Өрмек тоқу өнері

Өрмек қазақ арасына кеңінен таралған қолөнерінің бір түрі. Өрмек – қазақ үйі архитектурасының маңызды элементі әрі халықтың ақыл-парасатының жауһары, ең байырғы, ең қарт өнер туындыларының бірі. Бұған жаңа мың жылдықтың алды-артында тура келетін археологялық табылымдар мен ел ішіне кеңінен тараған дәстүрлі және тәжірибелік технологиялар дәлел бола алады. Осы өрмек өнері арқылы бау, басқұр, термебау, алаша, қоржын, қап, тақыр кілем, тұс жабу, шекпен, шидем, егенше, кесеқап, мойыншақ сяқты толып жатқан сәндік, тұрмыстық бұйымдар тоқылады. Бұл бұйымдар матерялы қарапайым, жұмысы нәзік, пайдалануға төзімді, көрінісі көркем болуымен ерекшеленеді. Одан да маңыздысы – бұл қарт өнердің көшпелі тұрмыстың отырықшылыққа қарай ойысуына байланысты тұрмыстан ығыстырылып, фолклорлық, дәстүрлік құнының артып бара жатқандығы.
Бау тоқудың жұмыс барысы халық арасында кежім тоқу, бұқар теру деген сияқты түрлерімен белгілі, бұл жұмыс барысына қарай бөлінуі. Сосын бұйымның жалпақ немесе жіңішке болуына орай, жіптің бояуы, композициясы, салынатын өрнегі талданады. Бау- басқұрлар көбінде қызыл, жасыл, сары, көк, қара сияқты шикі, табиғи бояулардың өзара жарасым табуымен тоқылады, одан сырт, қоңыр, сұры, сарғыш, кұлдыбадам реңдермен де шешімін тауып отырады. Ал оған көбінесе «қошқар мүйіз», «ирек», «тарақ», «сыңар мүйіз», «қос мүйіз», «бұрмаша», «су өрнек», «шырша», «қурайгүл», «шөпгүл», «жүрекше», «көз», «айшық», «жұлдызша» сяқты өрнектер түсіріледі.
Біз енді көзімізбен көрген, сұрастырып жинаған материалдарымыз негізінде, өрмек өнерінің

