«Біздің ұлттық ойындарымыз бен өнеріміздің қайсысын алсаңыз да тұнып тұрған театр»

«Біздің ұлттық ойындарымыз бен өнеріміздің қайсысын алсаңыз да тұнып тұрған театр»

 

                                                                                                                     Кинорежиссер, жазушы,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайреткері,

Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері

Сатыбалды НАРЫМБЕТОВ:

 

Бізде кино көру мәдениеті деген жоқ. Жастайымыздан үндінің   киноларын көріп келеміз. Автордың кезегімен басынан кешкендерін жылап-сықтап баяндап беретін киноларына үйреніп қалғанбыз. Біздің киноның көрер­мендері үшке бөлініп кетті. Біреуі үндінің, түріктің, корейдің киносын қарайды. Тағы бірі, Голливудтың атыс-шабыс боевиктеріне құмар. Үшіншісі –  жүрекжарды, шынайы, ұлттық бояуы қанық киноларды іздейтін көрермен. Жеңіл әзілге құрылған арзанқол дүниелерге көрермен көбірек үңілетіні жасырын емес.

–  Қазақ киносы дегенде «Қыз Жібек», «Біздің сүйікті дәрігер» сынды классикалық дүниелер ғана көз алдымызға елестейтіні белгілі. Ал бүгінгі түсіріліп жатқан кинолардың көтеріп тұрған жүгі қандай?

–  Қазақ киносының дамуына өлшеусіз үлесін қосқан, шоқтығы биік дара тұлға –  Шәкен Айманов екені даусыз. Ұлттық киноны биікке көтеріп, халықтың жадында қалған «Атамекен», «Тақиялы періште», «Атаманның ақыры», «Біздің сүйікті дәрігер» фильмдері әлі күнге өзінің миллиондаған көрерменінен айырылған жоқ. Шығармашылық жетістіктері мол Шәкен аға қарапайымдылық пен ақжарқын мінезінен әсте айнымайтын. Шәкен Аймановтың екі үлкен туындысының кино өнерінің дүниежүзілік алтын қорына енуі де тегін емес. Шәкен ағаның ізін жалғаған Абдолла Қарсақбаев, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықовтың киноларының да орны ерекше. Мәжит ағаның «Тұлпардың ізі», Абдолла ағаның «Балалық шаққа саяхат» кинокартиналарының нағыз шедевр екенін айтпасқа болмайды.

 

Қазақ киносында дәл қазір үлкен процесс жүріп жатыр. Көркемдік даму бар, кеше мен бүгіннің дәстүр жалғастығын да аңғаруға болады. Іздесең, терсең кемшілік кез келген жерден табылады. Бірақ сол олқылықтың орнын толтыру үшін «Қазақфильм» барын салуда. Бұрындары жанр жағы жетіспеуші еді, қазір түрлі тақырыптарда кинолар түсірілуде. Киноның жүгі қаншалықты ауыр екенін киноның басы-қасында жүргендер жақсы біледі. Барлығы жақсы сценарийден бастау алады. Сол сценарийге өзек болар негізгі идеяны ары қарай іліп әкету кинодраматург пен режиссердың мойнында. Актерлік шеберлігімен режиссер қауымның, біздің ойымызды көрерменге жеткізе алатын талантты адамдар –  киноның бағы. Жазушы ретінде мен шығармаларымды оқырманым бірнеше рет оқығанын, режиссер ретінде киноларымды көрерменімнің қайталап көргенін армандаймын. Бір рет көріп, менің айтқым келген негізгі ойымды түсініп, тыңдап, артынан ұмытып кеткенін қаламаймын. Сол сияқты кино түсірген кез келген адам да өзінің туындысының ғұмырының ұзақ болғанын армандайды. Өз көрерменін тапқысы келеді.

–  Негізі кино (ол көркем, деректі болса да) халықтың өткені мен бүгінін, мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын дәріптеуі керек емес пе? Қазір телеарналардан көрсетіліп жүрген басқа елдердің киноларынан кішкентай үзінді көрсең де олардың ұлттық дәстүрін, идеологиясын бірден аңғарасың. Біздегі тәуелсіздік жылдарындағы түсірілген отандық кино туындыларымыздан осыны байқау қиындау. Бұл әлі де ұлттық идеология­мыздың ақсап тұрғандығынан ба?

