ӘЛИХАН

Әз Жәнібектен – Әлихан,

Төрт құбылалы төрім нық!

Арғы тегі ер Шыңғыс –

Тоғыз баулы төре тұқымы,

Қырымға қызын келін қып,

Үрімге жүрген үкімі!

Көк түріктің Күлтегіндей Қағаны,

Бөртеден туған Бөлтірік,

Алан Қоғайдың Аланы.

Адырнасы  ақ өгіздің терісі,

Кірісі құла айғырдың сіңірі –

Боданшардың сағымға ілген садағы!

 

Тоғым-Шығайдан түссем – Әлихан,

Ат үстінде түн қатқан!

Арғы тегі  – Дештіде қалған Жошы-ды,

Толарсағына тоң қатқан,

Қорамсағына қан қатқан!

 

Қызыл ту көтерсе Қарақорым қосыны,

Жебесі сегіз қабат сауытты сөгетін,

Енесі егіз ұлға толғатқан!

Хан баласы – осы-ды!

Тұраннан түрегеліп ең – дұспаның түгел шошыды!

 

Ұзын оқты Оңдан сұлтанға ерсе – Әлихан,

Хан баласының қазақта өтеп хақысын,

Қасымның қасқа жолымен,

Есімнің ескі жолымен,

Хақназардан қалған қайрап сапысын,

Шыңжаңнан торып – Шығысын,

Мәскеуден қорып – Батысын,

Жағасы жау қолында жыртылып

Жат жұртта қара,

жатысын!..

 

Көкжал Барақтан көбелей жетсе – Әлихан,

Бабаң Барақ – жауына қырық сан еді,

Шынжыр балақ, шұбар төс,

Жеті атасынан жілік майы үзілмеген хан еді.

Бөкей бабаңды ақ кигізге көтерсе,

Қоса көтерген Ту – ақ еді...

Тегің осал болсын ба?

Кегің осал болсын ба?

Жүрісің содан паң еді!

 

Хан Кененің соңынан ерсе – Сұлтан ием,

Оңымнан туған Айым ең,

Солымнан туған Шолпан ең!

Алашорда ұлт сайласа көсемін,

Шенділер ыққан шешенім,

Сәбидің өкшесі қазған бұрқақ ең!

Есілде қалған еліңді,

Жайықта қалған жұртыңды,

Сауытыңмен сақтап ең,

Мауытыңмен қымтап ең!

Уызына жарыған,

Ат үстінде арыған,

Көбесі омыраулы,

Найзасы қоңыраулы,

Нұрдан туған ұрпақ ең!

 

Текті шонжар, атаулы хан нәсілім,

Салтына тартқан асылым!

Сүлдең сыпырған бұлт әлі

Түсірер Жерге жасылын!

Арланға апан жүрегің,

Атанға жілік білегің,

Кез маялы келеден

Арқада Сораң үлегім!

Ылайланып ақсаң Қаратал,

Күркіретіп қанын күренің,

Қазаққа қызмет қылмай қойдың ба?

Маңдайыңды оққа тіредің...

Бақұл да бақұл, бақұл бол!

Содан да болар

Үзеңгі бауым сегіз қабат, ат үстінде шіреніп,

Уысыма қан жұмып,

Ұлысыма хан қылып,

Тәңірі төбесіне тұтқан

ер Шыңғыстың аруағын арқалап

Әлі қан менің,

Әлі хан менің –

Жүрегім!

Мирас АСАН, 09.ХІ.2016

 

 

 

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Тамыз 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31