Қазақтың ұлттық ойындары

Қалтырауық қамыр кемпір және Ақ боран.

Қазақ халқының ойын-сауық, әдет-ғұрып ойындарының көпшілігі осы ойынмен басталады. Наурыз мейрамында бұл ойындар екі жақтың тартысы арқылы ойналып, қыстың қысылшаң қаттылығын бейнелейтін болған.

Наурыз кезінде жақын екі ауылдың келісуі бойынша, мерекеге жиналғандар екі топқа бөлінеді. Бірінші топтың аты — «Ақ боран» да, екінші топтың аты — «Қалтырауық қамыр кемпір». Әр топ ойын басталмас бұрын өздерінің ішінен өнердің барлың саласына қатынасатын (ақын, палуан, мерген, найзагер, құсбегі, шабандоз тағы сол сияқты) ойыншыларын дайындап, сайлап алады да, жиналған қауым екі ауылдың ең үлкен ақсақалдарының батасын алады.

 

Ойын ең алдымен екі жақтың ақындар айтысымен басталады. Бірінші күні-ақ айтысқан екі жақтың тартыс-бәсекесінен біріне-бірі оңайлықпен беріле қоймағандығы байқалады. Мереке өнердің барлық саласынан-ақ осындай қызу тартыспен өтеді.

Ақындар айтысы бітісімен, палуандардың күресі басталады.

Палуандар күресі біткеннен кейін «жаяу жарыс» басталады. Бұл ойынға қатысушылардың санына шек қойылмайды. Екі топтың өзара келісімі бойынша белгіленген екі көмбенің арасын жүгіріп өтулері керек. Жаяу жарысқа қатысушылар нақтылы қандай қашықтыққа жүгіретінін ешқайсысы білмеген, өйткені бұл екі көмбенің арақашықтығы еш уақытта өлшенбеген. Тек бертін келе ғана мөлшермен өлшене бастады. Шамамен бірден үш шақырымға дейінгі қашықтық алынған жаяу жарысқа қатысушылардың әрқайсысы өзінше жүгіріп, бірінші келгені жеңімпаз атанған.

Бұдан кейін халқымыздың ат үстінде ойнайтын ойындары басталып жалғаса беретін болған.

Ат үстіндегі ойындардың бір түрі «Жамбы ату». «Жамбы ату» ойыны қазақтың ата тегінен бері келе жатқан, болмаса аңшылық кәсібінен қалған, келе-келе көз ұшындай жерге жамбы тігіп, соны ататын, көңіл көтеретін, бүкіл жұрт болып қызықтайтын ұлттық ойынына айналған. Бұл ойын халықтың ұлт ерекшелігін көрсетеді. Себебі қазақтар жамбыны ат үстінде тұрып, болмаса шауып келе жатып қана атқан.

Мұның өзіндік ерекшелігі мынада: қазақтар жамбыны атқанда бүгінгідей анандай жердегі тақтадағы нысананы көздемеген. Олар ұзын сырықтың басына мергенге арналған сыйлықты, болмаса жамбыны шүберекке орап, не ашық түрде жіпке байлап іліп қояды.

Мергендер жамбыны атқанда, оны байлаулы тұрған жібінен көздеп жерге түсіреді. Жамбыны атқанда әркім өз атының үстінде жүріп, не шауып келе жатып садақпен атады. «Жамбы атудың» қызықтылығы сондай, оны тамашалауға жиналған жұрт басқа ойындарды ұмытып бар назарларын соған салатындықтан, оны барлық ойындар өткеннен кейін, ең соңынан қызықтайтын болған. «Жамбы ату» ойыны тігілген жүлдені мергендер атып алғанға дейін жалғаса береді. Кей жағдайларда ойын қызығына қанбаған жұрт жамбыны үш ретке дейін тігеді. 

Күзем алу.

Халықтың қой бағуға байланысты еңбегін бейнелейтін мерекеге ұласатын ойын-сауық ойындарының бірі — «Күзем алу» болып өткізіледі де, үлкен тойға ұласады. «Күзем алып» жатқан ауылдың сыртынан байқастаған адам, ығы-жығы адамдарды көрер еді, біреуі ән салып, бірі күй шертіп, енді біреулерінің айтысып жатқанын естисің, жүнді шаңырақтан шығара көтере сабаған жастар, киізді шиге орап қарпығанда, жон асырып бір ауыл мен екінші ауылдың арасында домалатып теуіп жүргенде де, әзіл мен айтыс өлеңдерді, киізді басуға арналған ән-жырларды айтады. «Қой басты, қой басты»,— деп үлкен үйлердің алдына әкеліп — ырымын алады. Қазіргі «Өрмек биі» осындай халық ойындарынан алынған.  

