АЛТЫ ТАСПА БҰЗАУ ТІС...

(қазақтың өрімшілдік өнері туралы)

Тұрмыстық бұйымдардың бірталайы, әсіресе ат әбзелдерінің көбісі өріліп жасалады. Өрімге ірі қаралардың, жабайы аң-құстардың ішіндегі ірілерінің терілері пайдаланылады. Дегенмен бұл терілердің де кез келген жері өрімге жарай бермейді. Түйе терісінің қомдығы, мойнағы, сиырдың шап терісі, жылқының тұтас терісі таңдап алынады. Арқар, бұғы терілерінен тізгін, шылбыр, қанжыға сияқтылар ғана өріледі, айыл, ноқта-жүген өруге келе бермейді, бостау болады деп өрімшілер күрделі бұйымдарға бұл терілерді таңдамайды.
Қажетті тері жұмсақ иленіп, түгі түсіріліп, тазаланып болғаннан кейін өрімді бастауға болады.
Өрім тұлғасына және жасалуына қарай жалпақ өрім, жұмыр өрім, қырлы өрім болып үш түрге бөлінеді. Саба, торсық, айыл, шідердің алақаны, өмілдірік, құйысқан, пыстан, ноқта, жүген сяқты әбзелдер жалпақ өріммен өріледі. Қамшы, бишік, шідер, тізгін, шылбыр, қанжыға, бүркіттің аяқ бауы сияқтылар жұмырлап өріледі. Ал ноқта, жүген, қамшы, өмілдірік, құйысқан қырлап та өріледі.
Өрім жұмысының маңызды бір басқышы – таспа даярлау. Бұнда терінің екінші басын екінші бір адамға ұстатып, енді бір басын өрімші өзі сол қолымен кере тартып, жасалатын бұйымның ерекшелігіне, ұзын-қысқалығына, жалпақ- жіңішкелігіне қарай отырып өткір пышақпен біркелкі кеңдікте тіліп алады. Таспаның жалпақтығын аудырмай тең шығару үшін, пышақтың ұшына таспаның кеңдігін ұқсас қалыпта ұстап, ауытқытпай ұстап отыратын тиек(қалып) шаншып алады. Бұл алдыңғы пышақ ізімен екінші тілікті параллель шығаруға көмектеседі.

Таспа тілініп болғаннан кейін, таспаның қырлары мұқалып, арнаулы ысқыдан өткізіледі. Ысқы ешкінің, таутекенің мүйізінен, ырғай, шетен сияқты қатты ағаштардан жасалады. Бұл ысқы да екі түрлі болады, бір түрінде мүйіздің жалпақ бетіне үлкен-кішілігі әркелкі, формасы алуан тесіктер тесіледі, бұның трапеция бейнесіндегі кішкене тесіктерінен таспалар өткізіліп, қырлары жапырыла тартылады. Бұл әрекет бірнеше қайталанғанда, таспа майда, қырсыз, біркелкі болып шығады; екінші түрі, ашылып-жабылатын топсалы болып келеді. Жапқанда бір-біріне беттесетін беттерге қырлы, жұмыр өрімдердің бейнесіне сәйкес симметриялы ойықтар ойылады. Екінші басына қайыстан бау тағылып, өрімді қалыптан өткізгенде шыңдап, не босатып отырады. Өріліп болған бұйым осы қалыптан өткізіледі. Таспа саны өруге тиісті затқа қарай 4, 6, 8, 12, 18, 22 таспа болып бөлінеді. Қырлы өрімдерге 8, 12, 16, 18, 22 таспалар пайдаланылады, Жұмыр өрімдер 4, 6, 8 таспалармен өріледі. Жалпақ өрімге қанша таспа болса да болады. Осылайша әр түрлі өрімдерге таспаны дайындап алғаннан кейін өрім жұмысы басталады.
Өрімшілік аса жоғары төзімділікті, табандылықты, ыждағаттылықты, шебер талғампаздықты қажет етеді. 4 таспалық, 6 таспалық қарапайым өрімдер көп адамның қолынан келгенімен, одан жоғары, күрделі өрімдер осы өнерге төселген арнайы шеберлердің ғана қолынан шығады. Айтулы шеберлер әлденеше өгіздің терісінен, неше жүздеген таспалар тіліп, сыртына тамшы су шықпастай етіп саба да өретін болған. Сондықтан бұл өнерге мұқяттық, шөгелдік, үлкен парасат керек.

жұмыр өрім

Арқан, шылбыр, тізгін, қанжыға, қамшы, бишік сияқтыларды жұмырлап өреді. Жұмыр өрімдердің таспа саны 4, 6, 8, 12-ге дейін болады. Қамшы, шідер сияқтыларға өзек салынады. Салынатын өзек шыдамды, мықты қайыстардан жасалатын бұйымның бойына жарай таңдалып, түтікше жұмырланып балғамен ұрып жасалады. Сосын оны ысқының шеңбер формалы тесігінен өткізіп, ысқылап майдалайды. Өзек тегіс, майда, солқылдақ болса, өрім де маржандай тізіліп, көркем шығады. Өрім осы өзекті бойлап өріледі. Шылбыр, тізгінге, жалпы байлауға арналған өрімге өзек салынбайды, таспаларды реті бойынша кезек айқастырып өреді.

