Астау

Халқымыздың сонау ерте замандардан бастап-ақ қолданып келе жатқан, ас тұтынатын ыдыстарының бір түрі – астау. Астау – ағаштан жасалған тұрмыстық ыдыс. Ыдыс – аяқ ретінде ұзыншалау, сопақ етіп, екі жағынан ұстауға лайықтап жасаған. Астау сөзінің төркіні «ас» – тағам, «тау» (тау қылды) – «көп қылып үйді, көлемі үлкен болды» деген мағынадан шыққан. Сонда асты табаққа молшылықтың белгісі ретінде таудай қылып салып, «астау» деген атқа ие болған екен деп топшылаймыз. Сонымен астаумен қатар астабақ та кеңінен қолданыста болған. Астауға тек қана ет салып қана қоймай, басқа да майлы дәмді астарды таратқан, сонда астау тағамның майлылығын бойына сіңіріп, құнарлылығын сақтап отырған.


Сонымен қатар, астау шаруашылық бұйымы ретінде де кең қолданыста болды. Бірнеше ағаш тақтаны қиюластырып, желімдеп, екі басына тері керіп дайындалған немесе тастан тұтас қашылып жасалған астаудың үлкен түрі шаруашылықтың түрлі салаларында қолданылды. Тастан жасалған астауларды құдық басына қойып, малды суғаруға қолданған. Ағаштан жасалған астауларды көбінесе, мал суаруға немесе жемдеуге пайдаланды. Астаулар үй жануарларының түріне байланысты жіктеледі. Мысалы, жылқы суаратын немесе жем беретін астау «ат астау» деп аталады.
Астауды жасаудағы әдіс – тәсілдерді меңгеру үшін ең алдымен қолөнершінің шеберлігі мен арнайы көркемдік дайындығы болуы қажет. Яғни, ең алдымен керекті құрал-саймандарды жұмыс орынын сайлағаны дұрыс. Қажетті шапқы, қашау, пышақтардың түрлі үлгілерін дайындап, астау жасауға арнайы алынған дайындаманы верстак бетінде нық қозғалмастай етіп орнатып немесе қойып алып, бір-ақ жұмысқа кіріседі.
Соңғы кездері қолөнер шеберлері астауды әр түрлі үлгіде жасап, түрлі өрнектерді пайдаланып жасауда. Алайда, бұл ыдыс түрін көркемдеуде ұлттық өрнектердің кез келгенін қолдануға келмейді. Негізі бабаларымыз ыдыс-аяқтарды өсімдік тектес өрнектермен өрнектеген. Бірақ ағаш бұйымдарын көркемдеуде жануар текті ұлттық ою-өрнектерді де қолдану өте ұтымды, әсерлі нәтиже береді.

Сегіз санына ұқсатылып жасалған бұл астау түрі және жоғарыдағы астау түрлері Еңбекшіқазақ ауданы, Ақши ауылындағы «Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің» экспозициялық қорынан орын алған. Осылайша қазақ халқының тұрмыстық ыдысының мәнін беруге тырыстық. Дәстүрімізді жалғастыратын ою-өрнекпен безендірілген ыдыс түрлері әрбір шаңырақта болса, бұл қазақ мәдениетінің сан ғасырлық тарихилығының жемісі болар еді.

Ағила Әзиева,
«Ұста Дәркембай
атындағы қолөнер музейінің»
ғылыми қызметкері

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30