Тілдерді игеру арқылы қоғамды ізгілендіру жолына аяқ басқанымыз жөн

 

Қазақстан Ғалымдар одағының президенті,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,

ҚР Парламентінің 4 дүркін депутаты,

Халықаралық жаһандық зерттеу академиясы

және ҚР ҰИА академигі, экономика

ғылымдарының докторы, профессор Оразалы СӘБДЕН:

–  Оразалы аға, “Егемен Қазақстан” газетіне (3.03.2017) берген “Түркістанды жаңғырту –  рухты ояту” атты сұхбатыңызда “Түркістан шаһарын түркі әлемінің мәдени астанасына айналдыру –  қазақ халқының рухын жаңғырту” деп дәл тауып айттыңыз. Бұл ұлттық идеяның қайта жандануы Елбасының рухани жаңғыруды мұрат еткен Жолдауына сай дүние екені белгілі. Бұл үшін не жасау қажеттігін де екшеп-екшеп, анық айттыңыз. Сіз экономика саласының үлкен маманысыз, туған еліңіздің көркейгенін қалайсыз, десек те осы тектес рухани дүниеге құлшына кірісуіңіздің түпкі себебі неде?

–  Рухани дүниеге кірісуімнің түпкі себебі –  2007 жылдағы әлемдік дағдарысқа деген көзқарасымнан туындады. Әлемдік дағдарыстың себебін дүниежүзілік сарапшылар әртүрлі себептермен түсіндірді. Бірі АҚШ-тағы болған ипотекалық былық-шылықтан десе, екіншісі қаржылық-экономикалық дағдарыстан десе, ал енді біреулері халықаралық деңгейдегі саяси жағдайдың күрделенуіне әкеліп тірейді. Ал менің ойым, әсіресе, капиталистік елдер дүниенің көрінген сырын игеріп, тек баюды ойлап, ашкөздікке салынып, әлемді үстемдікпен билеуінде. Адамзатқа керек негізгі мәселе –  рухани құндылық, әр адамның өміріне қажеттілігі, жалпы қоғамның қажеттілігі. Осы құндылықтар, екінші орында қалып, кейде ұмытылып та кетіп, ақыры оның салдары әлемдік кризис орын алды.

 

         Міне, аталған мәселелерден кейін маған келген ой –  жаһандану процесінде, тек бізде емес, жалпы әлемде рухани-мәдени құндылыққа қайта бет бұрып, адамзаттың талабына қарай қайта жаңғырту. Сол себептен де, қазақ елінің патриоты ретінде, бірінші біз бастайық деп «Түркістанды рухани жаңғырту –  рухты ояту» жобасын жасап, Елбасына, Үкіметке ұсындым. Осы жобаның өміршеңдігін бір-ақ мысал көрсетеді. Ол 2013 жылы Қытай басшысы Си Цзиньпин Ұлы Жібек жолындағы экономикалық белдеу идеясымен шықты. Оны қолдап Путин де талай рет айтты. Бұл біздің Президенттің де Еуразиялық идеясының аясында. Сол себептен Орта Азияда, Жібек Жолы бойында Түркістанның рухани-технологиялық кластерін құру өте маңызды.

 –  Халықаралық Дін академиясын ашып, дінтану орталығы құрылса, ол қоғамды ізгілендіруге өлшеусіз үлес қосар еді деп айттыңыз. Оразалы аға, тәуелсіздік алғалы бері қазақ халқының ұлттық танымына, дүниеге философиялық көзқарасына жат қисынға негізделген дін арқылы шектеу қоюға мүдделі адамдар көптеп шыға бастады. Кез келген халықты ғасырлар шегінен, түрлі бейсана апаттан аман сақтап келе жатқан оның рухани мұралары екені айдан анық. Дәстүр –  біздің бағымыз бен барымыз, бір елдің салт-дәстүрі сол елдің рухын сақтап, жанын ізгілендіретін құдірет күшке ие десек, қазақ халқының Дәстүрі –  кеше, бүгін, ертеңі туралы не айтасыз?

