Әбділда Тәжібаев

 (1909-1998)

Терезесі күн бетте,
Жеңешемнің үйі кең.
Сырласады менімен:
«Жазбақ едім бір сәлем.
Жәрдем берші өлеңмен.
Үй оңаша, уақыт кең
Кел жазайық, кел бермен».

 

Жақын барып отырдым,
Жеңешемнің қасына.
Жеңешем алды қаламын
Столына асыла –
«Алыстағы жарыма»
Деп жазыпты басына.

Жеңешемнің жарына,
Не жазарын білдім мен,
Жарылғандай жүрегім,
Қуанышпен күлдім мен.
Туды жаңа бір өлең
Кең дүниедей көңілден.

Жылдар өтер, күн өтер,
Кемпір болар жеңгетай.
Мен де жас боп тұрмаспын
Шал атанбай, қартаймай.

Сол күнде де көріссек,
Ақтарылар сыр қалмай,
Сол күндерге өлеңім,
Жетер бірге кір шалмай.

Жаңа заман көрмесі
Орын берді өлеңге.
Кел, ақындар, жолдастар,
Тиейік өлең вагонге!
Қант пенен шай, сабындай,
Жеткізейік бар жерге.
Өлең керек жеңгейге,
Өлең керек бар елге.
1936ж.

Қойшы жыры
Ағын-өзен алдында
Құрай-құрай жануар.
Қайырайын айдынға,
Мөлдір судан қанып ал.

Ән салады аузыма,
Бала күннен баққан мал.
Айтылмай сыр қалды ма,
Менен саған жануар?

Семірмессің сен қалай,
Болса мендей қойшың сай,
Қуанбасын ел қалай,
Қойы қоңды, жері бай.

Қайырайын өзенге,
Мөлдір судан қанып ал,
Алшақ мүйіз, ақ серке,
Баста, кәне, жануар!

Алдырмаймын бөріге,
Айқасқанмын мен талай.
Жаным риза әніме,
Алау-лайлай, алау-лай!
1940ж.

Жайлау
Шыжыған ыстық айларда,
Не жетсін тауда жайлауға!
Жайылған малға қосылып
Жатады бұлттар сайларда.
Теңіздей майса толқиды,
Желпіп жел, жауын шайғанда;
Жазығы жайған кілемдей
Жарысып құлын ойнауға.

Қатарлап ақ үй қондырдық,
Қар көмген басын құздарға.
Жартасқа біткен қарағай
Ұқсайды біздің қыздарға.
Қиядан қойшы қарайды,
Көз тастап алыс шыңдарға.
Жылқышы даусы жаңғырар,
Әндетіп біраз тынғанда,
Шырқай түс, жігіт, шырқай түс,
Әзірміз талмай тыңдауға.
1957ж.

Әжелер
Кірді түн үйге есіктен,
Жамылып қара желегін.
Тербете берді бесікті
Әженің айтып өлеңін.

Тербетіп отыр түн әже,
Жылаған немерелерін.
Баяндап отыр түн әже,
Күн әженің де келерін.

Сәбилер қашан тыншыған...
Сыңсыған ән де үзілді.
Кезектен кетті түн әже,
Күн әже кірді қызулы.

Ақ тілек
Мен бүгін аппақ шашы бар,
Әбділда деген атамын.
Күн сайын, саған, Отаным,
Ақ тілеу тілеп жатамын.

Ақ тілеу тілеп жатамын,
Ақ пейлі осы атаның.
Қайталап сөзін батаның
Арнаймын саған, Отаным.

Тауларым тұрсын сілкінбей,
Теңізім тынсын күрсінбей.
Жарығым жансын жарқырап,
Айдыным жатсын жалтырап.

Тынықсын жақын, алыстар,
Тынықсын түгел атыраптар.Қан ішер апат соғыстан,
Қалтырамасын жапырақтар.

Зарықпасыншы сыбызғым,
Торықпасыншы қоңыр ән.
Ыңырасынбасыншы қобызым,
Күңіренбесінші домбырам.

Немерем ойнап, күлсінші,
Көбелек қуып жүрсінші,
Күздегі кеткен аққуым,
Көктемде қайта келсінші.

Аққуым қайта келсінші,
Көліне көлбей қонсыншы.
Көк құрақтарын көрсінші,
Кернейін тартып берсінші.

Мен бүгін аппақ шашы бар,
Әбділда деген атамын.
Жаңа жыл келді, Отаным,
Оң болсын ұлы сапарың!

Алтыбақан әні
Айлы түн, нұрлы жарық,
мөлдір аспан,
Әдемі жас көңілдің
құлпын ашқан.
Секілді жасыл жайлау
жас құрбылар,
Шырқаңдар шыққанша
күн тоқтамастан.

Бөгелме, жастық ән, жыры,
Түлей бер, берік қанаттан!
Суыма, сүйген жүректер,
Достықпен биік талаптан!

Бас қостық сағынысқан
өңшең достар,
Шырқаңдар тыңдасын жұрт
әнге құштар.
Тербелсін алтыбақан
атқанша таң
Қосылып бір сайрасын
жыршы құстар.

