Медициналық білім сапасын арттырып келеміз

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы халықтың репродуктивті денсаулығын қорғау, перспективалық ғылыми зерттеулерді анықтау және үйлестіру, әлемдік ғылыми қоғамдастыққа ықпалдасу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша Қазақстандағы ірі ғылыми мекеме болып табылады. Осы орталықтың директорының орынбасары Марат Хавсеметұлымен ана мен бала денсаулығына қатысты өрбіген сұхбатты ұсынып отырмыз:

Марат мырза, Елбасымыз жыл сайын халыққа арналған Жолдауында ана мен бала денсаулығын жақсартуға көп көңіл бөлуді міндеттейді. Сіздер осы тұрғыда қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?

2010-2015 жылдар аралығындағы ана мен баланы қолдау шараларының тиімділігі жақсы нәтижені көрсетті. Оған дәлел, 2010 жылмен салыстырғанда бала туу 8,8%-ға өсті, егер 2010 жылы 366,2 мың бала туса, 2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 398,6 мың бала туған.

Бұл көрсеткіш 2017 жылы да өсті. 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған жұмыстар халықтың репродуктивті денсаулық жағдайын жақсартуға үлкен септігін тигізді. 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» атты мемлекеттік бағдарламада медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру, оның ішінде адамдардың өмір сүру деңгейін көтеру, ана мен бала өлімін азайту туралы ауқымды тақырыптар бар. Біздің акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы сол бағдарламадағы ана мен бала өлімінің көрсеткішіне жауап береді. Ол жерде белгілі бір коэффициенттер көрсетілген. 100 000 тірі туған балаға шаққанда 11.7 ,12.7, 13. 7 сияқты арнайы деңгейлер көрсетіледі. Бізге 2017 жылға 12.7 деген коэффициент қойылған. Бүгінде жарты жылдық көрсеткіштеріміз осы меженің маңайында. Жылдың аяғында тағы төмендетеміз деген үмітіміз бар.

 Біздің орталық бүкіл респбулика көлемінде жұмыс жасап жатқандықтан қатардағы ауруханалардан айырмашылығы көп. Перзентханада айы-күні жеткен әйелдерді босандырады да, заң бойынша үш күн бақылауға алып, ары қарай жақсы болса, үйіне жібереді. Ал бізге еліміздің түкпір-түкпірінен босануы қиын жадайда тұрған, патологиясы бар, мәселен жүрек ақауымен, ішіндегі баласы дұрыс дамымаған, т.б себептермен келеді. Біз оларды босанғанға дейін және босанғаннан кейін де бақылауда ұстаймыз.

 Бүкіл Қазақстан бойынша босануы қиын әйелдерге мониторингтік бақылау жасап отырамыз. Біздің дәрігерлер телемедицина арқылы консультациялық кеңестер береді. Санитарлық авиациямен бірігіп тікұшақ арқылы кез-келген жерге барып медициналық көмек көрсете алады. Себебі жоғарыда аталған көрсеткіштерің барлығына біз жауап береміз.

Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен біздің орталық ананы босандырып алудың жаңа тәсілдерін жасап шығарды. 2016-2019 жылға 100 000 тірі туған балаға шаққанда 15.1, ал 2017 жылға шаққанда 11.4. коэффициентті құрайды. Яғни ана мен бала өлімінің көрсеткіші біртіндеп азаюда. 2018 жылы 11.3 , 2019 жылы 11.2 –  ге жетуіміз керек.

Ғылыми орталық шетелдік іс-тәжі­рибелерге де жүгінетін шығар?

Шет мемлекеттермен әрдайым байланыстамыз. Осы салада серіктестер болуы керек деген министрліктің тапсырмасы да бар. Биыл үш мемлекетпен келісімге қол қойдық. Қытайдың Үрімжі қаласында дәл біздегідей ана мен баланың денсаулығын қорғау орталығы бар. Сол орталықта тәжірибе алмасып қайттық. Енді екі ел телемедицина арқылы бір-бірімен байланыста болады. Бізге Латвия мемлекетінен мамандар келді. Қыркүйек айында 18 маман сол мемлекетте білімдерін жетілдіріп қайтады. Қазан айында екі маман елімізге келіп мастер-класс өткізеді. Бұл онкүндік іс-шараға республиканың әр жерінен акушер, гинекологтар шақырылады. Потологиясы бар әйелдерге консультация беріледі. Осы жылдың наурыз айында поляктармен бірлесіп конференция өткіздік. Мұнда ана мен бала өлімін қалай азайту, акушерлік, гинекология тақырыптарында талдау жасалды.

Медицина үнемі даму сатысында болатындықтан, шет елдердегі жаңа жүйелер бізге де келіп жатыр. Бұрын бірыңғай медициналық жүйе болған, қазір мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізіліп жатыр. Алдағы уақытта Еуропаға, соның ішінде Германияға шықсақ дейміз. Оңтүстік Кореяның осындағы елшілігі арқылы сұраныс беріп қойдық.