–  Әрине, тәуелсіздік алғалы жиырма алты жыл болды. Осы уақыт ішінде жеткен жетістіктер де аз емес, жіберіп алған әттеген-айларымыз да жеткілікті. Байымыз бай болып, кедейіміз кедей болып болдық. Дәл қазір оның ақ қарасын ажырататын уақыт емес, ол келешектің ісі. Болар іс болды, бояуы сіңді. Бізге қазір ең керегі, дағдарыстан тезірек шығып, елдің еңсесін көтеру.

Өкінішке орай, біз нарық экономикасы, базар экономикасы бәрін шешеді деп, капиталистік жолға түсіп кеткенімізді өзіміз де байқамай қалдық. Ал, Қытай болса кейінгі 30 жылда социалистік және капиталистік жүйелердің жақсы жақтарын алып, қазір әлемде екінші орынға шықты, жақын жылдарда АҚШ-тан озбақшы.

Біздің қазақ кезінде діннің жөні осы екен деп, діни сауатсыздықтан сырттан келіп жатқан ағымды байқамай қалды емес пе? Көп жылдар бойы мемлекет тарапынан қадағалау да болмады, сондықтан ислам дінін толық түсіне алмаған біраз жастарымыз жүгенсіз кетті. Мектептерде «Дінтану негіздері» пəні енгізіліп, жалпы ислам мəдениетінің құндылықтары туралы сабақтар жүрсе, дұрыс түсініктерді қалыптастырсақ, мұның тəрбиелік мəні жоғары болар еді, жастар шатаспас еді.

Ең бастысы –  халықтың діни білімі жағынан көзін ашқан дұрыс. Түркістанда дін академиясын құрып, діни білімді көтеріп, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың бір мазхабымен жүрудің жолында діни сауаттылық сапасын жақсарту керек. Тəлім-тəрбие мəселесінде діннің рөлі ерекше. Сондықтан жастардың мектепте, жоғары оқу орындарында діни сауаттылығын арттырып, оларды ізгілікке, имандылыққа жетелеу қажет. Бұл ұсыныстар Түркістан жобасында бар.

 –  Оразалы аға, қазақта «Ауруын жасырған өледі» деген мақал бар. Қазақ халқының таңғажайып ұлттық танымы зор қауіп-қатерге ұшыраудың алдында тұрғаны қазір ешкімге жасырын болмай қалды. Ұлттық салт-дәстүр, сана-сезімнің осы тегеурінге төтеп бере алатын жасампаз күшін қалай жаңғыртуға болады?

–  Меніңше, қазақтың жақсы əдет-ғұрыптарын алып, қазіргі заманға лайықты етіп, креативті өзгерістер жасау керек. Осы тұста жастардан жаңашылдық күтеміз. Бүгінгі жастар ысырапшылдық пен бос мақтанудан азат болса екен. Тойдың рационалды өтуіне ықпал жасап, артық шығындарды қысқартуға қадам жасап, тойда ағайынның басын қосатын, ауызбірлік, аға буын мен кейінгі буынның сабақтастығы жүзеге асатын шағын жиын, думан ретінде өтуіне атсалысса ләзім. Бізге мақтаншақтықтан гөрі, Абай айтпақшы, үлкендік жетіспейді. Қадірлейтін адам іздейік. «Өз қадірін білген адам басқаның да қадірін біледі», –  деп Сталинград майданынан мүгедек болып оралған Ережеп әкем айтушы еді.

 –  «Ұлы Жібек жолында рухани-технологиялық кластерлер құру» туралы ұлттық мегажобаңызда біздің елдің экономикасымен қатар, қоғамдық-әлеуметтік сана оң қалыптасуы үшін жол көрсететін бірнеше баптар бар екен. Бұл мегажоба дін, мәдениет, мораль, ғылым, технология, жастарды ауылға тарту, бизнес пен туризм, тұрғын үй, көп дүниені тұтас қамтиды екен. Бұл жоба мемлекет тарапынан қолдау тауып жатыр ма?

–  Қолдау табады деген сенімдеміз. Түркістан –  түркітілдес халықтардың кіндігі. Бəріміздің шыққан жеріміз –  Үлкен Түркістан аймағы, баратын жеріміз де Түркістан болмақ. Бұл мегажоба кейбір кертартпа, қызғанушылық тұрғысынан туындаған саясаттың салдарынан бүгін іске аса қоймаса, бəрібір ертең іске асар. Себебі қоғамның даму процесі соған алып барады. Біз рухани элита құрмай, дамыған елдердің қатарына қосылуымыз екіталай, ал оның негізі –  Түркістанның әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту арқылы рухани әлеуетін көтеруде жатыр. Қазірше бұл озық идеяға басқа балама көрініп тұрған жоқ.

