Саяхаттың сәтті болуы экскурсоводқа байланысты

 

Туризм эксперті,

Халықаралық музей комитетінің мүшесі

Бақыт ОРАЗЫМБЕТОВА:

 

–  Елбасымыз Жолдауында: «Қазақстанда туризмнің барлық түрін дамытуға мүмкіндігіміз бар», деп елімізде туризмді дамытуға қажетті барлық туристік ресурстарымыз мол мөлшерде екендігін атап көрсетті. Бұл ел экономикасына табыс алып келумен қатар, басқа елдермен байланысын нығайтады. Қазіргі таңда ұлттық туризм қалай дамып жатыр?

–  Ұлттық туризм ұғымы қайдан келді? Алдымен соған тоқталайық. Туризм –  саяхаттау, ол адамның ішкі рухани сұранысынан туындайды. Яғни турист барған жерінен ерекше әсермен оралуы керек. Шет жаққа шықса сол елдің табиғатымен қатар мәдениетін де өз көзімен көріп, көңілге түйіп келуі керек. Енді сіздің сұраққа келейін. Біз тек табиғатымызды ғана емес салт-дәстүрімізді, этнографиялық жәдігерлерміз бен ұлттық мәдение­тімізді көрсете аламыз. Осы жолда көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Ал ішкі туризм­нің дамуына келсек –  біздің жеріміз байтақ. Көрнекті, тарихи жерлеріміз де, табиғатымыз да туризмге сұранып тұр. Біз Батыс өңіріндегі Шақпақ Ата, Бекет Ата, Шопан Ата мешітін өскелең ұрпаққа дәріптеп келеміз. Ол өңірде керемет сәулет өнері де сақталған, ұлттық рух та бар.

 

Өз басым Бекет ата рухына басымды иемін. 1750 жылы туылған Бекет ата емші, көріпкел ғана емес ілім-білімді бойына жиған адам. Бұхарада оқып өз заманында бес мешіт салдыр­ған. Ал осы Маңғыстаудағы жер асты мешіті нағыз туризмге сұранып тұрған, көруге тұрарлық жер. Оғыланды шоқысына қашалып салынған төрт қанатты киіз үйдің көлеміндей үш бөлме нағыз тарихи-сәулет ескерткіші. Ал Шақпақ Ата мешітін зерттеушілер 12-13 ғасыр­лардағы сәулет өнеріне жатқызады. Мешіттің қабырғаларында салынған ою-өрнектің жеке тарихы бар. Маңғыстаудың жер асты мешіті сияқты мешіттер өте аз. Егер басқа елдің ерекшеліктерін сөз етсек, барып көруге тырысамыз. Ол жақсы, әрине. Бірақ әр адам алдымен өз елінің табиғатымен, тарихи орындарымен танысып алуы керек.

Біздің қоғамда адамдар туризмді жете түсіне бермейді. Жан-жақты зерттеп, тарихи орындармен танысу, оны өз көзімен барып көру, шет мемлекетке шығып оның мәдение­тін көру, сөйтіп қазақтың мәдениетімен, ұлттық салт-дәстүр, құндылығымен салыстыру әлі жетілмеген.

Алдымен Қазақстанның түкпір-түкпірін аралайтын арнайы маршрут ұйымдастырып тұру керек. Оның жарнамасы қарапайым халықты қызықтырып, әрі бағасы қолжетімді болуы тиіс. Шетелдіктер алдымен қазақтың өз құндылықтарына, салт-санасына, дәстүріне деген қызығушылығын зерттейді. Сондықтан мерекелік кештерде ғана сәнге айналған жасанды қойылымдардан қашу керек. Сырт көз алдымен сол елден шынайылықты іздейді, қарапайым халықтың жай-күйін көргісі келеді, тыныс-тіршілігін зерттегісі келеді. Табиғи қалпымызды көрсете алмасақ, біздің елге деген туристердің де қызығушылығы азаяды.

