Қазақ отбасы

сы дегендей, оттың маңайынан таралған жылу секілді, «отбасы» тәлімі ерекше дәстүр болып саналған.
Ортағасырдың ғұлама ойшылы, энциклопедист, ғалым әл-Фараби «Үй қаланың бір бөлігі, ал үйлер қалада орналасқан, демек олардың мақсаттары да әртүрлі. Солай бола тұрса да, бұл әртүрлі мақсаттарға қол жеткенде, олар қалаған мақсатына жетуге бағытталған өзара көмек болып бірігеді» дегеніндей, кең байтақ Отанымыздағы әрбір отбасы – егемен еліміздің негізін қалаушы кішігірім мемлекет. Адам баласының өсіп өнер алтын ұясы, сыйластық, жарастық ортасы да – осы отбасы. Қазақ қауымы ұлт болып ұйысып, ел болып еңсе көтергеннен-ақ отбасылық үштікті негізге алған. Ол әке мен шеше және бала.


Қазақ «Отан отбасынан басталады» дейді. Отбасы деген не? Оның мәні неде? деген сұраққа Аристотель «Отбасы – адамдардың қарым-қатынастарының ең бірінші түрі және ол мемлекеттің бірінші кішігірім бөлігі», ал ежелгі грек ойшылы Платон «Адамдар отбасын құру үшін болашақ өмірдегі серігінің қандай отбасыдан шыққанын, оның әке-шешесі мен ата-бабаларын жақсы білуі қажет» деген екен.
Отбасы және неке ұғымы үнемі зерттеушілердің назарында. Тіпті әр халықтың да отбасылық қарым-қатынастарында, соның ішінде генетикалық тұрғыдан алғанда да өзіндік ерекшеліктері болған.
Отбасындағы адамдардың құқықтық мәселелеріне көп көңіл бөлген философтардың бірі – Кант. Философ Фихте отбасының негізі махаббат десе, Гегель бірінші болып отбасы мен некенің тарихи формаларын көрсеткен. Т.Н.Жүндібаева өзінің еңбегінде Л.Морганның 1877 жылы шыққан «Ежелгі қоғам» кітабында отбасының тарихын, некелі қарым-қатынасын, 1884 жылы шыққан Ф.Энгельстің «Отбасының жеке меншіктің және мемлекеттің шығуы» атты еңбегінде жанұяны тарихи категория ретінде қарастырғанын көрсетеді [1] (34 бет).
Отбасы – некеге немесе қандас туыстыққа негізделген қоғамдық шағын топ. Отбасы қоғамның дамуында маңызды рөл атқарады. Онда адам баласы дүниеге келіп, ұрпақ жалғасады [2] (220 бет). Бір жағынан «Отбасы ұғымы туысқандық байланыста болатын (күйеуі, әйелі, ата-анасы, әжесі және т.б.) бірлесіп әлеуметтік-тұрмыстық өмір сүретін адамдар» деп қарастырылса [3], кей жерлерде «Отбасы – некелесуден, туыстық байланыстардан тұрудың маңызды формасы, әлеуметтік қоғамдастық түрі» деп көрсетіледі [4] (211 бет).
«Отбасы сөзі – семья, жанұя, үйелмен» деген ұғымдармен алмастырылып жүр. Әйтсе де отбасы сөзінің өзіндік мән-мағынасы бар. Себебі адам тіршілік барысында қажеттілігіне қарай от жағып, үй салады, жұптасып отбасын құрады, ұрпақ сүйіп, өмірін ұрпақтан ұрпаққа жалғастырады» Т.Н. Жүндібаева (36 бет).
