Сыйлы қонаққа бас тарту

Қазақ халқының дүниетанымында төрт түліктің орны ерекше сипатталады. Малын жанынан кем бағаламаған бабаларымыз төрт түлігін дала төсіне өргізіп, ғасырдан-ғасыр аралатып, көшпелі ғұмыр кешкен. Халқымыз малының жайына, күтіміне аса мән берген. Дәстүр -салтында малға қатысты мол мұра қалыптасқан. Оның бастауын тереңнен тартқан. Төрт түлік төліне қатысты балаларға арналған ән-жыр, ертегі, мақал-мәтел, жұмбақ-жаңылтпаш, өзге де әдеби туындылар қалдырды. Төрт түліктің әрбірінің қадір-қасиетіне орай әрбір түліктің ерекшелігін айыруды жас ұрпақ бойына сіңірген. «Жылқы –малдың патшасы» деп желмен жарысқан Қамбар ата түлігіне, «түйе –малдың қасқасы» деп Ойсыл қараны әулие тұтқан. Қойдың еті, сүті, терісі мен сүйегі, жүніне дейін өңдеп, кәдеге жаратты. Ежелгі наным-сенімдерінде қошқарды жоғарғы әлеммен байланыстыра қарайды. 

 

Ежелгі халық емшілері қара қойдың жауырын сүйегіне қарап, алда кездесетін табиғат құбылыстарын, жаугершіліктегі стратегиялық бағыттарды, адам өміріндегі қилы тағдырды алдын ала болжай білген. Бақсы-балгерлер, құмалақшылар да адам өміріне төнген қауіп қатерлерден арашалаған. Қойдың құмалағын шашып жіберіп, сөздің магиялық құдіретімен таңғажайып құбылыстардың, кездейсоқ жұмбақ жайттарды қырық құмалақ құдіреті арқылы таратады. Әдет ғұрыптарында да қойдың, оның өнімдерінің алатын орны ерекше. «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл –көсір» деп қойдың адам өміріндегі орнын дәріптейді. Мал төлдету, қошқарға күйек байлау науқанына да қатысты наным сенімдерінің мәні тереңде. Бәрінде де табыс пен берекенің, өсімталдық, ұрпақ шашудың астары жатыр.
Бізге жеткен көне тас бейіттердегі маңғаз бітімді қошқар бейнелері қашалған қойтастар тыныштық пен байлықтың, молшылықтың символы ретінде мүсінделген. Ертедегі бабалар дүниетанымы осыны меңзейді.

Бас қоюдың түпкі мәні неде?

Біздің салт дәстүрімізден ойып орын алатын, ерекше атап өтуді қажет ететін қонақ күту мәдениетіндегі сыйлы қонаққа қой сою дәстүрі, бас қою кәдесінің шығу тарихы, бүгінгі күнге дейін жетуінің сыры, оның мәні өте тереңнен тамыр тартқан.
Адамның және малдың басын қадірлеу көшпелі түркі-моңғол халықтарында көптеген ырым-жосындардан байқалады.
Орхон жазба ескерткіштерін зерттеу кезінде археологиялық қазбада Білге қаған барығының ішінен Қаған мен ханымның алдына қойылатын ақыртас (жозы) табылған. Оның үстіне күміс табаққа салынып қойдың ең сыйлы мүшесі бас тартылған. Бастың қасына қойдың он екі мүшесі толық қойылған. Бастың танауы табақтың солтүстік –батысына қарай сәл бұрып орналастырылған. Оның оң жағына (табақ тартушының оң жағы) жамбас, жауырын, белдеме және сүбе қабырғалар қойылған. Ал бастың оң жағына қара қабырғалармен қоса асық жілік, ортан жілік, тоқпан жілік, омыртқа, белдемелер орналастырылған. Олардың шетіне арқа және мойын қойылыпты. Бастың танау жағына (қаған мен ханымға қараған жағына) қойдың белдемесі қойылған».
Белгілі түркітанушы ғалым Мырзатай Жолдасбеков пен Қаржаубай Сартқожаұлы еңбектерінде бұдан өзге де қызықты деректер келтіріледі.
