Ғафу Қайырбеков

(1928—1994)

Домбыра

Домбыра, шебер де сен, шешен де сен,
Елгезек екі шекпен есендесем.
Жүз байлау, тоқсан тарқау – көңіл арқау
Өәің біл қай жерінен шешем десең.

Жарасқан жанымның бір сыңарындай.
Серісің сұлу сырбаз сырларың бай.
Шым- шымдап шын тереңнен үн тартасың
Пейіштен періште үні шығарындай.

Бос қалып қайран ақын барлық іші,
Жамырап шығар сыртқа жан дыбысы.
Басталар бір ғажайып зор тыныштық
Жалғанды билегендей жалғыз кісі.

Шегіндей тамырды да дірілдеткен,
Домбыра, туысың бір құдіретпен.
Көк орман сен секілді нәсіліне
Қол соғып, әлдеқайдан шүкір еткен.

Қашан да бақытты ғой басы бүтін,
Аңсаған айналаның жақсы үмітін.
Дариға, дәл осылай есіне алса,
Менің де ата-бабам, асыл жұртым!

Бауырсақ

Төгіп жатыр
Пейілі мен жанын сап.
–Келмейсіңдер,
Осыншама сағынсақ! –
Дейді жеңгей
Ақ табақтан сауылдап,
Дастарханға топырлайды бауырсақ.

– Жалғыз үйміз,
Ел арасы алыс-ақ!
Қуанамыз
Көзге мейман шалынса-ақ! –
Дейді жеңгей,
Топырлайды әлі де,
Таусылмайды табақтағы бауырсақ.

–Мал жарықтық
Бейнеті мол,
Бабы ұсақ,
Біздер мәз ғой
Соның бәрі табылса- ақ!
Сағынамыз! – дейді
жеңгей әлі де.
Тысыр-тысыр домалайды бауырсақ.
О, туыстық, бауырмалдық салт қандай!!
Біз дегенде сабыр қалмай, дәт қалмай.
Бар көңілін бауырсақ қып сол жеңгей
Төбемізден төгіп-төгіп жатқандай.

 

 

 


Қамшы

Тобылғы сапты, жез бунақ,
Он екі таспа өргендей,
Қараймын саған көз қунап
Әулетімді көргендей.

Сені ұстасам шықты ғой
Алақаныма қан теуіп,
Сабаздар талай тұтты ғой
Жолына жүрген бал сеуіп.

Жонынан көбік шуалған
Жарасып күміс ерімен,
Тұлпарлар сені суарған
Жорықтан келген терімен...

– Түйе жүн шекпен жамылған,
Алтыннан тартып белдігін,
Қабағы қарс жабылған,
Қапсағай дене, ер мұрын.

Қаршыға көзді, ат жақты
Қара күрең кескінді,
Қолында найза шашақты,
Қарында қару бес түрлі.

Қайқы бас етік көк сауыр,
Қазандай сары қалқанды,
Омырауы күмбез ақ сауыт –
Көргендей болам атамды.

Болаттай саусақ тұтынып,
Қақ тілдің бе екен ауаны?
Шапты ма тұлпар жұтынып,
Шелектей болып танауы?!

...Жатыпсың ұзақ сандықта
Аналар қолы сақтаумен
Ұқсайсың асыл сарқытқа
Жеткізген маған баптаумен.

Билікке де жүйрікке
Қаз- қатар жүрген қызметің
Енді ешкімге шүйлікпей,
Қалыпты момын ізетің.

Қартайған ағам ұсынды:
–Мен де ертең анда барамын.
Ұмытпай еркек исіңді
Іліп қой төрге қарағым!..

Деді де мырс-мырс жымиды,
Ақшалғы мұрты өре қап.
Мың үйді емес, бір үйді
Билеуге шамаң келер-ақ!

Ер жігіт жүрмес тағдырдың
Қамшысы тимей басына,
Қайрат болсын әрбір күн,
Қажыма да жасыма!

Содан бері қараймын
Сағына көз сап саған мың,
Батасындай атамның,
Тілегіндей ағамның...

Антологияны жүргізуші: ақын Темірхан Медетбек

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30