ИІС ШЫҒАРУ мен ЖЕТІ ШЕЛПЕК ТАРАТУ исламға жат әрекет пе, оның дінімізге қайшылығы бар ма?

«Жеті шелпек пісіріп, о дүниелік жанды еске алу мұсылмандыққа жатпайды. Оны ұстану нағыз мұсылманға жат, ондайдан бас тарту керек...» деген сөздерді кейінгі кезде жиі еститін болдық. Осы сөз рас па әлде жаңсақ пікір ме? Жауабын өзімнің сүйікті басылымым – «Дәстүр» журналының бетінен оқығым келеді.
Динара.
Ақтау қаласы.

Редакциямызға келіп түскен осы хатқа байланысты  бірнеше кісілердің жауабын беріп отырмыз.

***
«Жеті шелпек пісіру» үрдісінің біздің қазақ дәстүріне қайдан қалыптасқаны, қандай нанымнан туындағаны жайында айтылған нақты дерек кездестірмедік. Бірақ, біздің түсінігімізше, жеті шелпек тарату үрдісінің астарында – әруақтың атынан елге тамақ беріп, сауабын өліге бағыштау түсінігі жатыр. Осы тұрғыдан қарағанда оның шариғатқа терістігі жоқ. Себебі, жасалған жақсы амалдың сауабын өлген кісіге бағыштау – шариғатымызда да бар.
Енді оны неге жеті деген? Сандардың арасында «7» санын ерекше таңдалып алынуы да бекер емес (жеті шелпек). Өйткені, дінімізде жеті санымен байланыса айтылған үкімдер көп. Мысалы, иманның жеті шарты, жеті рет қағбаны тауаф ету, ит жалаған жерді жеті рет жуу. Шелпектің «жеті» санымен байланыстырылуының мәні де осында жатса керек.
Қалай болғанда да, жеті шелпекті тарату үрдісін дінге теріс деу немесе ширкке алып барар жол деу қиын. Неге десеңіз, жеті шелпек таратқан адам әруақтан медет тілеп емес, о дүниедегі өлген кісіге сауабы және пайдасы тисін деп таратады. Оның үстіне, қазіргі кезде шелпек қазақтың ұлттық тағамының бірі ретінде қалыптасқан. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!
Бауыржан Абдуалиев,
ҚМДБ шариғат және
пәтуа бөлімінің маманы

 


***
«Дәстүр» журналының «Иіс шығару немесе жеті шелпекті не үшін пісіреміз?» деген сұрағына мен толық та толымды жауап бере алмаспын ыңғайы. Өйткені салт-санамызға ғасырлар бойы әуелде тәңіршілдікпен кіріп, сосын мұсылмандықпен астаса, бірге сіңіп, әбден қалыптасып кеткен бұл жөн-жоралғының терең мән-мағынасы бар. Оны осындай халықтық әдет-ғұрып көріністерін жан-жақты зерттеп жүрген этнограф-мамандар немесе сол дәстүрді үлкен сеніммен ұстанып жалғастырып келе жатқан адамдар жақсы түсіндіріп бере алады. Дегенмен, арнайы сауал маған да қойылғандықтан, бұл орайдағы өз түсінігімді менің де айтқаным дұрыс шығар.
Қамыр илеп, май шыжытып, шелпек пісіру, яғни иіс шығару рәсімі ежелден қазақ қанына сіңіп кеткен имандылықтың бір белгісі болуға керек. Әйтеуір, арнайы пісіріп дастарқанға қойылған жеті шелпектен дәм татар алдында о дүниелік жандарды еске алып, аруақтарына дұға бағыштау, құран оқу дәстүрі бала кезімізден белгілі. Рәсім жылдың діни мейрамдармен астасатын қасиетті күндерінде, бейсенбі, жұмаларда, сондай-ақ отбасына қымбат адамдарды еске алу орайында, бақилық жақындары түстеріне кіргенде, басқа да ретпен ойға алынғанда, жалпы, кез келген күндерде жасала береді. Мұндай арнап пісірілген наннан ауыз тигенде, әдетте кімде-кім аруақтарға «тие берсін» деген тілегін айтып жатады.
Бұл өзі өте ертеден, көк түркілер дәуірінен, бәлкім тіпті ғұндар заманынан келе жатқан көне дәстүр. Ел ислам дінін қабылдағаннан кейін, ата дәстүріне сай аруақтарға арнап пісірілген жеті шелпекке құран оқыту рәсімі қалыптасты. Жеті нан беру дәстүрінде осылай тәңіршілдік пен мұсылмандық біте қайнасып, біздің салт-дәстүріміздің, мәдени әдет-ғұрпымыздың өзіндік белгісі түзілгені күмәнсіз. Ұлттық құндылықтарға қаншама қырын қарағанмен, діни сипаты бар салттарға тыйым салғанмен, сонау құдайсыздықты дәріптеген кеңес дәуірінде де бұл салт ұмытылған жоқ. Ал өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып жатқан қазіргі таңда осы бір аса иманды шараны қайта жанданды деуге болады. Оның мәнін түсінуге және оны өмірде қолдануға тырысушылықты тек қана құптау керек.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
жазушы-публицист, ғалым.