Осы жолдардан бас қою салтының көнеден бастау алғанын аңғарамыз. Бұдан тыс қаған мен хатун алдына төртбұрыш жайпақ табаққа алтын, күміс қапсырмалар, түрлі сәндік асыл бұйымдар қойылған. Ондағы жүзік, білезік, сырға, түймелер т.с.с. асыл бұйымдар көздің жауын алады. Алтын, күміс құмыралар, алтын қапсырмалар, кісе белбеудің алтын әшекейлері табылған. Онымен қатар бүктеп тастаған жалпақ алтын кесіндісі, алтын кеселер, Білге қаған кешенінен қос күміс бұғы табылған. Олар соншама табиғи мүсінделген. Кешеннің барық алаңынан көлемі шағын алтын тәжі табылған. Маңдайына Күлтегін мүсінінің тәжісіндегі аңыз құстың бейнесін жасаған. Құстың аузына тұмарша тістеткен. «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» Астана: Күлтегін, 2005, 306 б.
Тағы бір көне деректер бас құрамындағы еттің құнарлылығы, түрлі дәруменге бай элементтер жөнінде сыр шертеді. Ол жөнінде белгілі фармацевт, жазушы-драматург Сәлкен Сұхбанбердиннен жазып алынған деректе:
«... Ертеде қазақтың бір батыры ауыр жараланып, қалмақтың қолына түседі. Қазақ батырының өз қолын талай шығынға ұшыратқанын жақсы білетін қалмақ қолбасшысы оны зынданға салуды бұйырады. Батырды аштан өлетін күйге келтіріп, дегенін істетпек ойға келеді. «Зынданға салыңдар! Қалаған бір тамағын айтсын! Сол тамағын өзгертпей, тек су беріп тұрыңдар. Бір ғана тамақ ішсе, ішіне жұқпайды. Әбден әлсіреген кезде маған алып келіңдер» дейді. Қазақ батыры күніне бір қойдың басын әкеліп беруін қалайды. Күндердің күнінде серуендеп жүрген қалмақ қолбасшысының алдына, ойда жоқта екі беті нарттай, бес қаруын асынған қазақ батыры шауып келеді. «Мен сенің басыңды алмаққа емес, алғыс айтқалы келдім. Мені өледі деп ойладың, ойың іске аспады. Мен қойдың басын қаладым. Қой басы етінде он екі түрлі дәру зат барын білмедің. Бас маған өлтірмес ас, әрі зынданнан шығар басқыш болды. Бастың осы қасиетін еліңе айта жүр. Жақсылыққа – жақсылық, өміріңді өзіңе сыйладым!» деп кете барыпты. Қазақтың басты ең сыйлы кісінің алдына тартатыны содан қалса керек» дейді.
Көрнекті этнограф ғалым Жағда Бабалықұлы бабаларымыздан жеткен қойдың бас сүйегі бөлшектерінің атауының сырын былай түсіндірген. «Қазақтардың малды сою, жіліктеп мүшелеуден тыс адам анатомиясы мен малдың дене құрылысы жөнінде медициналық білімінің жоғарылығын қойдың бас сүйегі атауларын бүге-шігесіне дейін жетік білгендігі арқылы тәнті болады. Өзі қойдың бас сүйегін терезе алдына қойып жарықта ұстап, айлап отырып, оның бөлшектерінің атауын төрт жүзге жеткізеді. Әлі де қанша атауларының ұмыт болып, еске түсіре алмағанына өкініш білдіреді.
Ата-бабаларымыз ас ішуді, болмаса ас беруді тек қана қарын тойдырып тоқ басу ғана деп ойламаған, оны тәрбиелік мәнмен ұштастыра отырып, сол арқылы жастарға бағыт-бағдар берген.
Данышпан қарияларымыз асқа емес ас үстінде айтылатын тағлымы мол әңгімеге, ерекше сый-сыяпатқа, ежелден сақталып келе жатқан дәстүрлерге мән берген. Жасы үлкен қарияларға құрмет көрсетіп, бас тартудың мәнін тереңнен іздеген.

Басты қалай ұсынады?