Дəл қазір елдің бірлігін, ұлт пен ұлыстың басын қосатын, əр отбасын бей-жай қалдырмайтын ұлттық идея ауадай қажет. Ол Түркістанды қайта жаңғырту ұлттық идеясы болмақ. Уақытты бос өткізіп алмайық, ағайын!

 –  Өзге тілге байлану, елдік дәстүрді ұмыттыра бере ме? Ғаламдану жағдайында қазақ өркениеті алға озуы үшін бір тіл аздық етері айтпаса да түсінікті. Қасиетті ана тілімізді, елдік әдет-ғұрпымызды мәңгі сақтап қалу үшін не істесек болады?

–  Менің ойымша, əрине ең алдымен əрбір адам өз ана тілін жақсы білуі керек. Тіл –  ұлттың жаны. Ал екінші әлемдік нарық экономикасының тілі –  ағылшын тілін білу қажет. Үшінші –  компьютер, интернет тілі, бағдарлама жасау тілі. Тілдерді игеру арқылы қоғамды ізгілендіру жолына аяқ басқанымыз жөн. Егемендігімізді алғалы жиырма алты жыл болса да, мемлекеттік тіл өз мəртебесіне ие бола алмай келеді. Ол үшін Мемлекеттік тіл «Қазақ тілі» туралы арнайы заң қабылдау қажет. Ондай заң тек бізде ғана жоқ. Мұны халықаралық деңгей таразысына салып қарасаңыз, “Қандай елміз?» деген сұрақ тумай ма? Мұндайда «қазақ тілін өзімізден, қазақтан қорғау керек» деген сөз сұранып тұрған жоқ па? Кезінде М. Шаханов, С. Ғаббасов, А. Осман, Д. Көшім бастаған бір топ тіл жанашырлары «Мемлекеттік тіл туралы жаңа заңның» жобасын жасап, Елбасына жіберген болатынбыз (2011 ж).

 Ең бастысы –  қазақ халқының бірлігін қалыптастыру үшін мемлекеттік тілді өз тұғырына қондыру қажет. Өйткені ана сүті бой да, ой да өсіреді. Бұл көптілділік белең алған бүгінгі таңда бала алдымен ана тілінде білім алуы керек деген ұстанымды күшейтуді білдіреді. Қазір “бес тіл білуіміз керек, көп тіл білуіміз керек” деп ұрандаудамыз. Бұл арқылы жекелеген адамдар өскенімен, ұлт өспейтіні белгілі. Сондықтан бастауыш сыныпта ағылшын тілін меңгертуді доғарып, қазақ тілін жүйелі түрде меңгерту қажет.

Осы орайда алдыңғы кезекте латынға көшудің, яғни ортақ тілді түркілік негізде әліпби жасау мәселесі шешілсе екен дейміз. Бұл әлемдік ақпараттық кеңістікке шығудан бөлек, қазақ елінің түрік әлемімен жақындасуының, бірігуінің негізі болар еді. Әлемді дендеп келе жатқан жаһандану аранына жұтылып кетпес үшін де түркі халықтарын біріктіретін күш, ортақ қазынасы –  тілі арқылы бір тудың астына біріктіруге күш салу керектігін білдіреді. Сондықтан бүгінде түркі жұрты түрік бірлігінің болашағына зор үмітпен қарап отыр.

Ана тілі ар үшін, тіршілік үшін қажет. Ал тұрған еліңнің, яғни мемлекеттің тілі бірлік үшін керек. Жалпы ғылымға, инновацияға бетті бұрып, қомақты инвестиция салып, бұған бізде істеп жүрген шетел компанияларын да жұмылдырған жөн. Сонда ғана халықаралық деңгейдегі бəсекелестігімізді күшейтуіміз мүмкін. Ал бəсекелестіктің түп тамыры сапалы білімде, кəсіби маманда.

 –  Әңгімеңізге рахмет!

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30