Х.А.Арғынбаев – қазақтың неке және отбасын алғаш зерттеген ғалым. Өзінің көпжылдық жазған зерттеу жұмыстарында «Алғашқы қауымдағы құрылыстағы ең көне отбасы топты некеге негізделген. Бұдан кейін қандас туысқандар арасындағы некелесу ғұрпына тыйым салуына байланысты топты некенің ішінде жұп отбасының қалыптаса бастауымен байланысты болды. Осының нәтижесінде тағылық дәуірдегі топты неке ығысып, орнына жұп отбасы дүниеге келді. Бірақ мұндағы неке беріктігі мығым болмағандықтан, отбасының ыдырап, ажырасуы тым оңай болған. Осылайша, топты неке – жабайылық дәуірге, жұпты отбасы – варварлық, ал моногамиялық отбасы цивилизация дәуіріне тән болған. Мұндай отбасы тарихындағы неке формаларын қазақ халқының арғы тектері де басынан өткізді». Сондай-ақ «Төңкеріске дейін қазақ халқына әке-шеше және үйленбеген балалардан тұратын дара, яғни шағын отбасы тән болған. Ал, осындай дара отбасында үлкен патриархал отбасының сипаттары сақталғанын көрсетсе» [5] (6 бет), зерттеуші Төлеубаева К.М салыстырмалы-этнографиялық зерттеуінің өзінде «Төңкеріске дейін қазақтар мен Орта Азия халықтарының отбасында сақталған үлкен патриархал отбасының қалдығы ретінде әке үкімі, мұрагерлік, туыстық көмек, көп әйел алу сияқты әдет-ғұрыптарды атауға болады» деп көрсеткен [6]. Қазіргі кезде де отбасының осы патриархалды түрі тараған. Патриархал сөзі грек тілінен аударғанда рater – әке, archo – басқару, билеу, яғни отбасыдағы ең үлкен билік ер адамға тиесілі.
Отбасы өмірінің негізгі көрінісін материалдық жағдай, рухани жағын – құқықтық, адамгершілік қатынастар құраса, дәстүрлі дүниетанымы әдет-ғұрып, салт-дәстүр, діни наным-сенімдерге байланысты да сипатталып жатады.
Осы тұрғыда қазақ халқының отбасылық-некелік салт-дәстүрлері Ж.Қаракөзованың, С.Х.Шалғынбаеваның, А.К.Галимованың еңбектерінде, сондай-ақ этнографтар А.Жүнісұлының «Пәниден бақиға дейін» деген кітабында қазақтың бала тәрбиесінен бастап үйленуге және өлімді жөнелтуге байланысты әдет-ғұрыптары сипатталған [7]. С.Кенжеахметұлының еңбектерінде де қазақтың туыстық атауларының қыр-сыры өте жақсы көрсетілген [8].
Қазақтың белгілі этнографы У.Х.Шалекенов те өз еңбектерінде қазақтың отбасылық тұрмысы, отбасылық қарым-қатынас, отбасылық әдет-ғұрыптар сияқты деректерді қарастырады. Сондай-ақ қазақтың отбасылық қатынастары шариғат пен әдеттік ғұрыптың негізінде құрылатындығын айтады [9].
Түйіп айтқанда біз қазақ халқы рухы биік, пейілі кең, қонақжайлылығы бір төбе, ниеті ақ көңіл текті халықтың ұрпағымыз. Сондықтан да әрбір отбасы өз шаңырағының материалдық жағын ғана қамтып қоймай, рухани жағына да мән беруіміз қажет. Сол секілді қолдарыңыздағы кітапшаны құрай келе, менің түйгенім ата-бабаларымыздан бізге жеткен ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпай, «мүсіндей» сақтап қалу өскелең ұрпақтың парызы деп білемін.

Қазақы отбасы – тәрбиенің бастауы
Қай кезеңде болмасын адамзат отбасы тәрбиесін басты орынға қойған. Отбасы тәрбиесі туралы мәселелер шығыстың ұлы ойшылдары әл-Фараби, Ж.Баласұғұн, классик педагогтар Я.А.Коменский, Ж.Ж.Руссо, қазақ ағартушылары А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин еңбектерінде де кеңінен орын алады. Мәселен ұлы педагог Я.А.Коменский өз еңбектерінде отбасындағы білім беру жүйесінің алғашқы сатысы «Ана мектебі» деп көрсетеді. Себебі бала ең алғаш адамгершілік пен адамдық қасиеттерді осы отбасыда қалыптастырады. Осы тұрғыда қазақтың ұлы ақыны Абай отбасындағы баланы тәрбиелеуде біраз кеңестер берген. Өзінің оныншы қара сөзінде: «Әуелі баланы өзің алдайсың. Әне, оны берем, міне, мұны берем деп, баста балаңды алдағаныңа мәз боласың. Соңыра балаң алдамшы болса, кімнен көресің?» дейді [10] (24 бет). Сондықтан да бала бойына жағымсыз қасиеттерді қалыптастырмау үшін ата-ананың беретін тәлім тәрбиесінің терең болуында. Ол үшін ең алдымен баланы тәрбиелемес бұрын отбасыда қалыптасатын әлеуметтік, моральдық-психологиялық жағдай, тіпті ата-ананың бір-біріне деген татулық, сыйластық, ауызбіршілік, жанұяға деген құрметтілігі таза болу керек. Егерде мейірімі, қамқорлығы арқылы саналы тәрбие беріп, жан тазалығын сақтап еңбекке баулыса баланың санасы да терең өседі деген тұжырым жасауға болады.
