Өнермен өрнектелген өмір

Тарбағатай ауданының Тұғыл кентінің маңындағы орысы мен қазағы аралас шағын ғана Тұйық ауылына сонау жылғы шілденің шіліңгірінде велосипедпен орыстың бір жас жігіті келіп, балықшыларды, олардың бала-шағаларын фотоға түсіріп, бір жұмадан кейін суреттерін әкеліп берген болатын. Міне, сол күннен бері өзінің төрт жасар ұлының мінезі күрт өзгергендей көрінді. Балада қай бір мінез дейсің, іс-әрекетін айтқаны ғой. Бұған дейін көлдің жағасындағы күні бойғы қызу ойыннан айғайлап келтіре алмайтын баласы енді тіпті үйден шықпайтын болды. Орыс жігіті алып келген фотосуреттерден көз алмай, ұзақ қарайды. «Адамды айнытпай салған бұл неткен шеберлік» деп іштей таң-тамаша қалатын сияқты. Содан соң қарындашын алып, күні бойы қағаз шимайлайды. Кейде бір үлкен адамдарша ойға шомып, оңашада ұзақ отырып қалатынды шығарды...


Бір күні кешке балықтан келіп, демалып жатқан әкесіне ұлы өзінің бірнеше «еңбегін» әкеліп көрсетті:
– Әке, мынау – сен, ал мынау – мамам...
Салған суреттеріне көңілі тасып,көзі шоқтай жайнап тұрған бала көңілін байқаған Рахмет қолына «портреттерді» алып, асықпай қарап шықты да, асүйде жүрген Күлпәнді шақырды:
–Әй, бәйбіше, бері келші, мына ұлың екеуіміздің суретімізді айнытпай салып қойыпты, келіп көрші. міне, мынау дәл мен емес пе, анау фотодағы сияқты.
Келіп көрген шешесі де «Әкесі ау, мынау шынында да маған ұқсайды екен... Құлыным, сол!» деп құшағына алып, ұлының күн қаққан томпақ бетінен мейірлене шөпілдетіп сүйіп-сүйіп алды.
– Енді мынаны көріңдер, – деп кішкентай Қайсан тағы екі-үш қағаз ұсынды.
– Өй, мынау жирен қасқа емес пе... Мынаны қара – Ақтөс қой... Кеше туған қара қозыны да салып қойыпты,- деп әкесі де қуанып тұрған ұлын өзіне тартып, маңдайынан емірене иіскеді,– міне, жігіт болды деген осы...
Баланың жүзі бал-бұл жанды. Өзі ең жақсы көретін адамдар «еңбегін» жақсы бағалағанына мерейі өсіп, мәз болды. Содан бастап Қайсан қарындашын қолынан тастаған жоқ. Үйде бес ұл, үш қыз болды. Сол бес ұлдың кенжесі болған соң, әке-шешесі еркелететін де мұны. Әкесі күні бойы жұмыста болғандықтан, Қайсан шешесіне жақындау еді. Мынадай ынтасын байқаған соң, шешесі оған түрлі-түсті қарындаштар, кейінірек бояулар сатып әперді...
Тұйықтағы мектептің табалдырығын аттағанда Қайсанның суреттерін алдымен мұғалімі, одан соң мектеп директоры көрді. Қолы жаттығып қалған жеті жасар суретшінің қоржынында бұл кезде төрт түлік мал да, портреттер галереясы да, табиғат пен ауылдың көріністері де аз емес болатын. Баланың өзі салғанына сеніңкіремей, мектеп директоры өзінің көзінше Қайсанға бірнеше сурет салғызды. Қалақтай ғана баланың дарынына тәнті болып, таң қалды. Мектепте «Білім үшін» деген қабырға газеті шығады екен. «Осыны бұдан былай сен безендіретін боласың, ағаларыңның айтқандарын салып беріп отырсаң болғаны» деп, директор ағай «суретші бала» атанып үлгірген бірінші кластың оқушысы Қайсан Қадырбековты мектеп қабырға газетінің безендіруші-редакторы етіп бекітті.
