ХАН ТАҒЫ

Түркілерде (қазақтарда) хан сайлау дәстүрі өзінің түп-тамырымен сонау ғұн дәуіріне кетеді. Мысалы, Ғұн мемлекетінің басқарушысы “Тәңір-құт” деген лауазымды да иеленген. Бұл оның мемлекеттік билікті атқарумен қатар, дінбасы да болғандығын білдірсе керек. Билікке ие болу көбінесе мұралық жолмен жүзеге асырылды, бірақ егер билік мұрагері таққа лайық болмаса (қабілеті жетпесе, денсаулығы жарамаса және т.б.) оның мұра қалдырушының туыстарының ішінен лайықтысын халық (немесе билік басындағылар, бірақ бұл жағдай өте сирек кездесетін) сайлайтын. Бұл жөнінде VІІІ ғасырдан жеткен Күлтегін ескерткішінде Түрік халқының өткендегі ұлы қағандарын мадақтай келе: “Одан соң інілері қаған болды, ұлдары да қаған болды, бірақ інілері ағасындай бола алмады, ұлдары әкесіндей бола алмады,” – делінген.

 

Түрік Қағанатында реттік тәртіп аттамалы жолмен, дәлірек айтсақ, іріктеу арқылы жүзеге асады, жасы кіші інінің келесісі емес, үлкен-кішісіне қарамай ең беделді, айбарлысы хан көтеріледі.

Бұл салт Қазақ хандығы кезінде өз жалғасын тапты, болашақ хан тек сайлау арқылы ғана таққа жететін болды.

Басқа елдерде жоқ, тек қазаққа ғана тән рәсімдердің бірі – жаңа хан сайланғаннан соң, әр тайпадан, әр рудан келген адамдар ханның өрістегі малын түк қалдырмай бөліске салады. Бұл рәсім “Хан сарқыты” деп аталады. Ханға малдың керегі жоқ. Хан – ел иесі, жұрт тұлғасы, елде бар болса, Ханда да бар, ханның халықтан бөтен тілегі болмауға тиіс, деген сөз. Бірақ айта кететін жай, үш-төрт күнде бұл мал көбейіп, кері қайтады; бірақ бұл-ханның емес, қазынаның малы.

Сонымен бірге “Хан сарқытынан” бөлек, “Хан талау” деген салт та бар. Бұл – ел сенімін ақтамаған, өзінің нашарлығын танытқан басқарушының мал-мүлкін түк қалдырмай бөліп алу. Бұл барымта емес, халық шешімі бойынша жүзеге асатын жаза. “Хан талау” – жанға емес, малға ғана қатысты рәсім екендігін естен шығармау қажет. Жан – сауға, бірақ әмірші мал-мүлкімен бірге, бар билігінен, абыройынан айырылады. “Халық қаһарланса, ханды да тақтан тайдырады” деген сірә осы болар. Ендігі кезекте сол хандар отыратын таққа тоқталайық.

Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени этнографиялық орталығының екінші қабатында «Хан тағы» орналасқан. «Хан тағы» аты айтып тұрғандай хандар отыратын орын болып табылады. «Хан тағы»  мұражайымыздың негізгі экспонаттарының бірі. Бұл жәдігеріміз өте сәтті жасалған дүниелердің біріне жатады, қараған адамға алыстан тартып, мен мұндалап тұратындай. Мұражайға келген әрбір қонақ «Хан тағының» қасына бармай кетпейді. Тақ негізінен ағаштан жасалатын болған, қазақ халқының қол өнерінде кең тараған түрлерінің бірі ол ағаштан бұйымдар жасау. Көптеген тарихи деректемелерден өнер мен мәдениеттің даму ортасы патшалар негізінен тақта отырған. Тақ патшаның, хандардың және монархтардың салтанат кезінде отыратын орны, билікке ие болу белгісі. Халық арасында «Бір кісі таққа отырса, алпыс кісі атқа отырады» деген даналық сөз бар. Таққа отырған адамның билігі шексіз болатынын білдіреді. Бүкіл  өмірін  Абылайдың  оң  тізесін  басып  отырып,  оған  ақыл-кеңес  айтумен  өткізген  Бұқар  жырау  Қалқаманұлының  ханға  «Алтын  тақтың  үстінде,  Үш  жүздің  басын  құрадың»  деуінің  негізінде  тарихи  шындық  жатыр [1, 184].  Абылай  Ресей  мен  Қытай  империяларының  арасында  орналасқан  Қазақ  елінің  геосаяси  жағдайында  иемденген  саясат  жүргізді.