қырлы ӨрІм

Қырлы өріммен қамшы, жүген-ноқта, өмілдірік, құйысқан сияқты әбзелдер өріледі. Бұл өрімдер 6, 8, 12, 16 немесе одан да көп таспалардан өріледі. 4, 6, 8, кейде одан да көп қырлар шығарылады. Бұл қырлар бұйымды өру барысында таспаның тұйықталған тұстарынан көрнекіленіп, жалданып шығарылады да, таспаның айқасқан тұсы қобыланып, ойыс түсіп отырады. Өру жұмысы аяқталғаннан кейін, бұйымның өріміне лайық қалыппен ойылған ысқыдан өткізіледі, бұл өрімді майдалап тегістеумен бірге, жас қайыстың қырын онан ары көрнекеілендіре түседі. Бұл өрім жұмыр өрімге қарағанда әлдеқайда күрделі, жұмысы нәзік болады. Формасы, таспа саны, өру тәсілі өзгеше келетіндіктен, жоғары шеберлік, мол тәжірибе, табандылық пен ыждағаттылықты қажет етеді.

жалпақ өрім

Бұл тәсілмен саба, торсық, айыл, пыстан сияқты бұйымдар өріледі. Бұларға өзек салынбайды, жұмыр, қырлы өрімдердей күрделі де нәзік болмайды. Жақсы тілініп, әйбәттап сыдырылған таспаларды ауыстырмай, біркелкі, тегіс етіп өріп шығу талап етіледі. Айыл-тұрмандарды өргенде, айылбастың тоғасы, шығырық, айлансоқ сияқтылар орнатылатын ұштары сол таспаның өзінен шығарылады. Айылбастың тілі өтетін орындарына да өріп келе жатып тесіктер қалдырылады. Жалпақ өрімнің ең күрделісі саба, торсық өру. Бұл бұйымдардың сыртқы көрінісі көркем, төзімді, мықты болуынан бұрын, өрім арасынан дым шықпайтындай шымыр болуы керек. Бұлар көбінде атан өгіздің жон терілерінен өріледі. Алдымен сабаның (не торсықтың ) түбінен бастап төрт қанат етіп өріледі де, межелі жерге жеткенде, қабырғалары бір-бірімен жымдастырылып, қоспалары қайнастырыла біріктіріледі. Ал торсықты сусын құюға, алып жүруге, қанжығаға байлауға ыңғайлы етіп, сыртын айшықтап, оған иық шығарып, аузын қақпақтап, бау тағып отырып өріп шығады.
Міне, бұлар өрім жұмысының негізгі барысы. Ендігі жерде әбзелдерді айшықтап, қосымша бөліктерін орналастырып, мүкамал бұйым етіп шығаруға кезек келеді. Ноқта-жүген, құйысқан сияқты әбзелдердің өзара айқасатын, бір-біріне жалғасатын бөліктері болады. Бұларды шеберлер бір-біріне бөлек телімей, бір жолда қиыстыра шығарып кетеді. Мысалы, ноқта-жүгеннің сағалдырық, кекілдік, кеңсіріктерін, шідердің бұтағын, құйысқанның айқасқан түйінін осындай тәсілмен өреді. Бұлар жымы білінбей, біте қайнасып, ен материялдан тұтас ойып алғандай әсер береді. Ендігі жерде бұған ұсталық өнер араласады. Яғни ноқтаға шылбыр тағатын айналсоқ, жүгенге ауыздық, сағалдырыққа ілгек, айылға айылбас-тоға салу теміршілік өнері арқылы жүзеге асады. Сосын қажет деп тапқан жағдайда бұл абзелдерге алтын-күміс құймалар қағылып әшекейленеді, пыстан сияқты жалпақтау әбзелдерге алтын не күміс шабылған күміс ою өрнегімен қиылған темірлер қағылып, алтыннан сым тартылады. Бұл әшекейлер сол бұйымның көркемдігін асырып, иесінің салауатын әйгілеуден сырт, өрімшінің шеберлігін, ұсталығын да танытады. Бұл күндері айланып келіп ұлтымыздың ұлағатты өнері мен ақыл-парасатының көзекі белгісі есебінде қастерленетін дәстүрге айланды.