***
Шелпек пісіру, иіс шығару қазақтың тұрмыс-тіршілігіне әбден сіңісті болған, тіпті Исламнан бұрын келген әдет. Оны көзімізді ашқалы көріп келеміз. Оңтүстік және солтүстік өңірлерде жұма күні, батыста бейсенбі күні әрбір мұсылманның үйінен майдың исі шығып, шелпек пісіріліп жатады. Мұны үлкен кісілер, әсіресе әже-аналарымыз, «осы күні өмірден өткен ата-бабаларымыздың аруағы дұға дәметіп, үй-үйді аралайды. Майдың исі шығып, шелпек желініп, дұға оқылып жатса риза болып тарасады» деп түсіндіретін.
Шелпекті жегенде ата-бабаларын еске алып, Жаратқаннан оған мейірім мен шапағат тілейтін. Біздер, балалар әлгі сөздің бәрін айтпасақ та «тие берсін» дейтінбіз.
Сол әжелерімізден сақталып қалған 7 шелпек пісіруді қазақ әлі ұмытқан жоқ. Соны әлі де болса, жалғастырып келеді.
Енді оны неге жеті дегенге келсек, «7» санының таңдалып алынуы да бекер болмаса керек (жеті шелпек). Өйткені, дінімізде жеті санымен байланыса айтылған үкімдер көп. Мысалы, иманның жеті шарты, жеті рет қағбаны тауаф ету, т.б. Ал қазақта ше? Жеті санына қатысты маңызды атаулар көп-ақ. Айталық, жеті ата, жеті ру, жеті қазына, жеті қат көк, жұт жеті ағайынды,т.б. Шелпектің «жеті» санымен байланыстырылуының мәні де осында жатса керек.
Жеті шелпекті тарату үрдісін дінге теріс деу немесе ширкке жатқызу әділеттілік емес. Неге десеңіз, жеті шелпек таратқан адам әруақтан медет тілеп емес, о дүниедегі өлген кісіге сауабы және пайдасы тисін деп таратады. Әрі тірі адамға берген садақасы. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бар халқымызда.
Ислам діні келгенімен, қазақтарда шелпек пісіру дәстүрі тоқтамады. Қазір де қазақ арасындағы кейбір мұсылман, ислам дініне жат салтты тоқтату керек, шелпекті пісіруді қою керек дейді. Бірақ, қазір шелпек пісіру халқымыз үшін діни құбылыс емес, мәдениеттің бір бөлшегі, ұлттық тағамның бір түрі болып саналады.
Иіс шығару – түркі халықтарының біразына тән дәстүр. Атамыз қазақта өлілерге арнап ас беру, жиын-той жасап, көпшіліктің басын қосып отыру – сонау көне замандардан келе жатқан дәстүр. Исламды қабылдағаннан кейін бейсенбі, жұма күндерін ұлықтап әрі ата дәстүрін исламмен астастыра отырып, иіс шығарып, жеті нан тарату немесе молда шақырып, пісірген нанға Құран оқыту дәстүрге айналды. Ал көршілес өзбек халқында ас (палау) пісіріп, өз отбасында ішіп-жеп, Құран оқуды «иіс шығару» деп атайды, олар да бұл дәстүрді исламмен берік байланыстырған.
Қазақ үшін дастарқан мен астан қастерлі ештеңе жоқ десе де болады. Ол бас қосуға, араласуға, бірлік пен берекеге дәнекер. Мұсылман баласын бірлік пен сауапты істерге шақыратын мұндай ізгі дәстүрді ислам дінінің тек қана құптайтыны айқын. «Мұсылманның жақсы деп тапқан нәрсесі Алла құзырында да жақсы» деген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисі бар. Ал ислам ғұламалары ұлттық дәстүрлер жайында: «Әдет-ғұрыптың шариғатта өз орны бар, әдет-ғұрыппен белгілі болған нәрсе шарт сияқты (міндетті) болады, әдет-ғұрыппен бекітілген нәрсе насспен (аят-хадиспен) бекітілген нәрсе сияқты» деген тұжырымдар жасаған. Олай болса, жеті шелпек пісіріп таратудың еш сөкеттігі жоқ, ол қайта мұсылман бірлігін нықтай түседі.