Хан сарайында ұлттық жиһаздың барлық түрлері қолданылған десек қателеспейміз.

Тақтың қай кезден бастап қолданғанына тереңірек үңілер болсақ, бастауы сонау ежелгі дәуірден басталатыны баршамызға аян. Ежелгі дәуірлердің өзінде әр тайпаның өз көсемі болған. Көсемдерді қарапайым халықтан ажыратып тұратын ол көсемнің басына киетін тәжі мен оның отыратын арнайы орын болғаны ақиқат. Әдемілеп тақ жасау адамзат баласының қолынан келмеген заманның өзінде көсемдері басқа адамдардан ерекше етіп көрсететін үлкен бір орындық тәріздес тас не болмаса биіктеу дөңес орын болған деп ойлаймыз. Осыдан келе өркениет дамыған кезеңдерде тақты алтыннан жасайтын да болған. Сақ дәуіріне жататын алтын адам табылды. Адам баласы алтыннан киім кигенде алтын таққа отырмады деп айта алмаймыз. Тағы бір айта кетер дерек хандардың басына киген  тәжілерінің болуы. Мәселен сақ адамы, ғұндардың алтын тәжі. Ғұн обасынан ғұн патшасының тәжі табылған [2. 21]. Негізінен хан болсын, қаған болсын қазақ даласының дәстүрі бойынша ақ киізге көтеріп халық арасынан алып жүретін болған.

Міне осындай тақтың тамаша бір үлгісі мұражайымыздың керемет жәдігері – хандар отыратын осы тақ. Қазан төңкерісінен кейін бірқатар тарихшы, этнограф, археолог, филолог, өнертанушылар тақтың жасалу жайында біршама зерттеулер де жүргізіп келеді. Хан тағының даму тарихы және технологиясы жайлы бұрын-соңды көп жазылмаған.

Алайда, бұл еңбектерінде «тақ» жеке тақырып болып қаралмағаны байқалады.

Қазіргі таңда тақтың өзі сақталмаған, назарларыңызға ұсынып отырған  мұражай жәдігері қайта жаңғыртылған түрі. Зерттеушілердің деректерін пайдалана отырып тақ жасалынды.

Тақтың жасалатын материалы ол ағаш болып табылады. «Шеберлердің қолында, кәсіп болған бұл ағаш» деп Қашаған жырау айтқандай ағаштың қасиеті өте жоғары. Ағаштан бұйым жасайтын шеберлер: емен, қайың, самырсын, үйеңкі, қызыл қарағай, шырғай, тасжарған, мойыл, қайыңның түбі (безі), жөке, тал, арша, жаңғақ ағашы, май қарағай сияқтыларды пайдаланады. Бұлардың бірі қатты, бірі жонуға оңай, жылтыр, ал кейбіреуі жарылмайтын, қаңсымайтын болса, енді кейбіреуі иілгіш, жеңіл, су сіңбейтін, бірақ бояу сіңгіш, желім ұстағыш болады[3, 45]. Әрбір істің ерекшелігіне қарай әртүрлі сападағы ағаштар пайдаланады. Ағаш адам баласы жер бетінде пайда болған кезде  ең  алғаш тұтынған материалдардың бірі болып саналады. Қазіргі ғылым мен  техниканың қарыштап өскен заманында біздің күнделікті өмірімізде ағаштың алатын орны зор, маңызды материал.