 

Жаңа технологиялардың енгізілуі ана мен баланың денсаулығының жақсаруына, өлім-жітімнің азаюына қаншалықты пайдалы болып тұр?

Мұнда үнемі ғылыми зерттеулер жүргізіледі. Сол ғылыми зерттеулердің нәтижесі тәжірибеге енгізіліп жатады. Біздің медико-генетикалық кеңестің лаборотория қызметкерлері Қазақстанда алғаш рет бірегейлік+клиникалық тиімділік пен қауіпсіздік+әлеуметтік маңыздылық; жатыр ішіндегі ұрықтың хромосомалық ауруларының молекулалық-цитогенетикалық диагностикасы (FISH әдісі); резус-қақтығыстық жүктілік кезіндегі жатырішілік гемотрансфузия; ұрықтың жатырішілік гипоксиясын диагностикалық анықтау әдістері; жүктіліктің соңына дейін жетпеуінің лимфоциттік-иммунотерапия әдісі енгізілді.

Орталыққа мамандарды қандай талаптар бойынша жұмысқа қабылдайсыздар?

Орталықта 400-ге жуық мамандар қызмет істейді. Оның ішінде көп бөлігін орта буынды медициналық қызметкерлер, яғни акушерлер, медбикелер, санитарлар құрайды. Дәрігерді жұмысқа қабылдауда белгілі бір тәртіп-ереже жоқ. Бірақ биылғы жылдан бастап ағылшын тілін меңгерген, шетелде іс-тәжірибеден өтіп келген мамандарды қабылдауға тырысып жатырмыз.

Денсаулық сақтау министрлігінен қойылып жатқан талаптар бойынша кадрлардың сапалық құрамын арттыру мақтсатымен осында бұрыннан қызмет етіп келе жатқан мамандарды оқыту қолға алынады. Негізгі персоналдарды алдымен кадрлық кеңестік іріктеуінен өткізіп барып қабылдаймыз. Биылғы жылдан бастап бонустық системада жаңа еңбекақы төлеу жүйесін енгіздік. Медицина саласындағы статусымызды шетелдік медициналық орталықтармен иық тіресе алатындай дәрежеге жеткізсек деген мақсатымыз бар.

 Орталыққа қай облыстан адамдар көп келеді?

Жыл сайын Қазақстанның түрлі аймақтарынан келген 7000-нан аса жүктілігі аса қиын әйелдерге, гинекологиялық науқастарға жоғары мамандандырылған акушерлік көмек көрсетіледі. Оның 80 пайызын оңтүстік өңірдің тұрғынары құрайды. Алматы, Маңғыстау, ОҚО, Қызылорда, Жамбыл облыстарынан көп келеді.

Бала мен ана денсаулығын жақсартуға қалай көңіл бөлеміз?

Қазақта «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген жақсы сөз бар. Бастапқы медициналық-санитарлық көмекті тиісті деңгейге қою керек. Бізге келгенге дейін көбі ауруының деңгейін асқындырып алып жатады. Оны жергілікті медициналық ұйымдар скрингтен өткізіп, уақытылы емдеп отырса, ана мен баланың денсауылығы бақылауда болады. Кейбір орында көп жағдайда ана мен бала денсаулығының қауіптілігін жасырады. Бұл дұрыс емес. Ауру басталмай тұрып уақытылы ем-шара қолданса, ана мен бала денсаулығына қауіп төнбейді. Медициналық білім сапасын жылдан жылға арттырғанымыз дұрыс. Терапия, акушерлік, гинекология, перинатология салалары ең маңызды. Әсіресе осы салаларға қаражатты көп бөлу керек деп ойлаймын.

Қазақстандағы медицина саласының дамуы қай деңгейде деп ойлайсыз?

Қазір халықтың ой-пікірін қарасаңыз көпшілігінің көңілі толмайды. Бұл медициналық көмектің сапасыз көрсетілуіне емес, тиісті деңгейде ұйымдастыра алмауында. Қаражат бөлініп жатыр. Мамандар жоқ деп айта алмаймыз. Біліктілігі өте жоғары деңгейдегі дәрігерлер бар. Оған дәлел, кез-келген шетелде жасалатын отаны елімізде де жасай алатын дәрігерлердің бары.

 Қазір «Қоғамдық денсаулық сақтауды ұйым­дастыру комитеті» бар. Солар халыққа көмек қалай көрсету керегін ұйымдастырады. Осы салада жүргеннен кейін көңілім толады. Жасалып жатқан жұмыстар көп. Осы орталықта да өзінің кәсібіне берік, мықты мамандар жетерлік. Түнде болсын келіп, нау­қастың жағдайын біліп кетеді. Демалыста шақырсаң «уақытым жоқ» демейді. Қаншама қиын жағдаймен, реанимациямен жүкті әйелдер түсіп жатады. Комадан шығарып алатын кездеріміз болады. Салмағы аз шала туған балаларға күні-түні күтім керек. Мұның бәрінде медицина қызметкерлерінің үлесі жоғары екені даусыз.

 

Сұхбаттасқан –  Г. РАЗАҚОВА

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30