Арғы-бергі тәжірибелерді саралай келе бас қоюдың түпкі мәнін таратайық. Алдымен сойылған малдың басын дастарханға қалай әзірлейді?
Біріншіден, бастың үйітілуі, құйқаның жыртылып кетпеуі, тісі қағылып, көздің суын ағызу мен құлақтарын үйіту кезінде сындырып алмай бүтін болуы қадағаланады.
Екіншіден, бұрын көпшілік жиналған орындарда бұл үрдістің қыр-сырын білетін, кісілікті меңгерген, мал арасында өскен жандар алдына келген қойдың қаншалықты қоңды екені, оның қағылған тісінің орнынан-ақ жас мөлшерін, тоқты ма, саулық па, ісек не қошқар ма, өз меншігіндегі мал ма бірден аңғарған.
Сыйлы кісіге ерекше құрметтің белгісі ретінде таңдалған малдың қоңы ерекше рөл атқарады. Ерекше ықылас-пейіліңізді көрсеткіңіз келсе, әлбетте еркек мал таңдалғаны дұрыс деп саналады дейді ел ішінде көпті көргендер. Олай деуінің себебі – бастың желкесіндегі қатпар-қатпар жиырылған құйқалы, майлы ет қабаттары сіздің абыройыңызды асқақтататынының белгісі. Ал саулық қойдың қоңдылығы жоғары семіз болғанымен желкесіндегі етінің мөлшері аздау болып келеді. Әйткенмен бастың құйқасы қалың, жұмсақ та дәмді келуі сөзсіз. Сыйлы қонақ қошқардың қазандай басын алдына алып, икемдей бере үй иесінің көңілін аулап, ықылас таныта: «пәлі, мына бес жасар нән қошқардың қоңдысын-ай!» деп ризалығын жасырмаса, қонақ күтуші үй иесі де бір серпіліп қалары сөзсіз. Осы екі шарттың бірі болып жатса, қонағыңыздың алдында мерейіңіз үстем болары даусыз.
Үшіншіден, алдыңызға тартылған бастың құлағын кесу жөні. Мұндай жағдайдың екі себебі бар екен. Біреуінде үйдегі қонақ малдың құлағына салынған ен-таңбаны дәулетті шаңырақ иесі болуды көксеп, ырым етіп жеп қоюы да бек мүмкін. Әсіресе, бақ-дәулеті тасыған үйдің берекеті ауып кетеді деп, кейбір үй иесінің әйелдері қауіп етуі мүмкін екен. Сондықтан қазаннан түсіре бере бастың бір құлағын кесіп бөлектеп алып қоюы кездеседі.
Құлағы кесілген бас тартылғанда көпті көрген көшелі кісі жемей қоюы да мүмкін. Оған себеп, өзіне оншалық көңіл бөлінбеді деген ойда қалады. Сондықтан шын ықылас-пейілмен шақырған қонағыңызды ризалықпен күткеніңіздің белгісі бастың екі құлағының да түгел, әрі бүтін болуы дұрыс. Тіпті базардан қонаққа арнап арнайы бас сатып алғанда да осы жағына көңіл аударғаныңыз жөн. Дегенмен ен салынған малдан бас тартпағаныңыз абзал.
Малға ен салудың түп төркіні қазақ тарихында әріден бастау алады. Ол жайында этнограф ғалымдар атап көрсетеді. «Төрт түлік малдың өсіп-өніп, көбеюі үшін жасалынатын қадамның бірі – көшпелі ел дәстүріндегі малға ен салу. Ен, таңба салу кезінде кесілген қанды құлақтарды жинап, үстіне ақ тамызып, құмырсқаның илеуіне тастау ырымы болған дейді зертеуші Ақселеу ағамыз. Ұмыт бола бастаған бұл ғұрыпта «Малымыз құмырсқадай көп болсын!» деген наным-сенімде құмырсқадай быжынаған мал бітсін деген семантикалық астар жатыр.
Ендігі мәселе бастың жанына жамбасты қоса қоюдың мәні жөнінде. Келген қонағыңыздан өзге арнайы шақырылған сыйлы қонақ болмаса жамбасты баспен бірге тартуға болады. Оның сыры сойылған мал сол кісінің құрметіне арналса, жамбастың баспен қатар жүргені айып емес. Кейде қонағыңызға бас қойсаңыз жамбасты қасындағы жасы үлкен кісіге қойған дұрыс. Бас ұстаған қонаққа сыбаға жілігін де қою керек.
