Зергерлік өнер

Қазақтың халықтық зергерлік өнері ұлттық мәдениет тарихынан ерекше орын алады. Өнердің бұл түрінің түп төркіні мыңдаған жыл әріде жатыр. Археология деректеріне қарағанда, Қазақстан территориясында мыс, алтын, тағы басқа асыл және түсті металдарға бай кен орындарын игеру ісінің ежелгі замандарда – ақ қолға алынғандығын айғақтайды.
Сан ғасырдың сарабынан өтіп, біздерге қаймағы бұзылмай жеткен халқымыздың қастерлі де дәстүрлі қолөнері көптеген салаға бөлінеді. Солардың бірі түрі жағынан да, мән – мазмұны жағынан да аса бай, шоқтығы биік тұрғаны – зергерлік өнер. Зергерлік өнер туындыларын зерттей келе, оның өте күрделі, әрі қиын да қызықты екеніне көз жеткізуге болады.

 

Қазақтың зергерлік өнері – тамырын тереңнен алатын дәстүрлі мәдениеттің көрікті және көрнекті саласы. Зергер болу киелі де қасиетті өнер ретінде саналған. Сондықтан да болар ел ішінде: «Зердің жайын зергер білер, Аңның жайын мерген білер», – деп босқа айтпаса керек-ті. Оған біріншіден, табиғаттан дарыған тума талант керек болса, екіншіден, ол – атадан балаға немесе ұстаздан шәкіртке ауысып отыратын тылсым сыры бар, халықтың тарихымен, салт-дәстүрімен байып отыратын қастерлі кәсіп. Жалпы зергерліктің түбірі «зер» парсының «алтын» деген сөзінен шыққан. Зергерлік өнер – ауқымы жағынан шағын болып көрінгенімен өте нәзік те күрделі өнер. Қиындығы «инемен құдық қазғандай» демекші, ісмерлікпен қоса, ыждағаттылықты қажет етеді. Зергерлер көбінесе, әйел қауымының әшекейлі сәндік бұйымдарын шеберлікпен, зор талғаммен жасай білген. Қазақ әйелдері кеуделеріне алқа, құлақтарына сырға, шаштарына шолпы, білектеріне білезік, саусақтарына жүзік таққан. Бір-біріне үзбелеп бекітілген үлкенді-кішілі өрнекті алқалардан құралатын салмақты да салтанатты өңіржиектер аса көзтартарлық әсем болады. Көптеген зергерлік бұйымдар түрлі асыл тастармен әшекейленеді. Жалтыраған асыл тастар бұйымдарға әдемі өң береді, әрі бағасын арттырады.
Сақина – қыз-келіншектердің саусағына тағылатын зергерлік бұйым. Сақинаның жасалуы жүзікке қарағанда оңай. Салт-дәстүрімізде де жүзіктің алатын орны ерекше. Мәселен, ұзатылған қыздарға нәзік жасалған құсмұрын жүзік лайықты. Сонымен қатар, үйлену салты кезінде сом алтыннан құйылатын сақиналарды жас жұбайлар (төртінші) саусағына тағады. Ал, үлкен көз орнатып, ауқымды етіп соғылған салмақты жүзіктерді құдағи жүзік деп атайды.
Сырғалар. Әшекейлердің тіл-көзден сақтау қасиеті бар деген түсінік ертеден қалыптасқан. Солардың көнеден келе жатқандарының бірі – сырға. Сырға – сән үшін тағылатын зергерлік бұйым. Бұл бұйымды көбінесе әйел қауымы құлаққа тағады. Сәндік үшін құлақ тесумен ғана тоқталып қоймай, мұрындарын, еріндерін тесетін адамдар да кездеседі. Сырғаның айшықты сырға, ай сырға, салпыншақты сырға, күмбезді сырға, т.б түрлері бар.
Білезік – әйелдерге арналған әшекейдің ең көп кездесетін әрі күнделікті қолданылатын түрі. Оны қыз-келіншектер де, орта жастағы әйелдер мен үлкендер де білегіне салады. Тіпті қыз бала 3-4 жасқа келгеннен-ақ, ата-анасы бойын түзеп сән-салтанатты өссін деп бала білезіктер соқтыртқан. Оның алтын білезік, бұрама білезік, жалпақ білезік, бес білезік, зерлі білезік, т.б бірнеше түрлері бар.
Көптеген елдерде адам моншақ, сырға, білезік тәрізді сәндік бұйымдарды неғұрлым көп тағатын болса, соғұрлым ол бай болып есептеледі. Ал бай саналған әйел әрі сымбатты,әрі сұлу болуы тиіс. Африка, Оңтүстік Азия елдері мен кейбір аралдарда мұндай ұғым осы күнге дейін бар көрінеді. Әйелді білегіне таққан білезіктерінің санына қарай бағалайтын халықтар да бар.
«Шеберді шеге қағысынан таны» демекші, зергерлік өнерде шеберлер әр түрлі құрал-саймандарды өздері жасап қолданған. Оларға жататындар: көрік, қысқаш, төс, шымшуыр, сым тартқыш, т.б. Бұл құрал-саймандардың атқаратын қызметі әр түрлі, маңызы зор.
Әшекей бұйымдары арқылы әр халықтың өзіндік сыр-сипаты, өнерге деген көзқарасы, ұлттық тағылымы мен қоршаған ортаға деген ұғым түсінігі байқалып тұрады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, қазақ зергерлік өнерінің де өзіндік ерекшеліктері бар. Бір шүкіршілік ететініміз, салыстырып, талдап қарай келгенде, қазақ зергерлік өнерінің дүниежүзілік деңгейден ешқандай да төмен емес екендігін аңғаруға болады. Біздің қол шеберлеріміздің жасаған бұйымдары дүниежүзінің әр түрлі көрмелеріне қатысып, жақсы бағаланып келеді.
Сөзімізді түйіндер болсақ, «Ел іші – өнер кеніші» демекші, ата-бабаларымыздан мирас болып қалған зергерлік бұйымдардың біршама қоры Еңбекшіқазақ ауданы, Ақши ауылындағы «Ұста Дәркембай атындағы қолөнер мұражайында» да сақталған. Оның ішінде білезіктің бірнеше түрлері, күміс сақина түрлері, күміс түймелер, қапсырма, шекелік, кемер белбеу, т.б мұражай экспозициясының қорынан орын алған. Осы аталған зергерлік бұйымдарымыз қазақ халқының салт -дәстүрі жөнінде кейінгі ұрпаққа мол ақпарат беретіні хақ.

Ағила Әзиева,
«Ұста Дәркембай атындағы қолөнер
мұражайының» қолөнер ісі бойынша
ғылыми қызметкері.

*Суреттердегі зергерлік бұйымдар «Ұста Дәркембай атындағы қолөнер мұражайында» сақталған.

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30