Қазір Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында этноауыл жұмыс істеп жатыр. Ол жерде бүркітшілер де бар, зергерлер де бар. Келушілердің қызығатыны анық. Бірақ бұл уақытша ғана. Жоғарыда айтып өткенімдей, уақытша қойылым ғана. Кейін көрме аяқталған соң бәрі үйді-үйге тарап кетеді. Біз олардың шығармашылығы қалай өсіп жатыр, зергерлер қандай дүниелер жасап жатыр, ұлттық құндылықтарымызды қалай дәріптеп жүргендерінен хабарсыз қаламыз.

–  Иә, шынайылық қай жерге де, қай кезде де керек-ақ. Шетелдердің көбісінде салт-дәстүрін шынайы ұстанатын этноауылдар бар екенін көріп жүрміз. Бізде де солай болса дейсіз ғой. Ол үшін нендей шаралар қолдануымызға болады? Өнер тұнған ауылдың қазіргі жай-күйі қалай?

–  Егер жағдай жасалса қазіргі Шеберлер ауылы нағыз ұлттық туризмнің ошағына айналары сөзсіз. Бізде ол жерде зергерлік өнер жақсы дамыған еді. Сонымен қатар ол жерде әр өңірдің өз қолтаңбасы да қалыптасып қалған-ды.

Қазір оның деңгейі төмендеп кетті. Барлық шебер шеберханасын тастап әр жерге көшіп кетті, бірлі-жарымы ғана қалды. Өкініштісі сол, біз шеберлер ауылын туристік маршруттан алып тастадық.

Кешеге Елбасымыздың үлкен мақаласында да ұлттық туризмді дамыту үшін нақты тапсыр­малар берді. Осының аясында үкімет тарапынан жақсы көмектер болып жатыр.

Мен өз тәжірибем арқылы айтар болсам, тек зергерлердің ғана емес, қолөнершілердің, теміршілердің, жалпы қолөнершілердің бәрі­нің басын қосу керек.

Қазір туристік және этнографиялық кешендер жұмыс істеп жатыр. Ұлттық туризмнің даму қарқыны да жаман емес. Оған дәлел елімізде он екі ұлттық парк бар. Олардың бәрінде дерлік этнографиялық кешендеріміз жұмыс істеп тұр. Туристер көп баратын жерге жергілікті кәсіпкерлер киіз үй орнатып қойған. Киіз үйлердің іші, кірсе шыққысыз. Қазақтың салт-дәстүрінен хабар беретін барлық жабдықтарды сол жерден көре аласыз. Енді қолға алатын мәселе, туристер көп шоғырланатын жерлерге сол өңірдің батырын, тұлғасын таныстыратын арнайы тақтайша іліп қою керек. Мұндай ескерткіштер –  біздің елге келген қонақтың ұлттың тарихымен де, мәдениетімен де кеңінен танысып-білулері үшін керек.

–  Қазргі таңда оны дамытуға мемлекет тарапынан көптеген қолдаулар бар емес пе?

– Өте жақсы қолдаулар болып жатыр. Жақында жаңадан құрылған “Қазақ туризм” ұлттық компаниясы елдің туристік бағытын дамытумен және осы салаға шетелдік инвесторлар тартумен айналысатын болды. Бұл ұлттық компания өз жұмысына кірісіп те кетті.  

Сонымен қатар ұлттық туризмді дамыту үшін, балаларды мектеп жасынан бастап туризмнің қыр-сырына үйретуіміз керек. Ол үшін, жазғы демалыста оқушыларға арнайы туристік турлар ұйымдастырып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі тарихи орындармен таныстыру керек. Баланың бойындағы ұлтқа деген махаббатты неғұрлым ерте оятсақ, соғұрлым жемісін жейміз. Бала кезінен бәрін көзімен көріп өссе, есейгенде ұлттың тарихын да, құнды жәдігерлерін де ешқашан ұмытпайды және сақтайды. Бұл мәселеге бір жақты емес ұлт болып қарауымыз керек.

–  «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы тарапынан 2012 жылы «Туған елге тағзым» атты өлкетану зерттеу экспедициясы ашылды. Яғни осындай жоба еліміздегі барлық мектептерді қамтыса дейсіз ғой...

