КЕЛІ

Көркем шығармашылықтың ең ежелгі және қазіргі күні де дамып отырған түрлерінің бірі қолданбалы өнер (қолөнер). Ол сұлулық заңдарына сәйкес жасанған тұрмыс жабдықтарында іске асады. Бұл тек пайдалы заттар ғана емес, оның қолдануын білдіретін көркемдік бейнесі (образы) бар әдемі заттар болып та есептеледі. Бізді қоршаған заттар, біздің тұрмысымызды, күнделікті өмірлік қажеттіліктерімізді өтейтін заттар өнер шыңына дейін көтерілуі мүмкін.
Қазақтың тұрмысында тары, бидай, жүгері сынды дәнді дақылдарды түйетін, ұнтақтайтын қатты ағаштан жасалған құрал бар. Ол – келі деп аталады. Келінің биіктігі 50-60 cм жуан бөрене ағаштың ортасын 30-35 см тереңдікте ойып жасалады. Келінің түйгіш ағашы болады, оны келсап деп атайды. Келсаптың келіні түйгіштейтін басы салмақты етіп жасалып, қолға ұстайтын жерінен қолайлы қос тұтқа шығарылады. Келсаптың ұзындығы 1,2 – 1,3 метр жуан ағаш.
Келі сөзінің мағынасына келсек, келі сөзінің түбірі «кел», «келу». «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» І томының 283-бетінде «Жеуге келеді – жетілді, пісті» мағынасы осы келі сөзіне лайықты суреттеу. Келіге дәнді ұнтақтап дайын болғанша талқандайды. Сөз төркіні де осы дайындауда жатыр.


Сонымен қатар, халық тұрмысында келінің жасалу материалы мен көлеміне қарай бірнеше түрі болған.
Жер келі - келі орнына уақытша пайдаланылатын шұңқырды атайды.
Тас келі - келісін тастан, келсабын ағаштан жасаған келі.
Ағаш келі - жуан ағаштан ойылып жасалады. Ағаш келінің ішін екі түрлі пішінмен түп жағын ояды, біріншісі тақта келі немесе тегіс келі, екіншісі шұңғыл келі.
Шұңғыл келі тарыны қаралау, ақтауға пайдаланылады.
Тақта келінің түбі тегістеу келеді де, келсап дәл тиіп, дәнді майдалауға, жармалауға, ұнтақтауға қолайлы болады. Сондай-ақ, тары, бидай жүгері талқандауға пайдаланылады.
Бәйбіше келі (тек науат, шекер, құрт, ірімшік түюге пайдаланылатын шағын жасалған келі). Бұл келінің табанын темір қаңылтырмен қаптайды. Екі иініне мүйізден тұтқа орнатып, ернеуін сүйектейді.
Насыбай келі - кептірген темекі жапырақтарын ұнтақтау үшін пайдаланылатын кішкентай келі.
Тоқал келі - қуырған бидай, жүгері, тары түюге арналған орташа келі.
Темір келі –келінің темірден жасалған, шойыннан құйылған түрін атайды.
Нар келі - келінің ішіндегі ең үлкені. Оны тары сөгін, жарма жасау үшін жасатады. Нар келінің ішіне бірден 4-5 шелек дән құюға болады. Оның келсабын екі жағынан екі жігіт түйеді. Халық ырымы мен жосын-жоралғысында тары түйіскендерге келі түбі сыбағасы берілуі тиіс екен.
Ал халқымыздың ұлттық тағамдарының әзірленуінде келінің маңызы зор. Мысалы талқан, жент, төп быламық, быламық т.б. Талқан бидай, арпа, тары, жүгері дәндерін қуырып алған соң келіге түйіп, елеуішпен елеп, майда ұнтақ жасайды. Талқанды сорпаға, сүтке, майға, қаймаққа жаныштайды. Оларды жанышқан талқан немесе осы аттас көже, ботқа деп атайды. Талқан қоспасынан әр түрлі құймақ та жасалады. Бидай, тарының талқанынан жасаған көжені қара көже дейді. Төп быламық қант, тәтті жемістер қосып, асқабақ салып немесе оның сірнесінен әзірлеген. Төп әдетте таңертеңгі дастарханға берілген. Жент аса кәделі дастархан дәмі. Қыста қатпайтын, жазда бұзылмайтын, әрқашан дәмі мен нәрін сақтайтын, соған орай көшпелі халықтың дастарқанына қойылады.
Келі жасау үлкен өнер. Келіні қарағаш, жиде, қара тал, тораңғы, емен, тұт ағашы, ақ көсегет, қараман т.б. ағаштан шабады. Келішілер кеспекті жоғарыда аты аталған ағаштардың ішінен таңдап, талғап алады. Олар кез келген жылы келіге ағаш ала бермейді. Және келі дөңбегін сол ағаштың өсіп тұрған жеріне қарай таңдайды.
Мысалы келіге сазға өскен сары ағаш жарамайды, себебі оның бойында, біріншіден, суы көп; екіншіден, тұзы мол. Өңдегенде оны кептіру қиын әрі кепкен соң жарылып кетеді. Ащылы, сортаң жерге өскен ағаштың сүрегі тығыз болғанымен, кептіргенде быт шыт болып жарылып кетеді. Сулы жерде өскен ағаш та келі дайындауға лайықсыз. Оның сүрегі жұмсақ әрі тез жарылғыш келеді.
Ұсталар келі шабатын ағашты негізінен құрғақшылық болған жылдары қазып алады. Соның өзінде ағаштың шөлді жерде, айдалада сусыз қаңсып, түбі жұмырланып, безденіп өскендерін ғана таңдайды. Келі оюға таңдаған ағашты қысқа қарсы бойына нәр жинап, тас буын болып беріштенген кезінде түбірімен қосып қазып алады да, кептіріп қояды.
Кептіру ағаш шеберлерінен ерекше білгірлікті талап ететін жұмыс. Оның алуан тәсілі бар. Келіге арнаған дөңбектің қабығын аршымай, екі жағына сиыр жапасын шаптап, қара көлеңкеде кептіру, кеспектің екі шетінен бір-бір қарыс жерінің ғана қабығын қалдырып, қалған жерінің түгел 