Өзінің бал дәурені өткен, бүкіл әлемде оған еш жер жетпейтін, жұмақтың төріндей қайран Тұйық Бұқтырма су қоймасы салынып, Зайсан көтерілгенде судың астында қалды. Қайсандардың отбасы көршілес Қарасуға көшіп, «суретші бала» төртінші сыныптан бастап сонда оқыды...
– Жарты ғасыр өтсе де сол Тұйығым, сондағы асыр салар балалық шағым еш ұмытылған емес, әлі көз алдымда. Көңілде мәңгі сағыныш болып қалып қойған сияқты, – дейді бүгінде республикаға танымал қылқалам шебері, Қазақстан Суретшілер одағының, Театр қайраткерлері одағының мүшесі Қайсан Қадырбеков, – жалпы, өнер адамына, оның ішінде суретшіге ең алдымен сергек те, жанды күйдірер ыстық сезім, таңданыс, махаббат, әсер мен сағыныш керек. Қылқаламыңнан жақсы дүние сонда ғана туады...
Суретшінің өзі «төлқұжатым сияқты» деп бағалаған «Менің балалық шағым» атты картинасы сонау Тұйықта қалған балдәурен шағына деген ересен сағыныштың әсерінен туған екен. ... Ауылдың қарадомалағының барлығына етене таныс – күрес сәті бейнеленген бұл суретте. Жаздың аптабы. Күнге күйіп, әбден қақталған, белдеріндегі жалғыз лыпадан басқа ештеңелері жоқ тақырбастар көл жағасындағы майда құмда жан алысып, жан берісіп, күш сынасып жатыр. Ортадағы белдескен қос «палуанды» айнала қоршаған жанкүйерлердің бірі түрегеп тұр, енді бірі малдас құрып отырып алған, бірі қырынан, бірі етпетінен жатып қызықтаса, тағы бірі екі қолын көтеріп, айғайды салып, дем беруде. Осы қарасирақтардың әрқайсысы – бір-бір образ. Бөлектене тұрған кішкентай үш қыздың назары даурығып жатқан күрестен гөрі өздеріне қызықтау көрінген басқа бір жаққа ауған. Ең кішісінің қолында – қуыршақ. Ауыл балаларының ең бір тамаша ермегін суретші дәл бейнелеген.
...Мектептен соң дарынды бозбала Алматыдағы Гоголь атындағы көркемсурет-графика училищесіне оқуға түсіп, кең профильді суретші-безендіруші мамандығы бойынша бітіріп шықты. Академиялық білім беретін бұл бөлімнің түлектері өз таңдаулары бойынша мүсінші де, суретші де бола алатын, декорация жасап, насихаттық ұрандар жазуға да үйреніп шығатын.
Училищеден соң жас жігіт Қиыр Шығыста , Ресейдің Амур өлкесінде әскери борышын өтеді. Ол кезде сарбаздар да, сардарлар да өте сыйлайтын суретшілерді. Қайсан сол әскери құрамадағы барлық суретшілерге жетекшілік жасап, безендіру, насихат жұмыстарын жақсы жолға да қоя білді, әредікте өзі де еркін шығармашылықпен айналысып, Қиыр Шығыстың қатаң табиғаты мен қызметтес достарының бейнелерін қағаз бетіне түсіріп отырды.