Өрім арқылы орындалатын жұмыстардың ең көрнекті және жалпыласқан түрі – қамшы. Ол халқымызға сәндік бұйым әрі қару есебінде кеңінен танымал. Қамшының қазақ арасында – сары ала қамшы, дойыр қамшы, дырау қамшы, жыланбауыр қамшы, үш өрме қамшы, шайтан қамшы, бозбла қамшы, қыз қамшы, тобылғы қамшы, елік қамшы, қорғасын қамшы, т. б. көптеген түрлері бар. Бәріндегі ортақ ерекшелік – басының өріліп жасалатындығы. Қамшының өрімі негізінен қырланып өріледі, бұған алты таспадан, он екі таспаға дейін істетіледі. Алты қырлы, сегіз қырлы, он екі қырлы болып келеді. Өрімнің ершіміне қарай «бұзау тіс, жылан бауыр, құс таңдай» деп атайды. Өрім дайын болғаннан кейін оны жақсылап саптауға тура келеді. Қазақта «қамшының алақанын он жыл ұйқаласаң он жылдық, бір жыл ұйқаласаң бір жылдық» деген тәмсіл бар. Бұл алақан деген өрім мен сапты жалғап тұратын, ең көп қозғалатын бөлегі. Тәмсілде айтылғанындай, оған иі жақсы қанған тері және құйма қағылатын бір қабат көн істетіледі. Сапасы нашар немесе иі қанбаған теріден алақан салса, ұзаққа бармай бөлініп қалады.
Қамшы саптауда, қамшы өрімінің жуан-жіңішкелігі, ұзын-қысқалығы өлшем етіледі. Соған лайық сап таңдалады. Сапқа тобылғы, ырғай секілді мықты ағаштар, кейде ұсақ малдың жіліншігі қолданылады. Тобылғыны сап еткенде, қабығын аршымай, табиғи түсімен саптайды. Сап болатын тобылғының бір жақ қыры бауырлап тегіс жонылады да, өрімге жалғасқан алақанға қайыс таспамен домбыраның ішегін таққан сияқты әр екі немесе үш елі жерінен бір шалып, қос қабатталып байланады. Қолға ұстайтын жеріне бір жарым тұтамдай көн не былғары оралып қолдық жасалады. Қолдық болатын көннің сап жақ ұшы айландыра тілініп, шашақ төгіледі. Бір тұтамдай тұсынан көлденең тесіліп, бүлдірге тағылады. Бұл қамшының ең қарапайым түрі. Тобылғы не ырғайдың қабығын тазалап аршып, сыртын көн не былғарымен қаптап, таспамен не жезбен бекітіп, алақанына құйма қағып, шашағын мол, ұзын төгіп те жасайды. Бұл көбінде боз балалар ұстауға қолайлы болады.
Сары ала қамшының сабын тұтастай мыс немесе жез шыбықпен орап, басын сапбен біте қайнастырып бітеулеп тұйықтайды, бауырына күміс жалатылған темір арқау, жон арқасына шыбық салып, құймамен әшекейлейді. Алақанындағы құймаларға тас орнатылып, шашағын мол, ұзын төгіп, бүлдіргесін де күміс ширатпамен безейді. Бұндай қамшы аса көркем, ерекше салтанатты болады, ондай қамшы тұрған үйге жын-шайтан жоламайды деп есептейді. Қамшының енді бір парасының сабы да тұтастай өріммен шығарылады. Сап пен өрімді шығырықпен топсалап қоятын да түрлері болады. Бұл серіліктің белгісі есептеледі. Бұлардан тыс қамшыны еліктің, тауешкі лағының сирағымен де саптайды, қара тұяқтың ұштарына құйма қағылып, жіліншігіне қолдық жасалып, алақанының көмкеруін қайыспен көктеп қояды. Бұндай қамшыларды қару есебінде ұстамайды, сән үшін ұстайды.
Енді өріміне темірден өзек өткізіп, ұшына қорғасын құятын қамшылар болады, бұларды дойыр дейді. Өрімі жуан, ұзын әрі солқылдақ қамшыны дырау деп атайды. Бұлар арнаулы қару есебінде ұсталады. Тағы бір есте болатын нәрсе: қазақ қамшының өрімін сабымен тең жасамайды. Не сәл қысқа, не сәл ұзындау болады.
Дырау қамшы қару есебінде болғандықтан бұл ырымға сыймайды. Бұны жолғып ұстаудың өзіндік себебі, пәтуалы ырымы бар, бұны әлі де зерттеу керек.
Ал жоғарыда айтылған қамшының түрлерін әр түрлі кәсіптегі, әр түрлі жастағы адамдар өз салауаттарына қарай ұстайды.
Тағдыры жылқымен біте қайнасқан қазақ сияқты еркін халықтың тұрмысында өрімшілдік аса жоғары мәнге ие болған. Бұл ұлтымыздың шаруашылығымен, өмір сүру дағдысымен, көркемдік талғамымен, тіпті дүниетанымымен тамырласып жатқан өнер. Қолдану аясының тарылыуына ілесіп, бұл өнердің де жалғастырушылары азайып бара жатқаны өтірік емес. Сондықтан, бұл өнерді де жаңаша түлетіп, сынын жоймай қастерлеп, бағалай білу жетелі ұрпақтың борышы болмақ.

Шәкен Бөкетайұлы

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30