Тоғыз аяқ, тоғыз табақ.

Ойын-сауық, әдет-ғұрып ойындарының бір түрі — «Тоғыз аяқ, тоғыз табақ». Бұл әсіресе қазақтың баласын үйлендірерде қыздың әкесіне барып, құда түскенде, екі жақтың келісімі жарасқан шат-шадыман көңіл күйін, туыстық жарастық көңіл күйді білдірген. Осы құда түсу кезінде қонақ сыйларын халық «тоғыз аяқ, тоғыз табақ» деп атаған. Халықтың әдетінде жайшылықтағы қонақ асы бөлек те, құданың асы бөлек берілген. Құдалардың арасындағы сөз әбден келісіліп болғаннан кейін, енді құданың қайтардағы қонақ асысы тағы бөлек — «Құйрық-бауыр» болыпты. Мұнда құйрық май мен бауыр туралып, оған қосымша айран араластырып, қайтар жолда жесең де жейсің, жемесең де жейсің деген ойын-кәде жасаған. Жемесең тойғаныңның белгісі деп, құдаларға асатқан кезде айранды бетаузына дейін түгелдей жағып шыққан. Құда енді бұл асатудан тек кәдесін жасап барып әрең құтылған. «Құйрық-бауыр» асататын көбінесе жас келіншектер болып келеді де, олар асататын адамдарына арнайы ән айтумен болады. Қатынасушылар көбінесе тапқырлық, шапшаңдық көрсетіп жазадан құтылып кетуге, асатушылардың саусақтарын тістеп алуға тырысады.

 

Тоқым қағар.

Тоқым қағар —- ойын-сауық, салт ойыны, көбінесе жас баланың алғаш рет үйден жырақ, алыс сапар шеккен кезінде немесе қызы ұзатылған үйге жиылып «Тоқым қағар» ойынын бастаған. Әдетте ауыл адамдары ән, күй, айтыс секілді өнер түрлерін айта отырып, көбінесе, үй иесіне жолаушының оң сапарда болуын, қыздың бақытқа жетуін тілейтін жақсы тілектер айтысқан.

 

Қыз кәде.

Қыз кәде — ұлттық ойын. Бұл ойында ұзатылатын қыздың жеңгелері мен күйеудің қосшылары тартысқа түседі. Ойынды қыз жағының жеңгелері бастайды. Олар "қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу жоқ” деп жол-жора жасаттырады. Екі жақ әзіл-қалжың қағыстырып, өнер жарысына түседі. Кейбір аймақтарда ұзатылғалы отырған қызды үйден кілемге салып көтеріп алып шығып, дәл аттанар сәтте ойынды бастайтын болған. Ал Қазақстанның шығыс, орталық өңірлерінде Қыз кәде қызды аттандырудан бір күн бұрын өткізілген. 

Беташар.

Беташар — қазақтың келін түсіргенде жасалатын салтының бірі. Дәстүрлі беташар, әдетте, тойға жиналған халық тарқар кезде өткізілген.

