Баланың бәрі бақытты болуға лайықты

Жастықпен аяғын шалыс басып немесе түрлі зорлық-зомбылыққа тап болған бойжеткендер жасанды түсік жасатуға, нәрестені жетімдер үйіне өткізуге бел байлап жатады. Туған шақалақтан құтылу үшін оны әжетханаға, қоқыс жәшігіне тастап кететін қатігез аналарды да жиі естіп жатамыз. Бүгінгі күні бұл өзекті мәселенің алдын алу мақсатында түрлі ұйымдар құрылып, ОЛАР арнайы жобаларды іске асыруда. Соның бірі –  Аналар үйі. Біз Алматы қаласында алғаш іргетасын қалаған Аналар үйінің координаторы Майра ТҰРСЫНБАЕВАМЕН осы орталық жайлы әңгімелесТІК:

 

Аналар үйі 2013 жылы құрылды. Ерлі-зайыпты меценаттардың демеушілігімен ашылған Аналар үйінің қазіргі таңда еліміздің он тоғыз қаласында жиырма бес орталығы бар. Бір Алматы қаласының өзінде төрт «Ана үйі» ашылды. Бүгінгі күнге дейін мұнда 3000-нан аса ана мен балаға көмек көрсетілді. Қазір үш жүзден астамы Аналар үйінің қамқорлығында.

Жобаның мақсаты –  әлеуметтік жетімдіктің алдын алу, тастанды балалардың көбеюіне, қиын жағдайға тап болған әйелдердің балаларын жетімдер үйіне өткізуіне жол бермеу. 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында отбасылық саясатты іске асыру стратегиясында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бірқатар өзекті мәселелерге де тоқталып өткен болатын. Соның бірі: «Ерте жастан некеге тұру, кәмелеттік жасқа толмағандардың жүкті болуы, ерте жастан аборт жасату проблемалары орын алуда... Соңғы бес жылда жасөспірімдер жүктілігі бойынша 33 051 жағдай тіркелген, оның ішінде 15 пен 18 жас аралығындағы қыздар арасында 9906 аборт жасалған. 15-18 жасқа дейінгі қыздар арасындағы аборт саны жоғары болып қалып отыр және 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен қыздардың жалпы санының 0,1%-ын құрайды немесе жылына шамамен екі мың аборт жасалады», –  деп көрсеткен болатын.

Иә, кейде қоғамда «Аналар үйі не үшін керек?» деген заңды сұрақ туындайды. «Таяқтың да екі ұшы барын» ескерсек, бұл сұраққа біржақты жауап беруге болмайды. Өрімдей қыздарымыз қателікке ұрынбағанда Аналар үйі емес, жетімдер үйі де болмайын еді ғой. Бірақ аяғы ауыр болып қалған қыздар ертең ол баланы аборт жасатып алдырып, тірідей өмірін қиятын еді немесе жетімдер үйіне тастап кетер еді. Баладан құтылудың ең оңай жолы сол болғанымен олар да ешкім білмесін, көрмесін деп іштері қан жылап тұратыныны сөзсіз ғой.

Бұрын қыздар орталыққа жүктілігінің алты айлығында келіп, бір жарым жыл паналауына мүмкіндік берілетін. Ал қазір оның мерзімі бір себептерге байланысты қысқартылды. Жүктіліктің тоғыз айлық кезінен бастап, босанғаннан соң алты ай тұра алатын болады.

Орталықта психологтар әр қызбен жеке-жеке жұмыс жасайды. Баласын қолдарына алғанда, мейірімі оянған жас аналар бұрынғы «аборт жасатамыз, баланы тастап кетеміз» деген ойларынан біржола айнып, өздері өсіріп-бағуға ұмтылады. Мұнда ана мен балаға қажетті киім, тамақ, бәрі тегін. Жас аналар шаштараз, аспазшы-кондитер, компьютерлік сауаттылық, маникюр жасау сияқты арнайы курстарда оқып, қолдарына сертификат алады.

