ҚАЗАҚТЫҢ КИІЗ БАСУ ӨНЕРІ ҰМЫТЫЛМАСА ЕКЕН

Елбасымыз гендерлік саясатқа байланысты тұжырымдамасында «Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ерлер мен әйелдер үшін тең мүмкіндік қамтамасыз етіледі. Кәсіпкерлікті қаржылық қолдау, консультациялық және маркетингтік қызметтерді дамыту арқылы кәсіпкерлік негіздерін оқыту орталықтарының ауқымды желісінің жұмыс істеуі қамтамасыз етіледі, шағын және орта бизнесті дамыту шаралары жетілдіріледі», –  деген болатын. Осы мақсатта Алматы қаласының әкімдігінің қолдауына ие болып, бүгінгі күні ұлттық мұрамыз киіз арқылы киім тігіп, кәсіптерін өрге домалатып отырған «Асыл мұра» шеберханасының жұмысы жанданып келеді. Ұлбосын Бақтығалиқызының бұл салада жүргеніне он жылдан аса уақыт болған. Киізден жасалған, қазіргі заманның талабына лайықталып тігілген киімдер халықтың сұранысына ие болып үлгерген. Бұл жөнінде Ұлбосын Бақтығалиқызы ойларымен бөліскен болатын:

 

Киіз басу өнері –  ғасырлар бойы атадан балаға мұра болып келе жатқан тіршілікке қажетті дәстүрлеріміздің бірі. Бармағынан бал тамған небір мықты шеберлеріміз жүннен текеметтен бастап киімге дейін жасаған. Қазақтың оюының өзі –  үйлесімділіктің символы іспетті. Киізге ою ерекше сән беріп тұрады. Ал оны түрлі-түске бояғанда тіпті айшықталып шыға келеді.

«Асыл мұра» шеберханасы 2009 жылы шеберлердің бірігіп, ұйымдасуымен қазақтың төл өнерін бүгінгі заманның талабына сай жандандыру мақсатымен ашылған орталық болатын. Бүгінгі күні бұл мақсатымыз орындалып, халықтың сұранысын қанағаттандырып отыр. Киізден киім тігуде біз көптеген эксперименттерге бардық. Киізді киімге қалай үйлестіруге болады, қалай әдемі көрсетуге болады деген сұрақтарға жауап іздеп жүріп, киіз басудың түрлі әдіс-тәсілдерін үйрендік. Үйренгенімізді іске асырдық. Нәтижесінде жұқа киізден тігілген күнделікті өмірде де киіп жүруге ыңғайлы киімдер топтамасы жарыққа шықты. Шеберлерімізге қоятын басты талыбымыз –  сапалы өнім дайындау.

Киіз киімге өте ыңғайлы. Температураны да бірқалыпты ұстайды. Жеңіл, денеге қонымды. Ауа өткізгіш. Жуған сайын жаңарып отырады. Қалың-жұқа етіліп жылдың төрт мезгіліне лайықтап киімдер тігеміз. Жібек қосылып тігілген киімдер жазда киюге ыңғайлы. Ыстық тартпайды.

Халық қазір жасанды маталардан жалыққан. Бүгінде табиғи әрі ұлттық нақыштағы ерекше киімдерге қызығушылық танытатындардың қатары көбейіп отыр. Әсіресе ою-өрнектермен безендірілген камзол, жейде, көйлектерге сұраныс өте көп.

Киізді жібекке, фатинге, шифонға қосып жасаймыз. Әсіресе жібек мата киізге жақсы бірігеді. Түрлі технологиялық әдістерді пайдалана отырып, киізден сәнді киімдерді жасап шығарамыз. Жібек пен киізді әбден пісіріп аламыз. Киімге арналған киіз жүні меринос қойынан алынады. Ақ қойлардың жүні текемет, төсеніштерге жақсы. Киіз бен жібекті әбден пісіріп екеуін біріккенше илейміз. Киімдердің түрлеріне байланысты әрқайсысын жасауға әртүрлі уақыт кетеді. Ұзын көйлек, шапан, комзолдар бір апта, он күн шамасында жасалады. Киіздің жұмысы көп. Бірінші талдырмасы, одан кейін эскизі жасалады. Оны шеберлер киізбен бірге илеп, мата қылып шығарады. Пошымын ойып, сол бойынша тігеміз. Түрлі-түсті киімдерді жасау үшін, киізді бояп, матамен бірге пісіреміз. Оюды орналастырудың да өзіндік әдістері бар.

Қолдан жасалған бұйым болған соң бағасы да жоғары. Мұны екінің бірі жасай алмайтын болғандықтан, тек арнайы шеберлер дайындайды. Бір көйлектің бағасы шамамен 20-25 мың шамасында. Тапсырыс еліміздің барлық аймағынан келеді.

Бізге Алматы қаласының әкімшілігі үлкен қолдау білдіріп отырады. Бізге ғана емес, көптеген шеберлердің басын қосып жаңа орталық ашып жатыр. Алматы аренаның жанынан «Жаңа пирамида» деген ғимараттың ішінен арнайы дүкен және мастер-класс өткізетін орын ашуды қолға алды. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. «Даму» кәсіпкерлерді қолдау қорының 2,5 млн грантын ұтып алғанбыз. Ол қаржыға керекті құрал-жабдықтарымызды сатып алдық. Мұның барлығы отандық кәсіпкерлерге жасаған мемлекеттің үлкен көмегі деп білемін.

Еуропаның барлығы киіз жасайды. Оның ішінде немістер өте шебер. Оларда да атадан балаға беріліп келе жатқан кәсіп екен. Тіпті мектеп қабырғасынан бастап киіз басуды үйренетін көрінеді. Бізде де осы жағы қолға алынса екен деймін. Киізді балалар кішкентайынан біліп өсу керек. Киіз өте киелі, әрі емдік қасие­ті мықты. Немістің ғалымдары ұзақ жылдар осы киізді зерттеген екен. Он мың баланы төсеніш, кілем қолданбай осы киіздің үстінде өсірген. Нәтижесінде балалардың иммунитеті мықты болып, бронхитпен ауыратындар азайған. Бала неғұрлым табиғатқа жақын болса, соғұрлым денсаулығы жақсы болатыны осылай да дәлелденді. Біздің қалада балалар бронхитпен жиі ауырады ғой. Сондықтан балаларды киіздің үстінде өсіруіміз керек деп ойлаймын. Әжелеріміз осы көнеден келе жатқан киіз басу дәстүрін жаңғыртса, жас ұрпақ соны көріп өссе керемет емес пе?!

Тапсырысымыз көбейген соң, ауыл-ауылды аралап, қыз-келіншектерге үйретіп жатыр­мыз. Бүгінде екі ауылдан шеберханамызды ашып, ауылдың қыз-келіншектерін жұмыспен қамтып отырмыз. Олар үйренуге ниетті болса, қолымыздан келгенше көмектесуге дайынбыз.

 

«Дәстүр»

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Дәстүр видео

Әлеуметтік желі парағы

FacebookFacebook

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30