Сәрсен ҚАРМЫС,
дінтанушы.

***
Жеті шелпекті, негізінен, қайтыс боп кеткен әке-шешелеріміз бен аға-жеңгелеріміз түсімізге кірген кезде, бізден дәметіп жүр ме деп, әруақтары риза болсын деп пісіретініміз бар. Бұл ежелден келе жатқан ырым. Ол жеті шелпекті көршілерге, еншілерін алып кеткен балаларымыздың үйлеріне таратамыз. Білген аятымызды оқимыз. Дүниеден өтіп кеткен әруақтарға арнап иіс шығарып тұру деген дұрыс деп білеміз.
Темірхан Медетбек,
ақын


Шелпек пісіру де «ширк» пе?

...Менің Шымкент қаласында тұратын ғалым, профессор сыйлас ағам бар. Жасы жетпістен асса да күш-қуаты бойында, нұрлы жүзінен ізгіліктің, бүкіл бітім-болмысынан тектіліктің лебі есіп тұратын ағамызға бірде сәлем бере барып қалсам, шырайы онша кіріңкіремей отыр екен. Себебін сұрағанымда бір күрсініп алып, екі ұлының қолындағы кішісін жақында үйлендіргенін, бірақ, ел-жұртқа «беташар» той жасатпағанын, тіпті келінді түсіргенде сәлем де салдырмағанын, бұның бәрі шынайы ислам жолына жат деп санайтынын күйіне жеткізді.
–Қай уақытта бұның бұндай «дінге» кіріп кеткенін... Басқаны айтпағанда, той істемесек те бір мал сойып, әруақтарға құран оқытайық деп едік, оған да қарсы болды. Ең ақыры, жеті шелпек те пісіртпейді...
Иә, «үміт еткен көзінің нұрына» балаған ұлдың елге қадырлы әкесінің айтқанын істемейтіндігін есіту маған да ауыр тиді...
Шынымен де біздің ұлттық салт-дәстүріміздің көбі исламға қайшы келе ме? Мәдениеттанушы Зира Наурызбаеваның «Абай.кз» сайтындағы мақаласынан үзінді оқып көрейік.
«...Шелпек пісіруді маған әжем үйреткен. Қамырды илеуден бұрын ниетіңді бағыштап, о дүниелік туыстардың қайырымын еске ала отырып, іске кірісу қажеттігін бойыма сіңірді менің. Өзі иленген қамырды басқа ой мен сезімге алаңдамай отырып жаятын. Жайған қамырды қызған тоңмайға салған сайын «біссімілләсін» айтудан танбайтын, марқұм. Күбірлеп тұрып, аталарының бірін еске алып, Жаратқаннан оған мейірім мен шапағат тілейтін. Соңғы жайманы саларда Алладан аталмаған ата-баба мен о дүниелік бар қазақ үшін, жалпы мұсылман қауым үшін мейірім-шапағат сұрауды мен де үйрендім. Осылайша ізгі ниетпен піскен жеті нанға дұға оқып барып, ауызға саламыз, «әруақтарға тие берсін» деп айтуды да ұмытпаймыз. Бұл жерде ертеден келе жатқан мынадай сенім бар: тірі адам шелпек жесе, қайтқан жандар нанның, шыжғырған тоңмайдың иісінен қуат алады деп есептеледі. Сол себепті болар, бұл жоралғы бір жағынан «Иiс шығару» деп те аталатын, әжем шелпек пісірерде солай дейтін (осы жерде және ары қарай қарайтқан біз – Ө.А.).
1991 жылы дағдарыстан жарты жыл бойы айлық төленбейтін, карточкамен ғана жұртқа шөкімдеп азық үлестірген заман болды, оның өзі бірде бар, бірде жоқ еді. Сол жылы желтоқсан айында қайтқан немере ағамның жылдық садақасына шелпек пісіретін үйімізде тоңмай болмай қалды. Салым суға кеткен мен әжемнен: «Әже нанды духовкаға пісірсем, әруақтарға тие ме?» деп сұрадым. Көзі жасаураған әжем: «Әрине, айналайын. Ниетің таза болса, болды ғой. Ең бастысы сол, құлыным!» деді. Он