қабығын аршып, оның екі шетіне саз балшық жағып, көлеңкеге тастау; дөңбектің қабығын аршымаған күйі құмға көміп қою; дөңбектің қабығын бірден аршып тастап, екі күн көлеңкеде кептіріп бар кеспектің дәл ортасына тереңдігі келінің ішінің тереңдігіндей жерге дейін бұрғы бойлатып, содан қуыс құлақ қашаумен жартысын, арғы жартысын имек бас қашаумен ойып алған соң, ойылған келі ішіне шеген топырақты толтырып, жерге бір жұма көміп тастау сияқты тәсілдер халық арасына кең тараған. Келі ағашын шегіне жеткізе кептіріп алған соң, ағаш шеберлері оны ойып, шабуға кіріседі.
Қызылорда өлкесінің келішілері алдымен келі ағашының ортасына бұрғыны бір бойлатып алады да, содан соң оны әрі қарай отқа қыздырған істік темірмен ояды. Қарақалпақ жерінде кеспек ортасын кішкене шұңқырлап жіберіп, ортасын қып-қызыл темір шоғымен қарып отырады, сондай-ақ кеспек ішін кеулеп жіберіп, оны қайнаған қазанға қақпақ қылып жауып, ыстық бумен ішін жібітіп отырып та ояды.
Шеберлер әрі мықты, әрі көп жылға жарылмай шыдауы үшін келіні қызған тандыр ішінде ыстық қозға қақтап алып оның іші-сыртына қойдың құйрық майын сіңіреді. Келі жарылып кетпес үшін, әдетте, оның иіні мен тағанын түйе көнімен қаптайды; көн әбден кепкен кезде тарылады да, келіні қатты қысып қалады. Келінің сыртын қайыспен ысып жалтыратып қояды.
Келі мен келсаптың Қазақстанның барлық өңірлерінде біркелкі етіп жасалғанын аңғаруға болады. Тек Ертіс бойындағы келі мен келсаптың келісі биіктеу келеді. Сол сияқты Қазақстанның оңтүстік өңірінде құрама келілер жиі кездеседі. Бұл өңірде тұтас ағаш көп кездеспейтіндіктен, екі не үш ағаш кесіндісін қиюластырып, түйе терісімен тартып, қаптап тастайды.
Қолданбалы өнер өзінің табиғаты жағынан ұлт жанды, ол халықтың әдет-ғұрпынан, салт-дәстүрінен, наным-сенімдерінен туындап, оның өндірістік әрекетіне, тұрмысына жақын болады. Қолданбалы өнер туындылары өзінің қайталанбас индивидуалдығымен ерекше көзге түседі. Бұл оны жаратушы – суретшінің, қолөнершінің бүкіл тұлғасы мен талантын сақтап қалатын бірегей туындылар.
Сонымен халқымызда «Қарыс қазы-балықта, қалың қазына -халықта» деген мақалы да, осы өнер молшылығынан туған екен.

Мақпал БҰтабаева,
өнертанушы

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30