Сіріңкенің бір тал шырпысынан бастап, ең байтақ еліміздің атырабында жүріп жатқан алып құрылыстарда ағашсыз көп ісіміз ақсап жатқан болар еді.  Ағашқа ойылған оюлардың композициясы мен үлгiсi де қазақтың халықтық қолданбалы қолөнерiндегi тәрiздi қарапайымдылығы және көрнектiлiгiмен ерекшеленедi. Жалпы түс пен өрнектердiң теңдiгi, жекелеген бөлшектердiң жиi-жиi қайталанып отыруы да қазақы үлгi. Солардың арасында ең көбiрек кездесетiнi – қошқар мүйiз, екi басы тұйықталып келетiн иiр қайырма, S образды белгiлер мен шеңберлер, төртбұрыштар, ромбтар, жапырақ формалы иiрме орамдар, т.с.с. [4, 32].

Сол себептен тарихымыздағы хандықтарда қолданылған «тақтарды» анықтау үшін, сол ағаштардың қасиеттеріне үңілдік. Таққа қатысты Алтайдағы Пазырық қорғанынан тамаша ескерткіштер табылған. Пазырақ қорғанынан табылған кілемде өмір ағашын ұстаған тақта патша бейнеленген. Бұл тек қазақ жеріндегі деректердің бірі ғана. Әлемдік тарихта пирамидалардың сыртында перғауындардың тақ үстіндегі бейнесі бейнеленген. Ассириялық стильдің астарында ассириялық және вавилондық өнері стилінде де көрініс тапқан. Жалпы біз одан байқайтынымыз жиһаздың бұндай өңделуін біз Пазырық қорғанынан табылған бейнедегі тақтың үстінде отырған патшадан-ақ аңғара аламыз.

Шығыстықтардың тегіс ою-өрнекке құштарлығы мұражайда тұрған тақтан да көрініп тұр.

Қазақстан аймағынан табылған сақтар кезеңінің ескерткіштеріндегі «аңдық стильдің» негізінде жасалған. Ислам діні енгенге дейін жиһаздар мен тұрмыстық заттарда аңдар мен жан-жануарлардың бейнесі айқын байқалатын, ал, ислам діні енгеннен кейін жан-жануарлардің бейнесі зооморфтық ою-өрнекпен алмасады.

Сондықтан ерте орта ғасырдағы хан тағын дәл қандай болды дегенге дөп басып айту мүмкін емес. Ол көне монғолдық дәстүрден аса көп өзгермеген күйінде ХІХ ғасырға дейін сақталған. А.И.Левшиннің сипаттауы бойынша: «Хан сайланатын орын мен уақыт белгіленетін, онда халықтың көптеп жиналуы және әр ру-тайпа басшыларының қатысуымен кіші-гірім мәжіліс өткізілетін. Тақ мұрагері анықталған соң, әйгілі билер мен сұлтандар оны ақ киізге отырғызып «Хан, Хан, Хан» деп үш рет көтеретін. Хан көтерілген ақ киіз, сайлауға қатысқандарға «хан талапай» деп аталатын теберік ретінде таратылатын».

Дала мәдениетінде және тарихында ерекше орын алатын XІІІ-XІV ғғ.