Әскерден соң Өскеменге келіп, өндірістік кәсіпорындарда суретші-безендіруші болып еңбек етті. Міне, осы кезде өзі пәтерде тұрған іркес-тіркес, жұпыны ғана, жатаған «Алтыншы барак», шлюздің арғы бетіндегі негізінен энергетиктер мен теміржолшылар мекендеген «Басов кенті» сияқты сонау жетпісінші жылдардағы халықтың жұпыны тұрмысын реалистік тұрғыда көрсете алған тамаша туындылары дүниеге келді. Суретші жігіт дәл осы шағын кентте атақты Илья Репиннің шәкірті, Петербург көркемсурет академиясының түлегі, патша сарайына жақын болған генералдың қызы, ертеректе шешесімен және апайымен бірге осында жер аударылған қылқалам шебері Любовь Сокальскаямен танысады. Жасы келіп, бойынан күш-қуаты кетіп бара жатқан өнер адамына Қайсан көп жылдар қамқорлық жасайды. Терең ойлы ақыл-парасатымен, өмір мен өнер жайлы тартымды әңгімелерімен өзін тәнті етіп, баурап алған осынау шүйкедей ғана көгілдір көзді егде әйелдің портретін салды Қайсан. Бұл 1993 жылғы Жеңіс мерекесі күні болатын. Бір демде салынған шағын портрет өте сәтті шықты. Тағдырдың тауқыметі аяусыз айғыздаған текті қарияның әжімді жүзінде құбақандай құбылған заманадан, өмірдің, тұрмыстың ауыртпалығынан қажыған бір мұң бар, бағыт-бағдарсыз көзқарасы өзін әбден жалықтырған күйкі тіршілікке үмітсіз, бей-жай қарайды. Дегенмен, ерекше бір мейірімділікті, айналасына шуақ шашар жылылықты, сырттай көрінген жұпынылықтың арғы тереңінде жатқан ақсүйектік пен тектілікті ішкі түйсігіңмен сезінгендейсің. Жеңіл ғана ұлпадай ақ түстерді шебер пайдаланған суретшінің бұл еңбегі нақты тарихи портреттерінің ішіндегі шоқтығы биік шығармаларының бірі.
Тек сурет салумен өмір сүріп,отбасын асыраудың мүмкін еместігі белгілі. Қайсан біраз уакыт қорғасын-мырыш комбинатында жетекші суретші болып жұмыс істеді. Соңғы он жылдан бері – Жамбыл атындағы облыстық драма театрында суретші-қоюшы. Қазақстан Театр қайраткерлері одағының мүшесі Қайсан Рахметұлы осы уақыт аралығында отызға жуық спектакльді бастан-аяқ безендірді. К. Чуковскийдің «Муха-цекотуха» балалар музыкалық ертегісіне жасаған жұмысы 2007 жылы Астана қаласында өткен 15-республикалық фестивалінде «Ең үздік ертегі» аталымы жүлдесіне ие болды. Суретші, жалпы спектакльдерге декорация жасаумен ғана шектелмей, алдынала өзі көп дайындалып, болашақ кейіпкерлердің, олардың костюмдерін салып, режиссермен, актерлармен ақылдаса отырып, өзінің ой-пікірлерін, ұсыныстарын сурет тілімен жеткізіп отырады.
1993 жылы суретші Өскемендегі Суретшілер үйінде өзінің кескіндемелік жұмыстарының алғашқы жеке көрмесін өткізген еді. Содан бері қылқалам шеберінің еңбектері облыс аудандарын аралап, Алматыда, Астанада, Омбыда өнер сүйер жұртшылықтың назарына ұсынылды. Қайсан Рахметұлының еңбектері қазір Шығыс Қазақстан өнер мұражайында, өзі көп жыл еңбек еткен «Казцинк» акционерлік қоғамында , Қазақстан, Ресей, Түркия, Германия, Қытай, АҚШ, Франция, Италия елдері коллекционерлерінің жеке қорларында сақтаулы.
Өнердің сан қырлы жанрларын жете меңгерген суретші шығармашылығының өзегі – атамекен. Бұл ұғым Қайсан үшін туған жері, Отаны ғана емес, елінің, жерінің тарихы, ата-бабаның салт-дәстүрінің кейінгі ұрпаққа дейінгі сабақтастығы. Әлемдік даму сахнасында «мың өліп, мың тірілген» қазағының тарихын жетік білетін қылқалам шебері өзінің «Кенесарының арманы» атты кең форматты тарихи жанрдағы суретіне халқымыздың тәуелсіздігі жолындағы күресінің ауыр да айшықты кезеңін сыйдырған. Бұл – сонау көне тарихтың қойнауына еніп кеткен кеңістікті көрерменінің көз алдына қайтадан алып келер қуатты да күшті, панорамалық үлкен еңбек.
