Қадыр Мырза-Әлі

Қадыр Ғинаятұлы Мырзалиев, Қадыр Мырза-Әлі (1935 жылы туылған) – ақын, Қазақстанның халық жазушысы (1995), ҚазМУ-дың филология факултетін бітірген (1958). 1958 – 93 жылы «Балдырған» журналында әдеби қызметкер, «Жұлдыз» журналында поэзия және сын бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, «Жазушы» баспасында поэзия редакциясының меңгерушісі, Жазушылар одағы поэзия секциясының меңгерушісі, «Балауса» баспасының редакторы қызметтерін атқарды.
Мырзалиевтің алғашқы өлеңі 1954 жылы «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналында жарияланған. Тұңғыш жинағы «Көктем» 1959 жылы жарық көрді. «Жаңғалақтар» (1960), «Кішкене қожанасырлар» (1961), «Данышпан» (1961), «Ноян-қоян» (1962), «Алуан палуан» (1963), «Сабақ» (1964) атты кітаптары қазақ балалар әдебиетіне қосылған елеулі үлес болды. Ақын «Ой орманы» (1965), «Дала дидары» (1966), «Ақ отау» (1968), «Домбыра» (1971), «Көш» (1973), «Жерұйық» (1976), «Алақан» (1977), «Қорамсақ» (1980, 1981), «Қызыл кітап» (1983), «Күміс қоңырау» (1970 – 85) жыр жинақтарында нәзік лирикалық сезімді терең философиялық ой-толғаныстарымен шебер ұштастырған.
«Мәңгі майдан» (1993), «Биік баспалдақ» (1993), «Үкілі үзінділер» (1996), «Ғибратнәмә» (2001), «Алаштың арманы» (2001), «Жазмыш» (2001), «Еңіреп өткен ерлер-ай» (2001), «Иірім» (2004), «Шырғалаң» (2004), «Алмас жерде қалмас» (2004), тағы басқа 40-тан астам жыр жинақтары мен балаларға арналған топтамалардың авторы.
Қадыр Мырза-Әлінің 200-дей өлеңіне ән жазылып, «Күндер-ай» деген атпен 1984 жылы жеке жинақ болып шықты. Драматургияда Алдаркөсе туралы «Сақалдың саудасы» атты сатиралық комедия мен Махамбеттің соңғы күндеріне арналған «Жаралы жолбарыс» атты драмасын жазды.
Ақын өлеңдері ағылшын, француз, неміс, болгар, венгр, фин тілдеріне аударылған. Орыс тілінде «Бессонница» (1967), «Белая юрта» (1968), «Соловьиный сад» (1971), «Степные пути» (1975), «Твой дом» (1976), «Верхная струна домбры» (1976), «Ладони» (1984), «Нижная струна домбры» (1985), тағы басқа кітаптары жарық көрсе, өзбек тілінде «Күміс қоңырау» (1975), қырғыз тілінде «Алақан» (1979), әзербайжан тілінде «Бұлбұл бағы» (1980), моңғол тілінде «Шымыр жаңғақ» секілді еңбектері басылды.

 

 


ҚАЗАҚ ОСЫ

Жайлауында жүрген жігіт бағып қой,
Дос келді деп жасап жатыр анық той.
Алғашқы рет көріп тұрсын сен оны,
Нағыз қазақ осы міне, танып қой.

Сәйгүлікті құйрық-жалы таралған,
Сүйетұғын қазақ осы, қараңдар.
Қазақ осы күй шығарып, ән салып,
Көкпар тартып, қыз кууға жаралған.

Қазақ осы – айтатұғын желге сыр,
О, ағайын, халық емес ол кесір.
Қазақ осы – аңғал-санғал жабусыз,
Қазақ осы – ақыл-тегіл, көл-көсір!

Қазақ осы – дала дейтін, күн дейтін,
Қазақ осы – "өнер алды – тіл" дейтін.
Қазақ осы – қарасың ба, ақсың ба,
Қоңырсың ба, жатырқауды білмейтін!

Қазақ осы – көргенінен таңбайтын,
Той-думансыз оты түзу жанбайтын.
Қазақ осы – алудай-ақ алатын,
Ал беруден алдына жан салмайтын.

Қазақ осы – ашық жарқын қабағы,
Қонақ келсе шабылып бір қалады.
Байқа да тұр, саған да ол кетерде,
Ат міңгізіп, жібек шапан жабады.