Плано Карпини мен Вильгельм Рубруктың еңбектерінде Қыпшақтар, Қаңлылар және басқа тайпалар туралы зертеулер кезеседі. Ондай күйме туралы және скифтердікіне ұқсастығы жайлы жазылған. Киіз, жай ғана киіз емес, ақ киізге отырғызу – ежелгі түрік дәстүрі. Ұлы қағанатта сайланбақ қағанды ең алдымен ақ киізге отырғызу – қалыпты және міндетті рәсім болған. Бұл дәстүр Ежелгі Түріктің әйгілі бір мұрагері Хазар қағанатында да сақталғаны турасында нақты дерек бар. Шыңғыс хан империясының тікелей жалғасы Алтын Ордада хан тағына лайықталған тұлғаны ақ киізге отырғызып, үш мәрте жерден көтеріп, содан соң ғана таққа мінгізіп, қолына алтын қылыш ұстататын рәсім жайы да ғылымға белгілі. Алтын Орданың бір жарқасы Қазақ Ордасында да сайланбақ ханды ақ киізге отырғызу – міндетті рәсім болғаны мәлім, осыған орай, қазақ тілінде «ақ киізге көтеру» – хан сайлау ұғымының синонимі ретінде қалыптасқан. Сондықтан, арғы мен бергінің аралығындағы Шыңғыс ханның да киізге, жай киіз емес, арнап басылған ақ киізге отырғызылуы анық. Сонымен, Темужін  ақ киізге көтерілді және таққа отырғызылды, міне осы бір жұлдызды сағатында оған жаңа есім, жаңа дәреже – Шыңғыс қаған деген атақ беріледі. Бұл салтанатты оқиға турасында Рәшид-әд-Дин: «Сәтімен, құт-берекесімен келген хижраның 602 – барыс жылы, ерте көктемде Шыңғыс хан тоғыз тұғырлы ақ туын тігіп, ұлық [тұлғалар] түгел жиналған Ұлы Құрылтай өткізді. Бұл Құрылтайда оған «Шыңғыс-хан» деген ұлұқ атақ бекітіліп, бар бақытымен таққа отырды», – деп жазған. «Шың (Чиң) – күшті, берік, ал Шыңғыс – соның көпше түрі, Қара-қытай патшаларының гөр-хан атағымен шендес, басқаша айтқанда, қуатты және ұлы әмірші деген сөз», – дейді бұдан соң. Қаған көтеру, таққа отырғызу рәсімі осы арада өткеріледі. Алтын Орданың төңірегіне топталған қаншама халық [сол жақ] тізелерін бүгіп, түстікке бет беріп тұрып ұзақ уақыт мүнәжат қылды, содан соң ұлық кісілері шатырға қайта оралып, Күйікті император тағына отырғызды және іштегі, сырттағы, бағыныштан тыс бізден басқа барлық жұрт тізелерін бүгіп, құлдық жасады, депті. Бұдан кейін ұлан-асыр той басталады. Айттық, Карпини қаған көтеру рәсімін сырттай ғана тамашалаған. Және мұншама салтанат – Еке Моғұл империясының ең дәуірлеген, күш-қуаты кемеліне жетіп, байлық-берекесі кенересінен асқан шақ.

