Наурыз — Ұлттық болмысымыздың бастауы

  Қазақ тойшыл халық. Ол өзінің өмірінің әрбір сәтін қызықтауға барын салатыны белгілі. Әр адамның, бір отбасының, тіпті әулеттің қуанышын тек өзі ғана емес тілектес қауым болып қызықтайды.

Ол басқосуда ән айтылып, күй шертіліп, ас ішіліп, әзілдесіп, қалжыңдасып сол қуаныштың өзінің дәстүрлі рәсімдері өткізіліп, той-тойға ұласуын тілесіп, ақ батамен тарасады. Онда өнер өрістеп, өнегелі адамгершілік үлгі, ынтымақтасты береке, инабатты сыйластық жарасым табады.

 

 

Көңіл-күй құдіреті де, өнер түрлері де, ас мәзірі, ойын-сауық қызығы да, әдет-ғұрып, салт-дәстүр рәсімдері де тоғысатын, жария болатын той-мерекеде әрбір халықтың мәдениетінің, дүние танымының, сән-салтанатының, саналылығы мен рухани қуатының байлығы айқын көрінеді.

Әр тойда халықтық дәстүр бойынша тең-теңімен тіпті «әзілің жарасса атаңмен ойна» – деп қойып жастардың ойын-оспағына ерік берілгенімен ешкім де әдептен озбайды. Оның өзі ұлттық иба, инабат, мәдениеттілік, кісілік қасиет болып халқымызға қалыптасқан үрдіс.

Бұның бәрі жалпы той, қуаныш, мерекені қызықтау талабы десек те әр тойдың өзіндік ерекшелігі, мәні, мазмұны, шектеулі де өзіне ғана тән жарасымды рәсімдері мен жол-жарасы, талабы болатыны белгілі. Оның өзін ұлттық ерекшелік, рухани байлық, саналылық салтанаты десек болады.

Мысалы «бесік жыры» нәрестені бесікке салғанда, «бет ашар» келінді түсіргенде, «сыңсу» қызды ұзатқанда ғана айтылатыны сияқты әрбір той думанның халық даналығымен жасалып, ғасырлар бойында шыңдалып халқымыздың қанына сіңген үлгілері бар. Ол мұқият сақталғанда ғана  той мәнді де мағыналы болмақ. Өйткені ол рәсім, ән-жыр... өзге жиында орындалмайды. Осы жиында орындалмаса бұл тойдың өзі айтулы той болмағаны.

Өкінішке орай  «той домалақ» десіп аста-төк дастарқан жасап, даңғара-дүрсілдек  шуменен өз қуанышын тойладым деп жүрген жетесіздік жоқ емес. Ол тіпті шектеусіз өріс алуда. Ондайда ұлттық дәстүрді сақтау, әдет-ғұрып талабын орындау, адамдар арасындағы сыйластық, жастарға берілуге тиісті тәлім-тәрбие үлгісі бәрі де бүктемеде қалып жүр.

Тіпті халқымыздың дәстүрінде жоқ келеңсіз  дүниелер жат жұрттың түрлі мән-мағынасы түсініксіз, тек еліктегіштікпен, әуесқойлықпен өмірімізге әкеліп тықпалап жүрген «жаңалықтар» да аз емес. Олардың көбі өзіміздің ұлттық дүниетанымымызға, діни сенімімізге үйлеспейтіні түгілі кереғар дүние екеніне мән берілмейді.

Ең қысқа айтқанда тіпті түсінікті қажет етпейтін бір-екі жайды еске салсақ:

*Қазағым нанды, дәнді, дәмді басуға, шашуға тиым жасайды;

* Шаңырақ көтеріп түтін түтеткен, жас отауда от жағу, отқа май құю ырымы бар еді ғой;

Ал бүгінгі жақсы тілек  тілейтін, келер күндеріне бақыт, қуаныш, ырыс жолы ашылсын дейтін қуанышты күні:

*Жас жұбайларға арнайы дайындалған тортқа қадалған шырақтарды сөндіру деген не?..