күннен соң оның өзі де о дүниеге аттанды. Жаназаға келген туыстарымыз, құрбылар, көршілер, қызметтестер жағдайды айтқызбай-ақ ұқты, біреуі жарты қорап маргарин, біреуі ыдыс түбіндегі майдың қалғанын, енді бірі шыжғырылған тоңмай дейсің бе, әйтеуір, әлгі майшелпек пісіруге деген тапшылықпен күресіп, бәрі мұсылмандығын көрсетіп жатты. Мұндай рәсім, тіпті орыстанды деген қазақ отбасылардың өзінде жасалатын. Бұл рәсім – әрбір қазақ әйелі үшін өздеріне қымбатты жандарының жолына бағыштар дұғамен бірдей дәстүр ғой».
Осы жерде жоғарыда айтылғандай әсіредіншілдер «өлі адам майдың иісімен қоректенеді» деген не сөз?» деп өретүрегелуі мүмкін (олар солай деп те жүр). Мәселе бұл жерде тереңірек жатыр – мәселе бұдан 2 мың, 3 мың, 4 мың жыл бұрынғы қазақ халқының өз заманында өзгелерден мойны озық, дамыған ел болғанында. Алдымен қоланы, кейінірек темірді әлемде ең алғашқы болып балқытуға қол жеткізген біздің бабаларымыз еді. Оның дәл солай екенін 25 жыл бойы Сарыарқада үздіксіз қазба жұмыстарын жүргізудің арқасында мойын бұлтартпастай деректерді алға тартып, дәлелдеп шыққан, сөйтіп қазақтың дүниежүзілік өркениетке қосқан қомақты бұл үлесін ғылымға «Бегазы-Дәндібай мәдениеті» деген атпен балталасаң бұзылмайтын ұғым түрінде енгізіп кеткен ғұлама Әлкей Марғұлан атамыз болатын. «Дарий мен Кирдің шамасы келмеген елді мен бағындырам» деп, көкірегінің буына нан пісіп келген Александр Македонский де қола қылышын алмас қылышқа алмастырғанына мәз болып, атының басын артқа бұрған-тұғын.
Міне, сондай заттай байлығы мол елдің рухани, мәдени деңгейі де өте жоғары еді. Оның жоғары болуына жылдың төрт мезгілінде көшіп-қонып жүретін көшпелі өмір көп септігін тигізді. Табиғатпен тәулігіне 24 сағат қоян-қолтық араласып жүрген, тіпті онымен біте қайнасып жатқан жұрттың сол табиғаттың құпиялары жайлы өзіне сұрақ қоймауы, сұраққа жауап іздемеуі, іздеген соң ертелі-кеш таппауы, өзінің еркінен тыс зерттеуші, философ болмауы мүмкін емес еді. Таң атқаннан күн батқанша кетпен шабатын отырықшы халықта қайдағы философия?! Орыс жазушысы Д.Граниннің «өмір бойы орман ортасындағы қалада өмір сүрген, жыл сайын жан-жағын қоршаған тауға демалуға баратын мені қазақ достарым Сарыарқаны 15 күн атпен аралатқанда бұл халықтың неге шетінен ойшыл, философ болатынын сонда ұқтым» дегені бар.
Философ қазақ әлемді Жаратушы Иенің біреу екенін ықылым заманда-ақ ұққан. Оны дала пайғамбары Заратуштра Ахура Мазда деп атаса (бүгінде әлем ғалымдары Заратуштраның Ираннан емес, Тұраннан шыққанына ден қоюға мәжбүр), көне сақ тілінде ол Тәңір аталды, ал, зороастризм парсы елінде көбірек дамыды. Құранда кездесетін Алла Тағаланың 99 есімінің ішінде Тәңір деген қазақша, Құдай деген парсыша атуларының кездеспейтіні де содан.
