ИСЛАМ ЖӘНЕ САЛТ-ДӘСТҮР ҮНДЕСТІГІ

Ислам – түсіне білген адамға кіршіксіз тазалық, адами қасиеттерді насихаттайтын, жүректі жібітетін қасиетті дін. Ерлік пен батырлықтың талай үлгісін көрсеткен, отан үшін жанын аямай күрес­кен ата-бабаларымыздың исламды ұстану­лары жай ғана сәйкестік емес. Санамыз уланып, рухымыз жасып, бойымызды дүниеге деген құштарлық билеген қазіргі күнде дінге деген мұқтаждығымыз зор. Қазіргі әлемде ислам жайлы насихатталып жатқан теріс пікірлерге сеніп, ата баба дінінен жерімей керісінше «Алланың жібіне мықтап жабысуымыз керек». Бұл өз кезегінде жеке тұлғаның мемлекетке деген сүйіспеншілігін, өз мамандығына деген адалдығын дамытуға септігін тигізері сөзсіз.

Қазіргі таңда көпшілігіміз қара бастың қамымен жүргендігіміз өтірік емес. Мемлекетімізді, ұлтымызды ойлап бас қатыратындар саны саусақпен санарлық. Мемлекет кімге керек? Әрине, ол бізге керек, біздің ұрпағымызға керек. Мемлекетіміз біздің келешегіміз, ол болса ғана біздің болашағымыз бар, ол болса ғана біз ертеңге жоспар құра аламыз. Сондықтан әрбір қазақ баласы елім деп еміренуі керек. Ұлт санасында отансүйгіштікті ояту үшін халқымызды топтастыратын алға жетелейтін ортақ мақсат қажет.

Бұл пікірімді діннен хабары бар әр мұсылман бауырымыз түсінері хақ. «Әуелі Аллаға сен, Мұхаммедтің пайғамбар екендігін мойында», –  деп басталатын дініміз Отанға қызмет етудің маңызын, қасық қаның қалғанша отан үшін күресуге шақырып, кім осы жолда қаза болса соны жәннатпен шүйіншілейді. Бұл әрине діни сенім. Біз зайырлы мемлекет болғандықтан әркімнің өзіне таңдау мүмкіндігі беріледі. Таңдау мүмкіндігін бере отырып, біз өскелең ұрпаққа дұрыс білім беру мәселесін де ұмытпауымыз керек. Бұл жөнінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», –  деген болатын.

 Шоқан Уалиханов өз зерттеулерінде: «Шамиль мен Абделкадер тек мұсылмандық білімі бар елдерде ғана туады», –  дей келе исламның қазақ халқының орыспен сіңіспей, өзінше жеке бір ұлт болып сақталып тұрғандығына себеп екендігін айтады [1;293-297бб.]. Қазақ деп тыным таппаған алаш зиялылары да ата діндерін ұмытпағандығын, ұстанғандығын бүгінгі күнде жазып та, айтып та жатыр. Әлихан Бөкейханұлының: «Қазақтың хан баласында хақысы бар, тірі болсам қазаққа қызмет етем», [2] –  деуі де сол иманның, ата діннің әсері деп білеміз.

Бүгінгі күнде қоғамымызда орын алып жатқан дінімізге қатысты түрлі жағымсыз жағдайлар тарихымызға, салт-дәстүрімізге тереңірек үңілуімізді қажет етеді. Ата-бабаларымыз Өзбек ханның заманынан бастап исламды мемлекеттік дін етіп жариялағаннан бері неліктен діни мәселелер туындамаған? Қазақпен қазақ ешқашан дін үшін бір-бірімен соғыспаған және қазақ-қазақты кәпірсің деп атамаған. Дінге қатысты қарама-қайшылықтың болғандығы хақында тарихи деректер жеке өз басыма кезікпеді. Неліктен тарихымызда діни шиеленістер болмады? Себебі, бабаларымыз дін мен дәстүрімізді үндестіре білген. Сөзіміз дәлелдірек болуы үшін дәстүріміз бен дініміздің ортақ насихаттарына тоқтала кетейік. Қазақ «Құдайдан қорықпағаннан қорық» дейді. Қазақта ақсақалдың, қарияның қандай құрметке ие екендігін бәріміз білеміз. Олардың сөздері екі етілмей орындалатын болған. Ал ислам бұл турасында былай деп бұйырады: «Алла Тағала үлкеннің жасын сыйлап, құрмет көрсеткен жасқа қартайған шағында өзіне де дәл солай құрмет көрсетіп, қызмет ететін жасты кез қылады»[4]. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осы хадисті қуаттай түсетін тағы бір хадисінде: «Жастарымызға мейірімді болмаған әрі үлкендерімізді ізет тұтпаған бізден емес», «Ақ шашты, ақ сақалды мұсылман қарияны ізет тұту –  Алланы ұлықтаудың бір түрі», –  деген»[5].

Ежелгі ғұндар заманындағы Мөде шаньюдің дунхуларға олардың қалауы бойынша жүйрік атын, сұлу қыздармен бірге өз әйелінде беруге келіскендігін білеміз. Соңында дунхулар ғұндардың бос жатқан жерлерін сұрағанда мемлекеттің негізі жер деп түсінген Мөде дереу оларға қарсы жорыққа атанады. Б.з.д. 200 жылдар шамасында орын алған осы тарихи оқиғалар кейінгі түркі елдерінің, соның ішінде қазақ санасында да мемлекеттің негізі жер делініп мәңгілікке сақталынып қалды. «Отан үшін күрес, ерге тиген үлес» деп түсінген бабаларымыз «Отан үшін жаным пида» деп сертіне берік болған. Ал ислам діні Отаны үшін өлгендерді шаһид санап, оларды жәннатпен шүйіншілейді. Бір сахаба Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Иә, Расулаллаһ, ең абзал амал не?», –  деп сұрағанда Алла елшісі: «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру, бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде намаз оқудан қайырлы», –  депті[6].