Жіліктер мен сый табақтардың тартылуы жайлы түрлі өзгешеліктер де жоқ емес.
Кей жерлерде: «Басты табаққа салып, ет жасаушы кісі бас сүйекті тұмсығынан қасқалап бір тіліп, көлденеңінен де солай тіледі. Мұнысының сыры – жолы ашық, төрт жағың тең болсын деген мағынаны білдіреді» деп түсіндіреді. Бұл жағы әзір толық ашылмаған. Ә. Қоңырбектің қазақтың ұлттық тағамдары жөніндегі еңбегінде қасқалауды «сыбағалау» деп атап өтеді. «Екі көз – екі сыбаға. Сол екі көздің айналасындағы жақсы піскен құйқа бір жағының сыбағасы екінші жағына ауып, екінші көз айналасы жалаңаш қалмасын деп әйелдер маңдайдан төмен қарай және тұмсық құйқасы мен көз құйқасын көлденең бөліп қояды» деп таратады. Иә, расында базбіреулер пышақты қойып, қос қолымен құйқаны аузына тоғыта береді. Алдына бас тартылған қонақ көргені көп салиқалы кісі болса, әуелі ені бар бастың құлағын, не оң құлағын кесіп, малдың иесіне қарап: «Осы үйдің патшасы қайда?» – деп оның баласына ұсынып жатады. Кейде жас балалар тысқа ойнап кеткен болса, не қысылып төрге озбаса, не ұл баласы болмаған жағдайларда құлақты кесіп алып, бастың жанына қояды. Соңынан ас табақпен бірге сыртқа шығып, өз иесін табуы керек. Бастың екінші жағындағы құлағы еншісіне тигендердің қалауынша өзі жесе де, дастарқан басындағы жас балаға берсе де жарасады.
Енді қонақ бісмілләсін айтып, бастан ауыз тиеді. Екі көздің біреуінің айналасындағы еттен кесіп алып дәм татып, сол өзі дәм татқан жағынан бас ұстамайтын жанындағы жандарға сыбағасы ретінде кесіп беруіне болады. Әкесі барлардың бас ұстамағаны ертеден келе жатқан үрдіс.
Қазақта әкесі тірі адам бас ұстамайды деген ырым бар деген белгілі фольклор зерттеушісі Ә.Диваев: «...қазақтарда қойдың әрбір сүйегін қызметіне қарай бөлу әдеті қалып-тасқан. Осындай бөлініс кезінде бас үлкен адамға тиеді. Әкесі бар адам алдында өз әкесі сияқты үлкен адам болғандықтан, басты пайдалана алмайды», – дейді. Бұл үлкенді сыйлау әдебін көрсетеді, әкең тұрғанда әкеңнен үлкенсіп бас ұстау әдепсіздікті танытады.
Әкесі отырған жерде ұлы бас ұстау –қазақ ұғымында ерсілеу қылық. Отбасында әкенің орны бөлек, әке –асқар тау деп жатамыз. Сондықтан көзі тірі кезінде әкенің алдында бас ұстамау әдептілік белгісі.

Басты жағалату

Мұның да қазақ арасында қалыптасқан өз жөн-жосығы бар. Бас тарту – кәде, жиын-той, аста, қонақ күткенде сойылған малдың басын қадірлі адамға сыбағалы, кәделі, сыйлы мүше ретінде тарту. Бас мүшесін дүниенің, жаратылыстың, әлемнің бастаушы күші деген ежелгі наным-сенімге байланысты оны жасы үлкен, сыйлы қонаққа немесе мәртебесі жоғары адамға ұсынады. Бас тарту байырғы ортада ежелден орныққан қалыптасқан дәстүр. Малдың басын қазанға салмас бұрын тазалап дайындайды.