Тағы да осы Т.Н.Жүндібаева өз зерттеулерінде қазақ ағартушыларынан С.Көбеевтің 1955 жылғы «Коммунизм жолы» мақаласында бала тәрбиесінің қыр-сырына тоқталғанын, педагогтік тұрғыда талдаулар жасағандығын көрсетеді (36 бет).
Отбасы – тәрбиенің бастапқы әліппесі, яғни бала бойына ең алғашқы мейірімділік пен қайырымдылық, адалдық пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыратын өмір мектебі.
Отбасы тәрбиесі ғасырлар бойы өзінің қалыптасқан қалпымен қаймағы бұзылмай, әдет-ғұрып пен салт-дәстүр ата дәстүр түрінде атадан балаға, әкеден немереге беріліп осы дәуірімізге де жетті. Отбасында жиі айтылатын тыйым сөздер баланы жаман әдет, іс-әрекеттен бойын аулақ ұстауға баулып, болашақ ұрпақты ізгілікке, адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеудің тиімді қағидалары болып саналады. Ересек адамдардың еңбек іс-әрекетіне байланысты ақыл-кеңесі бала бойында еңбек туралы ұғым түсініктерді қалыптастырумен қатар еңбек мәдениетіне, өзгенің еңбегін бағалай білуге дағдыландырады. «Үй-іші ала болса, кереге басы пәле болады» деп отбасы ішіндегі алалықты, ұрыс-керіс, берекесіздіктен шеттеп отырған. Сондай-ақ, «би болмасаң би болма, би түсетін үй бол» деп ел-жұртқа сыйлы, қонақтарға жайлы отбасы құрып, ұл-қыздарын адамгершілікті ардақтап, ұлағатты ұл, тәрбиелі қыз өсіруге жетелеп отырған. Отбасындағы бұл тәрбие жанұяны ардақтап, тату-тәтті, үлгілі-өнегелі отбасын құруға баулиды. Ол үшін әрбір әулет отбасы құндылығын қастерлеуге, ұлықтауға көңіл бөлгені жөн. Отбасы құндылығы дегеніміз не? Отбасы құндылығы – ең алдымен ол, салт-дәстүрімізді әрбір отбасының дәріптей білуі, өнегелі өмір сүре білу үрдісін ұрпаққа ұлағаттап отыруы.
Уақыттың, қоғамның өзгеруіне сай отбасы құндылықтарының да жаңаша қағидалары қалыптасып келеді. Отбасының жалғыз басты отбасы, толық, толық емес отасы, бөлек, қариялы отбасы, әулетті, эгалитарлы (тең құқылы), патриархал (әке басқару), матриархал (ана басқару) сияқты бірқатар түрлері бар (41-42 бет).
Қазіргі уақыттағы көпшілікті ойландыратын мәселелердің бірі де осы «толық емес отбасы» төңірегіндегі ойлар. «Жалдамалы тәрбиеші» дейміз, тіпті интернет, телеарна, компьютердегі түрлі фильмдер, атыс-шабыс ойындар балаларымызға қаншалықты теріс тәрбие беріп жатыр? Кезінде атам қазақ ұрпақ тәрбиесін жоғары орынға қойып, өз перзенттерін ағайын-туыс, тіпті бір қауым ел болып тәрбиелеген. Ал қазіргі уақытта бала тәрбиесі қай деңгейде? Осы орайда «толық емес отбасын» жан-жақты қарастыруға ой салсақ. Соның бірі перзенттері бола тұра олардың ата-әжесінің өз ұлдарынан бөлек тұруы. Мұндайда немерелері ата-әжесінің мейірімін толыққанды сезіне алады ма? Осы тұрғыдан алғанда «Сіздің отбасыңыздағы ата мен әже, әке мен шеше, бала мен келіннің рөлі қандай?».