Қазақ ешқашан арабтар секілді пұтқа табынбаған халық. Бірақ, отты жер, су, жел қатарында әлемнің төрт негізінің бірі деп таныған. Отқа май тамызу, әруақтар май иісімен қоректенеді деу исламға дейін пайда болған әдет-ғұрып. Қазақ әруақтың рух екенін, рух денеден шыққанда оның өлікке айналатынын, жалпы, рухтың барлық дүниенің негізі екенін исламға дейін-ақ білген. (Рас, адамның рухы ғылыми тұрғыдан толық зерттеліп болмаған, ешқашан толық зерттеліп болмайтын нәрсе. Ғалымдар тұрмақ Алла Тағаладан тікелей уахи келіп тұрған Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзі рух жайлы көп нәрсе ашып айта алмаған. Себебі, Құранда былай делінген: «Сенен рух туралы сұрап жатыр. Оларға айт: Рух – Аллаһтың әмірінен. Рух туралы сендерге аз мағлұмат берілді»). Білген-дағы әруаққа деген құрметі ерекше болған. Ал, исламдағы Құраннан дұға оқу дәстүрі қазақтың «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген, «Құдайға жазсаң жаз, әруаққа жазба!» дейтін, әруақты қастерлейтін ұстанымына өте әдемі сәйкес келді де, бұрын анда-санда мал сойып, немесе жеті шелпек пісіріп, «әруақтарға тие берсін» дейтін болса, енді оған құран сүресін қосып, «айналайын, Алла Тағала, марқұмдардың топырағын торқа ет, қараңғы қабырын жарық ет, жатқан жерін жайлы ет, жанын жәннатта ет!» деп тілеп, бет сипайтын болды.
Исламды таратушы араб әскерлері Орта Азияны 50 жыл бойы, 654 жылдан 705 жылға дейін бағындыра алмады. Олардың жарты ғасыр бойы қолынан келмегенді әйгілі қолбасшы әрі дипломат Мүсілім ибн Құтайба 10 жылда іске асырды. Бірақ, тарихта аталатын «араб басқыншылығы», «араб жорығы» немесе «араб жаулап алушылығы» деген сөздердің қазаққа қатысы болған жоқ. Неге? Өйткені, араб жетекшілері қазақтың онсыз да бір Жаратушыға сыйынатын халық екенін көрді, сол кезде арабтар арасында «бұл халық онсыз да мұсылман екен ғой» деген сөз тарады.
Енді ойлап қараңыз, исламға дейін-ақ сайын даласында монотеизм (жалғыз Жаратушыны ғана мойындайтын дін) кең жайылған қазақ халқының қай салт-дәстүрі қалайша бүгін сол дінге қайшы келіп қалды?
Алматы қаласындағы Қазақстан мұсылман діни басқармасының (ҚМДБ) жанындағы Ислам институтының ректоры, Алматы Орталық мешітінің наиб- имамы Кенжәлі Мырзабайды сөзге та тартқанымызда, қажы былай деді:
– Әңгіме мынада– сыйлау мен құрметтеу бар да, табыну мен сыйыну бар, салафишіл бауырларымыз осы екеуінің арасын айыра алатын емес немесе айырғылары келмейді. Табыну мен сыйыну бір Аллаға ғана тән, қалғанының бәрі құрмет пен ізет. Қазақ бата бергеннің өзінде «Әуелі Алла оңдасын, әруақтар қолдасын!» дейді. «Әуелі әруақ оңдасын, бір Алла сосын қолдасын!» демейді. «Жалғыздың жары – Құдай» дейді. Жар болу деген, оңды ету, теріс ету деген – шешуші күшке ғана тән нәрсе.
Тіпті, қазақ үйреніп қалған әдетпен «әулиелер қолдасын!» деген күнде де оны тек өзінің сол айтқанына ғана имандай сенетін қарабайыр етіп көрсетудің керегі жоқ, қазақ не берсе де беретін, қандай тілегің болса да қабыл ететін өлі әруақ емес екенін жақсы білген. Білгендіктен де «мың өліден бір тірінің батасы артық!» деген. Жауға кіргенде «Қарасайлап», «Алатаулап», «Ағатайлап» ұрандаса да, шабуылдың алдында Абылай сияқты ханынан, Бұқар жырау секілді данасынан бата алып барып кіретін болған.