Түркі-моңғол халықтарындағы ұлысты билеушіні таққа отырғызу, яғни Хан көтеру ерте орта ғасырдан бастау алады. Хан көтеру рәсімі Плано Карпини, Рашид әд-Дин, Жуайни, И.Шильтбергер, тағы басқа ортағасырлық авторлардың еңбектерінде жан-жақты баяндалған. Көне моңғол мемлекетінде Хан көтеру құрылтайда атқарылғанымен, таққа кімнің отыратындығын ханзадалар алдын ала шешіп алған. Құрылтайды басқарып отырған рудың ең жасы, үлкені немесе мемлекетте уақытша билік жүргізіп отырған ханзада шақырылды. Оның уақыты алдын ала жаушылар арқылы ұлыстарға хабарланды. Айтылған мерзімде, көрсетілген жерге елдің түкпір-түкпірлерінен ханзадалар, жақын туыстар, нойондар мен әмірлер, мемлекетке тәуелді патшалар мен билеушілер өз қызметшілерімен келіп орналасады. Бірнеше аптаға созылған құрылтайда Хан көтеру рәсімі арнайы шатырда атқарылды. Жұлдызшылар белгілеген қолайлы күні құрылтайға қатысушылар Хан көтеру рәсімін жүргізген. Қатысушылар дәстүр бойынша бас киімдерін, белбеуін шешкен. Белбеулерін иықтарына салып тұрған. Хан әулетінің ең үлкен екі мүшесі үміткерді қолынан ұстап таққа отырғызған. Одан кейін жаңадан сайланған ханға ханзадалар ант берген. Ол біткеннен кейін ақ киізге отырғызылған. Шильтбергер Жошы ұлысындағы Хан көтеруді былай деп баяндайды: “ақ киізге отырғызады да, үш рет көтереді. Содан кейін оны шатырды айналдыра алып жүреді де, қолына алтын қылыш береді; осыдан кейін ол дәстүр бойынша ант беруі тиіс”. Рашид әд-Диннің айтуы бойынша қатысушылардың барлығы тоғыз рет (Жуайни жазбасында үш рет) тізелерін бүгіп жаңа ханның есімін атаған. Бұдан кейін олар ханға ант беріп, шатырдан шығарда Күнге қарап үш рет тағзым еткен. Хан көтеру аяқталғаннан кейін бірнеше күн той болған. Хан көтеру дәстүрі қазақ халқында 20 ғасырдың бас кезіне дейін сақталған. А.И. Левшин қазақтардағы Хан көтеруді өз еңбегінде былай дейді: “Таққа үміткер сұлтандар мен ақсүйектердің көпшілігінің келісімін алған соң, хандықтағы ең беделді сұлтандар мен билер оны жұқа ақ киізге отырғызған, киіз шетінен ұстап үш рет көтеріп, бірнеше рет “Хан! Хан! Хан!” деп айқайлаған”. Ақ киіз дала шөбіне тиер-тиместе көпшілік оны аспанға қайта-қайта көтеріп түсірген. Содан кейін жиналған жұртшылық хан отырған тақ есебіндегі киізді “хан талапай” жасап осы тарихи оқиғаға қатысуының куәсі әрі тәбәрік ретінде бөліп-бөліп алған. Кейін той басталып, ол бірнеше күнге жалғасқан. Хан көтеруге келген көпшілік мұнда бірнеше күн тыныққан, сондай-ақ беделді қайраткерлер мемлекеттік маңызды істерді ақылдасқан. Жаңа ханға ел ішіндегі жайттарды мәлімдеген. Қазақ сахарасы Ресейге өткеннен кейін патша үкіметі Хан көтеруді тоқтатып, хандық жүйені жойды. Бұл дәстүрлі қазақ қоғамындағы билік жүйесіне нұқсан келтірді, отарлық езгіні күшейтіп, ұлт-азаттық көтерілістердің тууына себепші болды.

Моғолстан ханы Есен бұға аса құрметпен қабылдап, өз мемлекетінің батыс жағынан Шу бойы мен Қозыбасы өңірін оларға бөліп береді. Осы арада олар жаңа Қазақ хандығының шаңырығын көтереді. Хан тауында Керейді ақ киізге отырғызып хан көтереді.

Керей хан немере інісі Жәнібекпен біріге отырып жас мемлекеттің іргесін бекітіп, шаңырағын биіктету үшін үлкен еңбек сіңіреді.

Түркістан қаласында қазақ билеушілерінің хан көтеру салтанаттары өтті. Абылайды қазақтың аға ханы етіп сайлау жөніндегі дерек назар аударарлық: «…1771 ж. …біздің барлық текті және даңқты кісілеріміз, Үш алаш – қазақ жұртының хандары, қалалар мен далалық аймақтар және Түркістан жұртының текті кісілері мені хандардың басшысы етіп қоюды келісті. Біздің дәстүрімізге сай және алдынғы хандардың жолымен, біздің әулие әзірет Қожа Ахмет Ясауи дүние салған Түркістан қаласында, оның қабірі басында Фатиха сүресі оқылып, мені хан етіп көтерді…». Сонымен кейінгі ортағасырлық дәуірде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қазақтардың жоғарғы басшысын сайлайтын орын болды.