Қазақ халқы мейлі ол қыз бала, мейлі ұл бала болсын, олардың бойына 12-13 жастан бастап отбасы тәрбиесін сіңіре бастайды. Мұнда отбасының адам баласы үшін өсіп-өркендейтін алтын ұясы, қуаныш ошағы екендігі қарапайым тілмен әдіптеле түсіндіріледі. Сондай-ақ, отбасын сүю, отбасын қадірлеу, отбасына адал болу сияқты тәрбиелерді бере отырып, баланың ата-анасы алдында бас тартуға болмайтын адамдық және азаматтық міндеттерді ерекше ескертеді.

Ата көрген
оқ жанар...
Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Жаудан да даудан да қорықпаған қазақ едім. Енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқам. Немересіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқам. Дәмді, дәстүрді білмейтін балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әке-шеше жоқ», деп айтып кеткен екен. Шынында, қазақ әр кезеңде де басынан өткізген тарихи жағдайларға қарамастан салт-дәстүрлерімізді мұра ретінде қастерлеп, ұрпағына ұлағатты тәрбие бере білді. Ал бүгінде осы асыл құндылықтарымыздың тамыры ажырап барады. Сондықтан да мына жаһандану заманында ең алдымен ұлттық рухымызды, мәдениет және ұлттық тәрбиемізді сақтап қалуымыз қажет.
Қазақтың айтулы ақыны Мұқағали Мақатаев:
Сақалыңнан айналдым, қарт бабалар
Ұрпағыңа не айтасың артта қалар?
О, тірі шежірелер, қалдырыңдар,
Қанеки, нелерің бар салтқа жарар, – деп жырлағандай, қазақ отбасында ұрпағына ұлттық тәрбие беретін ата мен әженің орны қашанда ерекше саналған. Әжелеріміз ертегі-аңыздарын, жыр-дастандарын айтып, немере-шөберелерін рухани жағынан сусындатса, аталарымыз ақ батасын беріп, өсиет-насихаттарын айтып отырған. Мәселен, Балғожа би мен Зередей зерек әжесінің ертегі-аңыздарын, жыр-дастандарын тыңдап, тәрбиесін алып өскен Ыбырай мен Абай аталарымыз да қазақтың ұлы тұлғаларына айналды. Осындай мысалдардан-ақ ата мен әженің тәлімді тәрбиесін алған сіздің балаңыздың да күні ертең еліне елеулі, халқына қалаулы жақсы азамат болмасына кім кепіл?
Ата мен әже – әке мен анадан кейінгі бала үшін ең жақын адамдар.
Ертеректе ата-әженің тәрбиесін көрмей өскен бала болмаған, сондықтан болар оларды «көргенді бала», «тәрбиелі бала» дейтіні. Ата-әженің тәрбиесін алған баланың бойынан үлкен-кішіге деген құрмет, мейірім, имандылық, рухани тәрбиені ашық көруге болады. Тіпті қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша тұңғыш немересін атасы мен әжесі бауырына басып тәрбиелеген. Кейде кенже ұлының орнына атасының қарашаңырағына ие болып та жатады.
Күнделікті өмірде үлкен кісілердің «жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деп Жаратқаннан тілеу тілеп отыратындарын көреміз. Кейбір қарияларымыздың қартайғанда ағайын-туыс, отбасына абыройлы, ал базбіреулерін керісінше отбасының, бала-шағаның берекесін қашырдың деп қарттар үйіне өткізіп жатқандарының да куәсі болып жүрміз.
Қазақ – қариясын құрметтеген халық. «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» дегендей, ата болған кісілерді «ақсақал» деп құрметтеп, төрден орын берген, олардың батасын алмай ешбір іс бастамаған. Ал бүгінде осы үрдістердің барлығы біртіндеп өзгеріске ұшырап барады.