Шымылдық ішінде отырған келіннің басына орамал жауып, той өтіп жатқан үйдің ең жақын, үлгілі келіндері екі жағынан қолтықтап алып шығады. Беташардың тәрбиелік мәні зор болғандықтан, келіншектің екі жағына тұратын әйелдер жесір, жеңілтек, т.б. болмауы қатаң ескеріледі. Орамалдың теңге түйілген ұшын домбыраның мойнына не таяқтың ұшына байлап, жырау беташар жырын бастайды. Ол шаңыраққа жаңа түскен келінге ата-енесін, үй-ішін таныстырады, қандай туысқандық жақындығы бар екенін, беделін, қадір-қасиетін шебер тілімен жеткізіп, әрқайсысына жеке-жеке сәлем жасатады. Сәлем алған адам жас келінге беретін сый-сыяпатын атайды. Мысалы, сол шаңыраққа жақын ауқатты туыстары құлынды бие, енді біреулері отауға тігетін киіз үй, т.б. берген. Дәстүр бойынша, жаңа түскен келінді беташар жоралғысы жасалмастан бұрын қыз-келіншектерден басқа ешкім көрмеген.Келіннің бетін ашушы жас келінді ауылдың ардақты адамдарына, күйеуінің ағайын-туыстарына таныстыру шумақтарын өзінше суырып салып айтуы шарт. Ол үшін жырау не ақын екі-үші күн (кейде 10 — 15) бұрын сол оттың басына келіп, дайындық жасаған. Үй иесі оның бет ашқан еңбегіне беретін сыйлығын (ат, түйе, бірнеше уақ мал, т.б.) алдын-ала атап қоятын болған. Егер оның айтқандары көптің көңілінен шықса, онда сол үйдің ең қадірлі адамы, туысы саналған. "Келіннің бетін кім ашса — сол ыстық” деген мәтел де осыдан туған.Беташар айтылып болған соң сол үйге туыс жасы үлкендер, көрші-қолаңдар жас келіннің қолынан "шәй ішу” рәсімін өткізген. Бұл кезде жас келінге өзіне тетелес сол үйдегі не жақын абысыны көмекке келген. Абысын-ажын арасындағы болашақ татулық осы арадан басталған. Осы бірінші дастарқан үстінде келіннің жүріс-тұрысына, мінез-құлқына, т.б. назар аударылып, ол алғашқы сыннан өткен. Соңынан жасы үлкен, халыққа қадірлі қария келінге бата берген. Қазақтың беташар салты жаңа заманға да бейімделіп, жалғасын табуда. Қазіргі кезде беташар салты той асының алдында өткізіліп жүр. Бұл туралы мақала Әуезовтің «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» деген зерттеуінің ішіне кірген тараулардың бірі. Зерттеуші салт өлеңдерінің құрамында беташардың алатын орнын, мазмұндық ерекшелігін анықтаған. Беташардың қандай жағдайда, қашан, қалай айтылатынын сөз ете келіп, Әуезов бұл өлеңнің танытқыштық, тәрбиелік және керкемдік мәнін ашқан; мұның тұрақты мәтіні (тек- сі) болатыны, онда қазақ отбасында жаңа түскен келінге арналатын өсиет пен міндет іріктеліп керсетілетіні; жас келіннің жаңа келген елінде әдепті, еңбекшіл, өнегелі, үлкен мен кішіге ізетті болуға тиістілігі ғибрат, ескертпелерінде берілетіні айтылған («ел-жұртына жақ, келін, ата-енеңді бақ, келін, кісі келсе, үйіңе, киізіңді қақ келін... өзіңнен үлкен адамның, бетіне тіке қарама... сәлекет боп отырма, еркектей боп жүгініп, бір тізелеп жөн отыр, төмен қарап бүгіліп, қатты қылып сөйлеме, ақырын сөйлемңдіріп...»). Беташар өлеңінде отбасындағы ңлгілі ұйел қандай болуы керектігі туралы хапық- тыһ ғасырлар бойында қалыптасқан ұдеп норма- лары, өнеге тізбегі, адамгершілік дңниетанымы, ұйелдердіһ адам тұрбиесіндегі айрықша орны көрініс тапқан. Қазірге дейін айтылып, қажетке жарап келе жатқандығы бұл өлеңдердің өмір- теңдігін көрсетеді. 

 

Бастаңғы.

Бастаңғы — қазақ жастарының дәстүрлі сауықтарының бірі. Үйдің үлкендері жолаушылап кеткенде ауылдың қыз-келіншектері сол үйге жиналып, Бастаңғы жасайды.

"Қызға қырық үйден тыйым” деген берік қағиданы ұстанған қазақ қыздары, әдетте, мұндай басқосуға жеңгелерімен немесе іні-қарындастарымен бірге келетін болған. Кейде жиын қызықты өтуі үшін сал-сері бозбалалар да шақырылған. Бастаңғыға жиналған қыздар үйлерінен құрт-май, қант-шайларын өздері әкеліп, ортақ дастарқан жайған. Бастаңғының екі түрлі тәрбиелік мәні бар. Алғашқысы баласының үйде отырып томаға-тұйық болып қалмауына, елмен араласуына, замандастарымен жақын танысуына жол ашу; қонақ күте білуге баулу. Енді бірі — қызды қазан-аяқ ұстауға, дастарқан жасай білуге, т.б. үйрету. Сондықтан Бастаңғыны көбіне қызы бойжете бастаған үйлер жасаған.