Бөгелме, жастық ән, жыры,
Түлей бер, берік қанаттан!
Суыма, сүйген жүректер,
Достықпен биік талаптан!
Шарықта көңіл күйі, айлы түнде,
Оятып шың, құздарды келтір тілге.
Жаңғырып, жас әуезің қайталасын
Серпіліп серуен құрған бізбен бірге.

Бөгелме, жастық ән, жыры,
Түлей бер, берік қанаттан!
Суыма, сүйген жүректер,
Достықпен биік талаптан!
1949ж.

Темірші әні
Қазанда сарқ-сұрқ қайнайды темір,
Жалаңаш қолмен көсейміз отты,
Темірден қуат алады өмір
Қорлайды жаулар қуаты жоқты.

Айда темірші, лаулат жалынды,
Тасқан дариядай ағыз темірді!
Біздің Ұлы Отан темір құрсанған,
Болсын өмірлі, болсын көңілді!

Қазанда сарқ-сұрқ қайнайды темір
Дамылсыз тынбай көсейміз отты.
Темірден қанат тағады өмір,
Таппайды жаулар қанаты жоқты.

Қазанда сарқ-сұрқ қайнайды темір,
Дауылдай желмен үрлейміз отты.
Темірден қуат табады өмір,
Сыйлайды жаулар темірі көпті.
1957ж.

Аталар туралы
Біреуі мен ем атасын сүйген жастың,
Өмір бойы сені, ата, ұмытпаспын.
Күс-күс қолмен басымнан сипадыңда,
Желден ықсам жып-жылы қойныңды аштың.

Көтердің де аталық қолыңменен,
Кеттің де алып өзіңнің жолыңменен.
Алғашқы айтқан әніңді маған арнап,
Тыңдай бердім таусылмас сенімменен.

Жалаң аяқ үйреттің қар басуды,
Жыланмен де үйреттің арбасуды.
Ойнап кеттім құйынмен құйын болып,
Қайсарлардан таптым мен жолдасымды.

Жарыстырдың даланың тағысымен,
Алыстырдың дарияның ағысымен,
Бәрекелде, балам! – деп тұрдың күліп,
Толқындардың жалына жабысып ем.

Қалдырмаушы ең қасыңнан қайда барсаң,
Қуанушы ең отпенен от боп жансам.
Бәрекелде, балам! – деп тұрушы едің,
Табанымнан тікенді жұлып алсам.

Жақсы атаның атандым немересі,
Өзіме өзіңнен бар тиді үлесім.
Қаршадайдан бастырып көрігіңді,
Жаттаттың қазағыңның шежіресін.

Біреуі мен атасын сүйген жастың,
Өмір бойы мен сені ұмытпаспын.
Өз жолыңа, жан ата, түсіп бүгін,
Немереге өзім де қойнымды аштым.

Шалдар туралы
Шалдық өмір қызық екен өзінше,
Аштым міне сол өмірдің қақпасын.
Арман қала қажыдым деп тоқтасын
Жүрек шіркін дамыл таппай жатқасын.

Ойлаушы едім: қартайғанда қамсыз боп,
Жатармын деп араласпай өмірге.
Болмайды екен су себуге көңілге,
Керек екен қимылдауым менің де.

Тыпыршығыш келеді екен шал жаны,
Әрине, ол күтпейді оңай олжаны.
Керек емес өзгелердің шолжаңы,
Әйтсе де оның бөтен емес болжалы.

Түнде оянып Әміртайым жыласа,
Тұрамын да тербетемін бесігін.
Тербеткенім немереме ұнаса
Жастығымды жоғалтқанның несі мұң?

Күтем таңды күн еңкейіп батқасын,
Құмартамын көруге аман от басын.
Арман қалай қажыдым деп тоқтасын,
Жүрек шіркін дамыл таппай соққасын.

***
Жұлдыз түгел үлгермепті батуға,
Аспан тура сауысқандай қарала.
Төзе алмадым төсекте ояу жатуға,
Келем жалғыз көшелерді аралап.

Менен де ерте тұрған екен құрдасым,
Әдетінше сыпырып жүр көшені.
Көшеміздің ең тәртіпті көсемі
Тастапты үйіп ыластарды кешегі.

Жауыннан соң кеппей жердің ылғалы
Сілтегені сыпырғысын бір қызық.
Талай жерді тазартыпты тұрғалы,
Құлап қалған урналарды тұрғызып...

Кәзір ғой жұрт жөңкіп жүре бастайды,
Бәрі соның өзіміздің балалар.
Шылымдарын, шыныларын тастайды.
Былғанады көшелер мен қоралар.

Біледі оны менің мына құрдасым,
Айтып кейде ренжіп те жүреді.
Тастамайды бірақ шалым қолынан
Қос қаруын: сыпырғы мен күрегін.

О, қайран шал, сабыр таппас құрдасым,
Ойламайды ол күйттесем деп бір басын.
Жатсын қалай,
жарқыраған зор ғасыр
Жүрегіне тоқтама деп тұрғасын!

Антологияны жүргізуші: ақын Темірхан Медетбек

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30