Бата

Халқымыздың сан ғасырлар бойы жинақтаған және соншама уақыт жас ұрпақтың құлағына қорғасындай құйып, санасына сәуле төгіп келе жатқан асыл қазыналарының бірі – баталар. Баталар өзінің болмысы, құрылымы жағынан сан қырлы болып келеді. Бата немесе ақ тілектер барша елдің бәрінде де бар. Алайда дәл қазақтардікіндей поэтикалық, философиялық тұғырға көтерілгені кемде кем.

Бүгінгі көзі қарақты заман, оқымысты қоғам батаның не екенін бек жақсы біледі. Өйткені, сол батаны өз игілігіне жаратып отыр. 

Бата негізінен алғанда халықтық құбылыс. Батаны кейде аузы дуалы, білікті жандар, от ауызды, орақ тілді ақындар, тіпті сөзге шешен, бордай егіліп, судай төгілген ділмарлар да шығара берді.

Назарларыңызға заңгер, әрі ақын, қаламгер Оразхан Анарбайұлының қаламынан туған бірнеше батаны ұсынып отырмыз.

Дастарқан батасы

Е, жаратушы жасаған,

Ел көгерсін батадан.
Салтым осы әрқашан,
Қалған сонау атадан.
Беделің өссін биіктеп,
Биік болсын баршадан.
Рахмет айтып ел саған,
Алғыстарын арқалан.
Тойың тойға ұлассын.
Басыңа жаңа бақ қонып,
Бағаң артсын әрқашан.
Қораң толып малдарға,
Таси берсін дәулетің.
Жанұяң толып жандарға,
Өсе берсін әулетің.
Тіршілігің бастаған,
Жаңара берсін жаңадан.
Көп тілегі қабыл боп,
Арманыңа жет аңсаған.
Әумин!

Жастарға бата

Талабың таудай болып,
Биіктен биікке самғағын.
Ақылыңа ақыл қосылып,
Шыңдала берсін талғамың.
Қошеметке кенеліп,
Гүлге толсын жан-жағың.
Өмірлікке серік бол,
Жаныңда болсын жан жарың.
Айтылған тілек қабыл боп,
Құлағына жетсін Алланың.
Басыңа бақ қонсын,
Орындалсын арманың.
Жас шағыңда ойнай біл,
Кәрігенде тойлай біл,
Күліп, ойнап тірлікте,
Жазғы күндей жайнай біл.
Жоғалғаның табылар,
Жаралы жүрек жазылар.
Өткен күніңе өкінбе,
Туар күнің тағы бар.
Дастарқаның жайнасын,
Уайым-қайғы болмасын.
Той-думанға жиылып,
Дос-жараның ойнасын!
Ұқыпты бол,
Сүйкімді, айбынды бол.
Қиналғанға,
Тарыққанға қайырымды бол.
Бетбақтырмас,
Көкезу, түлей болма,
Ақылды тыңда,
Өзгеге қайырлы бол.

***

Білімдінің айтқан ақылын
тыңда,
Білмесіңе бас ауыртып тұрма.
Абай бол,
Ширақ бол,
Аңдып сөйле,
Абайсызда опық жеп,
Басыңды ұрма!

***

Қулық, сұмдық,
Арам ойлы адамнан сақтан,
Соңыңнан өсек айтар,
Жаманнан сақтан.
Істеген жақсылығыңды теріс
көріп,
Өзіңді түсінбейтін наданнан
сақтан!

Жас келінге бата

Ақ батамды берейін,
Үстем болсын мерейің.
Келін болдың қарағым,
Құтты болсын қадамың.
Салтын сақта, ардақта,
Кешегі ата-бабаның.
Ошақтан отың,
Үйіңнен қонақ кетпесін.
Адал болғын жарыңа,
Лаула, оттай жалында!
Береке, байлық кетпесін
Бақ болып басқа орнағын,
Сыйласып бірге жүріңдер,
Жалғаса берсін тойларың!

***

Е, шырағым, малды бол,
Жақыныңа жәйлі бол.
Бала-шағаң ер жетсін,
Үйің толы жанды бол.
Тең құрбыңның алды бол,
Достарыңа сыйлы бол.
Дастарқаның жайнасын,
Уайым-қайғы болмасын.
Дос- жараның жиылып,
Қызығына тоймасын.
Аққу ұшып, қаз қонған,
Айдын шалқар көлің болсын.
Тілеуіңді әрдайым тілейтін,
Пейілі кең елің болсын.
Көк аспандай көңіл болсын,
Бейбітшілік өмір болсын!

***

Малың тусын егізден,
Болсын тағы семізден.
Құдаларға рахмет,
Құйрық-бауыр жегізген.
Асың, асың, асыңа,
Рахмет, мына ұсынған басыңа.
Бөденедей жорғалап,
Қырғауылдай қорғалап,
Қызыр келсін қасыңа!
Өркенің өсіп,
Дәулетің тасып,
Мәңгілік бақ қонсын басыңа.
Ниетіңе рахмет,
Асың берсін берекет.
Осында берген ақ ниет,
Батамды Алла қабыл ет!!!

Заңгерге берген бата

Істеген ісіңе әруақытта,
Қабылетті бол,
Адам тағдырын ардақта,
Әділетті бол!

Жаңа көлікке берген бата

Құтты болсын көлігің,
Ұзақ болсын өмірің.
Көлігің болсын серігің,
Шалқи берсін көңілің!

Оразхан Анарбайұлы, этнограф, ақын, заңгер

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30