«Қой түлігін сойғанда бастың жағын бөліп, тісін қағу әдеті бар. Батыс Қазақстан облысының Жаңақала тұрғындары мен Моңғолия қазақтарында сойған малдың тісін қақпастан асып, сыбағаны табаққа тартады. Тісті қақпаудың мағынасы «төл өспейді», «мал басы кемиді» деп ырымдаудан туса, ал Оңтүстік елді -мекендерінің қазақтары мал басының көбеюіне өз септігін тигізеді деп, әрі фетишистік қағида тұрғысынан желінген қой жағын қора есігінің жоғарғы жағына іліп қоюдың семантикасы малдың жағы кетпесін, мал жағы көбейсін деген сенімнен пайда болған» дейді этнограф А.Тоқтабай.
Сыйлы қонаққа бас тарту еліміздің әр өңірінде де бар. Аздаған айырмалары болғанымен жалпы мағынасы ортақ.
Бас тартудағы, оны ұсынудың мән-мағынасы туралы ел арасында бай тәжірибе қалыптасқан. Осы дәстүр кеңестік дәуірде насихаттың кемдігінен ғұрыптық қолданыстан ысырыла бастады. Жауынгер жазушы Бауыржан Момышұлы шаңырағына қонақ көп келетін қазақтың бірінен. Бірде келіні Зейнеп қонақтарына бас тартқанда тәжірибесіздіктен жіберген кемшілікті қонақ кеткен соң атасының саралап түсіндіріп бергені жөнінде Зейнеп апай «Шуақты күндер» кітабында атап өтеді.
Қазақтың өзге елдерден оқшау тұрған осындай тамаша ғұрпы өзге де қаламгерлердің шығармаларына арқау болған. Қазақ дастарқанында құрметті қонақ ретінде алдына бас тартылған орыс жазушысы асықпай бастың көзін жанында отырған әйелі мен қазақтың көрнекті әйел ақындарының біріне ұсынып: «бір бірлеріңе ықылыс-көзқарастарың түзу болсын» деп, құлағы мен басқа да сыйлы мүшелерін аса бір білгірлікпен айналасына үлестіргенде отырған жұрт қатты сүйсінеді. Мұндай білгірлігінің себебін сұрағандарға орыс жазушысы: «мен осы өлкеге келмес бұрын бір ай алдын Тәшкеннің кітапханасынан қазақтың салт-дәстүрі туралы төрт кітапты алдырып, дайындалдым. Бұл сол еңбектің жемісі» деп ағынан жарылған.
Кезінде Қазақстанды қырық жылдан астам басқарған Д.А. Қонаевтың да өзге ұлттар ортасында отырып, қазақтың салтындағы бас тартудың қыр-сырын жетік түсіндіргені де ел арасында танымдық мәні зор тұщымды әңгіме арқауына айналған.
Заманауи өзгерістер бұрынғы қалыптасқан ұлттық құндылықтардың да мәнін ой елегінен өткізіп, қайта жаңғыртуды талап ететін тұстар да кездеседі. Әйгілі ғалым, академик Қ.И.Сәтбаев шет елдерде жиі болып жүрген бір сәтінде қазақтың дәстүріне қызыққан Франция зиялыларына қой сойып, бас тартып, қазақтың ұлттық тағамы–ет асуды көрсетіп, қолмен жеуді үйреткен. Шетелге шыққан делегация құрамындағы жауапты қызметкер қазақ бұл үрдіске үрке қарап, ертесіне ас үстінде ұлы ғалымға ескерту жасап, қазақты жабайы көрсеттің деп шүйлігеді. Ашу қысса да сабырлық сақтаған ғалым қазақтың асты қолмен жеудегі пайдасын: «Қолыңыздағы қасық, шанышқыны бұған дейін қанша адам аузына алды. Ол адамдардың ішінде аузына жара шыққан, не жазылмайтын жұқпалы дерті бар науқас еместігіне кім кепіл? Ал қазақ қолын жуып, өз алдындағы астан өз қолымен жейді. Өз қолы өзіне таза» дегенде шіренген шенеунік қолындағы ас қасығын қалай лақтырып жібергенін өзі де сезбей қалады. Бұдан шығатын қоры-тынды ұлттық құндылыққа деген көзқарас өз арамызда да дұрыс қалыптасса ғана өз жұртымызды өзгеге таныта аламыз деген ой түюге болады. Әуелгі әңгімеге қайта ойысайық.