Осылайша жалғастыра берсек ислам мен салт-дәстүріміздің бір-бірімен ұқсас­тығы, үндестігі турасындағы дәлелдер өте көп. Жалпы, түркі халықтарының Ирандықтардан айырмашылығы, ислам дінін қарудың күшімен қабылдамады. Кеңес заманынан бері тарих ғылымында «Ислам қылыштың күшімен таралды; түркілер қылыштан қорыққаннан мұсылман болды; Талас соғысынан кейін түркілер амалсыз мұсылман болды; Түркілердің көне діні мен исламның кейбір үгіттері ұқсас болған соң ғана олар мұсылман болды», –  деген пікірлер қалыптасқан. Бұлардың бәрі де соңғы бірнеше ғасырда мұсылмандар ғылым, технология, экономика, саясат салаларында әлемдік биліктен айырылып қалғаннан кейін етек алған алып-қашпа әңгімелер [7; 245 б.]. Бұл турасында орыс зерттеушісі Бартольд В.В былай дейді: «Турки были одним из первых народов, среди которых ислам, отказавшись от пропаганды оружием, имел успех путем убеждения» [8; 244 б.]. Ислам дінінің сенімдерінің түркі халықтарына жылдам таралғандығы дүниетаным мен түсініктер ортақтығынан болса керек.

Мақаламызды қорытындылай келе оқыр­­манға жеткізбегіміз ата дін мен салт-дәс­түрді қарама-қарсы қоймау керек. Бұл екеуі бір-бірін толықтырушы рухани қазы­намыз. Қазақ қазақ болғаннан бері мұсылман болғандығын естен шығармайық. Байыбына барсақ қазақ салт-дәстүрі –  тұнып тұрған рухани байлық. Салт дәстүрімізді зерттей отырып ұлтымыздың ежелгі замандардан бастап ешкімнен кем емес, терезесі тең болғандығын көреміз. Бұл өз кезегінде отансүйгіштік сезімді шыңдауға көмегін тигізері хақ.

Әрбір жеткіншек өз халқын сүйсе, салт-дәстүрін құрметтесе, ата-бабаларымыздан мұра болған асыл дінімізді ұстанса, тарихымызды ешқандай бұрмалаусыз қазақы сарынмен оқыған болса, ондай азаматтарымыз елінің-жерінің, отанымыздың болашағын ойлайтындығы сөзсіз. Қазақ этнографиясында ойып тұрып өз орнын алған ағамыз Өзбекәлі Жәнібеков салт дәстүрдің ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы турасында былай дейді: «...Атамекен. Қандай қасиетті түсінік десеңізші. Оған сүйіспеншілік адам бойына ананың әлдиімен, балалық шақтың аңыз-ертегілерімен, ойындарымен, даланың жұпар иісімен, таудың құзымен, көлдің айдынымен, тіпті ұлттық мақтанышпенде сіңіседі екен. Халқымыздың өткен жолына перзенттік көзбен шолу жасасақ, біз оның рухани, мәдени, парасаттық мүмкіндіктері толығынан іске қосылды деп айта алмаймыз. Оның бас­ты себебі, өзгені былай қойғанда миллиондардың өмірін ала кеткен аштық жалаңаштықта, 30-жылдардың дүрбелеңі де, қазір тарихтың үлесіне тиген басқа да алапат қиыншылықтарда болды» [9;11]. Яғни біз салт-дәстүрден көз жазған сайын қоғамдағы түрлі әлеуметтік мәселелер де ұлғая береді. Мәселен, қазіргі жұрттың имандылығының, парасаттылығының азайып бара жатқаны, отбасы-ошақ қасының берекесі қаша бастағандығы, үлкенді сыйлау, кішіге инабатты болудан қалып бара жатқандығымыз, түрлі діни секталардың көбеюі, отансүйгіштік рухтың жоғалуы, барлығының тамыры салт-дәстүрімізден көз жазуымызда. Біз өз тарихымызға, салт-дәстүрімізге жат көзбен қараймыз. Шындығында, салт-дәстүр, тарих айтылғанда қазақты ұялшақтық емес керісінше мақтаныш кернеуі керек.

 

Қолданылған әдебиеттер:

1. Валиханов Ч.Ч. Избранные произведения. Наука 1986

2. http://www.inform.kz//

3. Батырлар жыры. І том. Алматы 1963.

4. Әнәс ибн Мәлік (р.а.) жеткізген, Тирмизи, китәбу әл-Бирр 75.

5. Әбу Дәуід, Әдәб 58. Тирмизи, китәбу әл-Бирр 15.

6. https://baq.kz/kk/news/ruhaniyat/­is­lam_­zhane_otan_korgau20160 920_180400

7. Бұлұтай М.Ж. Ата –  баба діні? Түркілер неге мұсылман болды? –  Алматы, 2000. –  482 б.

8. Бартольд В.В. Сочинения Т.2. Работы по истории и филологии тюркских и монгольских народов. –  М., 1968. –  757 с.

9. Жәнібеков. Ө, Жолайырықта. 1995

 

Мейіржан ҚАБДОЛЛАЕВ,

Шығыс Қазақстан облыстық

Сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығының

қазақ этнографиясы бөлімінің ғылыми қызметкері,

Өскемен қаласы.

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30