*Беті жаңа ғана ашылған, кеудесі жалаңаш, сирағы сидиған, желке шашы желкілдеген, қолаң шашы жайылған келіннің жолына, төсегіне дән шашу, аяқ киімін ұрлап кетіпті десіп тойда шулаудың несі қызық?..

Немесе әлі ризалығын естіп, батасын алмаған ата-енелеріне жас жұбайлардың жарысып торт асатуының қандай тәрбиелік мәні, тәлімдік өнегесі, қандай қызықты құдіреті бар?

Оның бәрі сыпайлап айтқанда қарттарын қадірлеуді білмейтін жұрттың дәстүрі шығар...

Мұндай келеңсіздік етек алғаны сонша асабалар енесі мен келіндер арасындағы сыйластықты мадақтаудың орнына енені «теща» деп ажуа, әңгіме айтып, тойды қызықты етем деп жүріп өздері мазақ болуда.

 Адам баласының жүрегіне жара салатын азалы күні ардақтасынан айрылып отырған отбасының қайғысын жеңілдетуден көрі сол күндері өткізілетін рәсімдердің көбі ұлттық та, діни де түсінік талапқа сай болмай жолдан қосылған рәсімдердің үлгісімен «ел сүйтеді» дегенді желеу етіп жүр. Оның көбі тірілердің бәсекесіне айналып барады.

Дана, батыр бабаларымыз ғасырлар бойғы күрескенде  қорғағаны ата қонысы-жері, малы ғана емес халқы оның мәдениеті, тілі, дәстүрі, салты, тарихы, әдет-ғұрпы... емес пе еді?!

Егеменді ел, тәуелсіз жұрт болғанда ата-бабаларымыздан қалған сол рухани қазыналарымыз:

*Тағдыр тауқыметімен бұрмаланған тарихымызды;

*Пұшайман күйдегі тілімізді;

*Өңі айналдырылған салт-дәстүрлерімізді қорғай алмасақ

*Жұрнағы ғана, қалған ұлттық өнер түрлерінен мүлде айырылып қалсақ жаһанданудың жалмауыз жұмырына жұқ та бола қоймаспыз.

Халқымыздың қаһармандық, шешендік, өнерпаздық, шеберлік қасиеттерін, ардақтап ұлттық рухын асқақтатып, санасын оятып, бауырларымыздың бір-біріне, барлық адам баласына, табиғатқа, Отанына деген шексіз сүйіспеншілігін, мейірімділігін, қамқорлығын жетілдіріп барып мәңгілік ел болуға жұмылуымыз қажет емес пе?

Қазақтың байырғы ақ пейіл, кең қолтық, бауырмалдық қасиетін ұрпағының бойына дарыту да бүгінгі аға ұрпақтың борышы ғой. Сертіне берік, жауына да адал, ешкімге қиянат пен зорлық жасамақ түгілі үйге кірген «Жыланның басына ақ құйып шығаратын» қазақы қасиетті ардақтап кейінгі ұрпаққа мұра, мирас ету алаш баласының әрқайсысының қастерлі борышы емес пе? Осы бір киелі игіліктің бәрінің баянды болмағы оның ірге тасында, алғашқы бастамасына байланысты болмақ.

Қазақ үшін барлық игіліктің бастауы жаңа туған ай, атқан алғашқы ақ таң, шыққан жаңа күн, қарды тесіп шыққан үлбіреген сарғалдақ, тоңнан тебіндеген көк, өмірге жаңа ғана келіп көзін ашқан жас төл,  тұңғыш нәрестеден ызғырық қайтып жылымық жеңген, күн мен түн теңелген табиғи жаңа жыл басы – Наурыз мерекесінен басталмақ.