–  Кино деген өте күшті идеологиялық қару. Біз соны дұрыс пайдалана білуіміз керек. Ұлттық идеология қай жерде болсын қажет. Жастар туған елінің ұлттық құндылығымен сусындап өспесе, кейін одан отанын қорғайтын батыр, халықтың қамын ойлайтын жанашыр адам шығады деу қиын. Тереңнен тамырын жайған тарихымызға да нағыз қазақтың көзімен қарауға тиіспіз. Қазақ халқына тән ұлттық мінезімізді, салтымызды, тілімізді, дінімізді, ділімізді экран арқылы насихаттайық. Сол кезде көрермен «өзгенің қаңсығына таңсық» болмайды. Мен халықтың ұлттық идеясын жүзеге асыруға, тарихын жадында қайта жаңғыртуға киноның әсерінің күшті екенін білдім. Сол үшін де «Мұстафа Шоқайды», «Аманатты» түсірдім. Мен қаншама адамдармен араласып, әңгімелесіп жүрмін. Сонда байқағаным, халық өз тарихы мен төл мәдениетінен алшақтай бастаған. Бұл қатерлі шақ. Мен болашақтың алтын кілтін қолға ұстайтын ұрпақтарымыздың жүрегі «Қазақ!» деп соққанын армандаймын. Тегінен, тамырынан ажырамаса екен деп тілеймін.

Бізге кезінде театрларың жоқ дейтін еді. Қараңызшы, біздің ұлттық ойындарымыз бен өнеріміздің қайсысын алсаңыз да, тұнып тұрған театр емес пе? Айтыс –  таңғажайып театр, аудиториясы қандай керім зор! Аспан астындағы амфитеатрдан оның несі кем? Естіген рулы елдің делебесі қозып, қос ақынның суырып салған өлеңінен зор әсер алып шалқып отырады. Керек болса, айтыс әр уақыттың әрі театры, әрі саяси аренасы, әрі кафедрасы. Қыз қуу, қыз ұзату, көкпар, бәйге, т.с.с. қазаққа тән құбылыстың бәрі –  тірі театр. Өмірдің қызығы мен қуаты сол ұлттық дәстүрлерімізде тұр.

Біз көбінесе өлең жазсақ, кино түсірсек, «Мен қазақпын!» деп кеуде соғып жатамыз. Ал біз туралы жат жұрттың пікірі, ойы қандай? Мен халыққа кино арқылы соны жеткізгім келеді.

–  Менің байқауымша соңғы кездері жеңіл (комедиялық) киноларды түсіру кең етек алған сияқты. Әлемде теңдесі жоқ салт-дәстүріміз, ырым-тыйымдарымыз бар біздің халық мұндай киноларды қабылдай алмайды-ау. Әлде бұл көрермен сұранысы ма?

–  Мынау көрерменнің сұранысы деп кесіп айту қиын. Осында отырған екеуміздің көзқарасымыз, талғамымыз екі түрлі ғой. Кинода маған ұнайтыны –  сырласатын кино. Ақыл айтатын, санаңа саяси нәрселерді туындататын, дәріс оқитын кинолар маған жат. Жүрекжарды сырыңды жеткізе отырып, жұрттың рухын көтеретін киноларды жақсы көремін. Ақыл айтатын, көңіл көтеретін, төбелеске толы боевик кинолар бүгін көргеніңмен, ертең есіңнен шығып кетеді. Ондай кинолардың керегі шамалы. Шамам келгенше көрерменмен кино арқылы сырлассақ деймін.

Бізде кино көру мәдениеті деген жоқ. Жастайымыздан үндінің киноларын көріп келеміз. Автордың кезегімен басынан кешкендерін жылап-сықтап баяндап беретін киноларына үйреніп қалғанбыз. Біздің киноның көрер­мендері үшке бөлініп кетті. Біреуі үндінің, түріктің, корейдің киносын қарайды. Тағы бірі, Голливудтың атыс-шабыс боевиктеріне құмар. Үшіншісі –  жүрекжарды, шынайы, ұлттық бояуы қанық киноларды іздейтін көрермен. Жеңіл әзілге құрылған арзанқол дүниелерге көрермен көбірек үңілетіні жасырын емес. Дей тұрғанмен, біздің көңілімізге демеу болатыны –  көрермен кинозалға қайта оралып жатыр. Аз-аздап болса да көрермендердің деңгейінің өсіп келе жатқаны қуантады. Соған қарап, халықтың талғамына лайықтап кино түсірсем деймін. Менің мақсатым –  «Қайдан келдік? Не істеп жүрміз? Қайда барамыз?» деген үш сұраққа кино арқылы адамдар өз-өзіне сұрақ қойып, соның жауабын өздері тапса деймін.

Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында екінші курсты аяқтаған студенттерім бар. Шәкірттеріме: «Мен сендердің режиссерліктеріңнің алдында маман-кинокөрермен тәрбиелегім келеді», –  деп айтамын. Қазір үш адам болса, үшеуінің қалауы үш түрлі. Көрерменнің талғамынан шығатын дүниелерді жасайтын маман ертең экраннан кино басталғанда «Пәленшенің киносы» екен ғой деп жалт қарайтындай болуы керек. Мен өзіме ұқсаған, мен сияқты кино түсіретін маман тәрбиелеп жатқан жоқпын. Тың идеяларды жүзеге асыратын жаңа буынды қалыптастырғым келеді. Мен алдымен маман-кинокөрермен тәрбиелеп жатырмын.

