«Біздің мақсат – қазақтың рухын көтеру, салт-дәстүрін жаңғырту

 

Алматы қаласының іргесіндегі

“Ғұн” этноауыл кешенінің басшысы

Сара Әбілмәжімова:

 

–  Сәлеметсіз бе, Сара ханым. Салт-дәстүрін, ұлтының құндылықтарын іздегендер осы жерге келсе болады екен. Алатаудың баурайында қоныс тепкен бұл этноауыл қай жылы ашылды?

–  Алматыдан 35 шақырым жерде орналасқан «Ғұн» этноауыл кешенінің құрылысы 2007 жылы басталды. Қазақтың салт-дәстүрінен хабар беретін орталық өз жұмысын 2010 жылы бастады. Алғашында бұл жерде электр қуаты да, су да, жарық та болмады. Қаладан тым алыс емес, келіп-кетушілерге де қолайлы деп осы жерді таңдадық.

Тұрмысқа қажетті жарық көзін де, суды да кейін тартып алдық. Кешенді тұрғызу барысында біраз еңбек еттік, тер төгілді, шығын да шықты. Сөйтіп кешеніміз біз күткеннен де ерекше болып бой көтерді. Қонақтардың біздің шағын ауылдан алған әсерін көріп, марқайып қаламыз. Біз өзіміз ауылдан шықтық. Сырмақ, ши тоқуды, жүн түтуді көріп өстік. Кейін осы құндылықтарымыз жоғалып бара жатты. Ал әр ұлт өзінің қолөнерімен, зергерлігімен ерекшеленуі керек. Осы мақсатта этноауыл жасақтап, шетелдіктерді қазақтың салт-дәстүр, жөн-жоралғыларымен кеңінен таныстырғымыз келді.

–  Қазір шетелдіктердің қызығушылығы қалай? Оларды қандай қойылымдармен қарсы аласыздар?

–  Алғаш ашылған жылдары жергілікті халық көп келетін. Қазір әлемнің барлық елінен қонақтар келді. Біз келушілерге қазақтың барлық салт-дәстүрін қойылым түрінде көрсете аламыз. Әдеттегідей шашу шашып қарсы аламыз. Содан кейін қазақтың бесік тойын, құда күту мен қыз ұзату тойларын қойылым түрінде көрсетеміз. Мерекелік бағдарламамыз біраз уақытқа созылады. Әжелеріміз қазақтың ұлттық киімін киіп жүн сабау, киіз басу өнерін көрсетеді. Тек қана әжелер емес барлық қызметкерлеріміз қазақтың ұлттық киімін киіп жүреді.

Әртістер жергілікті халықтың ішінен, мәдениет үйінен келді. Одан бөлек біз келуші қонақтарға ұлттық ойындарымызды көрсетеміз. Арнайы қолға үйретілген аттарымызбен шоу бағдарламалар ұйымдастырамыз. Кейін қонақтармен бірігіп, қазақтың «теңге ілу», «қыз қуу», «аударыспақ», «көкпар» сынды ұлттық ойындарын ойнаймыз. Атты бағып-қағып, күтетін атбегілеріміз бар. Олар келушілердің қауіп­сіздігіне аса мән береді. Одан бөлек алтыбақан теуіп, ән айтамыз, домбыра шертіп, күй ойнаймыз. Осы уақытқа дейін этноауылға келгендер біз ұйымдастыратын бағдарламаларға көңілдері толатыны көрініп тұрады. Тіпті екінші, үшінші рет келген құрметті қонақтарымыз да бар. Кешеннің айналасы тал-терекке толы. Арнайы жаяу жүргіншілерге арналған соқпақтармен табиғат аясында серуендеуге де мүмкіндік бар.

–  Сіздің кешенде бұрынғы киіз үймен қатар заманауи үлгіде жасақталған киіз үй түрлері бар екен. Осы екеуінің артықшылықтары неде? Туристтерге қайсысы ұнайды?

–  Заманауи киіз үйдің ішінде бәрі бар. Ыстық су, мұздай су да келіп тұр. Жарықпен қамтамасыз етілген. Бірақ қазақтың киіз үйге арналған жабдықтары қойылмаған. Ал бұрынғы нағыз киіз үй ескі заманның стилімен дайындалған. Ішінде қазақтың барлық киіз үй жабдықтары бар. Қазіргі таңда екеуіне де сұраныс жоғары.