Бірақ Бастаңғы рұқсатсыз, бақылаусыз өтпеген. Өйткені, "шешесі қыдырмашы болса, қызы бастаншыл болады” деген сөз бар. Басқосу барысында жастар әзіл-оспақ айтысып, ұлттық ойындар ойнап, ән салып, күй тартып, әр түрлі өнерлерін ортаға салған. 

Шалма.

«Шалма» — ойынына екі адам катынасады да, қалғандары көріп, тыңдап отырады. Ойын үйде, аулада өте береді. Ойыншылар біріне-бірі қарсы қарап отырады да, дайын болған шалманы бірінің қолынан бірі алады. Алғашында екі ұшын біріктіріп түйеді де, екі қолға, яғни төрт саусаққа кигізеді, ортаңғы саусақпен кезекпен іліп алады, сонда «ыңыршаң» шығады.

Екінші жағдайда, келесі ойнаушы басбармақ және сұқ қолымен ыңыршақтың екі жақ керегесінің үстінен астына қарай алып, «кереге» шығарады. Үшінші жағдайда керегені үстінен астына қарай алып, «шаңырақ» шығарады. Төртінші жағдайда шаңырақты екі шынашақпен айқастыра іліп алып, «астауша» шығарады. Бесіншіде «кереге» қайталанады, алтыншыда «шынтақ» шығады. Енді әрі қарай жалғастырып ойнай берсе — «астау», «кереге», «шынтақ», «астау», «кереге», «шынтақ» болып қайталана береді.

Ойлы ойыншылар бұл бейнелердің жаңа көріністерін өзінше өрнектеп кеңейте беруге тырысады.

 Бұл жас өспірімдердің тұрмыстағы үй жабдықтарын қалай пайдаланатындықтарын көз алдына елестетіп, соларды өзі жасағандай әсерлендіре түседі. Жастардың қиялын қозғап, творчестволық ізденіске, ой-жүйелерін дамытуға бастайды.

Сақина тастау.

Сақина тастау — бұл ойын көгалды жерде, залда өткізіледі. Ойыншылардың саны 20—25 адамға дейін болады. Олар көгалды жерді қоршалана бір аяғын астына басып, енді бір аяғымен тізерлеп тұруға ыңғайланыш отырысады. Ойыншылардың аралары тым жақын болмауы керек.

 

Ойыншылар екі алақанын беттестіріп, қусырыңқырап, қолдарын алға соза отырады. Шеңбердін ортасына шыққан адам екі алақанын беттестіріп ойыншылардың алақандарының арасына сұғады. Ол бір шеттен бастап, басқаларға білдірместен отырған ойыншылардың біреуінің қолына сақина немесе сақина орнына алынған затты салып кетеді. Тегіс айналып өткен соң ортаға шығып, «Сақинам кімде?» деп дауыстап сұрайды. Сол уақытта қолында сақина қалған ойыншы жан-жағында отырғандарға білдірместен орнынан атып тұруы керек. Ал оның оң жағындағы адамның міндеті қасынан атып тұрған ойыншыны орнында ұстап қалу болып табылады.

Егер ұстап қалса, орнынан тұрушы жаза тартады. Көпшіліктің ұйғаруы бойынша ән, би, күй немес басқа бір білетін өнерін орындап береді. Берілген «жазаны» орындағаннан кейін ол алғашқы ойын бастаған адамның орнына тұрып, ойынды қайта жүргізеді. Ал егер ол ұстатпастан тұрып кетсе, онда ұстай алмай қалған ойыншы жоғарыдағыдай жазаға бұйырылады.

 

Жылдырт-жылдырт.