барысына тоқтала кетейік.
Өрмекке қойдың жазғытұрымғы жүні және түйенің майда жүндері пайдаланылады. Бұл жүндер алдымен түтіліп, сосын сабалып, боялып, шүйкеленіп, соңынан ұршыққа иіріліп дайындалады.
Түту – түйе немесе қойдың жүнін талшықтап, жабағысын ажыратып, арасындағы шөп-шалаң, жабысқан құмалақ сияқты нәрселерді бір-бірлеп аршып, тазалау барысы.
Сабау – түтіліп болған жүнді қатқан теріден әзірленген тулаққа салып, бірнеше адам айлана отырып, ырғайдан жасалған сабаумен жүннің тозаңын шығара сабайды, сабалып болғаннан кейін жүн жұмсарып, майдаланып, талшықтары түгел ажырап шығады.
Жуу, бояу – сабалып болған жүнді ыстық суға салып жуады. Жуылған жүннің кірі, шуашы кетіп тазарып, таза, табиғи өңіне келеді, әрі бояғанда бояу тегіс, жақсы жұғатын болады. Сосын оны жайып толық кептіргеннен кейін бояуға кіріседі. Бұнда ақ және қара жіп иіру үшін, шымқай ақ немесе шымқай қара жүндерді қажетінше айырып алып қояды да, қалғанын қажетіне қарай әр түрлі түстегі бояу езілген қазанға салып, белгілі aтемпературада қайнатып, бояу қоспай, толық қонғаннан кейін, сүзіп алып, көлденең сырыққа асып кептіреді.
Шүйкелеу – сабалып, бояуға салынған жүнді (түйенің шудасы мен жүні негізінен боялмайды, табиғи түсімен болады) аз-аздан бөлектеп алып, алақанға салып бір-бір айландырып, иіруге қолайлы етіп дайындауды шүйкелеу дейді.
Иіру – енді дайын болған жүнді ұршыққа салып жіп етіп иіріп, есіп шығады. Бұл арада ұршық туралы да тоқтала кетейік. Ұршық – жіп иіруге пайдалынылатын арнайы жабдық. Қүміс, жез, мыс, қорғасын сияқты металлдарды балқытып, белгілі формадағы қалыпқа құйып ұршықтың басын жасайды. Ұршықтың басы бұлардан сырт тошыннан, тастан, ірі қараның жілігінің домалақ бастарынан да егеп, жонып, майдаланып, бедер салынып, дөңгелек немесе күмбез бейнесінде жасалып, ортасы тесіліп, шынашақтың жуандығындай 40-50 см ұзындықтағы тобылғы немесе ырғайға сапталады, оның бас жағынан сіріңкенің талындай ағаш немесе металдан мұрындық өткізеді. Ұршық басының диаметрі 3-6 см көлемінде болады да, қалыңдығы материалына және ауыр- жеңілдігіне қарай теңделеді. Сапқа қолданылатын ағаштың қабығын аршып, майдалап, төмен жағын үшкілдеп жонады. Саптың бас өткізілген жерінен мұрындығына дейінгі аралығы бір тұтамдай болады. Міне, осы қарапайым аспап арқылы өрмекке қатысты жіпті иіруге болады.
Жіп иіргенде, шүйкеленген жүнді ұршық мұрындығына созбалап орап, шүйкенің екінші ұшынан сол қолмен көтере ұстап, ұршық сабын оң қолдың алақанымен оң жақ қара санға үйкей айландырады. Шүйкенің есілу дәрежесі көңілдегі санға жеткенде, пысыған шүйкеге екінші шүйкені жалғап, ұршық басының астына иірілген бөлегін орап отырады. Оралған жіп үлкейіп, ұршықты айландыруға кедергі келтіргенде, жіпті домалағы бойынша ұршықтан шығарып алып, жаңа шүйкеден қайта бастап иіреді. Әр түрлі реңдегі жіп дайын болғаннан кейін, енді өрмек құруға кіріседі.
Тегіс, таза жерге айландыра төрт қазық қағып, айлана жүгіріп жіпті орайды. Мұны «жүгіру» деп атайды. Арқау болатын жіп бостау болады. Жіп толық жүгіріліп болғаннан кейін, екі жерге екі қазық қағылады. Жүгірілген жіп аударылып, екі жағына оқтаудай екі ағаш өткізіліп, оның екі ұшына жіп байланып, манағы екі қазықтың ортасына керіп байланып, өрмек құрылады. Керілген жіптің астыңғы жағы бос қалады да, үстіңгі қабатынан, аралығынан бір талдан жіп қалдырылып теріліп күзуге байланады. Мұны «теру» деп атайды. Онан соң бастап тоқылатын жерге мосы орнатылып, күзуді соған көтеріп байлайды.
Күзу дегеніміз –сабаудың ұзындығындай, сұқ саусақтың жуандығындай ағаш. Күзудің мосыға көтеріліп байланған жерін «бота мойнақ» дейді.
Бұлардан кейінгі өрмек тоқуға қажетті негізгі жабдық – адарғы мен қылыш. Адарғы мен екі қабат жіптің арасын көтеріп қояды, қылышпен арқау өткізгеннен кейін қағып отырады. Өрмек тоқушы мосы орнатылып, күзу байланған бота мойнақтың алдына отырады да, өрмек жіптерін ағаштан жұқалап жонылған 50 см ұзындықтағы үшкіл тергішпен қатарынан асты мен үстінен ауыстыра теріп, арасынан арқау өткізіп тоқуға кіріседі. Арқауға өткізетін жіпті бір-екі қарыс ұзындықтағы шидің сыртына жіліншіктеп орап алады. Арқауды бір рет өткізгенде адарғыны бір рет жығып-тұрғызып, өрмек жіпті көлденеңінен бір рет тарап, арқауды тығыздап ұрып, бекітіп отырады. Күн өте ыстық болғанда мосының үстіне көлеңке жасап алады.
Өрмек арқылы тоқылатын бұйымдардың аз емес екенін бағана айтқанбыз. Ал енді осы бұйымдарға қолданылатын жіптердің түрі мен сандары да парықты болады. Қазақ үйдің басқұрлары екі қабат иіріледі. Баудың жалпақ-жіңішкелігіне қарай өрмек жібінің көлденең терілген саны да әр түрлі болады. Мысалы, туырлық, үзік бауларының үсті екі талдан, қос жіп болып көтеріліп байланады. Асты екі талдан 19, екі шеті 5 тен 10 жіп болып екі талдан тұмарша түседі. Шаңырақ желбауының орта термесі екі талдан 13 тін болып көтеріліп, асты да 13 жіп болады. Екі шеті 6 жіптен 12 жіп болып келіп, шетінен кеспе түседі. Тағы кілт бау деген болады, бұл 15 жіптен келіп, 3 те 6 тал кеспе түседі. Қошқар мүйізге 15 жіптен түседі де, екі шеті кеспе және қабырға болады.
7 жіптік термелерді «шалма» дейді. Сыңар мүйіз боп түседі. Үй сыртындағы төрт бау дағар термесінде тоқылып, үстіне пышақ тәрізді кілкіме түседі. Бұны арқаудан теріп шығарады. Құр, кереге таңғыштардың ортасын алалай келіп, жалаң қабат 6 тілден 3 оңқай, 3 солақай есіліп жасалады. Әр жерінде шашақ түсетін термелер болады.
Басқұрдың асты-үсті 50 де 100 жіптен келіп, екі шеті 7 де 14 жіп немесе 14 те 28 жіптен болып, 4 тал су тартылып, кеспе салынады. Онан соң екі шеті дағарша тоқылады, жалпақтығы 40 см мөлшерінде болады.
Жарым басқұр 25 те 50 жіптен болып, екі шетіне 7 де 14 жіптен мүйіз келіп, екі талдан су, үш талдан кеспе түседі.
Дағар, қап, егеншек қатарлары жалаң иіріліп, тоқылады.
Бұлардан сырт қоржын, аяққап, кесеқап, шай қалта, тұз қалталарды да жоғардағы әдіспен, көлеміне қарай тінін молайтып және азайтып тоқуға болады. Басқұр сияқты өрмекті жалпақ құрып, тоқылып болған соң қажетті көлемде өрнектерін сәйкестіре құрастырып алаша жасап, кілем есебінде пайдалануға болады. Бұларға шеберлер өз талғамдары және көрген үлгісіне сай әр түрлі өрнек салумен бірге, айдың атын, күннің сәтін, аты-жөнін, мақсаты мен арнауын да қоса тоқып кетеді.
Шидем, шекпен көбінде түйе жүнінен тоқылатындықтан, артықша өрнек салынбайды, табиғи өңімен дағар термесінде тоқылады.

Шәкен БӨКЕТАЙҰЛЫ

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30