Бас тартудың аймақтық ерекшеліктері әр жерде әрқалай қалыптасқан. «Сырдың төменгі ағысы бойындағы Қазалы өңірінде, Арал бойында қазақтар қонаққа бас тартқанда оң жақ құлағын кесіп алып, оны үйдің кішкене баласына береді де, қонаққа оң құлақсыз тартады», – деген деректер бар.
Ырысым, несібем өз үйімде, өз босағамда қалсын деген ырымнан туындаған болуы керек.
Бұл жоралғы көршілес қарақалпақтарда да дәл солай атқарылады және этномәдени байланыс барысында олардың Қазалы өңіріне ықпалы болғанға ұқсайды. Оң құлақтың ор-нын жілік толтырады. Яғни басқа асық, ортан жілік сияқты кәделі жілік қосылады. Солтүстік, Орталық және Оңтүстік, Батыс қазақтарында қандай малдың басы болса да, тісі қағылмаған бас тарту «арам» деп саналады. Ал Жетісу, Шығыс, Монғолия, Қытай қазақтары мал басының тісін қақпай, арасын шимен мұқият тазалап жуып асады. Осы өлкенің қазақтары бас тартылған қонақ тісіне қарап, «жас мал сойылды ма, кәрі мал сойылды ма, соны аңғарады» деп түсіндіреді және малдың тісін қағу, жалпы сүйек шағу мал басын кемітеді деп санайды.
Бас тартудағы көпшілік көкейіне қонатын жақсы ғұрыптар жөнінде ұлттық салт-дәстүрге бей-жай қарай алмайтын жанашырлар баспасөз бетінде әруақыт қалам тербеп жүр.
«Бас тартылған адам әуелі бастың тұмсығын өзіне қарата ұстап, тұмсық ұшын Меккенің топырағын иіскеген деп кесіп алып отқа салып, одан кейін езуімізден май кетпесін деген ырым бойынша бастың оң жақ езуі құйқасынан бастап кесіп, алдымен өзі ауыз тиіп, табақтастарына құйқадан жағалай ауыз тигізеді» деп, «Құлағың сақ, жақсылыққа үйір болсын» деп, құлағын сол үйдің баласына немесе келініне береді. Көзін көзімдей бол деп жақын тартқан адамына, таңдайын сөзге шебер деген адамға немесе дәм татып отырған үйдің қызының алақанына жезтаңдай әнші бол, таңдайың тақылдаған шешен бол немесе таңдай өрнегіндей кестеші бол деп алақанына ұрып береді. Сосын басты тұмсығын ілгері қарата үй иесіне қайтарады. Ол келесі табаққа ұсынады.
Қонаққа тартылатын бастың төбе құйқасын қазақтар бастың жолын ашу деп маңдайынан қасқалап сара тілсе, моңғол жұрты төбе құйқаны дөңгелектей тіліп, жолаушының жолын ашу тәрізді ырым-жоралғылармен астастырады. Қазақ арасында қасқалдақталған құйқаның үстіне екі немесе бір жапырақ майлы ет қойып бас тарту салты әлі орындалып келеді. Меркі өңірінде екі жапырақ еттің бірін бас ұстаған адам үй иесіне немесе бас табақты тартушы жігітке беріп, келесісін өзі жесе, Жаркент өңірінде тілінген құйқа үстіне қойылған бір жапырақ етті табақ тартушыға береді. Мұндағы ас иесіне ұсынудағы мән – ырыс басқаға кетпесін деген ырымнан туындаған. Бас кесуші осы маңдай құйқасынан «маңдайыңнан бақ кетпесін» деген ырыммен табақтас біреуіне ұсынады» деген ойын ұсынады.