Ақ түйенің қарны жарылған бұл Ұлыстың ұлы күнін халқымыздың ең әуелі әлемде теңдік барқадар тауып, шуақты мейірімі «Қағбаның қара тасын», «Самарқанның көк тасын» жібітердей қуат, құдіреті бар киелі күн деп біледі.

Шығыс халықтары оның ішінде түркі жұрты бұл күнді ұлыстың ұлы күні, теңдік мерекесі, жаңару, өсу, түлеудің басы деп таниды. Бұл күні адамдар арасындағы дүрдараздық, көңілдегі кір, өкпе, реніш, ашу-ыза, кек бәрі де кешірілуге тиіс. Осы уақытқа дейін түсіністік таппаған ағайын арасындағы аз-кем салқындық түгілі ел мен ел арасындағы қырғи қабақ ерегес бұл күні жарастық тауып бітіскен екен.

Жаңа күн, жаңа ай, жаңа жыл өмірге алаңсыз тыныштық, мол байлық, ынтымақты береке әкеліп бұл күні тілеген жақсы тілектің бәрі қабыл болады деп есептеледі.

Бұл күні адамдардың бір-біріне мейірімділігі оянып, қайырымдылық қасиет үстемдік алмақ. Сондықтан бұл күні қарттарға құрметпен «Бел көтеру», бұқара қауымға «Шүлен тарату», кем-қабыл жандарға қамқорлық жасап, қыстың қытымыр қиыншылығына ұшырап қалған ауыл-аймаққа жәрдем ұйымдастыру, көп болып күш қосып  ауыл аймақты тазарту, ағаш отырғызып егін егіп, құрылыс салып, арық қазып «Бұлақтың көзін ашу», «Бір тал кессең он тал ек» десіп егін егіп еңбекке жұмылу дәстүрі басталып ол қырық күнге дейін созылатын болған.

Әлемдегі іргелі отыз елдің қатарына қосылып мәңгілік ел болуды мақсат етіп отырған қазақ елі өзінің сүйікті түлігі қой жылын той жылы етіп өткізу үшін оны ел басы айқындап берген мерекелермен бастамақ, өткізбек.

Ол үшін наурыздың өзінің дәстүрлі рәсімдерін сақтап 21-інен 22-сіне қараған түнді «Қызыр түні»  деп ақ тілекпен тамашалап, 22-сі күнгі наурыз таңының ақ шапағын нұрлы күннің рәмізі күміс арбамен (шанамен) келген Қызыр бабаны қос шырақтың арасынан өтіп, аласталған 18 мың ғаламның жан-жануарымен бірге салтанатпен қарсы алу; бір тілекпен, ақ ниетпен киелі тай қазаннан нәрлі, қасиетті наурыз көжеге тойып, ұлттық таным, түсінік бойынша сол күннің табиғатына сай рәсімдер бойынша қарсы алып тойлауға мұқият дайындалу үшін мына төмендегі дайындық шаралары жасалуы тиіс. Бұл дайындық шаралары әр қала, ауыл, әр ұжымда, оқу орнында, от басында жасалса Наурыз мерекесінің мәнін ұрпақтарымыз ұғып жаңа жылдық мерекені өткізудің батыстық үлгісінен бой тартып, ұлттық рухы асқақтап, құлдық санадан тез арылмағы хақ.  

Наурыз мерекесі өзінің байырғы қалпын таппақ. Жыл ішінде өтетін өзге тойлар да мәнді де мағыналы, нәрлі де сәнді, танымдық тәрбиелік, ұлттық болмыста өте бастамақ.

 

 

Молдабек Жанболатұлы,   ҚР. Оқу-ағарту ісінің озаты, ҚРЖурналистер  Одағының мүшесі, шежіреші, этнограф, Абай, Шәкәрім, Мұхтартанушы

 

"Дәстүр" журналы, №2 (39), 2015 жыл

 

 

 

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Тамыз 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31