Бұл жерде ана мен бала үйдің жылулығын, отбасылық жайлылықты сезінеді. Әпкелі-сіңілі болып, бір-бірімен дос-сырласқа айналады. Қыздар уақыты аяқталып Аналар үйінен кеткен кезде жұмыссыз қалмайды. Өздері жұмыс тапқанша қадағалаймыз. Егер өз бетінше жұмыс таба алмайтындай болса, онда біз көмектесеміз. Ертең балаларын асырай алатындай жұмыс тауып береміз. Қазір бізге әкімшіліктер, денсаулық сақтау орындары, перзентханалар, емханалар қол ұшын беріп отыр. Аналар үйінен келгенін білсе, тегін көмектесуге дайын тұратын жандарға алғысымызды айтамын.

Қазір жастардың көбі әлеуметтік желіні меңгеруге құмар. Интернеттің зиянын айтып, қанша дабыл қақсақ та оны түсіне қоятын жастар жоқ. «Қызды қырық үйден, қала берді қара күңнен тию» дегенді қазақ бекер айтпаған. Бар мәселе – тәрбиеде. Бұрындары қызының әрбір қадамын, киген киімін, жүріс-тұрысына дейін қадағалайтын. Ал қазіргі ата-ана баласына сөйлеуге қорқады. Неғұрлым ашық болсын, көппен аралассын, қалауынша киінсін, барғысы келген жерге барсын деп еркіндікке жіберген. Ал соның салдары неге әкеліп соғып жатқанынан бейхабар. Содан барып, барлық кінәні қоғамға жаба салады. Қоғамды өзгертіп отырған адамдар ғой. Кез-келген кінәні өзімізден іздегеніміз дұрыс шығар. Тізгінді бір жіберіп алған соң, оны тарту да қиын болады. Сондықтан әрбір ата-ана баланы құрсағында жатқан кезінен-ақ тәрбиелеуді қолға алса екен. Ананың әлдиін, әженің ертегісін тыңдап, салт-дәстүрін сіңіріп өскен, білімге бала кезінен құштар болған, ар-ұят пен иманды биік ұстаған ұрпақ ертең теріс қадамдарға бармайды. Ата-анасын ұятқа қалдырмайды. Қазақ халқы әу баста неге қыз баланың тәрбиесіне ерекше мән берген? Өйткені елдің ертеңіне жауапты ұрпақты сол тәрбиелейді.

Аналар қазір мұнда балаларын әлдилеп ұйықтатып, бесікке салады. Қырқынан шығару, тұсаукесер дәстүрлерін орындап жатамыз. Ұлттық мерекеміз Наурызды міндетті түрде ерекше салтанатпен атап өтеміз.

Қай ата-ана баласын өзекке тепсін?! «Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» мәпелеп өсірген баласының жамандығын, жаман қылығын көргісі келмейді. Қателігіңді кешіреді, қиындығынды көтереді, қуанышыңа ортақтасады. Ал ұл-қыздар осыған лайықты болып жүр ме?

Сәбилердің кінәсі жоқ. Олар да мына қоғамның бір бөлшегі. Балалардың барлығы бақытты өмір сүруге құқылы. Әр бала өзінің анасының жанында болуы керек.

Р. S. Бүгінде осы Аналар үйінен жетпістен аса ана мен бала көмек алып кетіпті. Олар да мұнда қыз балалар қате басып көп келмесе екен дейді. Балаларды аяйды. Ертеңгі тағдырына алаңдайды. Туыла сала жетімдіктің зардабын шекпегенін қалайды. Ананың жылуын сезініп, мейіріміне бөленсе, ертең өзі де басқаларға мейірімділік танытар деп үміттенеді. Әйтпесе мына тас қалада мейірімге зәру қаншама бала жүр... Осындағы балақайлардың көзінен, күлкісінен ерекше шаттықтың лебін аңғарасың. Аналарының ыстық құшағында ғой, себебі...

 

Жазып алған – Гүлім ЕРКІНБЕК

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30