Ескен Сергебаев мүсіндеріндегі ұлттық нақыштар

Бүгінде қазақ мүсін өнерінің атасы кәсіби мүсінші Хәкімжан Наурызбаевтың жолын жалғастырушы, еліміздегі мүсін өнерінің хас шеберлерінің бірі Ескен Аманжолұлы Сергебаев. Оның рухани күшке ие, асқан сезімталдықтан туған бейнелері қазақ мүсін өнерінің шоқтығын көтеріп тұр. Санкт-Петербургтің кескіндеме, мүсін, архитектура институтынан түлеп ұшқан Е.Сергебаевтың шеберлігі тек мүсіншілердің ғана емес, қазақ ұлтының мақтанышына айналды.

Дара дарынның қолтаңбасы көбінесе лирикалық, баяндаушылық сарынымен ерекшеленеді. Ол киім иірімдеріне көп көңіл бөлген. Е.Сергебаевтың Мұхтар Әуезов, Әлия Молдағұлова, Махамбет пен Исатай, Әбу-Насыр әл-Фараби сияқты қазақ ұлыларды жазған образдары жанды бейнедей әсер қалдырады. Ескен Сергебаев туралы өнертанушы, философия ғылымының кандитаты, доцент Қалдыгүл Оразқұлова өзінің ойын былай білдірді: «Мүсіншілердің ішіндегі ерекше адам, себебі оның жұмыстарының композициялық құрылымы, тақырыбы қайталанбайды». Шын мәнісінде Е.Сергебаев жоғарыда аталған туындыларында ұлттық ерекшеліктерді дөп басып сомдаған. Айталық, Махамбет пен Исатай мүсінінде қос батырдың ержүректілігі мен қайсарлықтары көрініс тапқан. Олардың бет-жүздеріндегі қатқылдық, көз жанарларының өткірлігі көрушілерді баурап әкетеді.
Мүсін өнерінің басты тақырыбы – адам, оның сыртқы бейнесі арқылы сол адамның ішкі рухани дүниесін, сезімін, ерік-жігерін, күрделі психологиялық күйін ашып көрсету болса, Е.Сергебаевтың туындыларында осының бәрі бар. Оның мүсіндері уақыт пен кеңістікте өзінің сан алуандылығымен қабылданатынына қарамастан, ұлтқа тән ерекшелігін сақтауымен дараланады.
Е.Сергебаевтың тынымсыз еңбегінің жемісі М.Әуезовке арналған мүсін болып саналады. 1978 жылдың күзінде Әуезовке арнап ескерткіш жасауға арнайы сайыс өткізіледі. 1979 жылы 10 жобаның ішінен Ескен Сергебаевтың жобасы таңдалып, байқаудан ұтады. Ол Әуезовтың мүсінін жарыққа шығармас бұрын әуелі 14 нұсқа жасайды, тек содан кейін ғана жазушының бейнесіне сай мүсінін алып шығады. М. Әуезовтың мүсінін жасау үшін, Сергебаев кітапханада, архивтерде жазушы деректерін іздеп, оның туған жері Семейдегі М.Әуезов атындағы мұражайға да барады. Аталмыш мұражайдың сол тұстағы директоры жазушының қызы Лейла Мұхтарқызы болатын. Ол мүсіншіге әкесі туралы мол мағлұматтар берді. Е.Сергебаев өзімен бірге бірнеше материалдарды алып келеді. 1980 жылы Ресей мен Ленинградтың жолдары жабылып қалған соң, Е. Сергебаев бесінші қазанда Бакуде жаңадан ашылған заводқа барып, сол жерден Мұхтар Әуезовтың мүсінін қола мен граниттен жасап, театрдың алдына орналастырады.
1967 жылы Ескен Сергебаевқа дейін Төлеген Досмағамбетов Алматы қаласында Абай атындағы опера және балет театрының жанына М.Әуезовке бюст орналастырған болатын. Сонымен қатар Әуезовке арналған Досмағамбетовтың мүсіні Семей қаласында да бар. Әрине, халқымыздың ұлы суреткері М.Әуезовке арналған ескерткіштер болашақта да туа берері даусыз. Бірақ Е.Сергебаевтың қиял көкжиегінің кеңдігі мен кәсіби біліктілігінің биік шыңы саналатын М.Әуезовтың мүсіні қайталанбас туындылар қатарында қалды. Ол сомдаған мүсінде еліміздің данасы М.Әуезовтың кере қарыс маңдайы мен данышпандарға тән ойлы жанары бірден көз тартады. Оның жүзінде мейірімнің шуағы да бар.
ҚР мәдениет қайраткері, профессор, ҚР суретшілер одағының мүшесі Болат Тұрғынбай Мұхтар Әуезов бейнесіне байланысты былай деді: «Театр алдында келген қонаққа жазушының отырысы, сұстылығы адамға беретін психологиялық әсері өте күшті. Бұл адамның сезіміне айрықша әсер ететін керемет жұмыс. Сондықтан мен бұл мүсінді Қазақстандағы ең үлгілі жұмыстардың алдыңғы қатарына қосамын».
Сол сияқты ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор ҚР суретшілер одағының мүшесі Керімбек Қыстаубаев та мүсіншінің жұмыстары туралы өзінің жылы лебізін былайша білдірді: «Е.Сергебаевтың мол ізденісінің жемісі саналатын Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының алдында тұрған жазушының мүсіні ҚР Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Мүсіншінің одан кейінгі жұмыстары да жеткілікті. Оның еңбектері әрбір облыста десек өтірік болмас».
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Әшірбек Сығай: «Әл-Фараби, Абай, Исатай, Махамбет,Әуезов сияқты ірі тұлғалар, қазақтың ірі ағартушы, батыр, данышпандарының тас мүсіндері Ескен сияқты білікті мамандардың сөйлеп тұрған саусақтарының ізі қалмаса не боларын кім білсін? Сондықтан Ескен ағамызды ерекше сыйлаймын, құрметтеймін. Оның ештеңемен қақ-соғы жоқ, артық сөзге бармайды. Қашан көрсең күлімсіреп, өзінің ішіндегі өзегін өртеп тұрған мәселесін сыр етіп, аз ғана сөзбен баян етеді» – деген еді. Осыған қарап-ақ, Е.Сергебаевтың өз ісіне құлай берілген талант иесі екенін аңғару қиын емес.
Бүгінде Е.Сергебаев бірнеше буын студенттер тәрбиелеп отырған ұлағатты ұстаз. Оның мол тәлімін алған шәкірттері Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүр.

Дина Нұрпейс,
Т.Жүргенов атындағы
ҚазҰӨА-ның «Өнертану»
бөлімінің студенті

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30