Сондықтан, жоғарыда айтылғандай, ниетің таза болса болды, ең бастысы сол! Одан да маңыздысы – кімнің шынайы ойы қандай екенін, кімнің Алла Тағалаға сенбейтін адам екенін, кімнің жаңылысып жүргенін, кімнің сөзінің аржағында қандай ой тұрғанын, соның бәрін Жаппар Иеміз анық көріп тұр. Ниет-ойы таза адамның жаңылысқанын Алла Тағала кешіреді, Мәшһүр Жүсіп атамыз жазып кеткендей: «Күнәміз таудан үлкен, кішкене емес, кешірем десе Аллаға ештеңе емес!»
Зира қарындасымыз өте дұрыс айтады: шелпек пісіріп, иіс шығару дәстүрі тіпті орыстанды деген қазақ отбасылардың өзінде де сақталды. Кешегі бабасының басына там тұрғызғаны үшін қызметімен қоштасатын кеңес заманында осы дәстүр бізді адам баласына түсірілген ең соңғы, ең абзал дін – ислам діні мен қазақ халқының арасындағы жалғыз көпір, алтын дәнекер болып, қазақты жаппай дінсізденіп кетуден аман алып қалды. Өйткені, ол дәстүр әркімнің өзінің үйінде, отының басында ғана жасалды. Мемлекеттің бүкіл халықтың үйіне кіріп аңдуына, жазалауына мүмкіндігі болмады.
Құранда «біз сендерді ұлттар мен ұлыстар етіп жараттық» делінген. Ислам діні біреу болғанымен, оны қабылдаған ұлт пен ұлыстың саны өте көп. Олардың бәрінің өзінің қазақ секілді қалыптасқан ұлттық әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі бар. Олардың ішінде исламның шарттарына, соның ішінде діни шектеуі ең аз мәзхаб болып табылатын, біздің ата-бабамыз қабылдаған Ханафия мәзхабының шарттарына тікелей қарама-қарсы келетіндеріне ғана (доңыздың етін жеу, спирттік ішімдік ішу деген сияқты) дін тарапынан тыйым салынады, ал, басқалары дінді тек байыта түседі. Ал, әлемдегі ең көне, тамыры тереңге кеткен, сақтардың ұрпағының ішіндегі жаратылысы тектісі болғандықтан «қас сақ (қазақ) – нағыз сақ» аталған, түркінің қағанатының қара шаңырағын мың өліп, мың тірілсе де құлатпай сақтап, бүгінгі күнге аман жеткізген біздің халықтың салт-дәстүрінің бүгінгі күнге «тозып қалды, жарамсыз» дейтіндей, бізді бас тартуға мәжбүрлейтіндей бір де біреуі жоқ. Бәрі жарамды! Мен оны марқұм жазушы, этнограф С.Кенжеахметов өзінің 30 жылғы ерен еңбегінің нәтижесі ретінде 2004 шығарған «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» деген керемет кітабын маған 2007 жылы сыйлап отырып, «осыған біткен іс болса да редакторлық етіп, сын көзбен түгел қарап шықшы» деп өтініш жасаған, өтінішін орындап, жоғарыдағыдай қорытындыға келген адам ретінде айтып отырмын.
Қысқасы, қазақтың салт-дәстүрінің жаманы жоқ, оны орнымен, кейде бүгінгі күнге лайықтап өңдеп, түрлендіріп қолдана алмай отырған мына біз жаманбыз. Ал, ұлттық дәстүрге діни тұрғыдан мін тағу өте қауіпті ғана емес, аса қатерлі де нәрсе, өйткені, діни алауыздық ұлтты ерте ме, кеш пе, қақ жарып шығатын сына. Бұрынғы заман түгілі, бүгінгі күні де соғыстың көбі діни алауыздықтан туып жатқанына бәріміз де тірі куәміз. Сондықтан, салт-дәстүрді көздің қарашығындай қорғауымыз қажет.
Өмірзақ АҚЖІГІТ

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30