Қазақ осы – құда бол деп қинайтын,
Құдаларын құдайындай сыйлайтын.
Қазақ осы – дүние мен малыңды,
Оңды-солды шашу үшін жинайтын.

Қазақ осы – жайып жатқан қанатын,
Батыр халық, ақын халық – дәл аты.
Қазақ осы – өзімсінген адамға,
Насыбайға бола өкпелеп қалатын.

Жайлауында жүрген жігіт бағып қой,
Дос келді деп жасап жатыр анық той.
Алғашқы рет көріп тұрсын сен оны,
Нағыз қазақ осы міне, танып қой.

Домбыра мен бесік

Баба қазақ кебісті,
Тас қапасқа өшікті.
Іздеймін деп кеңістік,
Кентін тастап көшіпті.

Батыр қазақ қылышты
Белін қашан шешіпті?!
Іздеймін деп тыныштық,
Түзін тастап көшіпті.

Ақын қазақ
Азаптың
Бәрін тастап көшіпті.
Іздеймін деп азаттық,
Тауын тастап көшіпті.

Бәрін тастап
Осы күн
Жеткен ұлы мұратқа.
Домбыра мен бесігін
Тастамаған бірақ та!


БЕСІК ЖЫРЫ

Бөлетiндей пәршелеп.
Бiз Құдайға не қылдық?
Жетiспейтiн нәрсе көп,
Соның бiрi — әдiлдiк.
Әлди, бөпем, әлди-ай!

Ханыңда ес жоқ дейдi,
Халық қайтiп сенедi?
Шындық болса өтпейдi
Қымбат қой ол себебi.
Әлди, бөпем, әлди-ай!

Маңына шаң жуытпай,
Мінсең де сен пәуеске.
Мұның бәрін ұмытпай,
Марқайғанда ал еске.
Әлди, бөпем, әлди-ай!

Байрағы боп намыстың,
Бас дұшпанды тақымға.
Жақыны бол алыстың,
Алыс болма жақынға.
Әлди, бөпем, әлди-ай!

Сатқын ертіп қасыңа,
Сүрінгенді күлкі етпе.
Жыласаң да досыңа,
Жау алдында бүлк етпе!
Әлди, бөпем, әлди-ай!

Айт еліңе пәтуә,
Атанбағын жасық ұл.
Батыр болып ату аз,
Ақын боп та ата біл.
Әлди, бөпем, әлди-ай!

Ойға құмар туысы,
Осы әжеңнің мінезі.
Ұғатындай мұны сен,
Не деп кеттім мен өзі?
Әлди, бөпем, әлди-ай!

Бір тиыннан бұлдайтын,
Батты өмірдің тепкісі.
Арыз айтсам, тыңдайтын,
Сенен басқа жоқ кісі.
Әлди, бөпем, әлди-ай!

Бас қатырмас кезің бұл,
Баға тұрам малды мен...
Кім болсаң да өзің біл,
Адам болшы алдымен.
Әлди, бөпем, әлди-ай!

БАТА

Балам, озық өрен бол,
Қыз көзіндей терең бол.
Мақтады ма? Керең бол!
Әділдікке жуық бол,
Әлжуаздау туыпты ол.

Күншуақтай жылы бол,
Көк сүңгідей суық бол!
Қаптап тұрса тыста қол,
Басқаруға ұста бол,
Кенен ойға ұзын бол.

Қызыл тілге қысқа бол!
Қиярыңды қиып бол,
Тыярыңды тыйып бол.
Өз ұлыңнан төмен бол.
Өз әкеңнен биік бол!

Қаралы елдің таңы бол.
Жаралы елдің жаны бол.
Сөніп өлме, өлсең де
Өз отыңа жанып өл!
Әумин!

ДОМБЫРА

Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра.
Нағыз қазақ – қазақ емес,
Нағыз қазақ – Домбыра!

Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек қана:
Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана.

Ақиқатты айтқандардың бәрі осылай сорласын
Деп бір хаһан шанағына құйған оның қорғасын.

Бір ішегінде биіктік бар, бір ішегінде тереңдік.
Ол мылқауды сөйлетеді, жылатады кереңді

Жалған сөйлеп көрген емес соның өзінде:
Аппақ жалын күйдің жанын жалап жатқан кезінде.

Антологияны жүргізуші: ақын Темірхан Медетбек

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30