Қазақ хандарының Түркістан қаласына келуі үлкен салтанатпен атқарылды. 1744 жылы 24-маусымда жазылған хабар бойынша: «Әбілмәмбет хан қалаға жақындай түскенде қала ішінде бір адам қалмай қарсы алу ұйымдастырылды… сонымен қоса өз дәстүрімен ұзындығы саженьнен асатын мыс кернейлер ойнатылды және қыш табақтарға тері тартылғандай етіп жасалғандай даңғыраларды ұрды. Бұған қоса оған аса қуанышты қабылдау белгісі ретінде үш сиырды үш мәрте айналдырды… Хан қалаға бөлек кетті. Қалаға енген кезде біріншіден олар әулие жатқан бас мешітке барды…».

Түркістан қаласы қазақтың бетке тұтарлары мен ақсүйектерінің мәжіліс өткізетін орны болды. Бір деректе қазақтың атақты биі Төле Әлібекұлының 1744 шілдесінде келгені көрсетіледі: «…Түркістанға Әбілмәмбетпен кездесуге Ұлы жүзден Ташкентте ханнан жоғары құрметтелетін қазақтың ең атақтысы Төле би келді».

...Демек хан тағының жиһаз өнерінде немесе ағаш ұсталық кәсібінде де алар орны ерекше. Хан тағы құрметті орындардың қатарында саналады, тақтың әрбір ою-өрнектермен әшекейлері, көрген адамға ерекше, әсер етеді.

Тақтың құрылымдық мазмұны басқа отыратын жиһаздар секілді аяқтар, отыратын орыны, екі жағында шынтақтап жатуға ыңғайлы жастықшалары, артқы тұсында сүйеніп отыратын бөлігі болған. Шығыстық адамның тегіс ою-өрнекке құштарлығы бұл жерде қатты білінеді. Өсімдік ою-өрнектер тым стильденген. Қазақ халқында ою-өрнектер көптеп қолданылған. Мұражайда орналасқан тақтың екі жағында екі жолбарыстың бейнесі бейнеленген. Екі жолбарыс азуын ақситып айбат шегіп тұрғаны бейнеленген. Жолбарыстың бейнесінің төменгі тұсында «түйетабан» оюы бар. Сонымен қатар, тақтың аяқ тұстары мен жиектеріне қазақтың «қошқар мүйізі» бейнеленген. Тақтың төменгі тұсында қызыл, жасыл көздермен де әсемдеп өрнектеген. Сондай-ақ, артқы тұсында тақтың түсіне түстем қоңыр кілем ілінген. Ал, негізінен өсімдік тектес өрнектер көптеп кездеседі.

Айта кететін жәйт хан тағының жасалу технологиясы өте күрделі.

Тақтың арқалығы оюланып келген, оның артында таққа түстес кескінделген кілем ілулі. Жалпы хан тағын жасау технологиясы әр түрлі болып келеді.

Хан тағы қазақ жерінде археологиялық қазбалардан кездеспегендіктен нақты айту қиын.

Қорытындылай келе хан тағын зерттеу жиһаз өнерінде өзінше қызықты да қомақты зертеулерді қажет етеді. Жалпы тақтың түрлерінің дамуын қарасақ сонау ежелгі дәуірлерден бастау алады. Тақырыпқа сүйеу болған Пазырық қорғанынан табылған кілем үзіктегі тақтың бейнесі. Тақтың стильдерінің даму тарихын танып білу, тың зерттеуді талап ететін тақырыптардың бірі. Хан тағының бойында эстетикалық жақтары да бар.

Хан тағының бейнесін ашып көрсетуде этнографиялық ғылыми ізденіс керек.

 Зәуре ТӘжібаева, Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени этнографиялық орталығының ғылыми-әдістемелік бөлім меңгерушісі

 Пайдалаған әдебиеттер

1. Ұлттық Энциклопедия. 8 том 184 бет. А 2006 .

2. Қазақстан тарихы туралы Қытай деректемелері ІІ том. 21 б, А. 2005.

3. Ә.Х. Марғұлан “Қазақ халқының қолданбалы өнері”. – Т.1. Алматы

4. Д.Шоқпарұлы. «Қазақтың қол өнері» 25 бет А. 2007 ж.

 *Сурреттер автордікі. Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени этнографиялық орталығының мұражайынан алынған.

 

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30