Ата – елдің, отбасының ақылшысы, батагөйі әрі қамқоршысы болса, ақжаулықты «әжелеріміз» отбасы мен ағайын-туыс, ел-жұрттың амандығын, тілеуін тілеп, халықтық салт-дәстүрімізді ұлдары мен қыздарына ұғындырып, үлгі-өнеге көрсететін жандар. Тіпті, халықтық дәстүр бойынша ақсақал қариясы бар ауылға келген қонақтар алдымен сәлем беріп, баталарын алуды азаматтық борыш деп санаған. Ал ұлдары мен келіндері, немерелері мен шөберелері құрмет жасап, айтқаны мен өтінішін сөзсіз орындауы шарт, өйткені бұл ұрпақтарға парыз, міндет.

Әкеден – ақыл, Анадан – мейір
Қазақ ақыны Қасым Аманжолов өзінің жарына жазған өлеңінде «отбасы – шағын мемлекет. Мен президент, сен премьер» дегеніндей, өмірде әке мен ана қатар айтылады. Жетекші тұлға әкені – ұрпақ иесі, әулет басшысы десе, шешені – от анасы деген. Отбасында әке үкімі заңды. Әкесі дүниеден озған соң отбасына басшы болып үлкен ұлы қалған. Тіпті әкесінен бөлініп, өз алдына жеке үй болғанның өзінде әкенің не үлкен баланың ықпалы жүретін. Шаруашылығы бөлек болғанымен, барлық бала әкесімен ақылдасып отырған. Әдетте әке шаңырағы «қарашаңырақ», «үлкен үй» атанады. Ол әкесінен тараған барлық ұрпақ үшін қасиетті саналады.
Қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсарин өз шығармасында анаға деген сезімін:
Бала, бала, бала деп,
Түнде шошып оянған.
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Түнде бесік таянған.
Аялы қолда талпынтқан,
Айналасына ас қойып.
Өзенді көлдей шалқытқан,
Қолын қатты тигізбей.
Кірлі көйлек кигізбей,
Иісін жұпар аңқытқан.
Қаймақты сүттей қалқытқан,
Суық болса жөргегін.
Қорғасындай балқытқан,
Бұл кім? – деп жырлаған екен.
Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.с) хадисінде: «Ата-анасын ренжіткендерді Алла тағала жақсы көрмейді» – дейді. Әсіресе ананың жолы бөлек. Ана сені өмірге әкеліп, түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүт берген аяулы жан. Өмір тұтқасы, отбасының берекесі, ақылшысы. Сондықтан да қазақ салтында ата-ананы ренжіту, қарсы шығу, тіл және қол тигізу, айтқанына көнбеу тәрбиесіздік саналған.

Атадан жақсы
ұл туса...
(Қаз дауысты Қазыбек би)
Әрбір ата-ана перзенттерінің шыр етіп өмірге келгенінен бастап жақсы бағып-қағып, ізгі ниетті, адал етіп тәрбиелейді. «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деген даналық сөзді ұстай отырып, «қызға қырық үйден тыйым», «қыздың жолы жіңішке» деп қыз балаға отбасының ұйытқысы, жатжұрттық деп қараған. «Ұлым жақсы болсын десең, біліктімен ауыл бол» дейтін халық даналығында, бала – отбасының басты қазығы. «Балаңды бес жасқа дейін хандай көтер, он бес жасқа дейін құлдай жұмса, он бестен әрі онымен ақылдас» дегендей, ата-анадан тараған ұрпақ, олардың ізбасары. Сондықтан да ата-анасының айтқанын екі етпей орындап, қартайғанда қабақ шытпай бағып-қағып, ризалығын алу әрбір перзенттің борышы. «Әке көрген оқ жанар, шеше көрген тон пішер» дегендей әрбір ұл әкесі немесе анасының жақсы қасиеттерін бойына сіңіреді. Қазақ халқы бірінші баланы тұңғышым, одан кейінгілерін ортаншым, кенжем дейді. Олар ержетіп өскенде тұңғыштары мен ортаншыларын үйлендіріп, енші беріп бөлек шығарады да кенжесі өз қолында, яғни «қарашаңырақта» қалады. Осыдан кейін ата-анасын бағып-күтуге осы кенже ұл міндетті болады. «Қарашаңырақты» басқа балалары да құрметтеп, ата-анасының сыбағасын беруді ұмытпауы міндет. Құран кәрімде: «Адамдарға біз ата-аналарына жақсылық жасауды бұйырдық» делінгендей, балалар ата-аналарын сыйлап құрметтеуге, асырауға тиіс. Жалпы қазақ ұғымындағы қара шаңырақты қадірлеу ата-баба әруағын қадірлеумен бірдей және өте ертеден келе жатқан дәстүр. Зерттеуші Төлеубаева К.М. «Үлкен патриархалды отбасының ыдырау кезінде қара шаңырақты қадірлеу күшейіп, ыдырап бара жатқан қара шаңырақты сақтап қалуға бағытталып, ерекше идеологиялық мәнге ие болғандығы» жөнінде айтады.