–  Иә, «Туған елге тағзым» атты өлкетану зерттеу экспедициясы бойынша әр аймақтан жетінші, оныншы сынып оқушылары келіп қа­тысады.  Зерттеу жұмыстары он күнге созылады. Бұл жобада балалар аймақтың тау­лары, өзен-көлімен танысады, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін зерттейді. Ұлттық қорықтар мен музейлерді, театрларды аралайды. Әр өңірдің тіршілігін көреді, салт-дәстүрімен танысады. Мұндай шаралар баланы рухани дамытады, ғылым жолына жетелейді, қызығушылығын оятады. Мысалы, осы бағдарлама аясында қайбір жылы балалар Өскеменге барған сапарында сол өңірдегі этнографиялық музейлерінде зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ал сол жиырма баланың ішінен ең болмаса бір-екеуі кейін тарихшы-этнограф болып, халықтың салт-дәстүрін бізден кейінгі, одан кейін­гі ұрпаққа аманаттап кетері сөзсіз. Осы секілді жобалар жыл сайын ұйымдастырылып тұру керек әрі ауқымын кеңейтсе деймін.

–  «Мәдени мұра» аясында «Алтай –  түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық форум өткен еді. Форумда үлкен көрме ұйым­дастырылып, этнографиялық жәдігерлер қойылды. Осы түркі халықтарының басын қосқан жобада біз өзіміздің ұлттық мәдение­тімізді, жәдігерлерімізді қаншалықты көрсете алдық?

–  Шығыс Қазақстанда өткізілген бұл үлкен жобаға Түркия, Ресей, Жапония, Оңтүстік Корея, Моңғолия сынды он екі шет мемлекеттің ресми өкілдері келді. Арнайы меймандар, белгілі ғалымдар қатысты.

Алтайдың таңғажайып табиғатынан бөлек, облыстық тарихи-өлкетану музейі мен өнер музейінің жәдігерлері қойылған көрме көптің көңілінен шықты. Әсіресе Шілікті мәдениетіне жататын киім мен қорамсақтар, әйел мен ерлерге арналған әшекейлердің көшірмесін ерекше атап өтуге болады.

Түркі халықтарының музыкалық аспаптары, соның ішінде шертер мен қобыз, дауылпаз бен жетіген, сырнай, сақпандар келушілерге еліміздегі этнографиялық жәдігерлердің жақсы жағдайда сақталғанын көрсетті. Берел қорғандары мен Шығыс Қазақстандағы петроглифтер де (б.з.д ІІ-І мыңжылдық) көрмені толықтырып тұрды. Елімізде ұйымдастырылған бұл шара Алтай өркениетін жаңғыртумен қатар түркі халықтарын бір-біріне одан әрі жақындастыра түсті. Өз басым бұл жобаны түркі тегінің жаңаруы деп білемін.

–  ЮНЕСКО елдері материалдық емес мәдени мұраларды қорғау бағыты бойынша жыл сайын іс-шаралар ұйымдастырады. Бұл бағытта біздің елдің қарқыны қалай? Жалпы материалдық емес мұраларға нелер жатады?

–  Алдымен материалдық емес мұралар дегеніміз не? Соған тоқталып өтейік. 1990 жылы материалды мұраға көңіл бөлініп Әлемдік тізім жасалған болатын. 2003 жылы материалдық емес мұраны қорғау мақсатында ЮНЕСКО елдері арасында арнайы конвенция қабылданды. Ондағы мақсат материалды емес мұраларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, сақтау оны қорғау. Сол арқылы ұлттың, халықтың мәдение­тін тану, екінші бір ұлтқа таныту, халықаралық ынтымақтастықты нығайту болатын. Ал жалпы конвенцияда материалдық емес мәдени мұра қандай салаларда көрініс табатыны нақты көрсетілген. Оған әдет-ғұрып, салт-жоралғылар мен мейрамдар, табиғат пен дүниеге қатысты, дәстүрлі кәсіпке байланыс­ты әдет-ғұрыптар кіреді. Біздің ел ЮНЕСКО шығарған осы конвенцияны 2011 жылы мақұлдаған еді. Осы орайда біздің елдің көрсетері көп екенін жоғарыда айттым. Қарқынымыз да жаман емес. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы 2003 жылы Президенттің тапсыр­масымен қабылданып, көптеген іс-шаралар атқарғанын білеміз. Мұндай бағдарлама біздің елімізде ТМД елдерінің ішінде алғашқылардың бірі болып жүзеге асырылды. Бұл жөнінде мақтана аламыз. Осы бағдарлама іске асқан сегіз жылдың ішінде жетпіс сегіз тарихи және мәдени ескерткіштер қайта қалпына келтірілді. Орта ғасырлардағы күй, тарихи әуен­дер сияқты қазақ музыкасы терең зерттелді. «Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күйі, 1000 әні» қазақ дәстүрлі әндерінің антологиясы шықты. Шетелдердегі өз тарихымызға қатысты құнды материалдар мен жәдігерлеріміз елімізге қайтарылды. Енді еліміздің материалдық емес мәдени мұрасын сақтауға және дамытуға бағытталған «Рухани мұра» мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп жатыр екен.

 ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны сақтауға арналған бағдарламасына өзім мүшелік етемін. Осы жылы біздің айтысымыз, күйіміз, киіз үйіміз бен сұңқар салу өнері, қатырма нан әзірлеу әдісі кірді. Әлем халықтары қастерлеген қазақ мұрасын біз енді жоғалтып алмауымыз керек. Жалпы киіз үй Еуропа көшпенділеріне ортақ баспана болған. ЮНЕС­КО-ның халықаралық аталымын алған киіз үйді Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері екі жыл бойы дайындапты. Киіз үйді он тоғызыншы ғасырдағыдай етіп әрбір деталін көркем жасаған. Сықыр­лауық пен киіз үй жабдықтары, өрнекті тұскиіз бен түкті алашалар, алып жүруге ыңғайлы қоржындар, сандық пен ыдыс-аяқтар жергілікті шеберлердің қолынан шыққан. Сөйтіп ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра номинациясын қырғыздың киіз үйі мен Маңғыс­тау өңіріне тән киіз үй жеңіп алды. Біздің киіз үйдің тұскиізі биязы жүннен жасалған. Тығыз әрі жұқа болып басылыпты. Қырғыздардың тұскиізінен біраз айырмашылық бар.

–  Алдағы уақытта тағы қандай мұраларымыз ұсынылмақшы?

–  Алдағы уақытта асық пен Ұлытау қымызын, шұбат пен қымыранды ЮНЕСКО елдері бойынша материалдық емес мәдени мұраларды қорғау номинациясына ұсынамыз деп отырмыз. Қазақтың ептілікке, дәлдікке, мергендікке баулитын асық ойыны да көлеңкеде қалмауы керек. Дәстүрлі ойынның тарихын тереңнен зерттеп, жаңғыртсақ дейміз.

Осы жерде «Ұлытау қымызы» этнофестивалінің жоғары деңгейде өткенін атап өткім келеді. Ұлытау ауданындағы Сарлық ауылына қарасты Кененбай тоғанының жағалауында «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесіне орай ұйымдастырылған мереке ЮНЕСКО өкілдерін, Ресей мен Балтық жағалауы елдерінен келген туристердің таңданысын туғызды. «Бие байлау», «Айғыр қосу», «Қымызмұрындық» секілді рәсімдер осыдан екі жыл бұрын Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасының ұлттық тізіміне енгізілген болатын. Енді міне ЮНЕСКО өкілдерінің қатысуымен «Ұлытау қымызы» атты Елбасының Жолдауымен сабақтаса өткізілген тағылымды шара ұлт руханиятын тағы бір көтеріп тастады. ЮНЕСКО-ның алдағы жылдық тізіміне «Ұлытау қымызын» кіргізгеніміз де содан. Бұйырса аталмыш номинацияға қол жеткізіп, қазақтың қымызы әлем тамсанатын ұлттық сусын, мұра болады деп сенеміз.

–  Бүкіләлемдік туристік ұйымның болжамы бойынша, Қазақстан туризмді тұрақты дамыту жөнінде болашағы бар елдердің қатарында екен. Яғни еуропалықтардың да, азиялықтардың да біздің елдің табиғаты мен мәдени мұрасына, этнографиялық жәдігерлеріне қызығушылығы жоғары. Жыл сайын біздің елімізге қанша турист келеді?

