Атамұраға адалдық танытқан шебер

 21 мамыр – мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. Осындай атаулы мереке қарсаңында, бағзы заманнан бері қазақтың тұрмыстық мәдениетіне айналған, ата кәсіп – қолөнершілікпен кәсібімен шұғылданып, әр түрлі бұйымдар істеп, оның жасалу техникасы мен қыр-сырын жасөспірімдерге үйретіп, шәкірт тәрбиелеп жүрген қолөнер шебері Шоқан Байділдинмен кездесіп, бүгінгі қолөнер мәдениеті жайында  аз-кем әңгіме өрбіткен едік.

 Шоқан Шөптібайұлы Байділдин – Астана қаласындағы №7 Ғали Орманов атындағы мектеп-гимназияда қызмет етіп жүрген  технология пәнінің мұғалімі. Шоқанның әкесі Шөптібай Байділдин – алыс-жақын шет елдерге таныс белгілі қолөнер шебері, оюшы, этнограф. Оюшы, этнограф, өлкетанушының  «Қазақтың ою-өрнектері»,  «Ою ой, өрнек сал», «Санаулы ғұмырымдағы саналы ойларым»,  «Кейкі батыр» атты кітаптары жарық көрген. Бүгінде оның ою-өрнектерге қатысты кітаптары қалың сұранысқа ие. Әкенің қаны, ананың сүті арқылы дарыған талант Шоқанның бойына да құт болып қоныпты. 

 Бала күнінен әкесінің жасаған бұйымдарын көріп өсіп, кейін өзі де осы саланың ауқымын кеңейтіп, оны ұрпақтан ұрпаққа таратуға себепкер болып жүр. Білікті ұстаз Шоқанның да оқушылары сәндік қолданбалы өнер түрлерін жасауға мақыштанып жүр екен.  Тіпті, 7- сыныптағы Қыдырмаев Дархан, 8  -сыныптағы Шөптібаев Асылхан, Бекболат Байдәулет, 9 - сыныптағы Алмасхан Арсыланбек, 11- сыныптағы Алданазаров Бекзат, Кеңпейілов Асылхан сынды шәкірттерінің жұмыстары қазірдің өзінде республикалық, облыстық деңгейдегі көрмелерге қойылып, жоғары бағаланып жатқанын естіп, ұстаз еңбегінің еш кетпей, ақталып, шәкірттерінің сенімінен шығып жатқанына қуандық.  Жуырда ғана Алмасхан Арсыланбек атты шәкіртінің жұмысы қалалық «Менің өнерімнің сыры» атты қолөнершілер байқауында І дәрежелі дипломға ие болыпты.

Шебер Шоқан: «Қазіргі уақытта  мектептерде  ағаш өнімдерімен жұмыс жасау санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға  сай келмейді. Сондықтан біз оқушылардың, әсіресе, ер балалардың қазақтың мәдениетімен, қолөнер жұмысынан тамырлары ажырап кетпесін деп,  заманауи өнімдерді пайдаландырып, ою ойып, сәндік қолданбалы бұйымдарды жасаттырып жүрмін. Жасаған бұйымдарын балалар үйіне апарып, ондағы жарымжан, мүгедек балаларға сыйлап, олардың көңілдерін көтеріп жүрміз. Оқушыларым домбыра, қобыз, сандық, қобдиша және тағы басқа кәдесыйлардың жасалу жолдарын меңгеріп алды. Мен үшін осыдан асқан бақыт жоқ!» деп өзінің қызметіне қуанып отыр. 

           Мұғалім Шоқан өзінің саласы жайында: «Қазір еліміздің көптеген мектептерінде   «еңбекке баулу», «технология»,  «бейнелеу өнері» сияқты пәндер оқытылмайды.  ХХІ ғасыр – жаһандану дәуірі. Компьютерленген қоғамда бұрынғыдай ешкім бейнелеу өнеріне, қолөнерге қызықпайды. Жастардың барлығы қажеттілігін компьютерлік дизайн арқылы істеуге әуестеніп кеткен. Ер балаларды  ата кәсіпке қызықтыру, тым болмаса, оның жасалу әдісін үйретіп, соған баулысақ – қазақ мәдениетінің мұрагері болатын еді. Мені алаңдататын мәселе осы. Сол үшін Елордадағы жасөспірімдер мен жастарды нағыз ер адамның қызметіне жұмылдырып жүрмін. Әйтпесе, ер балалар тәрбиесінің шегесі босап кетпесіне кім кепілдік береді?» деп қынжылап, мұңын да шақты. Шоқанның және оның оқушыларының қолөнер жұмыстарын Астана қаласының әкімшілігінің білім басқармасы  алдағы уақытта өтетін ЕXPO-2017 халықаралық көрмесіне қойылуына жолдама берсе, шеберлердің шет елдіктерге арнап жасар кәдесыйлары көп екен.

           «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей Шоқан өзінің әкесінің тәлім-тәрбиесін көріп өскен, бүгінде өзі шәкірт тәрбиелеп, қазаққа пайдалы қызмет істеп, қазақ мәдениетіне үлкен үлес қосып жүрген маман. Атамұраға адалдық танытқан шебердің қызметіне шығармашылық табыс пен жетістік тілейміз.

Елдос ТОҚТАРБАЙ

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30