Жалпы айтқанда қазақ отбасы тәрбиесінде мейлі ол қыз бала, мейлі ұл болсын отбасын қадірлеу, адал болу, мейірлі-шапағатты болуға тәрбиелейді.

Келелі сөзді келін де айтады
Кезінде Қазыбек биге біреу сұрақ қойыпты. “Айтыңызшы, не жақын, не қымбат?” – деп, сонда Қазыбек би:
“Тату болса – ағайын жақын
Ақылды болса – апайың жақын
Бауырмал болса – інің жақын
Инабатты болса – келінің жақын
Құт береке – атаң қымбат
Айналайын – анаң қымбат
Мейірімді – ағаң қымбат” деген екен.
Расында «жыласуға өзі жақсы, сыйласуға жат жақсы» дейтін қазақ халқы бір-біріне сүйеу болып, қуанышына, қайғы-қасіретіне ортақтасатын туыстықты жоғары бағалаған. Отбасы – туыстық жүйенің ортасы саналады. Қазақ отбасында негізгі туыстық қатынас – ерлер жағымен ғана болмай, қыздар ұрпағы, оның ішінде жиендер мен нағашы қарым-қатынасы. Тіпті, ата-әже мен бала және немере-шөберелер, ата-ана мен балалар, келіннің қайыната, қайын енемен қатынасы. Осындай туыстық атаулар 90-ға жетеді. «Қазақ халқындағы туыстық қарым-қатынастың жеті атаға дейін созылып, одан әргі құдандалық байланысқа айналады. Себебі қазақта экзогамиялық тосқауыл ру ішінде жеті атаға дейін берік сақталуы, сосын сегізінші ұрпақтардың бір-бірімен некелесуге хақы бар» деп көрсетеді Х.Арғынбаев (31 бет). Жалпы айтқанда, туыстық қатынастар өзара түсіністікке, берекеге құрылады.
Қазақ ертеден-ақ «Отбасы – бақыт, байлықтың ұйытқысы», «бас құралмай, мал құралмайды» деп, баланы бағып-қағып, оқытып, ер жеткізген соң үйлендіріп, соңынан үлгілі-өнегелі ұрпақ қалдыруды өте игілікті іс санаған.
Халқымыз жақсы келінді қызынан кем көрмеген. Үлкеннің атын атамай, тіріде өзін, өмірден өткенде әруағын құрметтеуі – келіннің әдептілігі мен тәрбиелігін көрсетеді. Қазақ салтында ақ босаға аттаған келін әдепті, ибалы болып қайын атасын өз әкесіндей көріп, құрмет жасауы қажет. Білерменсіп ата сөзіне орынсыз араласып, бетінен алып, атасының алдында баласының бетінен сүюі немесе ұрып-соғуы, күйеуі және басқа да отбасы мүшелерімен ұрысуы, жалаңаяқ, жалаңбас ашық-шашық жүруі, атасына сен деп анайы сөйлеуі, сәлем салмауы сияқты оғаш қылықтардың барлығы көргенсіздік, тәрбиесіздік, арсыздық саналады.