–  Ұлттық тағамды қалай дайындайсыз­дар? Мәзірде қазақтың ұлттық тағамдарының барлығы бар шығар?

–  Біз ас үйімізге ерекше мән береміз. Ұлттық тағамның рет-ретімен, жөнімен, дәмді дайындалуына баса назар аударамыз. Екі аспаз бар. Екеуінің де еңбек өтілі жоғары. Ал олар дайындаған тамақ келушілердің көңілінен шығып жүр. Сонымен қатар ұлттық сусындарымыз да мәзірден түскен емес. Бір жылдары қымызды өзіміз дайындадық. Қазір сатып алып жүрміз. Бірақ тазалығы мен сапасына өте қатты мән береміз. Кешен қысы-жазы үздіксіз жұмыс істеп тұр, алпыс-ақ адамға арналған. Бірақ жаз айларында біздің аймаққа бір күнде 600 адамға дейін келеді.

–  Этноауылдарға жергілікті халық бұрын көп келген деп қалдыңыз. Осы кезде жергілікті тұрғындардың келуі сирексіп қалды ма?

–  Қазір де көп. Жергілікті халық өкілдері кешен ашылғалы тұрақты қонақтарымыз. Себебі қазір ауылдың өзі қалаға еліктеп кеткен. Нағыз қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылдар аз. Осындай этноауылдарға қазақтар отбасыларымен келіп демалады. Жоғарыда айтқанымдай, біздің орталыққа шетелдіктер де көп келеді. Әр келушіге қазақ деген ұлттың руханиятын, әдебиетін, мәдениетін кеңінен таныстыруға тырысамыз. Олар сахналық қойылым болса да ерекше әсермен тамашалайды. Себебі біз шама келгенше шынайы өткізуге тырысамыз. Ал шетелдіктер қазақтың салт-дәстүрі мен жөн-жоралғысын бір күнде біліп шығады. Әдетте туристер саяхатын көп күнге созбайды. Сондықтан олар уақыттарын осындай шағын этно ауылдарда өткізгенді қалайды.

–  Демек, кешеннің берері көп дейсіз ғой...

–  Иә, этноауыл қазақтың қазақылығын көрсетеді. Олар ұлттың жоғалып бара жатқан құндылықтарын қайта жаңғыртуға атсалысып келеді. Әрі туризмді дамыту үшін осындай кешендердің жұмысын жақсарта түсуіміз керек. Сонда біздің елге келушілердің саны арта түседі, тарихымыз бен мәдениетіміз кеңінен танылады, әдет-ғұрпымыз бен ұлттық дәстүріміз дәріптеле береді. Этноауыл ойын-сауық ошағы емес. Ол қазақтың өткені мен бүгінінен кең мағлұмат беретін орын.

Президентіміз: «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен қарау –  шынайы патриотизмнің маңызды көрініс­терінің бірі», – деген еді. Біздің елдің табиғатының берері көп. Әсіресе, Жетісу жері сұлулыққа тұнып тұр. Тауы да, тасы да, өзені мен көлі де бар. Тек соны дұрыс пайдалана білу керек. Ол үшін – демалыс орындарын ашып қана қоймай,  тарих пен табиғатты бір жүйеге тоғыстырған жөн.

–  Этноауыл кешені мәдени шараларға қаншалықты атсалысады?

–  Біздің кешенге сұраныс жоғары. Жыл сайын қала әкімшілігімен, әкімдіктердегі туризм бөлімдерімен бірлесіп Наурыз тойын өткіземіз.

 «Ұлы Дала рухы» атты халықаралық этнофестиваль ұйымдастыруды да дәстүрге айналдырдық. Халықаралық деңгейде өтетін шараға әлемнің он екі елінен қонақтар келеді. Қатысушыларға арнап он екі қанатты алпыс-жетпіс үй тігеміз. Ат спортын көрсетеміз, ал қолөнершілер мен зергерлер арнайы шеберлік сабағын өткізеді.

 Біздің мақсат –  қазақтың рухын көтеру, салт-дәстүрін жаңғырту. Мәдени шара қала әкімшілігімен бірлесе отырып ұйымдастырылады. Келушілер көшпенділер өмірін өз көзімен көріп, тыныс-тіршілігімен танысады.

–  Сұхбатыңызға рахмет!

 

Айдана ҚУАНТХАНОВА

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30