– Санаңа алғаш келген ой – алғаш кездестірген махаббатың сияқты, – дейді суретші, – әнтек қана жымиып. – Бір көргенде ұнатып қалған қызыңмен біраз уақыт жүресің, сырласасың, араларыңдағы өзара сәйкестілікті байқайсың. Шынайы сезіміңнің баянды болатындығына көз жеткізгенде ғана көңіл қосасың. Сурет те сол сияқты. Алғашқы ойың көкейіңде әбден пісіп-жетіліп, қосымша оқиғалар, тұлғалар, детальдар мен штрихтар нақтыланып, ұлы Абай айтқандай болашақ туындыңды алдымен ойша «айналасын тегістеп, жұмырландырып» алған соң ғана жұмысыңа кірісесің. Әр еңбегіңді де перзентің десең, соның әрқайсысының да әр мерзімді өзіндік толғағы болады...
Осы орайда суретшінің кең тынысты «Домбыра туралы поэма» атты триптихін айтпай кетуге әсте болмайды. Адам ғұмырының жігіттік, кемелдік, қарттық шағын көрсететін бұл еңбек те – шеберді ұзақ толғандырған суреттердің бірі. Алғашқы картинада астында – сәйгүлігі, жанында – махаббаты, қолында домбырасы бар, қанатты қиялы аспанда қалықтаған мұңсыз, қамсыз, бақытты жас жігіт ерке табиғатта еркін жүзіп жүр. Екінші картинада бала-шағалы отағасы тірлігін үй ішіне ауыстырған. Сәйгүлігімен қош айтысқанымен, жас кезіндегідей күмбірлеп тұрмаса да, домбырасы – қолында. Бала ұстаған бәйбішесі қасында болғанымен, алғаш рет пәк сезімге бөлеген бозбала махаббаты ойынан шығар емес. Триптихтың үшінші суретінде ақ сақалды қарт пен егделеп қалған бәйбішесі немерелерін алдандырып, жаратушыға шүкіршілік айтып, жылы үйде жан бағып отыр. Сырттағы жапырағы сиреген кәрі емендей қуаты қайтқан қарттың қолындағы домбырасы бұрынғыдай сауық-сайранға емес, өзінің естелік-ермегіне айналған. Алғашқы екі картинадан өзгермегені – ойынан кетпейтін өзінің алғашқы махаббатының асыл бейнесі. Бұл триптих идеясының өзегі – «адамның өзі қартайса да, көңілі қартаймайды» деген философиялық түйін. Ал қасиетті домбыра – қазақтың фәни ғұмырлық серігі, рухани жаны. Жырын да, мұңын да, сырын да әр қазақ осы киелі домбырамен бөлісетіні белгілі. Триптихтағы басты кейіпкердің ұрпағына қалдырар мұрасы да осы – «...нағыз қазақ – домбыра».
Қайсанның суретшілік өмірі мен академиялық кескіндемелік мектепті жете меңгерген, күрделі композициялардың хас шебері, ұлттық және заманауи өнерді өзара үйлестіріп өре білген шығармашылық еңбек жолы – ересен мақсаткерліктің, өзі таңдаған идеал мен ұлттық рухтағы тақырыпқа деген адалдықтың үлгісі. Суретшінің енді бір арманы – өзінің әр жанрдағы мың жарымға жуық жинақталып қалған осынау еңбектерінің барлығы үнемі халықтың, жас ұрпақтың назарында болатындай жеке бір көрме-мұражай ашу. Алдына мақсат қойған екен, қылқалам шеберінің оған да қол жеткізетіндігіне сенеміз. Өйткені оның қырық жылдан бері рухани тірегі болып, өзіне ғашық етіп келе жатқан өмірлік қосағы – Айманы мен екі ұлы бар, қылқаламын қолына алғанда шалқар шабытқа кенелтіп отыратын құлыншақ-немерелері өсіп келеді. Бабы келген бақытты отбасы мен таңдауы келіскен ғұмырлық кәсібі қылқалам шеберін қол созған арманына жетелей түсіп келе жатқандай...

Айтмұхамбет Қасымов
Өскемен қаласы.

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30