Қазақта «келін ененің топырағынан жаралады» деген сөз бар. Ене – келіннің ең жақын, қамқор және екінші анасы. Жас келіннің болашақ өмір жолындағы ұстазы әрі ақылшысы. Сондықтан да енесін өз анасындай көріп, сыры мен көңіл-күйін жасырмай, ақыл-кеңестерін алып, барлық қызметіне әзір тұрады. Қандай жағдай болмасын бетінен алып, тіл және қол тигізбеуі шарт. Ененің рұқсатынсыз отбасындағы маңызды істерге билік жасамайды. Орынсыз дау-жанжал тудырып немесе өркөкіректік көрсеткен келіндер «көргенсіз, тәрбиесіз» атанады.
Келін – ененің ізбасары, шәкірті. Ене мен келін тату-тәтті, сыйласып өмір сүреді. Көргені мол қайынене, инабатты келін – отбасының құт-берекесі.

Отбасы – алтын ұяң
Кең-байтақ Отанымыздағы әрбір отбасы – егемен еліміздің негізін қалаушы кішігірім мемлекет. Олай болса, Тәуелсіздігімізді баянды ету әрбір отбасындағы тәлім-тәрбиеге байланысты екенін ұмытпауымыз қажет.
Бүгінгі қоғамда имандылық, рухани жанұялық құндылықтарымызды нығайтуда Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Мемлекет отбасыдан басталады. Сол себепті де біздің қоғамдағы жанұялық құндылықтарды нығайтуда маңызы зор» деп, – 8-қыркүйекті еліміздің «Отбасы күні» деп те жариялады.
Қазіргі жаһандану дәуірінде қазақ отбасында аса маңызды өзгерістер болды. «Қартым – қазынам» деп қараған қарияларымыздың көпшілігі аз ғана өмірін қарттар үйінде өткізуде. Ал, кезінде атам қазақ ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп «жетімі мен жесірін жылатпаған». Осы жерде тағы да Абайдың оныншы қарасөзін қарасаңыз: «Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын, артымнан құран оқысын, қартайған күнімде асырасын дейді. Осыдан басқасы бар ма? Балам орнымды бассын деген не сөз? Өзіңнен қалған дүние иесіз қалар дейсің бе? ... Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік, не түрлі боларын біліп сұрадың? Дүниеде өзіңнің көрген қорлығың аз болды ма? .... Қартайғанда асырасын десең, о да – бір бос сөз. Әуелі - өзің қаруың қайтарлық қартаюға жетемісің, жоқ па? Екінші – балаң мейрімді болып, асырарлық болып туа ма, жоқ па? Үшінші – малың болса, кім асырамайды? Малың жоқ болса, қай асырау толымды болады? Баланың мал табарлық болары, мал шашарлық болары – ол да екіталай...» (22 бет).
Қорытындылай келе, осындай жүректі ауыртар жаман үрдістер қазақ түсінігінде болмаған еді. Ендеше қазіргі адамдардың құндылықтарын өзгерткен заман ба, әлде аянышты қоғам ба, түсініксіз қалуда.

Дайындаған: А.Оспанова

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Жүндібаева Т.Н «Отбасы педагогикасы»
2.Қазақстан ұлттық энциклопедиясы Алматы: 2005 728 бет:
3.Б.А.Молдағалиев, М.М.Маденова, Ж.Ж.Жароллаев, Қ.Р.Қажымова «психологиялық-педагогикалық сөздігі»
4.Қ.Б.Жарықбаев, О.С.Сангилбаевтың «Жантану атауларының түсіндірме сөздігін» Алматы: «Сөздік-словарь» 2006-384 бет:
5.Х.А.Арғынбаев – «Қазақтың отбасылық дәстүрлері» Алматы: 2005. – 216 бет:
6.Төлеубаева К.М «Қазақтар және Орталық Азия халықтарының отбасы, отбасылық әдет-ғұрып, салт-саналары» салыстырмалы-этнографиялық зерттеуі
7.А.Жүнісұлы «Пәниден бақиға дейін». «Әдет-ғұрып әліппесі» - Алматы: 2001 296 бет
8.С.Кенжеахметұлының «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары»
9.У.Х. Шалекеновтің «Әмударияның төменгі сағасындағы қазақтары»
10.Абай. Қара сөздер. – Алматы: өнер 2006.124 бет.
11.А.Құралов. Қазақ дәтүрлі мәдениетінің анықтамасы: Алматы, 2001.
12.Н.Бегалыұлы. Батаменен бағың ашылсын «Ордабасы» 2011 жыл.

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30