттық, жалпыадамзаттық құндылықтар хақында) //Ақиқат, 1999, №1, Б. 62-67. 

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30