«Жылдырт-жылдырт» — бұл ойынды орындыққа алқа-қотан отырып ойнайды. Қатынасушылар 10—15, кейде одан да көп болады. Ойын бастаушы шеңбердің ортасына отырып алып, қалтасынан не жүзік, не күміс аңшаны алады да, оның ерекше белгісімен ойыншыларды таныстырады, не сол жерде белгі салады. Содан соң отырған ойыншыларға ойын тәртібін түсіндіреді: бәрің де екі алақандарыңды бір-біріне қабыстыра ортасын қуыс етіп алға созыңдар. Егер алақандарыңа мына «жылдыртпа» түсе қалса, оны тез және өзіңнен басқаға сездірмей қабылдап ал да, үнемі оң жағыңдағы көршіңе жылдыртып жібер. Сонда қабысулы қолыңды өзіңнен оңға қарай емес, әуелі сол жақ көршінің қолымен тиістіріп ал, содан оң жақ көршіңнің қолына тиістір. «Жылдыртпаны» тап сол бірінші жолда өткізбей, оны бір-екі рет жаңылдырып барып өткізуге болады. Бәрің де қол тиістірген уақытта «Жылдырт-жылдырт»—деп дауыстап айтып отырасыңдар.

Ортадағы ойыншы «тапқыр» деп аталады. «Тапқыр» үнемі бақылап, болжап отырып, «Жылдыртпаны» ұстап алу керек. «Жылдыртпаны» алақанының қуысына салып алып, бастаушы «Жылдырт-жылдырт» деп, бір ойыншыдан бастайды да, өзгеге байқатпай өзі қалаған біреуге қалдырып кетеді.

Ендігі жерде барлық ойыншылар «Жылдырт-жылдырт» деп, қолдарын екі жағындағы көршілеріне кезекпе-кезек тиістіріп, қайтып алып отырады да, оны сездірмей солардың біріне өткермелей береді. «Жылдыртпаның» үнемі оңға қарай ауысып отыруы шарт. «Тапқыр» тауып алуға тырысады. Егер 6—7 айналғанға дейін таба алмаса, бір бала: «Жылдырт-жылдырт , жылдыртта қымқырт. Отырақалдық, жым-жырт!» дейді де, бәрі жым-жырт бола қалады. «Тапқыр» ойнаушылардың сырт көрінісі мен бет бейнесін болжап отырып, өзінше сезікті санаған бір ойыншының қолын ашады. Тауып алса, сол ойыншы екі ауыз тақпақ, не екі ауыз жаңылтпаш айтады, не екі жұмбақ шешеді де ортаға отырып, жаңадан «тапқыр» болады. Бұдан арғы ойынды сол «Тапқырдың» өзі басқарып, өзі жүргізеді.

Өлең, жұмбақ, жаңылтпаш айта алмайтын ойыншы не сиыр боп мөңірейді, не жылқы болып кісінейді, болмаса басқа бір тапсырма орындайды.

 

Алтыбақан.

Алтыбақан — қазақтың ежелгі ұлттық ойыны. Тымық кеште, айлы түнде, ауыл сыртында ойналады. Алтыбақан құру үшін 6 бақан немесе 6 сырық, үш арқан керек. Бақандарды үш-үштен бір басын буып, аралығын үш-төрт метр етіп, мосы тәріздендіріп орнатады да жоғары жағы сырықпен жалғастырылады. Бақандардың жоғарғы ашаларына екеуі жоғарырақ, бірі төмен етіліп үш арқан тартылады. Жоғарғы екеуі отыруға немесе бел сүйеуге арналады, төменгі арқанға табан тіреледі. Қыз бен жігіт қарама-қарсы орналасып, бел арқанның екі жақтауынан бекем ұстап, үшінші адамның демеуімен тербетіледі. Тербелушілер қосылып ән бастайды да оған тамашалаушылар қосылып, думандатып әкетеді. Бел, табан арқандарының орнына соңғы кезде жеңіл тақтайлар қолданылып жүр. Алтыбақан ойыны ежелгі көшпелі елдің бәріне кең таралған. Отырықшы халықтарда ол әткеншек деп те аталады. [1]Алтыбақаннан айырмасы ол тұрақты орнатылады және жалғыз адамға арналады. Алтыбақанның қажетті заттары – тез құрастырылып, жиналатын үй мүліктері. Ойын көпшілікке арналған. Жастарды әріптес таңдауға, ептілікке, тапқырлыққа, өнерлілікке бейімдейді. Алтыбақан көріністері театр өнерінде халықтың ұлттық тұрмыс ерекшеліктерін көрсету, сахнаны әсерлендіру тұрғысында да лайықты орын алды. Қазақ телевизиясы 1970-жылдары көгілдір экраннан жүйелі түрде «Алтыбақан» сауықкешін ұйымдастырып тұрды.

http://kz-oyini.ucoz.ru/index/ojyn_sauy_t_rmys_salt_ojyndary/0-44

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30