Біздің елде туристердің келім-кетімін зерттейтін орталық жоқ, ол үшін кеденде арнайы бақылау орнату керек. Мысалы, Өзбекстанға турист болып барсаңыз шекарадан шығып бара жатқанда қонақ үйден, туристік орталықтардан алған түбіртекті көрсетесіз. Ондағы мамандар түбіртекке қарап туристің елдің бюджетіне қосқан үлесін анықтайды. Ал біздің кедендік бақылауда әр туристен түбіртек талап етілмейді.

Бұл жөнінде ұлттық туризмге қатысты кезде­сулерде «ел экономикасына туризмнің қосар үлесі бар екенін, оны арнайы статистика шы­ғарып отыру керектігін» айтып, ұсынған бола­тынбыз. Бұл мәселе қазір талқыланып жатыр.

–  Шетелдік туристер біздің елімізде негізінен нелерге қызығушылық танытады?

–  Мен Ұлттық музейде жұмыс істедім. Сол кезде байқағаным, шетелдіктерге көбіне әр елдің ескі жәдігерлері ұнайтыны еді. Егер ол жәдігердің тарихын, қолданылған заманын, сол кездегі тарихи тұлғалармен қоса айтып берсеңіз одан да тартымды болады. Алматыдағы Ұлттық музейдегі «Этнография залы» туристердің ең көп тамашалайтын орны.

Бұл залда қазақтың дәстүрлі мәдениетіне арналған экспозициялар бар. Қазақтың музыка мәдениетінің қалыптасуы, тұрмыс-салт мәдениеті, балықшылық, аңшылық құралдары, киім-кешектер мен қазақ шеберлерінің көркем туындылары қойылған. Солардың біреуіне тоқталып өтейін. Мысалы, Шыңғыс Уәлихановтың қызы Бәдігүлдің сәнді киімін алайын. Ол киімнің тарихымен қосып айтып бергенде тамсанбайтын адам қалмайды.

Сонымен қатар, ыдыс-аяқ бөліміндегі Мақы Уәлихановтың қымыз құятын құмырасы. Шоқан Уәлиханов «Қашқария» саяхатынан келгеннен кейін інісі Мақыны Санк-Петербор қаласындағы кемістігі бар балалар оқитын училищеге оқуға береді. Мақы мылқау болғанмен шебер кісі болыпты. Ол сол оқу орнында тоғыз жыл оқып, жазу-сызу, сурет салу мамандығын алып шығады. Ал музейдегі құмыра Мақының өз қолымен жасаған құнды дүниесі.

Қазақта «бұзау телу» деген ғұрып бар. Яғни енесі мен бұзаудың арасындағы байланысты қалыпқа келтіру. Әдетте бұл ғұрып енесі өліп қалған немесе бұзауынан жеріген сиырға қатысты атқарылады. Сиырдың желіні суалғанша бұзауға танауын кигізіп қояды. Кейін бұзау шөп жеп үйренеді де, енесіне жақындамайды. Сол танауын біздің музейде сақтаулы тұр. Бірде Швецария елінен келген туристер танауынды көріп, оның қандай құрал екенін білгенде, қазақтың «бұзау телу» ғұрпын естігенде қазаққа қайран қалды.

–  Сіз басқарып отырған ұйымның жұмысы қандай? Қандай шаралар атқарылып жатыр?

–  Біз ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңірген, өз ісінің асы болатын мамандарды даярлап келеміз. Экскурсовод мамандығын алатындарға ең үлкен талап – өз елін, жерін сүюі керек. Сонда ғана ол керемет маман бола алады. Келген қонақтарға тартымды да, әсерлі көңіл-күй сыйлай алады. Егер турист бір барған жеріне екінші рет келсе, онда алдыңғы саяхаты сәтті болды деген сөз. Ал саяхаттың сәтті болуы экскурсоводқа байланысты. Сонымен қатар маманның бойында актерлік талант болуы керек, дүниетанымы кең болуы тиіс.

–  Әңгімеңізге рахмет!

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30