Кино тек бір ғана бағытта дамымайды. Тарихи, комедиялы, таңғажайып оқиғалы, жастарға арналған, тағы да басқа әртүрлі жанрда дамиды. Адамда арман таусылған ба? Болашақта Кенесарыға арналған кино түсіргім келеді. Кезінде «Аманатты» түсірген кезде осының ізін суытпай «Кенесарыны» да түсіріп жіберем деген ой болған. Бұл ойымды болашақта жүзеге асырамын деген үмітім бар. Алаш қайраткерлерінің барлығының тағдыры да бір киноның жүгін көтеретіндей тарих.

–  «Қазақфильмнің» жағдайы қалай? Қазір коммерциялық фильмдерге көбірек көңіл бөлініп жатыр дегенді естимін. Бұл заман талабы ма?

–  Қазақ киносы қазір даму үстінде. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақ киносына үлкен қолдау білдіріп, бұл салада ірі жетістікке қол жеткізеді деп үміт артып отыр. Бұл –  біз үшін үлкен қуаныш. «Қазақфильм» бүгінде соңғы үлгідегі техникалық аппараттармен жабдықталды. Бұл кино өндірісін дамытудағы үлкен қажеттілік еді. Қаржыландырудың арқасында киноның саны ғана емес, сапасы да арта бастады. Түрлі тақырыптарды қамтыған тарихи, музыкалы фильмдер, балаларға арналған фильмдер, комедия жанрындағы көрерменге жол тартқан фильмдер сөзімізге дәлел.

Кино өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырып үлгерген Ақан Сатаев, Сәбит Құрманбеков, Данияр Саламат, Рүстем Әбдіраш сынды талантты да жас режиссерлердің еңбектері көптің көңілінен шығып жүр. Сондай-ақ, олардың фильмдері халықаралық фестивальдерден жүлделі орындарға да ілінді. Кино әлемінде ашық кеңістікке жол ашылды. Қазір бәріне мүмкіндік бар. «Қазақфильм» –  республикамыздағы үлкен киностудия. Мемлекеттің тарапынан осындай қолдау тауып, ары қарай дамып, халықтың талғамынан шығып тамсандыратын кинолар түсіріле беретін болса, біз болашақта мықты киноиндустрияның қабырғасын қалайтын боламыз. Әрине, ол үшін тынымсыз еңбек пен талмай іздену қажет.

–  Қазіргі жас режиссерлердің ішінен кімдердің түсірген киноларын жоғары бағалайсыз?

Кино деген бір жерде тоқтап қалмайды. Ақырындап дамып отырады. Біз де сол көштің ішінде ілесіп келеміз. Қазақтың жанын білгірлікпен зерттеп, соны киносында көрсете алған Елзат Ескендірдің «Өліарасына» жақсы бағамды беремін. Ақан Сатаевтың, Ермек Тұрсыновтың, тағы басқа жоғарыда айтып өткен сауатты да талантты жас режиссерлердің жасап жатқан жұмыстарына көңілім толады.

Қазақылықтың иісі аңқып тұратын кішкентай ғана дүниені көзім шалып қалса, соған кәдімгідей риза боламын. Біздің ұлттық құндылылықтарымызды өзіміз дәріптемегенде кім дәріптейді?!

Ұлттық салт-дәстүрімізде көркем фильмге тін болар небір тамаша идеялар мен сюжеттік желілер тұнып тұрған жоқ па?! Оны көре білу үшін көзі қарақты білімпаз, ізденімпаз, елгезек жастар молая түсуі керек. Эксперимент деп шалағай дүниені асығыс-үсігіс ұсына салғанмен ол бір күндік жылтырақ болып шығады да қояды. Ол түптеп келгенде режиссердің өзін де алдау, жұртты да ақымақ қылғаны сияқты арзанқол бірдеңе болып шығады. Дәстүр небір өміршең, елдік рухты айқын білдіретін киелі ұғым, оны фильм тіліне икемдей алып салса, сол суреткер деп ойлаймын. Әр ұлт дара жаратылған, Құдай неліктен оның әрқайсысына айшығы өрнекке толы жұмбақ болғандықтан жеке дара салт-дәстүр дарытты.

Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың алтын өзегі мен таусылмас қуат көзі қайда жатыр деп ойлайсыз? Ол әрине, ата-бабамыз ұрпаққа мирас қалдырған киелі туған тіл –  қазақ тілінде жатыр! Өз халқының тілін тұңғиық білген жас азамат өзге мәдениеттің де құндылықтарын оң сіңіріп, мықты интелектуал болып өсерін, өсе келе нағыз суреткерге айналарын өмір көрсетіп берді. Салт-дәстүрін білмей өскен қазақ режиссері сыңарқанат құс сияқты, оның экран арқылы көрерменге ұсынған дүниесі көбінесе қазаққа тән болмай, қарадай қапы қалдырып жататыны сондықтан.

 

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30