Бас тарту, оны ұстаған адамның іс-әрекеті, бастың мәні, үлестіру жолдары әр жерде әрқалай қолданыста жүрген салттың бірі. Биылғы қой жылының басында халқымыздың көнеден жеткен осы ғұрпын тағы бір еске салу мақсатында Д.Төлебаевтың мақаласында:
«Табақпен тартылған бастың құлағын үлкендер балаға беруде: «Бұл бала құймақұлақ болсын, зерделі боп өссін» дегенді білдіреді. Көз жегізу – көреген болсын, әділ болсын деген ниеттен жасалатын ырым. Әдетте екі көз бір адамға беріледі. Екі көз екі адамға берілсе, алакөз болады, немесе әділдіктен тайып, бұра тартады, деп қарайды. Ал тіл жегізудің мәнісі – ол балаға үлкендердің тілін алсаң, жезтаңдай шешен боласың деген ниетпен беріледі. Тіл жеген бала сол тілекке сай болмаққа талпынып, ата-анасы мен үлкендерге, халыққа жағуға тырысады. Қой етімен байланысты тағамдық ырымдардың қатарына таңдай беруді жатқызуға болады. Оның да мәнісі бала шешен болсын, бұлбұл көмей, жезтаңдай болсын деген ниеттен туған. Өйткені қазақ шешендік өнерді биік бағалаған халық. «Өнер алды – қызыл тіл» деген сөз осының дәлелі», – деп бас тартудың халыққа кең тараған үлгісін әңгімелейді.
«Ежелден рух еркіндігін ерекше қастер тұтқан халқымыздың асыл дәстүрлерін жаңа заманға жарасымды жалғастыруымыз қажет» деген ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауларынан туындаған ойлары бүгінде кең байтақ еліміздің шартарабына әр салада да қозғау салып, жаңа ізденістерге арқау болды.
Соның бірі павлодарлық медик-ғалым Сағит Иманғазиновтың қазақ халқының салт-дәстүріндегі бас тарту жоралғысын мәдени тұрғыдан модернизациялап, патенттегені туралы.
«Ата-бабадан қалған мұраға құнтсыздық белең алып тұрған кезде Сағит ағамыздың бұл ісі құптарлық. Әйтсе де, бұл істің түйткілді тұстары көп» дейді осы тақырыпта ой толға-ғандар.
Өркениет көшіне ілесу үшін барлық ұлттық құн-дылықтарды модернизациялау аса құнды шаруаға жатпайтындығын ескерткіміз келеді. Сан ғасыр тарих сүрлеуінен бүгінгі дәуірге өзгеріссіз жеткен тамаша дәстүрімізді әркім қалауынша өзгерте беруінен ұтарымыз шамалы.
«Дүниеде қазақ деген ұлт –біреу, демек оның ұлттық болмысы, салт-санасы мен әдет-ғұрпы да жалпы қазаққа бірдей тән...» деген Елбасы сөзімен түйіндесек, ұлттық құндылықтардың ішінде қазақтың тағам мәдениеті қалыптасқан озық дәстүрлердің қатарына жатады. Кезінде кеңестік дәуірде ұлттар достығының лабароториясына айналған қазақ жерінде сандаған этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүрді. Жетпіс жылдай жергілікті халықпен біте қайнасқан аз ұлт өкілдері тоқсаныншы жылдарғы аумалы-төкпелі кезеңде өздерінің тарихи отандарына қайта оралғандары қаншама. Бүгінде қазақ жеріне деген алғысын, қазақтың дархан көңілі, қонақжай дәстүріне бас июуінің белгісі ретінде грек диаспорасының бір өкілі былай деген еді.
«Қазақтар о бастан дәстүрі мен салтына берік халық. Қонағына астындағы атын түсіп береді. Алдына ас қойып, бас тартады. Қазақтардың бас қою салтының мәні аса тереңде. Бас ұстаған халықтың көшбасшысы бүгінде әлемдік кеңістікте өзге дамыған елдермен терезесі тең түрде қарым-қатынаста. Сіздің халық–қашаннан лидерлік қасиетке ие. Мұның себебі де осы басты қадірлеу, ұлттық салт-дәстүрге деген берік сенімнен шығады» деп ерекше ілтипат білдірген. Осындай шын көңілден шыққан біздің елге деген құрмет дәстүріміздің терең тамыр жаюының нәтижесі деп түсінген жөн.


Мырзабай Омаров,
«Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы». Ғылыми-зерттеу
бөлімінің меңгерушісі

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30